Таиландта іздеуде жүрген 24 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды

/
Таиландта іздеуде жүрген 24 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды
ашық дереккөзден

Таиландтың Пхукет аралында Интерпол арқылы халықаралық іздеуде жүрген 24 жастағы Қазақстан азаматы қолға түсті. Ол мемлекетке жарты миллиард теңгеден астам шығын келтірген қылмыстық іске қатысы бар деген күдікке ілінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Таиландтың MGR Online басылымының мәліметінше, Қазақстан елшілігі мен Интерпол Пхукеттегі көші-қон қызметіне іздеуде жүрген азаматты анықтап, ұстау туралы өтініш жолдаған.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті басқа адамдармен алдын ала сөз байласып, жалған құжаттар арқылы 20-дан астам фиктивті компания құрған болуы мүмкін. Бұл ұйымдар ақша қаражатын заңдастыру, қолма-қол ақшаға айналдыру және салық төлеуден жалтару мақсатында пайдаланылған деген болжам бар.

Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, аталған әрекеттер салдарынан Қазақстан бюджетіне 560 833 701 теңге көлемінде шығын келген.

Күдіктіні іздестіру барысында оның Таиланд аумағында жүргені анықталған. 3 қарашада жергілікті полиция Пхукет аралындағы Патонг ауданында орналасқан жатақханалардың бірінен іздеудегі азаматқа ұқсас ер адамды тапқан. Құжаттарын тексеру нәтижесінде оның халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы екені расталған. Сонымен қатар ер адамның Таиландта заңсыз жүргені белгілі болды. Ол елге 2026 жылғы 4 наурызда кірген. Визасының мерзімі 2 мамырда аяқталғанымен, ел аумағынан шықпай, рұқсат етілген уақыттан 185 күн артық болған.

Осыдан кейін Қазақстан азаматы қамауға алынды. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар