«Ақтөбе» газеті: ғасырлық жылнама
Республикамыздағы байырғы басылымдардың бірі саналатын облыстық «Ақтөбе» газеті өзінің ғасырлық биігіне көтеріліп отыр.
Өткен кезеңдерге үңілетін болсақ, ойымызға Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атты тұжырымдамасы оралады. Өйткені бұл газет те өзінің ғасырлық белесінде осы қағидатты берік сақтап, өз ұстанымынан ешбір айныған емес.1924 жылдың 7 маусымында бүгінгі облыстық басылымның ізашары «Кедей» газетінің алғашқы саны оқырманына жол тартты. Газеттің атауынан байқалып тұрғандай, ол сол уақытта бұқара деп саналатын кедей табының мұңын жоқтады, жалпы ұлттың қажетін іздеді. Газет бастапқыда аптасына бір рет, екі бет көлемде жарық көріп тұрды. «Кедей» газетінің атауы астында «Ақтөбе губерниялық советі һәм партия комитеттерінің тілі» деген жазу тұрды. Газеттің алғашқы сандарынан бастап «Қазақстанда», «Елден», «Жастар тұрмысы», «Телеграммалар», сондай-ақ «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар» айдарлары тұрақты көрініс тапты. Бұдан басылымның жұртшылықты ақпараттандыру бағытын ұстанғанын аңғаруға болады.
Бүгінгі күні бізге «Ақтөбе» газетінің алғашқы, яғни бастапқы қалыптасу тұстарындағы ахуалды ұғыну аса маңызды. Өйткені кешегісіз бүгін жоқ, сондай-ақ ертеңге апаратын жол да осылай сабақтасып жалғасын табады.
«Кедей» алғаш шыға бастағаннан жалған ұраншылдыққа салынбай, халықтың сауатын ашуға, мәдениетке үйретуге, жаңа заманның бағыт-бағдарын жұртшылық санасына сіңіруге ұмтылған салмақты басылым болғаны аңғарылады. Ел жаңалықтарымен қатар сол заманның ең өзекті мәселелері – білім алуға шақыру, әйел теңдігі секілді тақырыптар алдыңғы кезекке шыққан. Газетке жаңа леп ала келген бас редактордың орынбасары Жиенғали Тілепбергенов «Оқшауша» деген айдар ашып, сол айдар журналистердің еркін шығармашылығының мінберіне айналған. Тіл ғылымының теориялық негізін қалаған ғалым Құдайберген Жұбановтың, «Еңбекші Қазақтан» келген Кенжеғали Абдуллиннің кесек ойлы мақалалары газеттің іргетасы әуелден-ақ мықты қаланғанын көрсетеді.
«Кедей» газеті редакциясының тұңғыш жауапты хатшысы болған Кенжебай Назаралин кейінгі тұста бір естелігінде былай деп жазыпты: «Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды нөмірдің өзін әзер деп шығардық. Өйткені ол кезде білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіне қазақ тіліндегі әріптер жетіспей, Қазаннан алдырдық. Тәжірибесіздіктен де таяқ жедік. Бір сөзбен айтқанда, газет ісінің әліппесін редакцияда жұмыс істеп жүріп үйрендік».
«Кедей» газеті басқармасының атынан «Тілшілер не жазу керек?», «Тілшілер! Шаруа нені аңыз қылады, жазыңдар!» деген сияқты нұсқаулар үнемі беріліп отырған. Жанұзақ Жәнібеков «Кедей» газетін 1926-1929 жылдар аралығында басқарған тұста басылым өз бағытын біршама айқындап, журналистер де жазу машығына төселіп қалады.
Қазақтың көрнекті журналисі Әбдуәли Қарағұловтың 1967 жылы жазған естелігі былай өріледі: «…Қазақстанда облыстар құрылды. Осыған байланысты «Алға» газеті 1932 жылы наурыз айының орта кезінде «Социалдық жол» деген жаңа атпен облыстық газет болып қайта құрылды. Бұл – бұрынғы округтік «Кедей» газетінің «Алға» болғаннан кейінгі үшінші аты. Бұл кезде редакция қызметкерлерінің саны едәуір өсті. Менің үлесіме ауыл шаруашылығы секторының меңгерушілігі тиді. Редактор бастаған оннан астам адам екі бөлмеде орналастық.
1934 жылы армия қатарынан оралып, газеттің жауапты хатшысы болып істедім де, 1936 жылдың тамыз айында Алматыға кеттім. Ол кезде газеттің редакторы Меңетай Жақсылықов еді. Мен хатшылық жұмысты Кәрім Ержановқа тапсырдым».
Бұл естеліктер бізге облыстық газетті шығарудағы алғашқы талпыныстар мен қиындықтарды анық аңғартады. Біздің байқағанымыздай, сол тұста газеттің басты міндеттері қатарында, яғни көтеруге тиіс тақырыптары аясында – ауылдарды советтендіру, партия мен үкіметтің саясатын қалың бұқараға түсіндіру, ауқаттылардың астыртын жүргізетін күресін қауіпсіздендіру, байлар иемденіп келген шабындықтарды жалшы-батырақтарға бөліп беру, қосшылар одағының жұмысын жандандыру, әйел теңдігі және мектептер желісін көбейту мәселелері тұрды.
