Мәжіліс төрағасы Малайзия Сенаты басшысының міндетін атқарушымен кездесті

Кездесуде сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ықпалдастық мәселелері қозғалды.

Мәжіліс төрағасы Малайзия Сенаты басшысының міндетін атқарушымен кездесті

Мәжіліске Малайзия Парламенті Сенаты төрағасының міндетін атқарушы датук Нұр Джазлан бин Тан Шри Мохамед келді. Палата спикері Ерлан Қошановпен кездесуде тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады.

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов осы жылдың мамыр айында Малайзия Парламенті Сенатының төрағасы Мутанг Тагалдың мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

Мәжіліс спикері екіжақты ынтымақтастық мәселелеріне тоқтала отырып, Малайзия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі  серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар екі мемлекет басшылары – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Әнуар Ибрагимның нәтижелі диалогының арқасында елдеріміз арасында достық пен өзара сенімге негізделген берік әріптестік байланыс  орнағанына мән берді.

– Биылғы мамырда Премьер-министр Ануар Ибрагимнің Қазақстанға жасаған ресми сапарының шын мәнінде тарихи болғаны анық. Бұл екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын Қасым-Жомарт Кемелұлы да өз сөзінде атап өтті. Біз көшбасшыларымыз салып берген осы сара жолды Парламент деңгейінде достас халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі жалғастырамыз деп сенемін, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы меймандарға Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы айтып берді. Сонымен қатар экономиканы дамытуға, қоғамдағы заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған барлық ауқымды өзгеріс тиісті заңдарды қабылдаудан басталатынына назар аударды.

Өз кезегінде Малайзия Парламенті Сенаты төрағасының міндетін атқарушы қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға қызығушылық танытты.

– Парламент мәртебесін көтеру – бұл Президенттеріңіздің өте маңызды қадамы. Өйткені ол қоғамдағы саяси мәдениеттің артуына ықпал етеді. Бүгін сіздердің Парламентіңізде көп партия бар екенін көріп отырмыз. Бізде де осындай жүйе қалыптасқан. Бұл елдеріміздегі демократиялық қағидаттар мен сайлаудың ашықтығын айқын көрсетеді, – деді  Нұр Джазлан Мохамед.

Сенат басшысының міндетін атқарушы су тасқынына байланысты Қазақстан халқына қолдау білдірді. Ол Малайзияның су апаттарына қарсы күресте мол тәжірибесі бар екенін және онымен Қазақстанмен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.

Кездесуде сауда-экономика, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ықпалдастық мәселелері қозғалды. Бұл ретте Нұр Джазлан Мохамед қазақстандық студенттерді Малайзия жоғары оқу орындарында оқыту үшін гранттар санын көбейту туралы бастама көтерді. Тараптар IT-технология, өзара инвестиция және туризм саласындағы ынтымақтастық перспективаларын, соның ішінде Астана мен Куала-Лумпур арасындағы тікелей әуе қатынасын арттыру мәселесін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша спикерлер парламентшілер арасында заң шығару тәжірибесімен алмасуды күшейту және екі елдің парламенттік достық топтары бағыты бойынша ынтымақтастықты жандандыру туралы келісті.