Ақынның жаңа қолтаңбасы
Көрнекті жазушы Смағұл Елубаев та сонау сексенінші жылдары жарық көрген повесть пен әңгімелері жинағын осылай атағаны («Білте шам жарығы») есімізде. Әрі-беріден соң Бауыржан Жақып та, Смағұл Елубай да тұрмысымызға «Ильич шамы» дендеп ене қоймаған кезеңнің біз сияқты өкілдері ғой.
«Білте шамның жарығы». Кітаптың атауы да, кітаптағы алғашқы өлеңнің атауы да осылай таңбаланыпты. Былай қарасаңыз, таныс атау. Әсіресе, қазақ жеріне социализм жетелеп әкелген электрлендіру жүйесі толық енгізіле қоймаған кезеңнің көріністері өрнектелген бір архаикалық суретке қойылған атау тәрізді. Расы да солай. Кітап авторының бөлмелерге сол білте шамның жарығы түсіп тұрған шақта дүниеге келгені, сол білте шамның жарығымен өсіп, ержеткені анық аңғарылып тұрады. Көрнекті жазушы Смағұл Елубаев та сонау сексенінші жылдары жарық көрген повесть пен әңгімелері жинағын осылай атағаны («Білте шам жарығы») есімізде. Әрі-беріден соң Бауыржан Жақып та, Смағұл Елубай да тұрмысымызға «Ильич шамы» дендеп ене қоймаған кезеңнің біз сияқты өкілдері ғой.
Әрине, білте шамның тұқымы қазір де тұздай құрып кеткен жоқ. Әсіресе, әр нәрседен сақтанып, әр нәрседен қауіп ойлап отыратын, «Қайта құру», қоғамдық формацияның өзгеріп, қиындыққа толы кезеңді басынан өткізген ауылдың байырғы тұрғындарының үйінен әлі де білте шам табылып қалатынына дау жоқ. Оны осы күнгі көгенкөздер де, поэзияға белсене араласа бастаған буынның өкілдері де көріп жүрген шығар-ақ. Оқта-текте. Анда-санда. Дегенмен бұлардың арасында Бауыржан Жақып пен оның ілгерілі-кейінді тұстастары секілді білте шамды әспеттеп еске алып отыратындар жоқ та шығар. Бар болған күнде де олар бұны жолай кездесіп қалатын әлдебір деталь ретінде қолдануы мүмкін. Өмір заңы солай. Ал Бауыржан Жақыптар сол білте шамның жарығымен өсті, сол шамның түбінде отырып әріптерді қалай жазуды үйренді, сол шамның түбінде отырып, қажет десеңіз, әлдебір сүйкімді қызға арнаған алғашқы өлеңін жазды. Бауыржан Жақыптың:
Ай туады, Күн қашады,
Алдымызда түн тосады.
Жанушы еді сонда біздің
Қараша үйдің білте шамы.
Жанымызға жарық беріп,
Парақтардан әріп теріп,
Сол жарықпен оқушы едік
Не бір кітап алып келіп, —
дейтіні содан. Ақын осы өлеңіне батырлармен бірге Гүлбаршын мен Қыз Жібекті, Баян сұлуды, Күнекейді, тіпті Жылан Бапы қыздарын қосатыны да сондықтан. Сөйте келе:
Өрт боп жанып жалынынан,
Соның бәрін қанып, ұғам.
Қымбат нәрсе жоқ-ау, сірә,
Білте шамның жарығынан, —
десе, бұл қазіргі алуан түрлі аса қымбат дүние-мүліктерді тәрк ету емес, сол дүние-мүліктерден орны бөлек, естелікке айналып бара жатқан өміріңнің өшпес сәулесіндей болған бағзы ғажайып жарықты мадақтау, сол арқылы тәубеге келіп отырудың не екенін сездіру болса керек.
Бауыржан Жақыппен сонау сексенінші жылдардың ортасында танысқанмын. Мен ол кезде КазГУ-дың журналистика факультетінде сырттай оқып жүрген, отызды орталап қалған «қарт» студентпін, ол болса жоғарғы оқу орнын жаңа бітіріп келген жас мұғалім. Мен диплом қорғағанда жетекшім болып, екеулеп жүріп «өте жақсы» деген бағаға қол жеткізгенбіз. Оның поэзияға қалай келгені де есімде. Сол сексенінші жылдары (қай кездегі де сияқты) қазақ өлеңіне жаңа буын келіп қосылды. Бауыржан Жақып сол кездің өзінде-ақ өзінің әдемі лирикасымен ерекшеленген. Ол кезде жазғаныңды іліп әкете салатын бүгінгідей қаптаған газет-журналдар жоқ, баспасөзіміз «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас», «Жалын» тәрізді бірер басылыммен шектелетін заман, дербес компьютер, Facebook, WhatsApp, әлеуметтік желі, әдеби сайт дегендеріңіз кейін пайда болды ғой. Сол себепті әдебиетке қандай жас ақындар келіп жатқанын ол кезде әлгі азғантай басылымдар арқылы бағамдап отыратынбыз. Арагідік сол жастардың қатысуымен топтама жинақтар шығып жатады. Сол жастардың арасынан Бауыржан Жақыптың да үні ерекше естіле бастады.
Бауыржан Жақыпқа өзгеше назар аударып отырғанымның тағы бір себебі, сол жылдарда Семей полигоны ерекше назарға ілініп, осы өңірдің қаншама жылдар бойы тартқан азабы мен көрген қасіреті ашық айтыла бастады. Сол өңірдің әлгідей трагедиясын өз көзімен көрген, сөйте жүріп бәле-жаладан аман қалған талантты түлектердің бірі ретінде Бауыржан Жақыпқа бөлекше ішім бұратынын да айта кеткенім жөн шығар.
Мына «Білте шамның жарығы» кітабында жалпылай айтқанда Семей қасіреті өзегі үзілмес тін ретінде бұрынғысынша жалғасып келе жатыр екен. «Семей толғауы», «Арқатым», «Қайнарым», «Шыңғыстау», «Туған жерге оралу», «Семей», «Қоңыр», «Абайдың Қасқабұлағы», «Біздің ауыл», «Қарауылтөбе», «Тамыздың жиырма тоғызы», «Абыралы көтерілісі» тәрізді өлең-толғаулар талай тақсіретті оқиғаларға толы болған осы өңірдің кешегісін һәм бүгінгісін толғайды. Мысалы, «Қарауылтөбе» өлеңінде:
...Асау бұлттарға бұғалық салып,
Асыл тұлғаңнан Күн алып шабыт.
Тұрдың сен бір кез үнсіз, қажыға
Құнанбай шалды шығарып салып.
Ұзатып көзбен арғымақ Айды,
Тосқансың талай таңды да жайлы.
Сабырлы қалпы күтіп алғансың
Семейдін қайтқан балғын Абайды, —
дей келіп, Қарауылтөбенің мәңгі мызғымас мүсінін бүгінгі күнге жалғайды, «Ұқсайсың кейде қара шалыма Халқына тұрған қарауыл болып» деп түйіндейді. Осы шумақтарды оқығанда бірде «Абай жолы» романының «Үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне бала шәкірт барын салды» деген алғашқы сөйлемі ойыңа түссе, бірде Абайдың Алматыда тұрған баршаға танымал зор ескерткіші көз алдыңа келгендей болады.
Жалпы, Қазақстанның қай өңірі де қасиетке толы ғой. Дегенмен Семейдің арғы-бергі тарихына көз жүгіртсеңіз, ұлт намысына қатысты істерден жан аямағандар осы өңірден топ-топ болып шығып жатқанын көрер едіңіз. Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу оқиғаларын қоя тұрғанда, Абай-Шәкәрім-Мұхтар Әуезовті бір бөлектеп айтар болсаңыз, осы тұлғалардың ізімен қаншама көрнекті адамдар Семейде ат шалдырғанын, өнеге қалдырғанын санамалап шығу да бір мәртебе: Сұлтанмахмұт, Сәбит (Дөнентаев), Әлихан, Ахмет, Міржақып, Халел, Қажымұқан, Иса, Әміре... Сондай дәстүрі бар Семейден бертін келе өздерінен басқа ешкімді айтқызғысы келмеген іші майлы, сырты жылтыр үркердей топтың үріккені де рас еді, одан да бертінде алаштың ардақтылары дәм татқан елде тарихи әділеттілікті қалпына келтірілді. Сол себепті бүгінде Бауыржан Жақып өлеңін:
Семейдің аспанында бұлт ұйықтап,
Алтын ай арасынан нұр құйып қап,
Дүниенің Алла ғана бір иесі,
Жолымды осы жерге тұр тұйықтап.
Семейім, сенде ізі бар ұлы Абайдың,
Жарқырап жанып жатқан
шырағы айдын.
Ертістен Алатауға ұшып едім,
Ешқашан сол биіктен құламаймын, —
деп бастап, одан әрі:
Кезсем де бар жаһанды жерді айнала,
Тұрасың көңілімдегі төрдей бола.
Ертістің қос жағасы қоңырау соққан
Семейім, жоқ әлемде сендей қала, —
деп тәмамдаса мұны рабайсыз асқақтыққа да, шектелмейтін шалқымаға да теңемейміз, осы өңірдің туған перзентінің жүрегінің шын дүрсілі ретінде қабылдаймыз.
Бұл кітапта ақынның туған жер туралы өлеңдері баршылық. Солай болуға да тиіс. Өйткені қай кезде де ақынның алғашқы өлеңдеріне арқау болар тақырыптардың бірі туған жер болып келеді. Және осы тақырып өмір бойы қалам иесінің ізінен ереді де жүреді. Бара-бара, әрине, іріленіп «Менің Қазақстаным» деген әнге айналады, «Мен қазақпын» деген поэма болып түзіледі, қысқасы, қазақ деген ұғым туған жермен, туған елмен егіз өрбитін қасиетті атауға айналады. Және бір ғажабы, сол туған жердің шүйгіні мен шөлі де, аптыққан бораны мен аңқыма самалы да, ащы аязы мен шіліңгір ыстығы да, бәрі де, қалай болғанда да, жаныңа майдай жағады, дәл бір сәтте ұнамсыз болып көрінгенімен, жылдар өте келе сол шақты сағына еске алып отырасың. Мынау «Шілденің ыстығы» деген өлең сондай бір сәттерді еске түсірумен ерекшеленеді:
Сиқы жоқ мына аспанның
жылайтынай,
Аптап жел сыр айтады сыр айтудай.
Аңызақ кеулей-кеулей көкірегін
Таулардың басы айналып
құлайтындай.
Күн жауса кететұғын көріктеніп,
Ағаштар дел-сал күйге ерік беріп,
Арналы өзенің де шыдамастан
Арнасы тартылады кеміп-кеміп.
Осының жиып алып миға бәрін,
Өртеніп өне бойым қиналамын.
Қой-ешкі жайылмастан жатады тек
Жамылып көлеңкесін үй-қораның.
Мен сонда қары жауған жапалақтап,
Қаңтарды сағынамын қатал, аппақ.
Шілдені мүйізімен шайқап іліп,
Сиырлар бара жатыр оқалақтап.
Бұл, әрине, Абайдың «Жаздыгүні шілде болғандасы» емес. Дулат жыраудың «Сандықтасы» да емес. Тіпті, Сұлтанмахмұттың «Жылы кеші» де емес. Үй-қораның көлеңкесін жамылған қой-ешкі, шілдені мүйізімен іліп алған сиырдың оқалақтауы осының алдындағы көкірегін аңызақ кеулеген таулардың, арнасы кеміп бара жатқан өзеннің, дел-сал күйге түскен ағаштардың, өзіміз талай көрген осындай-осындай көріністердің түсініктемесі тәрізді.
Бауыржан Жақып табиғат туралы жырлағанда әр маусымның өзіне тән өзгешеліктерін теріп ала біледі. «Нөсер», «Күз», «Боран», «Қысқы серуен» тәрізді өлеңдер арқылы мынау қырық күн шілденің ми қайнатар ыстығында құлағыңа сартылдай жауған нөсердің дыбысы келіп тұрғандай болады, құстар жәрмеңкесін таратып жатқандай әсер етеді, гуілдеген, ысқырған ақ боран есік түртіп тұрғандай болады. Тіпті, түннің өзі де жанданып кетуге әзір тұрады:
Ауыл түні. Маялар,
Таң да бір сәт таянар.
Қалғып-мүлгіп тұрған тау
Қаз даусынан оянар.
Ал бұның бәрі қайдан пайда болды десеңіз, сөз жоқ, бұл сонау бала кезден көңіліңе де, денеңе де әбден сіңісті болған табиғат-ананың бойыңа сіңірген қасиеті екен. Сол себептен де ақын табиғатты жырлағанда туған жерінің, туған жерін өлеңге өзек еткенде табиғаттың арасына сына қағуды білмейді. Мұны өлеңдерінде де анық таңбалап отырады:
Қолымды ақша бұлтқа созған жерім,
Қиялым қияндарға озған жерім.
Төгілген Құсжолынан сәруар ойды
Ішіме сыймаған соң жазған жерім.
Көктемде бәйшешек боп
шыққан жерім,
Арылма бойыңдағы құттан, жерім.
Беткейін таспен, шөппен,
гүлмен қымтап,
Қойнына бар асылын тыққан жерім.
Қолатта қайың болып өскен жерім,
Сағынсам сағым болып көшкен жерім.
Жүрсем де қай түпкірде, есіме алсам,
Санамда самал болып ескен жерім...
Жоғарыда да жолшыбай сөз ете кеттік, қай ақынның да басты тақырыбы — туған жері. Ақынның ғана емес, композитордың да. Анау «Атамекен» әнін қайыра бір тыңдаңызшы. Бұл әнде, мысалы, өлең тармағына ілігіп отырған жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем қай топырақтың сәнін келтіріп отырғаны ерекшелене айтылмайды, сол себепті бұл көріністі әркім де менің ауылымның бейнесі деуге құқылы. Бірақ рухыңды оятады, делебеңді қоздырады, санаңды менің туған өлкем, міне, осындай деген шаттық кернейді. Және бұл әнді әуеннің авторы — Ескендірдің өзі орындағанда күллі Қазақстанды көзбен шолып отырғандай күйге түсесің.
Әсте туған жер туралы жазғанда өзің құмына табаның күйіп өскен, шоғайнасы балағыңа жармасқан аядай өлкенің аясынан шықпай қалу міндет емес. Егер көлденең оқырман сол өлеңіңнен өзінің де туған жеріне тән әлдебір детальдарды аңғарып қалар болса мақсатыңа жақындай түскенің. Әріректегі «Маралдым» немесе «Жайлаукөл кештері» тәрізді күллі қазақ шырқап кеткен әндердің осы күні сахнадан жарқ ете қалмайтыны қалай? Кінә ақында ма, композиторда ма, әлде әншілер мұндай мағыналы әндерді бойына сіңіре алмай жүр ме? «Шудың бойында» дейтін әнге той-топырда үлкен-кіші билеп кетті. Бірақ Шу өзенінің бұл әнде еш рөлі жоқ болып шықты. Мазмұны түсініксіз ән. Одан соң «Аягөз, қайда барасың?» деген ән пайда болды. Дулат Бабатайұлының «Кесіп өтіп кезеңді, Аягөз, қайда барасың?» деген шымыр өлеңі болушы еді. Екі облысты қамтып жатқан өзеннің де бұл әнге қатысы жоқ боп шықты. Аягөзіңіз әлдебір қыздың есімі екен. Қысқасы, туған жерін барша жұрт біліп жүретін әнге айналдыру дәстүрі осылайша бірте-бірте жоғалып барады. Дегенмен туған жер туралы өлеңдер жоғалып бара жатқан жоқ, жоғалмайды да.
Ақынның «Қазақ елі» дейтін өлеңі бар. Жұртымыздың бұрынғы жоғы демей-ақ қоялық, қазіргі бары түгел қамтылады. Республикамыздағы атақты өлкелер, мәшһүр қалалар, әркім-ақ білетін ежелгі, кейінгі атаулар тізіліп тұр. Осы өлеңді оқи отырып осынау жер бетінде осындай небір тамаша өңірлері бар елдің иесі екеніңе қуанасың. Автор ойша осы өлкелердің үстінен ұшып өтеді. Сөйте келе әдемі түйін жасай біледі:
Ар жаныммен, бар жаныммен
ұштым мен,
Қазақ Елі ұштым сөйтіп үстіңнен.
Бір тұйғын құс сияқты едім ұшқанда,
Бір қауырсын болып жерге түстім мен,—
дейді. Соңғы жылдары, бәлкім, күн сайын дерлік өзгеріп отырған мына заманның үрдісінен қалып қоймауымыз керек екенін ойлағаннан болар, ескіден бері көңілімізді тоғайтып келе жатқан туған жер тақырыбын жеңіл-желпі жырлай салатын болдық. Баяғыда Қасым жазған «Шықшы тауға, қарашы кең далаға, Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға» деген сияқты әр тармағы салмақпен өрнектелетін жырлар жазуды азайтқан секілдіміз. Кешегі тоқсаныншы жылдардың басында Тәуелсіздік туралы жазғанымызда, әлбетте, Қазақстан, туған өлке хақында кеңірек толғайтынбыз. Енді мына кезеңде сол екпінімізден қайтып қалғандаймыз.
Жо-жоқ, бұл ел мен жер тарихы назарымыздан тыс қалып бара жатыр деген сөз емес. Тек сол ниетімізді әспеттеп бейнелеуге келгенде әлдене жетіспейтіндей көрінеді. Сол себепті Бауыржан Жақыптың мына өлеңінің екі жол түйіні көңілімізге кәдімгідей өзгеше ой салады: «Бір тұйғын құс сияқты едім ұшқанда, Бір қауырсын болып жерге түстім мен». Ақын ішкі сырын әдемі келтірген. Құс болып ұшу мен қауырсын боп түсу бір-бірінен ажыратуға болмайтын суреттер ғой. Иә, қазіргі кездің жүрдек көлігі ұшақ. Ал кезінде пойызбен жүріп талай облыстардың үстін басып өтетінсің. Сондай сапарлардың бірі ретінде жазған өлеңін Өтежан Нұрғалиев: ««Жол ұзақ, доңғалақтар, доңғалашы, Қазақтың жеткізбейді кең даласы, Жолаушым, жақын отыр, танысалық, Даланың мына тұрған мен баласы» деп бастамаушы ма еді. Бауыржанның мына өлеңі де сол сапарлардың бірі тәрізді. Және осынау ұзақ толғауда, жоғарыда да ескертіп өттік, қамтылмаған жер атауы жоқ деуге болатындай.
Жалпы, Бауыржан Жақып үшін Қазақстанның қай түкпірі де қадірлі. Жілігің толып, жігіт атанған соң республиканың талай аумағын аралайсың, бірі мығым есте қалады, енді бірі туралы шала-шарпы естелікке жүгінесің. Асылы осындай асығыстықтың қажеті жоқ сияқты. Ал ақын Бауыржан Жақып сөз арасында келтіргенін былай қойғанда әр түкпірдегі әр киелі жерге әрқилы өлең арнап жүреді: «Оралдың ақ түні», «Суықтөбе суреттері», «Ақкенттің бұлбұлдары», «Сарыағаш», «Ақмешіттің ақшамы», «Қарқаралы», «Алакөлдің ақша бұлттары», «Нарын құмы», «Сарыарқаның самалы», «Майқараған», «Бесқарағай», «Сырдария», тіпті тізбектей берсең, бұдан әлдеқайда көп. Және ақын қай мекенді жыр етсе де, ішіне ештеңені жасырып қалмай, әр қаланың, әр ауылдың көпшілік, бәлкім, сырттай білетін қадір-қасиетін түгел көрсетуді ойлайды. Ал «Ашхабат әсерлері», «Түркіменнің сұлулары», «Мәскеу таңы», «Қара теңіз», «Ыстамбұл», «Анадолыдағы жыр кеші», «Қырғыз қызына» тәрізді өлеңдер шет жұрттағы халықтың тынысынан хабар беріп отырады.
Ал «Алматы қаласы» дейтін өлең әуелі еуропалық қала ретінде бой түзеп, бертін келе, әсіресе, қазіргі уақытта қазақтың бел ордасына айналған сәулетті шаһар жөніндегі сұлу толғау. «Алматы қаласы қалайша қазақтанды» деген сауалға Бауыржан Жақыптың осы өлеңі толық жауап беретіндей. Иә, Алматыны қазақтандырған Алматыда ғұмыр кешкен ақындар еді, пәтерден пәтерге көшіп жүріп солар қазақ зиялыларының тұтас армиясын қалыптастырды, ақындардың бұл реттегі атқарған рөлдерін еш ұмытуға болмайды. «Өмірдің жаққан шырағын Көгілдір қалам, көк қалам, Музаның жегіп пырағын Ақындар келіп тоқтаған» дей келе Бауыржан оңтүстік астанаға табаны тиген ардақтыларымызды тағы бір еске салып өтеді. Әрідегі Сәкен, Ілияс, одан соңғы Әбділда, Қасым, Сырбай, Жұбан, Тайыр, Тоқаш, Ғафу, Тұманбай, Сағи, Төлеген, не керек, қазақ өлеңін өрге тартқан, сол арқылы қазақтың қанын жатқа бермеген аяулы тұлағаларды осылай еске салып отырмасақ болмайтынын бәрімізге де ұқтырады.
Кезінде ақын Бауыржан Жақыпты ерекше танытқан өлеңдердің бірі «Қолаңба» деп аталатын. Өлең объектісі — сықпа құрт пен сол құртта қолтаңбасы қалған ақ әже. Осы өлеңнің осы кітапқа енгізілуі де орайын тапқан шаруа болыпты. Әдетте, ауыл баласының есінде ерекше қалатын екі оқиға болса, бірі — құрт та, екіншісі — ақ әже. Сол кезде бала, бұл күнде есейген ақынның көкірегінде сол оқиғалар мықтап сақталып қалыпты. «Жылытар балғын денені Қос шуақ барын сеземіз, Көктен Күн сәуле себеді, Нұр төгіп жерден әжеміз» дей келе ақын:
...Келешек бізді күтті алдан,
Келмеске сәби күн кетті.
Сол кезде сықпа құрттарда
Қолтаңбаң барын білмеппін.
Құртыңды аңсап жаныммен,
Қолтаңбасын мен сағындым —
Аялы алақаның мен
Салалы саусақтарыңның.
Мен — тірі, ал сен — аруақ,
Қолтаңбаң барын білесің.
Түсімде менің әр уақ
Құрт жайып, әже, жүресің, —
деп аяқтайды өлеңін. Иә, кез келген ісіңде тек өзіңе тән қолтаңбаң болғаны қандай жақсы. Баланы әрдайым сағындырып жүретін әженің қолтаңбасы поэзияға еңбек сіңіріп келе жатқан айдынды ақынға өлмес өнеге болған екен.
Ендеше, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Бауыржан Жақыптың «Білте шамның жарығы» деп аталатын бұл жинағы Мемлекеттік сыйлық берілуге тиіс кітап деп есептейміз және соған тілектеспіз.
Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
ақын, Жазушылар одағының
Ақтөбе облысындағы өкілі