Дүбірлі додаға дайындық пысықталды
Кеше «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Басқосуда алдымен осы жылдың 8-14 қыркүйегі аралығында Астанада өтетін 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының дайындық барысы мен іс-шара жоспарларының орындалу жайы сөз болса, келесісі «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген мәдениет және архив ісі саласы қызметкерлерінің жалақысын екі есеге ұлғайту мәселесіне байланысты ұсыныстар мен пікірлер тыңдалып, тиісті тұлғалар жауап берді.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей бақылауында ұстап отырған 5-Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызына тоқталды.
– Бұл дүбірлі дода біздің мемлекетіміз үшін де, Қазақстан халқы үшін де аса маңызды дүние. Ұлттық спортымызға тигізер үлесі де зор болмақ. Өздерін көшпелілердің ұрпағы санайтын кез келген ұлт көз тіккен бәсекені жоғары деңгейде өткізу баршамызға міндет. Сондай-ақ, бұл – түбі бір түркі халықтардың мәдени-рухани жақындасуына септігін тигізіп, ынтымақтастығын арттыра түсері сөзсіз. Еліміздің даңқын асқақтатудың тағы бір мүмкіндігі туды деп түсінеміз. Түркі мен қазақты бөліп қарауға болмайды, сондықтан көшпенділер ойыны біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де бабалар аманатының жаңғыруы ретінде бағалануға тиіс, – деді ол.
Шынымен де, байрақты бәсекеден күтер үміт зор. Осымен 5-рет ұйымдастырылғалы отырған дода негізгі 3 бағыт бойынша жүзеге аспақ – спорт, мәдениет, ғылым.
Жалпы, шараның ұйымдастырылуы мен оның ерекшеліктері туралы баяндаған Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев қазірдің өзінде 84 ел қатысуға өтінім беріп үлгерді деп отыр.
– Қазір ұйымдастыру жұмыстары пысықталу үстінде. Мемлекеттен тиісті қаражат бөлінді. Елордада ешқандай да жаңа спорттық кешен салынбайды. Бізде бұрыннан бар мәдени-спорттық кешендер жеткілікті. Сондықтан барлық шаралар кестесі белгіленген 7 нысанда өтетін ойындар алдын ала жоспарланып, Астана қаласы әкімдігімен бірлесе отырып пысықталуда, – деді ол.
Белгілі болғандай, 85 елден келетін спортшылар барлығы 21 спорт түрінен бақ сынасады деп күтілуде. Одан бөлек, 150-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 100 мыңнан артық туриске қызмет көрсетіледі. Вице-министрдің айтуынша, Астанада 100-ге тарта киіз үй тігілген этно-ауыл жүйесі құрылмақ. Мұнда қонақтар ұлтымыздың салт-дәстүрі һәм мәдени өмірімен танысады.
Отырысқа арнайы келген Әлем спорт журналистері қауымдастығының мүшесі, ардагер-журналист Несіп Жүнісбаев аталған шараны өткізу кезінде өзге елдерден келетін спортшы қауымның намысына тиіп алмауымыз керек дейді.
– Бұл әлемдік дода деп айтсақ болады. Себебі олимпиада деңгейіндегі шара. Болашақта әлемдік маңызға ие болуы да ғажап емес. Ал біз көшпенділердің ойындарын ұйымдастырып отырғандықтан, кейбір спорт түрлерін тек қазақтікі деп айдар тағып өзімізге еншілеуден сақ болайық. Себебі бұл ойындар күллі көшпелі халықтардың ата-бабасынан бері жалғасып келе жатқан құндылық. Сондықтан кейбір дүниеге сақтықпен қарап, жарнамалағанда абай болған жөн, – дейді ардагер-журналист.
Шынымен де, кейбір спорт түрі көшпелілердің түгеліне тән. Мысалы садақ ату өнері әр ұлтта бар. Сондықтан оны қазақтікі деп еншілеп айту әбестік болар еді.
«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының Жол картасында көрсетілген мәдениет және архив ісі саласы қызметкерлерінің жалақысын екі есеге ұлғайту мәселесі қызу талқыланды.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан біршама кемшіліктің орнын толтыру керектігі турасында сөз қозғады.
– Біздің елде мәдениет пен мұрағат саласының қызметкерлері қолдауға зәру. Себебі олардың істеп отырған жұмыстары мен ғылыми ізденістері алып отырған жалақысына сай емес. Өзге елдерде мұндай мамандарға сұраныс өте жоғары. Ал бізде мұрағат саласы мекемелеріне қызметкер тұрақтамайды, себебі жалақы аз, жағдай жоқ. Жастарды салаға тарта отырып, оларды түрлі әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қолдау қажет. Үнемі ынталандырып отыруымыз қажет, – деді ол.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рүстем Әли жасалып жатқан істер туралы таратып айтты:
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022-2025 жылға дейін аталған сала мамандарының жалақысын жыл сайын 20 пайызға ұлғайту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, архив ісі саласы мамандарының орташа жалақысы 2021 жылы 127 мың теңге болса, осы жылдың қаңтарынан бастап ол 225 мың теңгеге жетті. «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында бекітілген қағида бойынша келесі жылы қызметкерлердің жалақысы тағы екі есеге дейін ұлғайтылатын болады, – деді ол. Демек, мемлекеттің бекіткен жоспарына сәйкес, мәдениет саласы мен мұрағат қызметкерлерінің еңбегіне қатысты түйткілдер заңда қаралып, алдағы уақытта сала мамандарының жалақысы жоғарылайды деген сөз.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов, «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабек, Еуразия ұлттық университеті Филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазин, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев, Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, Астана қаласы спорт басқармасының өкілдері және өзге де жауапты тұлғалар көтерілген мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған Аманжол Әлтай көтерілген мәселелердің барлығы құзырлы органдарға жеткізілетіндігін айтты.
Бердібек Қабай