Екі ел байланысының тарихи белесі
Қос тарап та бұл сапарды екі ел байланысын одан әрі бекітіп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп бағалады.
Осы аптада Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында екіжақты келіссөздер жүргізіліп, маңызды құжаттарға қол қойылды. Сондай-ақ «Қазақстан – Өзбекстан» бизнес-форумы өтіп, бірқатар маңызды келісім жасалды.
Қос тарап та бұл сапарды екі ел байланысын одан әрі бекітіп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді деп бағалады. Осылайша, Қазақстан мен Өзбекстан саясат, сауда-экономика, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпалдастықты нығайту үшін тағы бір қадам жасады.
Салмақты сапар
Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентіне ілтипат білдіре отырып, бұл сапар екі ел арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықты дамытуға тың серпін беретінін айтты.
– Қазақстан халқы Сіздің бүгінгі сапарыңызға үлкен мән беріп отырғанын атап өткім келеді. Мұның өзі көп дүниеден хабар береді. Жалпы, кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланыс жақсы жаққа қарай түбегейлі өзгерді. Екі ел ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтыруға бар күш-жігерімізді саламыз. Бүгін біз екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық пен одақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын құжаттарға қол қоямыз. Сондықтан бұл сапардың жөні бөлек, – деді Қазақстан Президенті.
Өзбекстан Президенті көрсеткен сый-құрметі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының маңызына тоқталды.
– Бұл сапар тарихи мәнге ие. Бүгінгі кездесуіміз екі халық арасындағы сан ғасырға жалғасқан достық және тату көршілік қатынастардың тінін нығайта түсіп, стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды жаңа деңгейге көтереді, – деді Шавкат Мирзиёев.
Келіссөз барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзит, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық және өнеркәсіп кооперациясы салаларындағы ықпалдастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ өзекті өңірлік және халықаралық мәселелерді қарады.
Президенттер қазақ-өзбек қатынастары барлық бағыт бойынша өркендеп келе жатқанын атап өтті.
Ендігі меже – тауар айналымын еселеу
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысына қатысты. Кеңес отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-өзбек қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміз Өзбекстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.
– Былтыр Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін алдағы он жылға арналған Стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын бекітеміз. Осы маңызды қадамдар екі елдің байланысын ілгерілетуге айрықша серпін беретініне сенімдімін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қысқа уақыт ішінде өзара тауар айналымын 5 миллиард долларға дейін жеткізіп, таяу жылдары бұл көрсеткішті екі еселеуге елдеріміздің әлеуеті жетеді. Ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді перспективті салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажет. Мемлекетаралық кеңес пен Өңіраралық ынтымақтастық форумының қызметінен де елеулі нәтиже күтеміз. Өңірлік кооперацияға зор үміт артамыз. Қазір жалпы сомасы 3 миллиард доллардан асатын 70-ке жуық бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 14 мың жұмыс орны ашылмақ.
Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан өзара сауда айналымын 10 млрд АҚШ долларына жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 7 тамызда Астанада өткен «Қазақстан – Өзбекстан» бизнес форумын ашу барысында мәлімдеді.
– Өзбекстан – 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-орында тұрған Қазақстанның ірі сауда серіктесінің бірі. Қазақстанның Орталық Азия елдерімен жалпы сауда айналымының 57 пайыздан астамы Өзбекстанға тиесілі. Соңғы 5 жылда екіжақты тауар айналымы 29 пайызға өсіп, 2022 жылы 5 млрд АҚШ долларына жетті. Бізге саудадағы мәселелерді жүйелі шешу және сауда айналымының жаңа өсу нүктелерін табу қажет, осылайша мемлекеттеріміздің басшылары қойған мақсат – орта мерзімді кезеңде 10 млрд АҚШ долларына жеткізуге талпынуымыз керек, – деді Серік Жұманғарин.
Өнеркәсіп кооперациясы белсенді түрде дамып келеді
Екі ел арасында өнеркәсіп кооперациясы белсенді түрде дамып келеді, алдағы уақытта жалпы құны 3,1 млрд АҚШ доллары болатын 69 жоба, 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде 217 млн долларлық 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылған. Бұл – негізінен тұрмыстық техника, жүк және жеңіл автокөліктер, тракторлар өндірісі.
