Тарихта қалатын Олимпиада
Бүгін Париж қаласында осымен үшінші рет Олимпиада алауы тұтанбақ.
Бүгін Парижде әлем атлеттері асыға күткен Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Сән мен сұлулық ордасы саналатын алып шаһарда шымылдығы түрілетін жаһандық доданың бұрынғы Олимпиададан айрықша ететін бірнеше фактор бар. Қала атауы тарихта қалатындай түрлі себеп те жоқ емес. Төртжылдықтың басты додасы басталмай жатып рекорд тіркелгенін ескерсек, екі жарым аптаға жалғасатын Париж Олимпиадасы рекордқа, тиісінше қызық пен тартысқа толы болатыны сөзсіз. Осы орайда Елисей алқабында өтетін Олимпиаданың бес ерекшелігін тізіп шыққанды жөн көрдік.
Араға бір ғасыр салып...
Париж – Жазғы Олимпиада ойындарын үш рет өткізетін екінші қала. Оған дейін төрт жылда бір рет өтетін басты дода тек Лондонда үш рет (1908, 1948, 2012) ұйымдастырылған болатын. 1900 жылы өткен екінші Олимпиада ойындары Парижде өткізіліп, қала атауы тарихқа енді. Себебі сол Олимпиадада алғаш рет әйелдерге бақ сынауға рұқсат етілді. Кейін 1924 жылы өткен сегізінші Олимпиада ойындарын қабылдауға Амстердам, Барселона, Лос-Анжелес, Прага мен Париж қалалары үміткер болды. Алайда Олимпиада қозғалысын қайта жандандырып, 1896 жылы Грекияның бас шаһары – Афиныда тарихта тұңғыш рет Олимпиада ойындарының өтуіне ықпалын тигізген француз бароны Пьер де Кубертеннің құрметіне дауысқа салмай, Парижде өткізу туралы шешім қабылданды. Енді араға бір ғасыр салып, бүгін жазғы жаһандық доданың алауы тағы да Парижде тұтанбақ. Бір қызығы, онда 100 жыл бұрын арнайы Олимпиада үшін салынған Ив-ле-Мануар стадионында алдағы аптада көгалдағы хоккейден Олимпиада жарыстары ұйымдастырылмақ.
Ашылу салтанаты стадионда өтпейді
Әдетте кез келген Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын қызылды-жасылды жарқыраған стадионда өткізіледі. Бірақ бұл жолы бәрі өзгеше. Тарихта алғаш рет жазғы Олимпиаданың ашылу салтанаты стадионда өтпейді. Дүбірлі доданың шымылдығы түріліп, Олимпиада алауы жағылатын іс-шара Париждің қақ ортасынан ағатын Сена өзенінде болады деп жоспарланған. Белгілі болғандай, ұлттық құрамалар жеке қайыққа мініп, өзен бойымен шеру жасайды. Осылайша, атлеттер төрткүл дүниеге танымал Париждің тарихи, мәдени, көрнекті орындарын басып өтеді. Әлемнің 206 елінен келген он мыңға жуық атлетті алып жүруге 80 қайық жұмылдырылмақ. 6 шақырымға созылатын шеру әйгілі Трокадеро алаңында аяқталады. Онда ашылу рәсімінің соңғы элементтері мен мерекелік шоулар өтеді. Айтпақшы, ашылу салтанатын Сена жағалауында орнатылған трибуна арқылы 320 мыңға жуық тамашалай алады.
Тағы бір айта кетерлігі, Париж Олимпиадасы басталмай жатып рекорд орнатты. Халықаралық Олимпиада комитеті өкілдерінің хабарлауынша, сән астанасында өтетін төртжылдықтың басты додасына 8,8 миллионға жуық билет сатылған. Бұл – Олимпиада рекорды. Оған дейінгі рекорд 1996 жылы Атланта (АҚШ) қаласында өткен Олимпиада ойындарында тіркелген болатын. Онда 8,3 миллионға жуық билет сатылды.
Басты мақсат – жастарды жұмылдыру
Жаһандық бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Биыл Олимпиада ойындарының бағдарламасынан карате, бейсбол және софтбол сынды спорт түрлері алынып тасталды. Есесіне тарихта бірінші рет брейкинг (қалалық би стилі) сайыстары енгізілді. 1970 жылдары АҚШ-та пайда болған көше биіне әлем жастарының қызығушылы арта түсіп, ақырында 2018 жылы Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасында өткен жазғы Олимпиаданың бағдарламасына енгізілген болатын. Жасөспірімдердің ол сайыстың көрігін қыздыра түскенін ескерген Халықаралық Олимпиада комитетінің өкілдері биыл брейкингті ересектер Олимпиадасына кіріктіру туралы шешім шығарды. Әрі бұған итермелеген екінші себеп – ХОК теңдесі жоқ Олимпиада сайыстарына жастарды көбірек жұмылдыруды басты мақсат санайды. Төрт жыл бұрын Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарында жастар серік етіп жүрген серфинг, скейтбординг және құзға өрмелеу ойындарын ресми бағдарламаға қосқан болатын. ХОК ұсынған мәліметке сүйенсек, өткен Олимпиадада құзға өрмелеуден көбіне 18 жастағы атлеттер өзара кім мықтыны анықтаған. Биыл тағы бір ерекшелік, серфинг додасы Францияның материктік бөлігінде емес, Парижден 15 500 шақырым жерде орналасқан Таити аралында өтеді. Бұған дейін ешбір жарыс Олимпиада өткен қаладан соншалықты алыс жерде өткізілген емес.
50/50
Жоғарыда айтып өткендей, әйелдер алғаш рет 1900 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарына шеберлік байқасты. Ол кезде небәрі 13 әйел атлет жарысқа араласқан-тын. Алайда биыл Олимпиадашы әйелдер мен ерлер саны теңесуге тиіс. Ұйымдастырушылар Париж Олимпиадасын тарихта алғаш рет толығымен гендерлік теңдестірілген жүйеге (50 пайыз ерлер, 50 пайыз әйелдер) сәйкес өткізуге ниетті. Халықаралық Олимпиада комитеті бұл көрсеткішке бірте-бірте қол жеткізіп келеді. 2020 жылы Токио Олимпиадасында қатысқан атлеттердің 48,8 пайызы әйелдер болса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен ойындарда 45,6% әйел атлет өзара бақ сынасқан болатын. Ал Парижде барлық сайыс 50\50 паритетінде өткізілмек. Мұның нәтижесінде Олимпиада бағдарламасында ерлер мен әйелдер аралас сайыстар саны арта түсті. Сөйтіп, Париж Олимпиадасы алғаш рет ер мен әйел атлеттерге тең құқық берілген дода ретінде тарихта қалмақ.
Сенаға сенімсіздік
Олимпиадада көрермен көп жиналатын суда жүзу мен триатлон сайыстары Сена өзенінде өткізіледі. Алайда мұны естіген мамандар наразылық білдіріп, ұйымдастырушыларды сынап, түрлі петиция өткізген-тін. Себебі Сенаға түсуге 1923 жылдан бері ресми түрде рұқсат етілмеген. Бұған – өзенге келіп құйылатын ағын сулардан тарайтын, ішек ауруларын қоздыратын бактерияның көп болуы себеп. Парижде кәріз жүйесі айтарлықтай ескірген, себебі кейбір учаскелер сонау XIX ғасырда салынғандықтан, олар жиі істен шығып, ақыр соңында лас су осы өзеннен бір-ақ шығады. Алайда ұйымдастырушылар тереңдігі 6 метрден асатын өзенді қайтсек те тазартамыз деп, бұл іске 3 жылдан аса уақыт пен 1,5 млрд еуроға жуық ақша жұмсады. Ал Париж әкімшілігі бас шаһардағы су тазартатын құрылғыларды жаңартып, су артерияларын тазартты. Алайда сәуір айында Surfrider Europe экологиялық ұйымы өзендегі судың сапасы суға жүзу сайыстарын өткізу нормасына тіпті де сай емес, өзенде әлі де инфекция жұқтыратын зат көп екенін алға тартып, дабыл қаққан болатын. Франция үкіметі судың сапасы талапқа сай, анау айтқандай қауіпті емес екенін дәлелдейтіндерін алға тартты. Спорт министрі Амели Удеа-Кастера мен Париж мэрі Анн Идальго Сенаға суға түсіп көретінін мәлімдеді. Ізінше Франция Президенті Эммануэль Макрон да бұл эстафетаға қосылатынын хабарлады. 13 шілдеде Спорт министрі Амели Удеа-Кастера бірінші болып Сенаға сүңгіп, судың сапасы стандартқа сай, зерттеу нәтижесі оң екенін айтып жеткізді. Араға бес күн салып, Париж қаласының 65 жастағы мэрі Анн Идальго Сенаның суға жүзу спортына жарамдылығын тексеру үшін 100 метр қашықтықта жүзіп көрді.
«Бұл – керемет сезім. Біз мұны армандадық. Біз өзенді тазарту үшін көп шаруа атқардық. Біз мұны бүгін жүзу үшін ғана істегеніміз жоқ. Біз мұны ғаламшардың, өзен мен мұхиттың игілігі үшін істедік. Біздің қолымыздан келді. Сена Олимпиада ойындарына дайын!»,— деді қала әкімі журналистерге берген сұхбатында.
Еске сала кетейік, араға бір ғасыр салып, қоқыс пен түрлі ауру тудыратын бактериялардан тазарған Сена өзенінде бүгін ашылу салтанаты дүркіреп өткізілмек.
Суреттер olympics.com, olympics.kz және w.istockphoto.com-нан алынды.