Атыраулықтар су тасқыны кезінде көмекке келген әскерилер мен құтқарушыларды шығарып салды
Әскерилер мен құтқарушыларға Төтенше жағдай министрінің, Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды
Атырау тұрғындары тасқынға қарсы тұру іс-шараларына атсалысқан әскерилер мен құтқарушыларды шығарып салды. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысты, деп жазады turkystan.kz Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, мұнайлы өңірдегі елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін Қорғаныс министрлігінің 30212, 5571, 6655, 82796 әскери бөлімдерінің, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты 52859 әскери бөлімінің және Ұлттық ұланның әскерилері көмекке келді. Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Қызылорда облыстық, Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де бұл көмектен шет қалмады. Әскерилер мен құтқарушыар екі ай бойы тасқынға қарсы күреске жұмылды.
Іс-шараға қатысушылар Жылыой ауданы Құлсары қаласында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Атырау қалалық №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Бейбарыс Рақымды бір минут үнсіздікпен еске алды.
«Еліміздің әр өңірінен келген әскерилер, құтқарушылар өңірдегі әріптестерімен, тұрғындармен бірге Жайықтың жағалауын бекітуге жұдырықтай жұмылып, еңбек етті. Тасқын судан зардап шеккен Жылыой ауданының жұртына жәрдем беріп, Миялы ауылын аман алып қалуға және күні-түні залалдың зардабын жою үшін тер төкті. Біз ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан құндылығымыз – бірлік пен ынтымақтың нағыз үлгісін көрдік. Сонымен рухтандық, жігерлендік. Бірлігіміздің Жаңа Қазақстанның діңгегі боп қала береріне көз жеткіздік. Шәкәрімше айтқанда, «Бірлік пен талапты еңбекке салғанның» нәтижесінде асау толқынды ауыздықтай алдық. Сіздерге Атырау жұртшылығының шексіз ризашылығын жеткізіп, алғысымды білдіремін», - деді Серік Шәпкенов.
Әскерилер мен құтқарушыларға Төтенше жағдай министрінің, Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты табысталды.