Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен мұғалім жұмыстан қуылды

/
Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен мұғалім жұмыстан қуылды
pexels.com

Ақтауда жекеменшік лицейлердің бірінде еден жуушыға дөрекілік көрсеткен мұғалім жұмыстан шығарылды. Оқиға түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің талқысына түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Желіде жарияланған видеодан әйел адамның еден жуушының жанында тұрып, кейін оның шелегін теуіп жібергенін көруге болады. Бұл әрекет желі қолданушыларының наразылығын туғызған. Оқиғадан кейін Ақтау қалалық білім бөлімі арнайы комиссия құрып, тексеру жұмыстарын жүргізген. Мән-жайды анықтауға полиция қызметкерлері де тартылған.

КТК телеарнасының мәліметінше, жанжалға қатысқан мұғалім лицей директорының әйелі болып шыққан. Ал еден жуушы бұған дейін мектеп басшысының үйінде жұмыс істеген. Кейін оны білім беру мекемесіне жұмысқа қабылдап, еңбекақысын қолма-қол төлеп отырған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға еден жуушының директордың әйелі туралы сыртынан айтқан сөздері себеп болған. Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Қуанышқалиқызы тексеру қорытындысы бойынша мұғалімге тәртіптік шара қолданылғанын мәлімдеді.

"Ақтау қаласының білім бөлімі тарапынан комиссия құрылып, оған полиция басқармасын да қосқан болатынбыз. Зерделеу комиссиясының шешімімен, мұғалімге сөгіс беріліп, жұмыстан шығарылды. Полиция басқармасы да жұмысын істеп жатыр, оның да шешімі қосымша жарияланады".

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары