«Үйімізді сатып жіберді»: Шардарада анасы мен ұлы 13 жыл бойы құлдықта болған

Анасы мен баласын полицейлер мамыр айының соңында жезөкшелер жұмыс істейтін саунаны тінтігенде тауып алыпты.

«Үйімізді сатып жіберді»: Шардарада анасы мен ұлы 13 жыл бойы құлдықта болған
КТК.кz
710

Түркістан облысында анасы мен баласы 13 жыл құлдықта болған. Любовь Болдырева мен оның ұлы Никита Шардарадағы мал қора мен саунада еркінен тыс жұмыс істеген. Қазір олар дағдарыс орталығында тұрып жатыр.

Ал оларды құлдықта ұстаған Шардара аудандық Ішкі істер бөлімінде лауазымды қызмет атқарған офицер болып шықты, деп хабарлады turkystan.kz сайты Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Анасы мен баласын полицейлер мамыр айының соңында жезөкшелер жұмыс істейтін саунаны тінтігенде тапқан. Енді күдіктілер тергеуге алынғанымен оларға қарсы мәлімет бере алатын әйел мен баланы біреулер сотқа дейін ұрлап әкете ме деген күдік бар көрінеді. Сондықтан, Любовь пен оның ұлын қарулы жасақ күзетуде.

13 жыл құлдықта болған Любовь Болдырева туған ағасымен бірге 2011 жылы Шардарадағы саунаға жұмыс істеуге барып, қайтадан шыға алмай қалған. Саунаның лас шаруасынан бөлек, қожайындардың мал қорасынан шықпадық деген әйел қара жұмысқа жегілген. Үш рет қашуға тырысқанымен нәтиже болмапты. 

«Бұрын тұрған үйімізді өз атына аударып, кейіннен сатып жіберді. Туған ағам, екінші күйеуім мен ұлым төртеуіміз күндіз-түні қожайынның әулетінің құлы болдық. Жұмыс істейсіңдер деп алдап шақырғанымен 13 жылда соқыр тиын да ұстатқан жоқ. Бірнеше мәрте қашып көрдім. Бірақ қайдан болсын тауып, ұрып қайтадан жұмысқа жегетін. Ағам бір мәрте полицияға да барған еді. Бірақ, Шардарада біздің қожайынға қарсы келер жан жоқ» , - деді Любовь Болдырева.

Қожайын деп отырғаны Шардараның ішкі істер бөлімінде лауазымды қызметтер атқарған офицер екен. Ол жылдар бойы жезөкше толы саунаның жұмысын жүргізіп, заңсыз тас пен құм қазумен айналысып келген көрінеді. 3 жасында құлдыққа түскен Никита да түнде құм тасып, күндіз мал қора тазалаған. Мектеп партасына отырып көрмеген 16 жастағы ұл қорада жүрсе де әріп танып, 100-ге дейін санай алады.

«Дұрыс істемесең сондай ұратын еді. – Нені дұрыс істемесең?-Жұмысты дұрыс істемесең ұрады да е. -Немен ұрды? – Қолмен. Мамаң айтты ғой қолына түскенмен ұрады деп. – Иә. -Сенің құлағыңдағы тыртық неден? – Баласы ұрды, пышақ сияқты бірдеңемен. Мамама тиіспе деп болысып көрдің бе? – Жоқ, өйтіп айта алмаймын ғой. Ұрады мені. -Қорқасың ба? Иә да. -Қашып кету ойыңда болмады ма? – Жоқ. Қашатын жер жоқ еді ғой», - деді Никита Болдырев.

Серіктес жаңалықтары