Газеттің алғашқы сандарынан авторлар тобы қалыптаса бастағаны байқалады. Қазақ оқығандары ішінен белгілі заң қызметкері Мырзағұл Атаниязов, жазушы Жиенғали Тілепбергенов, тіл маманы Құдайберген Жұбанов, халық ақыны Әкімәлі Қаржауов «Кедейдің» штаттан тыс тілшілері қатарынан табылды.
Облыс өңіріндегі өркенді өзгерістер, экономикалық ілгерілеулер, индустриалды даму қадамдары газеттің басты тақырыбына айналды. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында өңірде бой көтерген өндіріс алыптары – «Алға химия комбинаты», «Ақтөбе ферроқорытпа құрылысы» зауыттарының алғашқы қадамдары туралы оқырманға жүйелі хабарланып тұрды. Газетте қарапайым еңбек адамдарының тұлғасы айшықталып көрінді. Атақты тары өсіруші Шығанақ Берсиевтің іс-тәжірибесі осы басылымда кеңінен насихатталды.
Елімізге тұтқиылдан келген кесапат – Екінші дүниежүзілік соғыс қалам иелеріне де жауапкершілік жүктеді. Бірқатар белсенді журналистер сол кезде қолдарына қару ұстап, майданға аттанды. Олардың қатарында есімдері елге танылып үлгерген Абдолла Ерназаров, Ахмет Ескендіров, Қонысбай Ерғарин сынды журналистер бар еді. Ел қорғау жолында қаза тапқан осы ерлердің есімі газет тарихында мәңгі сақталады.
Соғыстан кейінгі бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру, тың игеру, басқа да күрделі мәселелер облыстық басылымның тұрақты тақырыбына айналды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында газеттің кадрлар құрамы жаңарып, Қазақ мемлекеттік университетін бітірген жас мамандармен толықты. Бұған бірнеше облыстың бірігіп, өлке құрылуы да әсерін тигізді. Сол кезде өлкелік деген атауымен шыққан «Батыс Қазақстан» газетінің оқырмандары бұрынғыдан көбейе түсті. Газет басшылығы өз орталарына штаттан тыс авторлар құрамын нығайтып, интеллигенция өкілдерін, еңбек адамдарын көбірек тарта бастады. Өлкелік газеттің 400-ге жуық тұрақты авторы, 700-ден астам ауыл-село тілшісі болуы – осының айғағы. Сондай-ақ аудандарда жергілікті тілшілер посты құрылды. Ақтөбе қаласында ауыл-село тілшілерінің слеті өткізілді.
Облыстық басылым өзінің сол қалыптасу кезеңдерінде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің арнаулы дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.
1974 жылы облыстық газеттің шыға бастағанына 50 жыл толуына орай және басылымның «облыс еңбекшілеріне коммунистік тәрбие беру, оларды шаруашылық және мәдени құрылыстың міндеттерін орындауға жұмылдыру жөніндегі жемісті жұмысы үшін» қоғамдық-саяси өмірдегі белсенді қызметі бағаланып, еңбек ұжымына «Құрмет белгісі» ордені берілді.
Мұның барлығы сайып келгенде алғашқы қадамнан басталған ізденістердің, ілгерілеулердің жемісі еді. Осы орайда газеттің алғашқы буын басшылары – Абдолла Жәнібековтің, Кенжеғали Абдуллиннің, Тумыш Сарқожаевтың, Меңетай Жақсылықовтың, Мұқсым Қобдабаевтың, Құбаш Қожамұратовтың, Смағұл Мұқашевтың есімдерін бүгін де құрметпен атап, еске аламыз.
Облыстық газетте елге танымал көптеген ақын-жазушының қолтаңбалары қалды. Олардың қатарында Қуандық Шаңғытбаев, Мұхтар Құрманалин, Табыл Құлиясов, Тобық Жармағамбетов, Құрал Тоқмырзин, Қажығали Мұқанбетқалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ертай Ашықбаев, Бауыржан Бабажанұлы, Серікқали Байменше секілді танымал қаламгерлер бар.
Облыстық газеттің қалыптасу кезеңдерінде басылымда журналистердің қуатты толқыны қызмет атқарды. Олардың проблемалық мақалалары, ойлы очерктері, семсер тілді фельетондары республикалық газеттерде де жарияланып жатты. Бірқатарының кітаптары жарық көрді сол кезеңдерде.
Газетте алпысыншы жылдардан бері қарайғы кезеңде Мұрат Нұртаев, Таңатар Шаңбатыров, Кәдірбай Бекмағамбетов, Төлеміс Меңдіғалиев, Төребек Досқалиев, Смат Қабылбаев, Зейнолла Құлжанов, Марат Мырзағұлов, Әкімжан Оралбаев, Сағымбай Сембаев, Сексенбай Күлімбетов, Қуаныш Әлжанов, Аманқос Орынғалиұлы, Жанғабыл Қабақбаев, Сатыпалды Сәуірбаев, Сағындық Ниянқұлов, Әлімбай Ізбаев, тағы басқа аға буын журналистер өнімді еңбек етті.
1965-1992 жылдар аралығында облыстық газетті Нұрқайыр Телеуов басқарды. Одан кейінгі жылдарда Қуаныш Тектіғұлов, Идош Асқар, Әмір Оралбай, Қасымжан Байсадақов, Бауыржан Бабажанұлы басылым тізгінін ұстады.
Егер шежіреге үңілетін болсақ, басылымның тарихы былай өрнектелер еді:
1924 жылғы 7 маусымда – газеттің тұңғыш саны төте жазумен (араб әліпбиі) «Кедей» деген атпен жарыққа шықты.
1930 жылғы тамыз – округтер мен уездердің орнына аудандар ұйымдасқанда «Кедей» газеті «Алға» болып өзгерді.
1932 жылғы 13 наурызда – облыс құрылып, газеттің аты әуелі «Социалдық жол», сосын «Социалистік жол» болып өзгерді.
1962 жыл – өлке құрылуына байланысты газеттің атауы «Батыс Қазақстан» болды.
1965 жыл – бұдан былай облыстық деңгейдегі «Коммунизм жолы» атауымен шықты.
1990 жылғы 12 қазан – облыстық газет «Ақтөбе» атауын иеленді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі эконономикалық ауыр ахуал газеттерге де салқынын тигізбей қойған жоқ. Облыстық басылымдар қағаз жетіспеушілігі, басқа да себептерден бірнеше ай қатарынан шықпай қалған уақыт болды. Бірақ оқырман үміті үзілген жоқ, кейін бәрі де қалпына келді.
Бүгін облыстық басылымдар жаңа кезеңге аяқ басты. Облыстық «Ақтөбе» газеті қазір «Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамында бірнеше басылыммен қатар жаңа уақыт талабына сай ұмтылыспен қызмет етуде. Сөз реті келгенде айта кететін болсақ, осы «Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамында сондай-ақ облыстық «Актюбинский вестник» газеті, «Үш таған» журналы, YouTube-арнасы, арнайы сайттар бар. «Ақтөбе» газетінде білім, мәдениет, өнер, денсаулық, тағы да басқа тақырыптарда тұрақты беттер беріліп келеді.
«Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдық мерекесі қарсаңында «Жүз жыл жылнамасы» айдарын алға шығарып, өз тарихын тағы бір түгендеуде.
Сондай-ақ нақ осы «Жүз жыл жылнамасы» атаумен еліміздің алғашқы астанасы Орынборға, одан кейінгі орталығымыз болған Қызылордаға (Ақмешітке), Алматыға, бүгінгі елордамыз – Астанаға арнайы экспедициялар ұйымдастыру жоспарлануда.
Биыл газеттің ғасырлық мерекесіне орай медиа-форум өткізілмек. Онда «Қазіргі заманғы журналистика және ұлттық баспасөз», «Дәуір үні және уақыт талабы» тақырыбы аясында бүгінгі күннің өзекті мәселелері қозғалады. Бұл үлкен жиынға еліміздің танымал, тәжірибелі журналистері шақырылады.
Газет мерекесі қараңында түрлі кездесулер, спорттық сайыстар, шығармашылық конкурстар өткізу қолға алынуда. Мұның барлығы мерейтой салтанатын көтере түседі деп ойлаймыз.
...Басылым басшыларының бірі ретінде оның деңгейін көтеруге ат салысқан белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев өзінің «Газетіммен сырласу» атты өлеңінде:
Жақсыларға жетпесе де сөзім кей,
Көп мақала жазған екем көз ілмей.
Талай игі орталармен жұғыстым,
Ешкім мені түсінген жоқ өзіңдей, –
деп жазғанындай, көптеген қалам иесі үшін «Ақтөбе» – ыстық ұя, мерейлі мекен, мәртебелі орта.
«Ақтөбе» газеті әр кезеңдерде жалпы Түркі әлемімен байланысын үзген емес. Соның бір айғағы – басылымның 95 жылдық мерекесінде Түркиядан Еуразиялық мәдениет және спорт ассоциациясының президенті Ахмет Тузун, Бұрса қаласындағы «Gep» телеарнасының директоры Омер Айдогду арнайы құттықтау лебіздерін жолдауы.
Сөз реті келгенде айта кетейін, 1997-1998 жылдары қазақтың белгілі қаламгері Қалтай Мұхамеджановтың басқаруындағы халықаралық Túrkistan газетінің республикамыздың батыс облыстарындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған кезімде, елімізге танымал қаламгер, журналистермен қызметтес болып, тәжірибе жинақтадым, шығармашылық жетілу жолдарынан өттім.
...Байырғы басылымның 100 жылдығына орай таяуда ақтөбелік альпинистер арнайы сапарға шығып, Тянь-Шаньдағы Альтус шыңына «Ақтөбе» газетінің туын тігіп қайтты. Бұл ғасырлық тарихқа аяқ басқан газет журналистері үшін бір биіктікті игеру, жоғарыға ұмтылу нышаны іспетті болып отыр.
Раукен ОТЫНШИН,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры,
Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы