Экология – мәңгілік тақырып
Túrkistan халықаралық газеті еліміздегі белсенді экологтарға блиц-сауал жолдаған болатын.
Табиғаттың тылсым сұлулығы мен байлығы бізге баға жетпес сый ретінде берілген. Бұл сыйды қорғау және сақтау – біздің міндетіміз. Әлемдегі экологиялық мәселелер күн сайын күрделеніп барады. Қазақстанның да экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар аса маңызды. Мемлекет бұл мәселеге баса назар аудара бастады. Елімізді көгалдандыру, абаттандыру мемлекеттік маңызы бар іс. Туған жерді таза ұстау жалпыұлттық мәселеге айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуды және табиғатты қорғауды мақсат етеді. Сонымен қатар бағдарлама экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Экология мәселесі бүгін шығып, ертең ұмытылып кететін мәселе емес. Ол – мәңгілік тақырып. Сондықтан еліміз бойынша қалдықтарды реттеу жүйесін жақсарту, ауаның сапасын жақсарту, су ресурстарын қорғау, табиғи ортаны сақтау және қалпына келтіру, экологиялық білім беру және ақпараттандыру, энергия тиімділігін арттыру және жасыл технологияларды енгізу маңызды болып қала бермек. Осы орайда Túrkistan халықаралық газеті еліміздегі белсенді экологтарға блиц-сауал жолдаған болатын.
– Экологиялық ахуал – бірінші кезектегі проблема, алайда бұл проблема үнемі әлеуметтік, экономикалық мәселелердің көлеңкесінде қалып қояды. Неліктен?
Әділ ТЫНЫШТЫҚБАЙҰЛЫ,
KazEcoPatrol РҚБ-ның төраға орынбасары:
– Біздегі экологиялық ахуалды қоқысты дұрыс сұрыптамау, заңсыз қоқыс үйінділерінің көбеюі ушықтырып отыр. Қазақстанда қоқыс полигондарға, т.б. нысандарға жөнелтіледі. Бірақ олар толықтай қайта өңдеуге кетпейді. Барлық қоқыстың тек 30 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Қоқыстар полигонға жеткенге дейін сұрыпталмайды. Пайдаға жарайтынын сол жерден алды, қалғаны қалады. Негізі, бізде қоқыс қалдықтарын жинаудың, өңдеудің жүйесі дұрыс емес. Тағы бір маңызды мәселе – компаниялардың, зауыттардың және басқа да нысандардың ауа бассейнін ластауына жол бермеу. Мәселен, Алматы қаласындағы түтіннің себебі автотранспорттардың жаңартылмауы және оларға мемлекеттік техникалық сараптаманың дұрыс жүргізілмеуінен. Зерттей бастасаң бұл жерден де жемқорлықтың иісі шығады. Екінші мәселе, біздегі өзен, көлдердің ластануы. Осы екі мәселе шешілсе, қала тұрғындары сапалы ауамен тыныстап, таза су ішер еді.
Наурызбек БІРМАҒАМБЕТОВ,
Neco экологиялық клубының төрағасы:
– Қазақстанның экономикалық даму мақсаттары экологиялық мәселелерден жоғары қойылып келеді. Бұл әсіресе мұнай, газ және тау-кен өндірісі сияқты салаларда байқалады. Бұл үрдіс тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде осындай. Экология туралы тек соңғы жылдары әр жерден айтыла бастады, соның өзінде әлі көп мәселе белсенді түрде көтерілмейді, ашық айтылмайды. Сондай өзекті, маңызды тақырыптың соңғы орында болуы қынжылтады, әрине. Бұған біздің алдын-алу шараларымен емес, салдарымен күресу әдетіміз себеп. Қазір де экология бойынша қай мәселе күйіп тұр, сонымен ғана айналысады. Мәселен, орман өртенді делік. Барлық назарымыз орманда болып, өртті өшіріп, қайталанбасын деп жанталасамыз. Яғни, біз мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп жүрміз.
– Кейінгі кезде ішкі туризмге қызығушылық артып келеді. Қазақстанның көрікті жерлеріне баратын халық саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Бірақ туризм мәдениетін көп адам сақтай бермейді. Мұның себебі неде?
Әділ ТЫНЫШТЫҚБАЙҰЛЫ,
KazEcoPatrol РҚБ-ның төраға орынбасары:
– Иә, қазақстандықтар пандемия кезінде ішкі туризмге қызығушылық таныта бастады. Жоғарыда мен айтқан өзен, көлдер, тау-тастарымыз туризм нысанына айналды. Алайда бұл салада да өзекті мәселелер көбейіп келе жатыр. Рекреациялық жағдай қиындап келеді. Мәселен, адам баласы табиғатқа жақындаған сайын жануарлар бізден алыстай береді. Оған қоса таулы аймақтарда адамдар от жағып, оны дұрыс сөндірмей тастап кетеді. Әсіресе, жаз айларында өрт болу қаупі жоғары, қызыл аймақта тұрған ормандар адамдардың немқұрайлылығының кесірінен өртке оранады. Міне, осындай әрекеттерге мониторинг жүргізілмейді және менің байқағаным, экотуризмді дамытуға ешкімнің құлшынысы жоқ. Одан бөлек, Алматы секілді ірі қалаларда тамақтану орындары, дәмхана, мейрамханалар көп. Олар кәуапты көмірге дайындауы керек. Алайда көпшілік тамақтану орындары тамақ пісіруге ағаш қалдықтарын пайдаланады. Бұл – заңсыздық.
Наурызбек БІРМАҒАМБЕТОВ,
Neco экологиялық клубының төрағасы:
– Экологиялық инфрақұрылым болмаған жерде экологиялық мәдениет те болмайды. Біріншіден, адамдар экологиялық өмір салтын ұстануды білмейді. Бұл отбасынан, балабақшадан басталып, мектепке, ЖОО-да жалғасуы керек. Екіншіден, қоршаған ортада, табиғат аясында өзіңді қалай ұстау керек екені туралы ақпарат жеткіліксіз. Әрбір туристік нысан қауіпсіздік шараларын, нұсқаулықтарды адамның назарын бірден аударатындай етіп жазып қойғаны дұрыс. Сонымен қатар экологияға зиян келтіргені үшін азаматтарға салынатын айыппұл көлемі аз. Адамдардың бұл іске немкетті қарауының бір себебі осында жатыр деп ойлаймын.
А.Бимендиева