«Ұйықтап кеткен»: Қалмаққырған ауылы маңында ағайынды жігіттер қаза тапты

Сол жерде 1997 жылы туған жүргізуші мен 2003 жылы туған жолаушы көз жұмды.

«Ұйықтап кеткен»: Қалмаққырған ауылы маңында ағайынды жігіттер қаза тапты
Kazinform
19063

Ақтөбе-Атырау тасжолының Қалмаққырған ауылы маңында жол-көлік апаты болды. Көлік жүргізушісі ұйықтап кетіп, қолшауға соқтығысқан. Салдарынан ағайынды жігіттер көз жұмды, деп хабарлады turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға 9 маусым күні сағат 06:30-да болды. Ақтөбе – Атырау тасжолының 156-шақырымында Опель-Зафира көлігі қарсы бағытқа шығып, жол бойындағы қоршауға соқтығысты. Сол жерде 1997 жылы туған жүргізуші мен 2003 жылы туған жолаушы көз жұмды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді. 

- Көлік Ақтөбе қаласынан Шұбарқұдық ауылына бағыт алған. Ол ешқандай да такси қызметі емес. Ағайынды жігіттер жеке шаруаларымен ауылға бара жатқан. Рульде отырған жігіт ұйықтап кеткен. Осы аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігімен іс тіркелді. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр,- деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апаты кезінде жараланған бір жолаушы қазір Темір аудандық ауруханасында жатыр. Оның жарасы таңылды. Дәрігерлер жағдайы тұрақты ауыр деп отыр.

 

Серіктес жаңалықтары