178 млн АҚШ долларынан астам сомаға үш инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Тараз қаласындағы қуаты 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электр металлургиялық зауыт пен Шымкент қаласындағы инфузиялық ерітінділерді өндіру алаңы бар.
Өзбекстан – Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерінің негізгі жеткізушісі. Әлеуметтік маңызы бар агро-өнеркәсіптік өнімдерді Өзбекстаннан жеткізуді дамыту үшін тез бұзылатын тауарларды тасымалдау кезінде «UZKAZTRADE» бірлескен кәсіпорнына қозғалыс басымдығын беру мүмкіндігі қарасты-рылатын болады.
«Қазақстан – Өзбекстан» бизнес-форумы аясында өткен екіжақты кездесуде Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев 4,4 млрд доллар сомасына 34 инвестициялық жобаны және 2,6 млрд долларға 7 сауда келісімін бірлесе жүзеге асыруға келісті. Келісімдер тиісті құжаттар тізімімен бекітілді.
Инвестициялық жобаларды энергетика, тау-кен өнеркәсібі және геология, көлік, химия өнеркәсібі, құрылыс, электротехника, машина жасау, фармацевтика және басқа да салаларда жүзеге асыру жоспарлануда. Ең көп жоба ауыл шаруашылығы саласында іске асырылмақ.
Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін бірлесіп өсіру және Қазақстанда астық пен күрішті терең өңдеу, Түркістан облысында жібек өнімдерін өндіру, орау материалдарын шығаратын кәсіпорын құру және басқа да жобаларды жүзеге асыруға келісті. Сондай-ақ Маңғыстау облысы аумағында мал терісін қабылдау және өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын құру туралы шешім қабылданды.
Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленді
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит артықшылықтарын барынша тиімді пайдалану маңызды екенін айтты. Бұл ретте Мемлекет басшысы тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету және жүк жеткізу мерзімін қысқарту жөнінде бірлескен шаралар қабылдау қажет екеніне назар аударды.
– Транскаспий бағытын және Солтүстік – Оңтүстік дәлізін тиімді пайдалану жайын талқыладық. Сондай-ақ Ауғанстан арқылы өтетін теміржол құрылысы аясында бірлескен жобаларды іске асыру туралы пікір алмастық. Шекарада жаңа өткізу бекеттерін ашу мәселесін пысықтадық. Жалпы, осы бағыттағы ықпалдастық өзара сауда-саттыққа тың серпін береді деп ойлаймыз, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Мемлекетаралық кеңес отырысы барысында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын кешенді әрі рационалды пайдалану, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелері қозғалды.
– Қазір екі елдің жауапты ведомстволары арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Мемлекетаралық су шаруашылығы құрылымдары арнайы кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Біз бұл бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыра береміз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Өзбекстан Президенті Қазақстанға жасаған бұл жолғы мемлекеттік сапарының нәтижесінде стратегиялық серіктестік пен одақтастық мүлдем жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.
– Бүгін біз Жоғары мемлекетаралық кеңестің бірінші отырысын ашып отырмыз. Бұл – шын мәнінде, екіжақты қатынастар тарихындағы айтулы оқиға. Бүгінгі келіссөздер біздің нақты бағыттар бойынша ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ достас әрі бауырлас халықтарымыздың өсіп-өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін, – деді Шавкат Мирзиёев.
Өзбек елі басшысының айтуынша, сапар алдында Мемлекетаралық комиссияның отырысы, Бизнес форум және бірқатар мәдени іс-шаралар өтті. 2034 жылға дейінгі Стратегиялық әріптестік пен одақтастық бағдарламасы әзірленді. Сыртқы саясат ведомстволары басшыларының жетекшілігімен кеңес құрылып жатыр. Мұның бәрі екіжақты ықпалдастықтың нығаюына оң септігін тигізеді.
Кеңес барысында тараптар екі елдің парламенттері, үкіметтері, сыртқы саясат ведомствосы және салалық министрліктері арасындағы байланыстарды арттыра түсу маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері және «Орталық Азия плюс» форматы аясында бір-біріне қолдау білдіруге уағдаласты.
Жиында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев, Қазақстан Республикасының Көлік министрі Марат Қарабаев, Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Илхом Макхамов, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновация министрі Конгратбай Шарипов баяндама жасады. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар шешімге қол қойылды.
Әлішер Науаи ескерткіші ашылды
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Астанадағы Әлішер Науаи ескерткішін салтанатты түрде ашты. Мемлекет басшысы түркі әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, оны әлемдік деңгейге көтерген Әлішер Науаидың туындылары мен еңбектерін қазақ халқының көрнекті қайраткерлері жоғары бағалағанын жеткізді.
– Біз Шоқан Уәлихановтың Әлішер Науаи шығармашылығын алғаш зерттеушілердің бірі болғанын мақтан тұтамыз. Ал ұлы Абай оны өзіне ұстаз санаған. Әлішер Науаидың өзіне тән қолтаңбасы, ойының тереңдігі және көркемдік шеберлігі күллі әлем ақындары мен жазушыларына шабыт сыйлады. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Науаи соңында әдеби ғана емес, бай философиялық мұра қалдырды. Оның гуманистік идеялары әлемнің ақыл-ой қазынасында ерекше орын алады. Ойшылдың дүниетанымы мен терең көзқарасын айшықтайтын трактаттары осы уақытқа дейін өзектілігін жойған жоқ, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әлішер Науаидың тарихта талантты мемлекет қайраткері, ғылым мен өнердің қолдаушысы ретінде қалғанын атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің зор абырой-беделін білім мен мәдениетті насихаттауға жұмсап, көптеген медресе мен кітапхананың салынуына ұйытқы болғанын айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, бұл ескерткіш түбі бір түркі жұртының ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бауырластығын сипаттайтынын, осы сабақтастықты сақтап, нығайта түсу баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.
Жансая Нұрәлиева,
саясаттанушы,
Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы:
– Өзбек президентінің ресми сапары – Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің өзара тығыз қарым-қатынасының тағы бір көрінісі. Осыған дейін 2022 жылы Ташкентте жасалған одақтастық қатынастар туралы шарт осы жылы ресми мақұлданған болатын.
Бұған дейін екі ел басшылары түрлі жиындар аясында ресми және бейресми кездесулер өткізіп, өзара даму мәселелерін талқылап келді. Өзбекстан еліміздің ірі сауда әріптестерінің ондығына кіреді. Алдағы уақытта тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Екі ел арасында шешілмеген түйткілді мәселе жоқ. Мемлекетаралық экономикалық, мәдени, саяси қатынастар жоғары деңгейде дамып келеді. Өзбекте «қазақтан жолдасың болса, жолдан адаспайсың» деген сөз бар. Тіпті күні кеше Олимпиада барысында дзюдодан Өзбекстан спортшысы Д.Келдиорова алтын алғанда көптеген азаматымыз бірге қуанды. Өзбекстан тарапы да Е.Сметовтің алтын жүлдесіне құттықтаулар айтып жатыр.
Президент Қ.Тоқаев Өзбекстан басшысы Ш.Мирзиеевқа бұған дейін 22 елдің басшыларына табысталған «Алтын қыран» орденімен марапаттады.
Алдағы уақытта Орталық Азия шеңберінде және әлемдік аренада екі елдің байланысы нығая түсетіні сөзсіз. Бұған екі мемлекет халқы да мүдделі.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев мынадай құжаттарға қол қойды:
1. Қазақстан Республикасы Президенті мен Өзбекстан Республикасы Президентінің Бірлескен мәлімдемесі;
2. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің қазақ-өзбек екіжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөніндегі шешімі;
3. Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесі туралы ережені бекіту жөніндегі шешімі.
Сонымен қатар Өзбекстан Президентінің елімізге мемлекеттік сапары аясында мынандай құжаттарға қол қойылды:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісім;
2. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 4 қыркүйектегі қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімінің хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
3. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 20 наурыздағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісіміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
4. Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі 2024-2025 жылдарға арналған іс-шаралардың жоспары;
5. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Экономика және қаржы министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы хаттама;
7. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы табиғи монополияларды реттеу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
8. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
9. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Өзбекстан Республикасы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті арасындағы бәсекелестікті қорғау саясаты саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;
10. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институты арасындағы Қазақстан-Өзбекстан сарапшылар кеңесін құру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
11. «Отандастар» қоры мен Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Ұлтаралық қатынастар және шетелдермен достық байланыстар жөніндегі комитеті арасындағы өзара түсіністік туралы келісім;
12. Астана қаласы әкімдігі мен Ташкент қаласының хокимияты арасындағы 2025-2026 жылдарға арналған сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспары («Жол картасы»);