«TURGYNDAR AMANATY»: Қостанайда тұрғын үй қорын басқарудың тиімді тетіктері талқыланды

«TURGYNDAR AMANATY»: Қостанайда тұрғын үй қорын басқарудың тиімді тетіктері талқыланды
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Қостанайда көпқабатты тұрғын үйлерде жайлы өмір сүрудің жаңа стандарттарын енгізуге арналған «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасының өңірлік форумы өтті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов, «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева және партияның облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов өңірдегі МИБ және ПИК төрағаларымен тұрғын үй қорын басқарудың тиімді тетіктерін талқылады.«TURGYNDAR AMANATY»: тұрғын үйді басқарудың жаңа моделін енгізу мәселелері қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесуді ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында жауапкершілік пен ашықтықтың жаңа формасына көшу мәселесіне ерекше назар аударды.

«TURGYNDAR AMANATY» жобасының басты мақсаты – көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару тәсілін түбегейлі өзгерту. Тұрғындар бейжай бақылаушы болып қала бермей, өз үйлерінің толыққанды иесіне айналуға тиіс. Барлық негізгі мәселе бойынша түпкілікті шешімді солар қабылдауы керек. Осыған байланысты, біз барлық шығынның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мүлік иелері бірлестіктерін кезең-кезеңімен дамытып келеміз. Салада тәртіп орнату мәселесі де ерекше маңызға ие. Сондықтан 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін өңірдегі барлық пәтер иелері кооперативтері міндетті қайта тіркеуден өтуі қажет. Біз азаматтардың тұрмысын жақсарту мақсатында мемлекет, басқарушы ұйымдар және меншік иелері арасындағы тұрақты өзара іс-қимыл жүйесін қалыптастыруға ұмтыламыз», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.

Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген партия Хатшысы Александр Данилов өңірдің маңызына мән бері, экономикалық жетістіктеріне тоқталды.

«Бүгінде Қостанай облысында экономикалық өсімді қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтыр өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 110,6%-ды құрады, ал салық түсімдері 31,3 млрд теңгеге артты. Біздің міндетіміз – «TURGYNDAR AMANATY» жобасы арқылы әрбір үйде жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырып, нақты заңнамалық және практикалық шешімдер ұсыну. Біз партияның әр азаматқа жеткенін іс жүзінде көрсетіп отырмыз, ал «Халықпен бірге» қағидаты атқарып жатқан жұмысымыздың өзегіне айналды», – деді Александр Данилов.

Сондай-ақ партия Хатшысы «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қарастырылғанын мәлімдеді. Олардың қатарында МИБ және ПИК төрағаларына арналған «OSI-SKILLS» оқыту семинарларын өткізу, сондай-ақ олардың жұмысын жүйелеу және ұсыныстар әзірлеу үшін қалалық кеңестер құру қадамдары бар.

Қысқа мерзімді міндеттер қатарында құрылыс компанияларының кепілдік мерзімін ұзарту, кондоминиумды басқару органдарына арналған орын қарастыру, жеңілдетілген салық режимін сақтау және борышкерлерге қатысты қолданылатын шараларды күшейту көзделуде. Ұзақ мерзімді бағыттар қатарында инженерлік желілерді тарту жұмысын жеңілдету, «Халық қатысатын бюджет» арқылы күрделі жөндеу жүргізу тетіктерін дамыту, басқару нысаны ретінде МИБ-ті сақтау және салалық уәкілетті орган құру қадамдары бар.

Сонымен қатар депутаттардың көшпелі есеп беруін, тұрғындармен өзара байланыс орнатуын жолға қою, жөндеу және абаттандыру мәселелері бойынша әкімдіктермен меморандумдарға қол қою, «Таза Қазақстан» аясында экологиялық акцияларды жүзеге асыру қарастырылуда. Кадрлық резерв қалыптастыруға, белсенділерді қолдауға және МИБ пен ПИК базасында бастауыш партия ұйымдарын құруға да ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева көпқабатты тұрғын үйлерді басқару саласы заңнаманы одан әрі жетілдіруді қажет ететінін айтты.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен көпқабатты үйлерді басқару – ең күрделі салалардың бірі. Мұнда ескерерлік бірқатар жайт бар екенін айта кеткен жөн: әртүрлі үйлер, әртүрлі тұрғындар, әр пәтердің өз проблемасы бар. Бұл салада әрдайым білікті кадр тапшылығы сезіледі. Қызмет көрсету нарығы тұрғын үйлердің нақты қажеттілігінен әлдеқайда аз. Біздің басты мақсатымыз – иесіз қалған үйлер санын азайту. Бірде-бір үй басқарусыз қалмауға тиіс. Басқару нысаны МИБ пе, әлде тікелей бірлескен басқару ма, субъектісі ПИК пе, әлде басқарушы компания ма – айырмашылығы жоқ. Ең бастысы, әр үй басқарылып, тиісті қызмет көрсетілуі қажет. Осы мақсатта партия фракциясы тұрғын үй қатынастары туралы заңға тиісті өзгерістер енгізді. Саланы жетік білетін тәжірибелі мамандар талқылау жұмысына қатысып, бірқатар ұсыныс берді, біз оларды ескердік. Бұл – өте маңызды. Себебі нормалар іс жүзінде кәсіби шеберлік пен тәжірибеге сүйенуі керек», – деді депутат.

Екатерина Смышляева бүгінде заңға тәуелді актілерді жетілдіруге, қайта тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге және басқарушыларды кәсіби тұрғыда даярлау мен сертификаттау жүйесін қалыптастыруға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың Қазақстандық Орталығының өкілі Айбек Әлібеков тұрғын үй заңнамасындағы негізгі өзгерістерді түсіндірді. Оның айтуынша, 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап басқару органдары жұмысының ашықтығы мен регламентін күшейтуге бағытталған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Атап айтқанда, «қарапайым серіктестік» формасы алынып тасталды, бұзушылықтар үшін қосымша жауапкершілік енгізіліп, санкциялар бекітілді. Сонымен қатар әрбір үйге жеке шот ашу міндеттелді, бұл «ортақ қазан» тәжірибесін жояды. Бұдан бөлек, ПИК-тердің коммерциялық емес ұйымдар ретінде танылуы оларды ҚҚС төлеуден босатып, тұрғын үйге қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етуге тиіс.

«Центр Парк» МИБ төрағасы Ильяс Ахметов үйді тиімді басқару тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, МИБ нысанына көшкеннен кейін материалдық-техникалық база едәуір жаңартылып, инженерлік желілердің шамамен 60%-ы ауыстырылды. Соның ішінде, жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылып, тозығы жеткен кәріз жүйесі учаскелері де бар. 2025 жылы қайтарымды негіздегі бюджеттік бағдарлама аясында лифт жабдықтары толық жаңартылды. Бұл қадам қауіпсіздікті күшейтіп, тұрғындардың жағдайын жақсартты.

«КСК Строитель-2» ЖШС директоры Татьяна Ивченко тұрғын үй қорына кәсіби қызмет көрсету және тұрғындармен өзара байланыс орнату тәсілдері туралы айтты. Оның айтуынша, компания 35 көппәтерлі тұрғын үйді басқарады және есепті кезеңде шатырды ішінара жөндеу, кіреберістерге энергия үнемдейтін шамдар орнату секілді ауқымды жұмыс жүргізді. Қызмет көрсету тиімділігін арттыру үшін мессенджерлер мен чаттар сынды заманауи кері байланыс арналары белсенді қолданылады. Бұл қадам тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруге және дебиторлық берешек деңгейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар «TURGYNDAR AMANATY» жобасын жүзеге асыру қадамы тұрғын үйді басқарудың айтарлықтай ашық, тиімді және тұрғындар мүддесіне бағдарланған жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Айтылған ұсыныстар мен практикалық бастамалар пысықталып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмысты жетілдірудің өзегіне айналады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар