Балалардың бетіне бұрышты баллон шашқан жігіт 2 айға қамауға алынды

Енді ол тергеу аяқталып, сот болғанша тергеу изоляторында отырады.

Балалардың бетіне бұрышты баллон шашқан жігіт 2 айға қамауға алынды
Ақтөбе облыстық полиция департаменті
381

Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу соты балалардың бетіне бұрышты газ шашып, қоғам ішінде резонанс тудырған жасөспірімді екі айға қамауға алды. Ол сот болғанша тергеу изоляторында отырады.

«Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу сотына «А»-ға қатысты Қылмыстық кодекстің «Тонау», «Бұзақылық» баптары бойынша санкциялау туралы өтініш хат түсті. Қылмыстық іс материалына сүйенсек, жасөспірім ішімдік ішкен күйі кәмелетке толмаған «К»-нің аяқ киімін алып кеткен. Оған келтірілген шығын көлемі – 16 мың теңге. Кейін «А» бұзақылық жасап, қолындағы бұрышты газ баллонын «В» есімді баланың бетіне шашады. Өтініш хатта «А»-ның өзге ел азаматы, Қазақстанда тұрғылықты жері жоқ екенін айтылып, жазадан құтылып кету мүмкіндігі ескерілді. Тергеу соты оның балаларға қарсы аса ауыр қылмыс жасағанын, кейін қашып кетуге оқталғанын негізге алды. Ол Батыс Қазақстан облысының территориясында қолға түсті. Егер ол бостандықта қалса, қылмыстық жауапкершіліктен құрылып кетуі мүмкін. Сондықтан Тергеу соты «А»-ны екі ай мерзімге уақытша қамауға шешім шығарды», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық мамандандырылған тергеу сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, ол Ақтөбедегі көпірлердің бірінде ойнап жүрген балалардың бетіне бұрышты газ шашып, кейін белгісіз бағытқа қашып кеткен. Оны құқық қорғау органдары шекарада құрықтап, кейін Ақтөбе қаласындағы полиция бөліміне жеткізді. Мұнда ол бірден уақытша тергеу изоляторына қамауға алынды. Енді ол тергеу аяқталып, сот болғанша тергеу изоляторында отырады.

Айта кетейік, ұсталған «А» 16 жаста. Ол Ресейден Ақтөбеде тұратын әкесіне жазғы демалысқа келген.

Серіктес жаңалықтары