Қызылорда – Астана бағытында ұшып бара жатқан жолаушылар ұшағы құстармен соқтығысты. Осы оқиғадан кейін әуе компаниясы бірқатар рейстің кестесін өзгертуге мәжбүр болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 4 қараша күні IQ426 рейсін орындау кезінде болған. UP-DH003 тіркеу нөмірлі әуе кемесі ұшу барысында құстармен соқтығысқан.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, жағдайдан кейін ұшақтың техникалық жағдайын қосымша тексеру қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты компания ұшу кестесіне түзетулер енгізіп, бірнеше бағыттағы рейстердің кешігуіне жол берілген.
Авиакомпания өкілдері жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі бірінші орында екенін атап өтті. Қазіргі уақытта әуе кемесіне қатысты барлық қажетті техникалық шаралар авиациялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар тасымалдаушы рейстердің қалыпты кестесін мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Компания жолаушыларға әуе рейстерінің мәртебесін ресми ақпарат арналары арқылы алдын ала тексеріп отыруға кеңес берді.
Әзірге ұшақтың құстармен соқтығысуынан қаншалықты зақымданғаны және оқиға кезінде жолаушылардың зардап шеккені туралы қосымша мәлімет жарияланған жоқ.