Ішкі істер органдарының ардагері 61 жасында әлем чемпионы атанды

Алпысты алқымдаған сала ардагері – самбо мен дзюдодан КСРО-ның және қазақ күресінен ҚР спорт шебері.

Ішкі істер органдарының ардагері 61 жасында әлем чемпионы атанды
Polisia.kz
482

Ішкі істер органдарының ардагері, полиция полковнигі Мұхсин Дүйсенғалиев 61 жасында әлем чемпионы атанды.

Былтыр Орал қаласында самбо күресінен спорт шеберлері арасында Әлем чемпионаты өтті. Оған сала ардагері Мұхсин Дүйсенғалиев да қатысып, 98 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

Әлем чемпионы атанумен қатар, Маңғыстау облысы бойынша ардагерлер арасында «Үздік спортшы» атағына ие болды. Ал биыл Ақтау қаласында өткен самбодан Азия және Океания спорт шеберлері арасындағы чемпионатта топ жарып, тағы да әлем чемпионы тұғырынан көрінді.

Алпысты алқымдаған сала ардагері – самбо мен дзюдодан КСРО-ның және қазақ күресінен ҚР спорт шебері. 1984-2018 жылдар аралығында ішкі істер органдарында қызмет атқарған.

«Спорт – менің өмір салтым. Мектеп жасынан бері спортқа жақын болдым, қарсыластарымды жеңу үшін әрдайым жаттығудан қол үзбедім. Тіпті, осы ішкі істер саласына келуіме де спорт себепші болды. Полиция қызметкерлерінің қатарында жүріп те, талай қылмыстың алдын алуға әрекет жасап, оның болмауы үшін тойтарыс бердік», – деді сала ардагері.

Мұхсин Дүйсенғалиевтің ұлы Талғат Қуанай да тәртіп сақшыларының қатарында. Ол да тура әкесі секілді бала кезінен спортқа жақын. Самбо мен дзюдодан спорт шебері. Самбо күресінен ҚР Ішкі істер министрлігі және Азия және Океания чемпионатында чемпион атанған. Бүгінде ол Маңғыстау облысы полиция департаменті жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирінің орынбасары лауазымында қызмет етеді.

2018 жылы ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шыққан Мұхсин Қуанайұлы әлі күнге дейін саладағы өзгерістерге құлақ түре жүреді.

Серіктес жаңалықтары