Ақтөбеде тасқыннан зардап шеккен 406 отбасы баспаналы болды
Қазір Ақтөбе қаласында тасқын салдарынан апатты деп танылған үйлерді демонтаждау (сүріп тастау) жұмыстары басталды.
Алғали Сисенғалиев пен Самал Махамбетованың отбасы Ақтөбе қаласы аумағына кіретін Махамбет бау-бақша ұжымында тұрғанына отыз жылдай уақыт болды. Жыл сайын көктемде үйін су басып, әбігерге түсетін Самалдың отбасы биыл да тасқын судың зардабын тартты. Су тасқынының залалын анықтау жөніндегі комиссия бұл жолы олардың үйін апатты деп таныды. Самалдың отбасы жақында жаңа баспаналы болып, қоныс тойын тойлады.
Қоныс той
Ақтөбе қаласы маңында бірқатар бау-бақша ұжымы бар. Солардың бірі – қала аумағына кіретін шеткері жатқан Махамбет ауылы. Бұл жердің тұрғындары өзен жағалауына жақын тұрғасын жыл сайын көктемде жандарын шүберекке түйіп отырады. Себебі өзен арнасынан асып, қарғын су молайғанда Махамбет ауылындағы саяжай үйлері су астында қалады.
Алғали Сисенғалиев пен Самал Махамбетованың шаңырақ көтергеніне биыл – 33 жыл. Олар Ақтөбе қаласына Ойыл ауданының Құмжарған ауылынан осыдан 27 жыл бұрын қоныс аударыпты. Содан осы Махамбетте тұрады.
– Көктем шығып, қар еріген шақта мазамыз қашады. Жыл сайын үйіміз су астында қалатын. Биыл да мол су үйімізге кірмегенмен, айналаны түгел су басты. Іргетасы 1938 жылы қаланған үйіміздің бір қабырғасын қисайтып, құлаудың аз-ақ алдында тұрғанын көрген комиссия мүшелері біздің үй-жайымызды бірден апатты деп таныды. Жалпы, аумағы 47 шаршы метр болатын үйіміз тұруға жарамсыз деп танылғаннан соң бізге мемлекеттің қолдауымен көппәтерлі үйлердің бірінен бір бөлмелі үй берілді. Қуанышымызда шек жоқ, – дейді Самал Махамбетова.
«КамАЗ» жүк көлігін жүргізетін отағасы жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Ақтөбе облысының Қобда ауданында жол салу жұмыстарына жауапты мердігер компаниялардың бірінде жұмыс істейді.
– Тасқын болып, үйіміз су астында қалғанда отағасы жұмыста болды. Қобда ауданымен екі аралықтағы жолды су шайып, қатынас қиындаған шақта ол күндіз-түні сол жақта болды. Қазір Қобда мен Саралжын ауылы аралығындағы су шайған жолды ретке келтіріп жатыр. Өзім Ақтөбе ферроқорытпа зауытының кеңсесінде еден жуамын. Махамбетте тұрғанда зауытқа жаяу қатынадым. Жаңадан берген баспанамыз да жұмысыма пәлендей қашық емес, – дейді тоғыз немеренің әжесі Самал Махамбетова.
Алғали мен Самал қазір Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесі 36-үйдің үшінші қабатында тұрады. Жастары алпысқа таяған ерлі-зайыптылар «біз саяжайда тұрады» деген «мәртебеден» біржола арылдық», – деп, мемлекет тарапынан берілген қолдау мен қиын сәтте қамқорлық танытып, қол ұшын созғандарға ерекше ризашылықтарын білдірді.
Апатты үйлер анықталды
Қазір Ақтөбе облысында су тасқынының залалын анықтау жөніндегі комиссия әлі де жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімі баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, тасқын кезінде Ақтөбе облысында су басқан үйлердің саны – 4 691. Соның ішінде Ақтөбе қаласында – 3 594, оның 363-і – тұрғын үй, қалғаны – саяжай үйлері.
9 шілдедегі жағдай бойынша, облыста 3 785 үй-жайға бағалау жүргізілген. Қорытындысында жөндеуге жататын үйлердің саны – 3 579, ал 862 үй апатты деп танылған.
Сондай-ақ бүгінде тасқыннан зардап шеккендерге келтірілген материалдық залал үшін әлі де өтемақы төленіп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 3 568 отбасына 1 228 313,6 теңге мөлшерінде өтемақы төленді.
Сонымен қатар облыста тасқыннан зардап шеккен 3 000 отбасына тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 8 770 051,3 теңге көлемінде өтемақы төленді.
Жаңа үйлер, жайлы пәтерлер
Қазір облыстың Қобда, Ойыл, Әйтеке би, Ырғыз, Темір және Мұғалжар аудандарында 511 үй бой көтеріп жатыр. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен аталған 6 ауданда дайын баспаналар Болат Өтемұратов қоры арқылы сатып алынуда. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде 406 отбасы жаңа қонысқа көшті. Жақында Ақтөбе қаласында тасқыннан зардап шеккен 15 отбасы BI Group құрылыс компаниясы сатып алып берген пәтерлердің кілтін алды.
– Біз адамдардың жайлы пәтерлерде жаңа өмір бастай алатынына қуаныштымыз. Сонымен қатар біздің компания облыстың Мұғалжар, Әйтеке би және Темір аудандарында 60-қа жуық тұрғын үйдің құрылысын инвестициялады. Олардың барлығы күн салқындағанға дейін тапсырылады. Сонымен қатар BI Group зардап шеккен отбасылардан шыққан 500 баланың Ақтөбе облысының Білім басқармасы ұйымдастыруымен сауықтыру лагерьлеріне жіберуге ұйытқы болды. Ол үшін холдинг 12,7 миллион теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. Осы мақсаттардың барлығына біз шамамен 2 миллиард теңге бөлдік, – деді BI Group жобаларының директоры Руслан Мерғалымов.
Биыл сәуір айында аталған құрылыс компаниясы су тасқыны салдарын жоюға 5 миллиард теңге бөлу туралы шешімін жариялаған болатын. BI Group алғашқылардың бірі болып жергілікті тұрғындарға көмек көрсетіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.
Тасқыннан зардап шеккен аудан тұрғындары да бүгінде жаңа баспанаға қол жеткізіп жатыр. Қоныс той тойлағандардың қатарында бір топ мұғалжарлық отбасы да бар.
Облыстың Мұғалжар ауданында жақында баспаналы болған 53 отбасы – көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Ембі қаласының, Жағабұлақ, Бірлік, Басшилі, Қаракөл, Шеңгелши ауылдарының тұрғындары. Оларға барлығы 931 миллион 451 мың теңгеге Болат Өтемұратов, «Қамқор Ақтөбе-2024» және Dar Charity қоғамдық қорлары арқылы үйлер сатып алынып берілді.
Мұғалжар ауданы бойынша су тасқынында барлығы 76 үй мен 3 коммерциялық нысанға зақым келіп, 8 шаруа қожалығы шығындалған. Су тасқынынан зардап шеккендерге 26 миллион теңгеден астам біржолғы көмек те көрсетілді.
Бүгінде тасқын кезінде су басқан Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Мұғалжар ауданы бойынша 7 үйге жөндеу жұмысы жүргізілуде.
Темір ауданының Құмсай ауылында да 17 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Ауданның Саркөл ауылдық округіне қарасты Құмсай ауылында биыл тасқын судан зардап шеккен 17 отбасы мүшесі өз қалауымен Кеңқияқ, Шұбарши және Шұбарқұдық елді мекендерінен жаңа тұрғын үй алуға ниет білдірген.
Құрылыс басына бейнекамера орнатылды
Қазір облыстың Әйтеке би ауданының орталығында тасқыннан зардап шеккен отбасылар үшін тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Бір қызығы, құрылысшылардың жұмысын онлайн бақылауға болады. Себебі әрбір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан орындарда бейнебақылау камералары орнатылған.
Ресми мәліметке сүйенсек, ауданда тасқын судан жапа шеккен 150-ге жуық тұрғыннан арыз түсіп, комиссияның техникалық бақылау қорытындысында 51 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Соның ішінде 25 отбасы екінші нарықтағы дайын үйді алуға ынта білдіріп, қазір барлығы толықтай баспаналы болыпты. Ал қалғандары жаңа үйлерінің салынып біткенін күтіп отыр.
Баспаналардың бой көтеруіне «Ерейментау 2005» ЖШС (13 үй), «Ск Қала» ЖШС (6 үй) және «ГТА Сервис» ЖШС (7 үй) сияқты үш компания септігін тигізіп жатыр.
Жарамсыз үйлер сүріліп жатыр
Қазір Ақтөбе қаласында тасқын салдарынан апатты деп танылған үйлерді демонтаждау (сүріп тастау) жұмыстары басталды.
Мұндай жұмыстар қаладағы Новостройка бау-бақша ұжымы аумағында жүргізіліп жатыр. Бүгінде бұл жерде үш үй бұзылды.
Билік өкілдерінің айтуынша, сүріп тастаған үйлердің жері мемлекет қорына қайтарылады. Бұл іс-шаралар үй иелерінің жазбаша келісімімен жасалады. Оларға құлаған үйлерінің орнына жаңа пәтерлер беріліп жатыр.
Бүгінде бағалау комиссиясының қорытындысы бойынша тасқын салдарынан Ақтөбе қаласында 190 үй апатты деп танылды, оның ішінде 75 үйдің тұрғыны жаңа баспанаға көшірілген. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Сұлтан Аманчиннің айтуынша, қор арқылы пәтер сатып алып беріп, көшіру шаралары әлі де жалғасып жатыр.
– Су тасқыны салдарынан бұзылған үйлерді демонтаждауымыз керек. Себебі құлағалы тұрған үйлер осы маңда тұратын өзге тұрғындарға қауіп туғызады. Әзірге жаңа пәтерлерге көшірілген 75 отбасының апатты үйлері сүріліп, жерлері мемлекет қорына қайтарылады, – деді ол.
Оның айтуынша, тұрғындарға үйлерін бұзбас бұрын бір ай уақыт беріледі. Олар өздеріне қажетті мүліктерін, демонтаж кезінде құрылыс материалдарын алып кетуге құқылы.
Новостройка бау-бақша ұжымы тұрғындарының бірі Күләш Күләпованың үйі апатты деп танылып, қазір қаладағы жаңа үйлердің бірінен пәтер берілген. «Ризамыз. Бұған дейін де үйіміз суға кетті. Бірақ мұндай нақты көмекті бірінші рет көріп отырмыз. Тасқыннан зардап шеккендерді қолдап жатқан Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз», – деді Күләш.
Қазір Ақтөбе облысы бойынша елуге жуық мердігер мекеме тасқыннан зардап шеккендер үшін үй құрылысына тартылған. Олардың дені – жергілікті компаниялар. Үй құрылысын салуға әрі жаңа баспана алуға қаражат BI Group, Болат Өтемұратов, «Қазақстан халқына» қорлары және ERG компаниялар тобынан қарастырылған.
Айару СЕРІК,
Ақтөбе олысы