Қатты шаршап, миы «толып» кеткен адамның миы балалардікіндей жұмыс істей бастайды

/
Қатты шаршап, миы «толып» кеткен адамның миы балалардікіндей жұмыс істей бастайды
сурет: istockphoto.com

Адам қатты шаршап, миы ақпараттан «толып» кеткен кезде оның мінез-құлқы балаға ұқсай бастайды: фокус жоғалады, назар шашырап, адам не істерін білмей, әр нәрсеге алаңдай береді. Бұл құбылыстың себебін Огайо мемлекеттік университетінің ғалымдары анықтап, зерттеу нәтижесін Journal of Experimental Psychology: General журналында жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдар мұндай күйдің басты себебі – жұмыс жадының шамадан тыс жүктелуі екенін айтады. Дәл осы жады адамның мақсатты есте сақтап, назарды соған бағыттау қабілетіне жауап береді. Ол шамадан тыс ақпаратқа толғанда ми назарды бір нүктеге шоғырландыра алмайды, нәтижесінде адам балаша «артық зерттеуге», яғни айналадағы кез келген тітіркендіргішке реакция беруге бейім болады.

Психолог Владимир Слаутский мен оның әріптестері тәжірибе барысында ересектерді әдейі ақпараттық тұрғыда «шамадан тыс жүктеп», олардың назарын қалай жоғалтатынын бақылаған. Нәтижесінде, жұмыс жады толған ересектер бес жастағы балалар сияқты мінез көрсеткен, тапсырманы орындау кезінде тұрақсыздық, мақсаттан ауытқу және кездейсоқ әрекеттер байқалған.

Тәжірибеде қатысушылар экрандағы виртуалды ойын арқылы тәттілер жинаған. Бірақ кейбір ересектерге қатарынан екі тақ сан шыққанда оны атап отыру секілді қосымша есептеу тапсырмасы берілген – бұл олардың жұмыс жадын жүктеу үшін жасалған. Соның нәтижесінде мұндай қатысушылар ең көп сыйақы беретін таңдау нұсқасын білгенімен, жиі қателесіп, басқа нұсқаларды да сынай берген – тура балалар секілді.

Ғалымдардың айтуынша, балалардағы «назар шашыраңқылығы» олардың дамып келе жатқан жады жүйесінің табиғи ерекшелігі. Ал ересектерде бұл құбылыс тек ми шаршағанда немесе когнитивтік жүктеме жоғары болғанда қайталанады.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл нәтижелер жұмыс ортасында шамадан тыс көп тапсырма мен көп міндетті қатар орындау (multitasking) адамның тиімділігін арттырмай, керісінше когнитивтік ресурстарды әлсірететінін көрсетеді.

«Бала мінезіне ұқсас бұл реакция мидың өзін қорғау механизмі саналады. Ол ақпараттың шамадан тыс ағымында бағыт пен басымдықты жоғалтып, тек қорғаныс деңгейінде жұмыс істей бастайды», - дейді Слаутский.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары