«Талақты» көрмей тұрып, «талақ» айтудан сақ болайық
Өткен аптада қазақ кино өнерінің туындысы жарты әлемді таңдандырды, яғни, биыл ашылғанына 31 жыл болған Шанхай кинофестивалінде қазақ режиссері Данияр Саламаттың қазақ прозасының классигі Бейімбет Майлиннің әңгімелері негізінде түсірген «Талақ» фильмі бас жүлде алып, ұлттық кино өнерімізді танытты. Ол туралы ең алғаш режиссердің зайыбы Айнұр Мұратова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазып, сүйіншілеген болатын. Содан соң жұрттың бәрі бұл жаңалықты қуана қабылдап, ізгі тілектерін білдіріп жатты. Алайда іле-шала әлі өздері көрмеген фильмді сынаушылар пайда болып, фильмде басты рөлдерді сомдаған актерлердің бірі Ерболат Әлқожаның түсірілімнен тыс (күн суықта болса керек) кезде қабаттап киген киімімен түскен фотосын жариялап, әлі өздері көрмеген кино жайында сын айта бастады. Сондағы айтылған «сынның» тоқайласатын жері – «қазақтарды алба-жұлба, жабайы етіп көрсеткен», «қазақтарды бейшара қылып бейнелеген киноларға шетелде жүлде береді», т.с.с. негатив пікірлер.
Қызық, «қазақты алба-жұлба етіп көрсеткен кинолар» қай жерде, қашан жүлде алды екен? Пікіріне дәлел келтіретін бірі жоқ, әйтеуір шамамен осылай деп соға берген. Арасында руханиятымызға аты белгілі адамдардың жүргені тіпті таңғаларлық!
Біз білгенде Данияр Саламат әдебиет пен кинода бірдей еңбек етіп жүрген, көптеген прозалық шығармасы жарияланған, 1998-2015 жылдар аралығында «Ажалын қуған адам», «Жөшә», «Әкем екеуміз», «Бәйтерек», «Кішкентай», «Сағынтайдың бірінші әйелі» секілді көрермен жылы қабылдаған фильмдерді түсірген, сценарийін жазған режиссер. Одан тысқары қазақ киносы туралы бірнеше сұхбат беріп, ұлттық киноның болашағына алаңдайтын отаншыл азамат ретінде танылған тұлға. Ендеше, ол өз ұлтының абыройына дақ түсірер әрекетке қалай барады?
«Талақ» фильмі үздік картина ретінде бас жүлде алып, фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған Амира Омар «Үздік әйел бейнесі» номинациясында жеңіске жетсе, киноның осал болғаны ма?
Жасыратыны жоқ, біздің қоғамда көптеген адам негативке үйір, жақсының өзінен бір мін тауып, өздерінің «сыншылығын» көрсетіп қалуға тырысады. Тіпті, көрмей-білмей де сынай береді. Ал ондай әрекет – әділетсіздіктен ғана туындайтын шығар.
Біз елге жүлделі оралған режиссермен тілдесіп, бірнеше сұрақ қойған едік.
– Данияр, ең алдымен халықаралық кинофестивальде алған бас жүлдең құтты болсын дейміз!
– Рахмет, қазақ киносының жеңісін қолдап, қуанып жатқан барша отандасыма алғысымды айтамын!
– Көзіқарақты жұрт сенің режиссер әрі сценарист екеніңді, сонымен бірге проза жанрында қалам тартып жүрген жазушы екеніңді біледі. Түрлі жанрда бірнеше фильм түсірдің, олардың бәрі де көрермендер мен кино мамандары назарынан тыс қалған жоқ. Ал мына жүлдегер болған «Талақ» фильміңе қазақ прозасының классиктерінің бірі Бейімбет Майлин шығармаларын негіз етіп алуыңа не себеп болды, бұл фильмнің идеясы ойыңда бұрыннан бар ма еді?
– Биағаңның шығармасына мені алып келген нәрсе – кинода өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ тұрмысын бейнелейтін туынды жасау идеясы. Өйткені киномыз сол кезең туралы ақиқатты толық бере алмағандай, сол кездегі қазақ өмірін жеріне жеткізе суреттей алмағандай сезілетін маған. Көңілдегі сол күдікті сейілту үшін кино түсіргім келді. Ол кезең ауыр кезең еді, Қазан төңкерісінен соң қазақ өміріне көп өзгеріс енді: яғни, халықтың көшпелі тұрмысына, сеніміне, ұстанымына өзгеріс енді. Сондықтан мен өз идеямды іске асыру үшін сол шақтағы қазақ өмірін реалистікпен өте шебер суреттеген Бейімбет Майлин шығармашылығына бұрылдым.
