Әжінияз әлемі

Қарақалпақ жері мен Хиуа қаласына жасаған ғылыми сапарым барысында шайырдың Қусырық қорымындағы мазарына зиярат етіп, ол туралы мәліметтерді жинақтаған едім. Соның бірқатары осы мақалаға өзек болды.

Әжінияз әлемі
Шерғазы медресесіндегі Әжіниязға арналған ақпараттық тақта
1488

Биыл қарақалпақ халқының ұлы шайыры Әжінияз Қосыбайұлының туғанына 200 жыл толды. Өз жұртының ғана емес, бүкіл түрк дүниесінің руханиятында жарқын із қалдырған тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасы қазақ қауымына соншалықты таныс деп айта алмаймыз. Оның қазақ қызы Меңешпен айтысы фольклорлық жинақтарға, бірқатар туындылары «Қарақалпақ поэзиясының антологиясы» кітабына (Алматы, 1979) енгенімен, асыл сөз қазынасы зерттеушілеріміз тарапынан түрлі себептерге байланысты  кеңінен сөз етілмеген. 
Қарақалпақ жері мен Хиуа қаласына жасаған ғылыми сапарым барысында шайырдың Қусырық қорымындағы мазарына зиярат етіп, ол туралы мәліметтерді жинақтаған едім. Соның бірқатары осы мақалаға өзек болды.

Ахун, молла, шайыр...

Біріншіден, Әжінияз – қарақалпақ поэ­зиясында тыңнан түрен салған ғажап шайыр. Екіншіден, өз ұлтына қалт­қы­сыз қызмет етіп, оның қуанышы мен қай­ғы­сын, асқары мен аласасын бірге бөліскен жан­кешті қайраткер. Осы екі қасиет тоғыса ке­ліп, сөз ұстасының тұтас тұлғасын көз ал­ды­мызға келтіреді.
Қарақалпақ классигі Бердақ Қарғабай­ұлы­ның: «Әжінияз деген ағып тұрған бір дә­рия, ал біз одан шыққан кішкене өзекпіз», – де­ген сөздері риясыз зор құрметтің белгісі бол­са керек. 
Белгілі зерттеуші Камал Мәмбетов «Әжі­нияз» атты еңбегінде: «Молла һәм ахун лауа­зы­мына ие болған. Демек, оның шығар­м­­а­ла­ры­на басқа ауыл медресесін бітірген шайыр­лар­ға қарағанда едәуір өзгешеліктер тән»; «Әжи­нияз көрнекті шайыр болуымен бірге ха­лық арасында «молла» және «ахун» деп ата­латын атақтарға ие. Негізінен, бұл атақ оған білімді болғаны үшін берілген», – деп жа­­­­зады. Басқа ғалымдар да (Н.Дәуқараев, Ә.Пахратдинов, К.Алламбергенов, Ш.Аяпов, т.б.) оның даңқы ел ішіне «Әжінияз ахун», «ғұ­лама, ахун, шайыр», «ахун» деген мәрте­бе­мен таралғаны жөнінде айтады. Әлбетте, «Әжі­нияз ахун» сөз тіркесі қазақ пен қыр­ғыз­дың құлағына («Әжінияз ақын» секілді) жылы естілетіні анық. Себебі сол қазақ пен қырғыз ХІХ ғасырда сөз ұйқастырған екінің бі­рін емес, тек топтан озған «жыршыларын», «ыр­чыларын» ғана «ақын» деп атағаны бел­гілі. Мұның түп бастауы парсының «ахунд» сөзі­нен алынғанын тамаша лингвист К.Юда­хин бастаған ғалымдар дәлелдеп көр­се­теді. Бұған қоса, «молда» сөзі де қырғыз, қа­ра­қалпақ, әзербайжан, қазақ, татар, башқұрт, т.б. түрк халықтары сөз зергерлеріне лақап бо­лып жамалған. Мысалы, Молдо Қылыч, Мол­до Нияз, Алдаш молдо, Тоғолоқ молдо, Мол­да Мұса, Молла Панах, Ақмолла,  т.б.
Ал сондай биік дәрежеге Әжінияз қалай жетті?
Халық ақындарының көбісіне қатысты ай­тылатындай, «Әжіниязға шайырлық осы­лай қонған екен» дейтін аңыз жоқ. Бірақ сол уақыттағы Қоңырат бектігіне қарасты, Арал теңізінің құбыла бетіндегі Қамысбөгет деген жерде 1924 жылы дүние есігін ашқан ол қаршадайынан өзінің білімге құштарлығын аң­датады. Әкесі Қосыбай, атасы Балтабай, ба­басы Ақжігіт балықшылықпен күнелткен шаруакеш, оның үстіне ер мінезді, құралайды көзге ататын мерген  адамдар болған. Анасы Нәзира сөзге ділмәр, қолма-қол айтыста бет қаратпайтын өткір тілді кісі екені сөз етіледі. Сондықтан әуелде ауылдағы Қожамұрат ишан медресесінде сауат ашқан талапкер бала артынан туған нағашысы – Бұқарадағы Мір Араб медресесін бітірген Елмұрат ишан­ның тәрбиесіне көшеді. Діни кітаптарды, Науаи, Хафиз, Сағди, Фүзүли жырларын құ­марта оқиды. Кенеттен нағашысы дү­ние­ден қайтқасын, елдің игі жақсылары – Тоғыз қазы және Молла Қораздың жәрдемімен Хиуаға оқуға аттанады. 
Қарапайым ортадан шыққан Әжінияз үшін Хиуадағы тіршілік оңайға соқпады. Не­­гізінен, бай-бағланның және дінба­сы­ла­ры­ның балалары білім алатын атақты Шер­ғазы медресесіне аяқ іліктірген ол мүда­рис­тердің (мұғалімдердің) отынын жарып, суын тасып, тұрмыс қиыншылығын шекті. Бұл медреседе түрікменнің классигі Мақтымқұлы Пы­рағы, қазақтың әулиесі – Пір Бекет Мыр­зағұлұлы да оқыған. Бүгінгі күні тарихи ғи­ма­ратта үш ұлы тұлғаға жеке-жеке арнайы бөл­ме жасақталып, олардың өмірі мен шы­ғар­машылығына қатысты жәдігерлер жай­ғастырылған. 
Бұдан әрі Әжінияз Хиуадағы басқа бір іргелі білім ордасы – Құтлымұрат инақ медресесіне ауысады. Оның кіре бері­сін­де: «Бұл медреседе 1840-1844 жылдары қа­ра­қалпақ әдебиетінің классигі Әжінияз Қо­сыбайұлы оқыған» деген жазуы бар тақ­тай­ша орнатылған. Бұл кез Хорезм өлкесінде араб, парсы, түрк мәдениеті өзара тығыз ық­­­­палдасып, гүлденіп тұрған шағы еді. Қол­жаз­ба көшіру, аударма жасау, кітап құрастыру ісі мейлінше жанданып, жазба әдебиет қарышты дамыды. Екі әдеби ағым пайда болды. Біріншісінің төңірегіне патшалардың жо­рығын, сардарлардың ерлігін мадақтай­тын шайырлар қауымы топтасса, екінші бағыттағылар әрі тарихшы, әрі құснихатшы, әрі тәржімашы, әрі өнертанушы болып, әм­бе­баптығымен танылды. Соңғы ағымды тұ­тынған Шермұхаммед Мунис, Мұхаммед Ри­за Агахи, Мұхаммед Юсуп Баяни секілді тұл­ғалар әр тарапта құнды мұралар қал­дыр­ғаны мәлім. Сондай ортада рухтанған Әжі­ния­здың көп ұзамай жұлдызы жарқырай бас­тады. Ол медреседе оқтын-оқтын өткізі­ліп тұратын шайырлар мүшәйрасында «Оян» атты өлеңін оқып, өзбектің юз тайпасының ақсүйектер әулетінен шыққан мәшһүр сөз ұст­асы Агахидың көзіне түседі. Мұнан кейін өзі тұратын жатақтағы бөлмесінің есігіне жа­зып қойған: 
Қасқалдаққа бір ағарлық май бітсе,
Қарқылдасып қонар көлін танымас.
Патшаның дәулеті қайтайын десе,
Көзіне шел бітіп, елін танымас, –
деген сөздері де Агахидың назарынан қағыс қалмайды. Ақыры шәкірттің алғырлығы мен дү­ниетанымына разы болған ұстаздың дуалы аузынан «Зийуар» («көрнекті», «әсем», «сәу­лелі», «жүзі нұрлы» мағынасында) деген сөз шығып, Әжінияздың тахаллусына (әдеби бүр­кеншек есіміне) айналып кетеді.
Қарақалпақ поэзиясының жанрлық жүйе­сінде ілгеріде толғау, Күнхожадан бы­лай қарай қосық берік орныққан болса, Шы­ғыс дәстүрінен терең сусындаған Әжі­нияз­дың арқасында халықтың сара сөз өне­рі ғазал, мұхаммас, рубай секілді тың өл­­­­шемдермен байыды. Қарақалпақстан Рес­публикасы әнұраны мәтінінің авторы, дүл­дүл шайыр  Ибрайым Юсупов бейнелеп айт­қандай, «Әжінияз Күншығыс поэзия­сы­ның ұлы дәстүрлерін һәм тәжірибелерін өзі­нің жүйрік қаламының ұшымен қарақал­пақ поэзиясына сіңдірді».  
Әжінияз шығармаларында Аплатын, Ескендір Зұлқарнайн, Һарон әр-Ра­шид, Лұқман хәкім, Жәмшид, Қысырау, т.б. есім­дердің ұшырасуы шайырдың арғы-бергі та­рихты қаншалықты тұңғиық білгенін аң­ғартса, махаббат лирикасының ішкі өрімі­нен, рухи сипатынан сопылық сарындардың ай­қын көрінуі оның Қожа Ахмет Ясауи, Сү­лей­мен Бақырғани, Сопы Аллаяр, Бабара­хим Машраб үрдісімен үндестігін танытады. Бір қызығы,  халық «Хәкім Ата» деп атап кет­­кен Сүлеймен Бақырғанидың мемлекет қам­­­­қорлығындағы кесенесі мен Әжінияз жа­тқан қорымның арасы алыс емес; ендеше, екеуі де бүгінгі Мойнақ ауданының топы­ра­ғында байыз тапқан болып шығады.
Әжінияз туындыларының дені жазбаша үл­гіде болғанымен, уақытында оларды ел ара­сына қыссахандар (Талдық қыссахан мек­тебі, Шымбай қыссахан мектебі, т.б.) ауыз­ша таратқан. Соған қарамастан бүгінге дейін өзінің бастапқы қалпы мен құнарын жо­ғалтпай жеткен. 

«Қарақалпақ – қазақпен теңбе-тең жұрт»

Әжінияз Хиуадағы оқуын тәмамдап, ту­­­­­ған мекеніне оралғанда жан-жақ­ты толысқан, айналадағы ел-жұрт мойындап үл­герген, замандастарының суреттеуі бойын­ша, «ат жақты, ұзын бойлы, келбетті, хош көңілді» жан сипатында көрінеді. Бірақ ауылында көп аялдай алмай, Қырға (кейбір қа­рақалпақ зерттеушілері Қазақ даласын со­лай атайды) кетуге мәжбүр болады. Оның се­бебі әрқалай түсіндіріледі. Бірінші болжам бойынша, Хиуа ханының тапсырмасымен қа­зақ арасына мұсылманшылықты наси­хат­тау үшін арнайы жіберілген. Екінші жор­а­мал­ға сенсек, Әжінияздың атастырып қой­ған қалыңдығы бар екен, сол аяқ астынан із-түзсіз жоғалып кетеді. Қайын жұрты шайырды кінәлап, қыспаққа алған кезде жо­ғалған қыздың қазақтар арасына кеткені жө­нінде қауесет шығады. Сонымен, күйеу жі­гіт қалыңдығын іздеуге аттанады-мыс. Әл­бетте, бұл анық-қанығы мәлім емес, дәлел-дәйе­гі кем ауызекі деректер. Ал Әжінияздың қа­зақ ішіне барған соң, өнерпаздық даңқы жайыл­ғанын растайтын айғақтар бар­шы­лық. Мысалы, Әсетулла Садуллаев есімді өз­бектің аузынан ғалым О.Бекбаулов мына сөз­дерді жазып алған: «Жадымда қалғаны, тек қарақалпақтардың Әжінияз деген шайы­рының атын білемін. Ол кісі қазақ ішінде көп болған, көбірек осы Түркстандағы қара­қал­пақтарға келіп тұрған. Ол өзі жүдә молла адам болған. Бұл туралы қазақ қариялары оты­рыспаларда жүдә гәп етіп отырады. Әжі­нияздың шайырлығын қазақтар жүдә мақ­тайды. Ол қарақалпақ болғанымен, өлеңді қазақ ақындарынан да өткеріп айтқан. Қазақ даласында Әжіниязды білмейтұғын қария жоқ десең де қателеспейсің» («Әмўдәрья» жур­налы. – 1977. – №2. – 125 б.). 
Түркстанды қарақалпақтар ХVІ ға­сыр­дан бері «ата жұрт» санайды. Сон­­­­дықтан «Демишлер» атты шежірелі дас­танында: «Бірнеше жыл өтіп кеткен арадан, Қа­рақалпақ Түркстаннан тараған, Дін Хо­резм қажетіне жараған, Ұрпағы бір, қауымы туыс дейді екен», – деп жазған  Әжінияздың ол жерге дүркін-дүркін бет бұруы күмән ту­дыр­майды. Ол бұл шығармасында түркі ха­лықтарын бірлікте қарастырады:
Жейхун, Сейхун – екі дария арасы,
Кең мекен-дүр ұлы Тұран даласы.
Өзбек, қазақ, қарақалпақ баласы,
Араласып мекен еткен дейді екен.
Түрікмендерді қоса отырып, Хорезмді «төрт халықтың елі» деп қарайды.
Бұл жолдардың сарыны Мағжан Жұма­бай­ұлының жырларымен үндесіп тұрғанына қай­ран қалмасқа шараң жоқ! 
Жалпы, Әжінияз қазақ жеріне үш рет сапар жасаған деп есептеледі. Біріншісі –  жо­ғарыда айтылғандай, 1845-1846 жылдар. Бұл жолы «Шықты жан», «Ағалар бір құс қа­шырдым», «Бері кел», «Хабарын сұрайын діл­бәрдің кімнен?», т.б. қосықтары жазылған делінеді. Сол сапардан еліне оралғанда, Хәмра есімді қызбен отасады. Одан үш ұл (Нығ­метолла, Хабибулла, Ниетолла), бір қыз (Хүрзада) дөреген. Екінші мәрте  сапар шеккен  жылы – 1863.  «Сәлем дегейсің», «Мол­ла Еріме» атты қосықтары осы уақыт ішінде дүниеге келіпті. Үшінші сапарының мер­зімі – 1864-1865 жылдар.   «Елдерім бар-ды», «Аман ба?», «Меңзер», «Керек», «Бар-ды», т.б. қосықтары – осы кезеңнің олжасы. Әри­не, аталған уақыт межелері мен шығар­ма­лар­дың дүниеге келу реті шартты екенін ес­керген жөн, себебі қарақалпақ зерттеу­ші­ле­рінің еңбектерінде бұл тарапта бірізділік жоқ, яғни әлі де нақтылайтын жайттар бар. 
Әжінияздың қосықтарында кездесетін жер-су (Ұлы Ойыл, Кіші Ойыл, Қоб­да, Елек, Жайық, т.б.) және ру-тайпа (назар, шүрен, қаракесек, ожырай кете, жақайым, т.б.) атауларына қарағанда, ол Қазақстанның ба­тыс аймағын біраз шарлаған. Ноғай, орыс, ес­тек этностары туралы айтуы қазақ ше­кара­сынан әрі асып кеткенін меңзейді. 
Әжінияз – жазба әдебиеттің өкілі санал­ға­нымен, ауызекі дәстүрлі поэзияның да ше­бері. «Түркстан уәлаяты» газетінің 1878 жыл­ғы 11,12 қыркүйек күнгі сандарында жа­рық көрген «Әжінияздың қыз Меңешпен ай­тысы» – соның анық дәлелі. Жарасымды әзіл-қалжыңға, уытты өткір ойларға, астар­лы тапқырлыққа толы бұл айтыс көркемдік ерекшеліктерімен қоса, екі бауырлас ха­лық­тың сол кезеңдегі болмыс-бітімі, тұрмыс-тір­шілігі мен салт-санасы туралы қызықты мағ­лұматтар береді. Қыздың шымшыма сауал­дарына байсалды жауап қайтарған Әжі­­­нияздың: «Қарақалпақ – қазақпен теңбе-тең жұрт, Көрмей, білмей, сыртынан қылма ма­зақ», – деген сөздері сөз сайысының түйіні болуға лайық. 
Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, Әжі­нияз шамамен 1878 жылғы қарашаның аяғы – желтоқсанның басында дүниеден озған. Бұл дәлелді болса, оның қыз Меңешпен ай­тысы көзі тірісінде жарияланған деуге не­гіз табылады. Ал шайырдың өзі мұны білді ме, әлде білмеді ме – жұмбақ. Белгілісі: мә­тін­ді редакцияға Шымкенттің бір тұрғыны жолдаған... 

Бозатау баяны

Әжінияздың азаматтық тұлғасы қа­лыптасқан жылдары Хиуа хан­ды­ғын­да қым-қиғаш оқиғалар болып жатты. Мұ­­хаммед Әмин ханның дәуірі бітіп (1845-1855 жж.),  онан соң таққа талас­қан хандар бірі­нен соң бірі өлтірілді. Итырқылжыңың ая­ғы 1858-1859 жылдардағы Қоңырат кө­те­рі­лі­сіне ұласты. Халық бектік­тің билігіне Хиуа тарапынан тағайындалған Құт­лы­мұрат инақтың көзін жойып, оның орнына Мұ­хаммед Пананы хан етіп сайлап алды. Ол Орынбор губер­на­торынан жәрдем сұ­ра­ды. Бірақ А.Бутаков бас­қарған орыс фло­ти­лиясы келіп жет­кен­мен, оның көме­гіне жүгінуден бас тартты. Хиуаның ханы Саид Мұхаммед он мың әскерімен сес көр­сетті. Енді Пірім би бас­таған көтерілісшілер бас имей, Әмудария мен Ақдария арасындағы Бозатау деген жер­ге барып, қорған салды. Хиуа ханы 1600 қо­жалықты қырып-жойып, тірідей қолға түс­кендерін Иранға құлдыққа сату үшін тү­рік­мен отрядын аттандырды. Та­рихта өшпес дақ қалдырған осы қанды қыр­ғынның бары­сын Әжінияз өзінің аша­майлы-қият рулас ағайындарымен бірге жү­ріп, көзімен көрді. Ай­дауға түсті. Түрік­мен­нің Көне Үргеніш, Қара­­­­­жыңғылды, Құ­ба­тау деген жерлеріне бар­ғасын, жәуміт, шәу­дір руларын үш жыл бойы паналады. Күңі­реніп жүріп, «Бозатау» дастанын шығар­ды. 
Ел арасында аңыз бар. Түрікменнің ха­ны­на сарбаздарының бірі: «Мына бос­қындап келе жатқан топтың ішінде біздің Мақ­тым­құ­лы секілді бір шайыр бар екен», – дейді. Хан қызық көріп, оны шатырына алдыртады. «Сен, қарақалпақ, тұтқынға түскен бейшара пен­десің. Тіліңді безей берсең, қырылып  кететіндеріңді білмейсің бе?», – депті. Сонда Әжінияз тайсалмастан: «Қателесесің, хан ием! Қарақалпақ жерінде «Түрікмен қырыл­ған» деген үш орын бар. Түрікмен жерінде «Қа­рақалпақ қырылған» деген бірде-бір орын жоқ. Сондықтан түрікмен қырылмаса, қарақалпақ қырыла қоймас», – деп жауап қайтарыпты. «Бұл алған бетінен қайтпайтын мәрт, сөзге шалт адам екен; қасындағы кісі­лермен бірге босатып қоя беріңдер», – депті хан. Аңыздың өзегінен кейде шындықтың сұл­басы байқалады. Бұл жерде қисынға келе­тін нәрсе – Мақтымқұлы мен Әжінияз ар­а­сындағы байланыс. Өйткені Әжіниязға өзі­нің рухы жағынан жақын тұратын екі шайырға белгі соқсаң, соның бірі Мақ­ты­мқ­ұлы болып шығары даусыз. «Түрікменнің сөйлер тілі» болған классикке қарақалпақ­тың сөз ұстасы шәкірт есепті: сөз, бейне, ұйқас өз алдына, кейде өлең шумақтары да сол қалпынша ұқсап жатады. Әжінияздың Мақтымқұлы жырларын қарақалпақ тіліне қаймағын бұзбай, өз тарапынан байыта отырып, кемелдікпен аударған тұстары көп. 
«Бозатау – қарақалпақ халқының ең атақ­­ты ұлттық сонатасы» (И.Юсупов). Көле­мі шағын болса да, ішкі қуаты зор, әр сөзі адам жанын тербеп жіберетін дүние. Кіндік кескен жерінен қол үзіп, күшпен жер ауып бара жатқан жұрттың зар-наласы. Ата қо­ныспен жылап қоштасуы. Бір жағы, қайсар рухтың сарыны. Ел үмітін жағатын шырақ.  Әжінияз шығармашылығының биік шыңы. «Бозатауды» білмесең, қалай қарақалпақ бо­ла­сың?» деген сөз халық жадында сақ­талып қал­ған. Шайыр мұрасын жинақтап, жария­лаған атақты түр­кітанушы Н.Баскаков «Бо­затау» дас­танының бір көшірмесін бе­сік­те жатқан сәбидің жастығы­ның астынан тауып алған екен...

Түйін: 

ХІХ ғасыр қазағы өз шайырындай көріп, зор қошеметпен қадірлеген Әжінияз Қосыбайұлының бай мұрасына ХХІ ғасыр қазағының мәдени өмірінің есігі айқара ашылса, екі бауырлас халық руханиятының ұмыт қалған көп парағы қайта жаңғыратыны сөзсіз. 

Амантай ШӘРІП

Серіктес жаңалықтары