Бейімбеттің шығармалары типтік образдарға бай. Орыс тұрмысын А.Чехов туындыларынан білсек, қазақ әдебиетінде өз ұлтының типтік образдар галареясын жасаған – Б.Майлин. Типтік образдар қашан да ерекше, бағалы. Сол үшін белгілі бір дәуір туралы туынды жасағанда, біз соған сүйенеміз.
Бейімбет Майлиннің фильмге негіз болған «Талақ» деген әңгімесі бар. «Талақ» деген мұсылман ұғымы бойынша ерлі-зайыптының ажырасуын бергенімен, оның фильмдегі мағынасы анағұрлым кең. Талақ – біржақты шешім қабылданатын, яғни, ажырасу үшін талақ беруге еркекке құқық беретін, әйелге рұқсат етілмеген нәрсе. Біздің қазақ даласында өткен ғасырдың басында саяси тұрғыдан дәл сондай әрекет болды, Кеңес өкіметі біз үшін шешім шығарып, біздің ұлтымыз ғасырлар бойғы ұстанымынан бас тартуға, яғни «талақ» етуге мәжбүр болды. Сол себепті киноға «Талақ» тақырыбы таңдалды.
– Қазір режиссерлердің біразы өтімді тақырып – тарихи тұлғалар туралы фильм түсіруге әуес, сол сияқты комедия жанрына жиі барады. Ал сен не үшін өткен ғасырдың бас кезіндегі қазақ өмірін бейнелейтін фильм жасадың?
– Иә, қазір біздің режиссерлеріміздің жанрлық бағытта комедиялық фильмдерге әуес екені рас, өйткені біздің көрермендердің де сұранысы сондай болып тұр. Менің ұстазым Сатыбалды Нарымбетов «Біздің режиссерлер қазір даяшы секілді жұмыс істейді, олар көрермен нені сұраса, соны әкеліп беруге жанталасады» дейтін. Бірақ бұл жағдай керісінше болуға тиіс қой. Кино адамзат санасына әсер ететін авангард өнер болғандықтан, ол қоғамдық сананы алға сүйрейтін локомотив болуға тиіс. Яғни, режиссер көрерменнің жетегінде кетпей, керісінше, ол жұртты жетелеп, көрермен режиссердің ұсынған идеясын қорытуға тырысуы қажет. Сонда ғана кино дамып, өмір жайлы танымымыз молая түспек.
Айта кететін нәрсе, «Талақта» да комедия элементтері бар, өйткені Бейімбет шығармалары юморға толы. Біз де жазушының сол спецификациясын сақтап, кинода юморлық, кей сәттерде памлеттік сәттерді қосып, Бейімбеттің кейіпкерлерін экранда тірілтуге тырыстық.
– Өткізіле бастағанына 31 жылдай болған Шанхай халықаралық кинофестивалінде топ жарған фильмің қандай қасиетімен үздік болды, киномамандардың оны ерекше бағалуына не себеп?
– Шанхай кинофестивалінің фильмді қалай жоғары бағалағанын тап басып айта алмаймын, өйткені бағалау жабық түрде өтеді, сондықтан ол жайлы егжей-тегжейлі біле алмадым. Тек бізге жеткен кей мәліметтер бойынша фильмде біз көрсеткен дәуірдегі қазақ өмірінің шынайы көрсетілуіне баса назар аударылған. Яғни, бостандық деген желеумен өмірі құрбандыққа айналған қазақ әйелінің қасіретті тірлігін юмормен, сарказм, метофорамен астастыра отырып бейнелегені үшін бас жүлдеге лайық саналған көрінеді.
Біз фильмде тек ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынасты ғана емес, оның фонында сол кездегі қазақ даласындағы дәуірдің алмасуын уақыттың өзгеруін бере алдық деп ойлаймын.
– Естіп, біліп жатқан шығарсың, киноға қатысқан артистердің түсірілімнен тыс кезде түскен бірер фотосы әлеуметтік желілерде едәуір талқыға түсіп жатыр, яғни, әлгі әртістің үстіндегі киіміне қарап, «фильмде қазақтарды алба-жұлба етіп көрсеткен», «қазақты бейшара етіп көрсеткен киноларды шетелде жақсы бағалайды, сол үшін бас жүлде алды» деп, әлі тұсаукесері болмаған, өздері көрмеген фильм туралы пікір айтқыштардың қарасы аз емес. Бұған не дейсің?
– Иә, әлеуметтік желілерде әу баста фильмнің жеңісіне қуанған рай танытқанымен, кейбір адамдардың өздері әлі көрмеген фильмді сынай бастағаны жанды ауыртады, әрине. Өйткені мен өз халқымды жанымдай жақсы көрем, фильмді де көрермендерім шынайы рәуіштегі туындыны көрсе деген арманмен жасаған едім, ал оны жұрттың көрмей-білмей жатып тәрк етуі қатты ауыр тиеді. Оны мен халқым үшін жасадым ғой!
Желіде жарияланып жатқан актерлердің фотолары кинодағы көрініс емес, түсірілім толастаған сәтте олардың еркін жүрген кезіндегі суреттер. Оның өзі кәсіби фотографтардың жұмысы емес, әуесқой түсірілім. Әрине, ондай дүниелер ешкімге эстетикалық ләззат бере қоймас. Ал фильмде актерлердің костюмдері алба-жұлба емес. Кино – өнер, ол натуралистік нәрселерден ада болуға тиіс. Біздің кинодағы костюмдер сол дәуірдегі қазақ ахуалының жүдеу-жадау көрінісі екені де рас, бірақ оларды адамдардың күнделікті киетін киімдері ретінде суретшілер жасап шыққан нәрсе. Ол экраннан басқаша – жұпынылау көрінгенімен, көрерменге шынайылығымен эстетикалық ләззат беретініне сенімім мол.
Жалба-жұлба киім дегеннің өзінің бір қарағанда ерекшелігі бар. Мысалы, қазір жастардың көшеде киіп жүрген киімдеріне қараңызшы, жыртық киімдер киіп жүргендері аз емес, бірақ сол «жыртықтарды» дизайнерлер әдейілеп жасағандықтан, соның өзі бір жарасымдылықты, еркіндікті көрсетіп тұрады емес пе? Демек, ондай киімдердің өзінің де «айтары» бар. Оны да біреу ойлап тауып, сәнге кіргізді емес пе? Сол секілді біздің де фильмімізде пайдаланылған әуесқой фотоларда «жалба-жұлба» болып көрініп тұрған киімдердің өзінің мақсаты бар. Оның да эстетикалық жағын біз естен шығарған жоқпыз. Фильм қоңыр түсті, бүкіл киім қоңыр түрде. Арасында қызыл түстер қолданылады, ол әртүрлі ұрандар жазылған лозунгтерге пайдаланылған. Бірақ олар қазақтың қоңыр тірлігіне тамып кеткен қан секілді рең береді. Сол үшін де фильмде түстерге, киімдерге қатысты түрлі шешімдерге барамыз. Сондықтан фильмді көрмеген адамдардың киімдердегі «алба-жұлбалылықты» натурализммен шатастырып, орынсыз сынап жатқан секілді...
P.S.
Ала топылы ағайындарда «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін мәтел бар. Оның мәні – қай нәрсені де білетін адам істесін, не туралы болса да, түсінігі бар адам айтсын деген сөз. «Мен де білем» дейтін өрекпудің арты адамды қашанда ұятқа қалдырады. Сондықтан танымай тұрып тамсана беретіндер көрмей тұрып мінегіш! Ал оның аты – әделетсіздік.
Сол үшін де Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» әңгімелері негізінде жасалып, өзінің тосын шешімі және шынайылығымен Халықаралық кинофестивальде бас жүлде иеленген Даниярдың фильмі туралы қазіргі айтылып жатқан пікірлердің дені сауатты емес. Дегенмен пікір айтушылардың арасында салмақты ой айтқандар да жетеді. Мәселен, талғамы жоғары белгілі эссеист қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат былай деп жазады:
«XVIII ғасырмен қазақтың Алтын Орда, Ноғай ұлысы кезеңдерінен келе жатқан сән-салтанатты тұрмысы аяқталады. Бұл дарих-дәуреннің ауыз әдебиетінде ақырғы жүз беруі «Қыз Жібек» жырында келістіре суреттелетін шұбалған сәнді-салтанатты
көш шығар, сірә.
Бұдан соң бағзы аттылы-көшпелі далалық мәдениеттің қазақ қоғамы мысалында құлдырау дәуірі басталады. Сол азу, сол шөжу 1920-жылдар тұрмақ кешегі 1970-жылдардың басына дейін келді. Ол кездегі қазақүйлердің көбісінде еден болған жоқ, қарақағаз (рубероид) төсеп отырды. «Күпінің жәндігі» дейтін бит-бүрге өріп жүрді. Көзіміз көрді ғой, жауырды он жерден жаба тоқымдасаң да, оны жасыра алмайсың. Өмір шындығын бұрмалау көркем туынды шындығын жоққа шығарады. Кинода сол заманның костюмі қалпынша көрініс табуы тиіс. Ал «Талақта» көрсетілген заманда қазақ қоғамында тап болмаса да, әлеуметтік жіктер, содан туатын теңсіздіктер орын алды ғой. Әйтпесе, бай, орта шаруа, жай шаруа, кедей, қоңсы, жарлы, байғұс... дейтін әлеуметтік стратификация да болмас еді. Ал осы соңғыларды үлде мен бүлдеге орап қойсаң, өмір шындығынан бөлек кету болып шығады емес пе?!»
Кинодағы «алба-жұлбалылыққа» қатысты әділ пікір осы шығар. Ендеше, «Талақты» көрмей тұрып, оның көркемдігіне «талақ» айтудан сақ болайық!
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