Әділдік баршаға ортақ

Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда кейінгі он жылда 2 036 адам асқан қаты­гез­дік­пен адам өлтіру бабы бойынша бас бос­тан­ды­ғы­нан айырылған.

Әділдік баршаға ортақ
gov.kz
511

Соңғы бірнеше айда бүкіл қоғам­ның назарын аударған іске нүкте қойыл­ды. Қайғылы оқиғаның қа­лай болғанына, сот барысында қан­дай мәлі­мет­тер анықталғанына егжей-тегжейлі тоқталмай-ақ қоялық. Бұл ту­ралы бұқара­лық ақпарат құрал­да­рын­да аз жазылған жоқ. Бір қара­ған­да, бұл екі әулет­тің басына түскен қай­ғылы жағдай сияқты көрінуі мүм­кін. Әйтсе де, «Ай­дың арғы беті» – Би­шім­баев ісінің Әділетті Қазақстан­ды қа­лыптастыру жо­лын­да қоғамға ти­гіз­ген ықпалы жетерлік.

 

Абьюзерге әділ жаза берілді


Көпшілік Бишімбаевты өмір бойына бас бос­тандығынан айыру жазасы тағайын­да­лады деп күткені белгілі. Дегенмен қоғам пі­­кіріне ілесіп, заңнан аттап кетуге болмайтыны тағы түсінікті. Бірден айта кетейік, 24 жылға бас бостандығынан айыру – ауыр, бірақ әділ үкім. Бишімбаевтың жасын  ескерсек, бұл іс жү­зінде қалған өмірін темір торда өткізумен тең. Экс-министрге тағайындалған жаза мер­зімі аяқталғанда, ол 70-ті алқымдайды екен. Оның үстіне, жазаның үштен екісі аяқтал­майын­ша шартты түрде мерзімінен ерте босай ал­майды. Қалай қарасаңыз да, қартайған ша­ғын­да ғана бостандыққа шығады. 
Бұған бөлек, айыптаушы тарап нақты дә­лелдер келтіре отырып, барынша ауыр жаза та­­­ғайындауға қол жеткізді. Өйткені Қыл­мыс­тық кодекске сәйкес, осыған ұқсас оқиғаларда, яғни әйелін асқан қатыгездікпен қасақана өл­тірген жағдайда орташа есеппен 15 жылға бос бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Мә­селен, Шығыс Қазақстан облысында әйелін айуандықпен ұрып өлтірген Ермолов есімді азаматқа 15 жылдық жаза тағайындалды. Сол се­­­­кілді Алматыда әйелін 31 рет пышақтаған Тур­дубакиев есімді кісі 16 жылға сотталды. 
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда кейінгі он жылда 2 036 адам асқан қаты­гез­дік­пен адам өлтіру бабы бойынша бас бос­тан­ды­ғы­нан айырылған. Соның 70 пайызға жуығы 15-20 жыл мерзімге темір тордың арғы жағына кет­кен. 275 адамға 20 жылдан асатын жаза та­ғайын­далды. Тек, 42 қылмыскер ғана өмір бойы­на бас бостандығынан айырылды. 
Осы жерде айта кететін мәселе, мұндай ауыр жаза екі немесе одан да көп адам­ды қасақана өлтіргені немесе топтасып қаты­гез­дікпен кісі өлтіргені үшін беріледі. Мысалы, бір­неше жыл бұрын Алматыда ылаң салған тер­рорист Руслан Күлекбаев өмір-бақи темір тор­ға тоғытылды. 
Қылмыстық кодекстің осындай ерек­ше­лік­те­рін ескерсек, Бишімбаевты 24 жылға соттау ауыр жаза екені анық аңғарылады. Оның үсті­не, істі тергеу кезінде прокурорлар жағдайды ауыр­лататын қосымша деректер тауып, оны сот отырысында дәлелдей алды. Бұған дейін де Би­шімбаев әйелі Салтанатты ұрып-соққаны, зор­лық-зомбылық көрсеткені, физикалық, пси­хикалық қысым жасағаны да белгілі болды. Тер­геушілердің осындай жұмысының нәти­же­сінде экс-министрдің жазасын қатаңдатуға мүм­кіндік туды. 

Ашықтық осылай қалыптасады


Сот отырысының әділ, толығымен заңға сәйкес өткенін барша Қазақстан тама­ша­лады. Сот залынан тікелей трансляция жүр­гізі­л­іп, бұқаралық ақпарат құралдары оқиға орта­сынан хабар таратты. Мұның бәрі осы іске жал­пы көпшіліктің назарын аударуға себеп бол­ды. 
Мұның бірнеше тиімді тұсы бар. Біріншіден, сот отырысының әділ өткеніне бәріміз куәміз. Еш­кім «бармақ басты, көз қысты» болды деп ай­та алмайды. Өйткені бүкіл талқылау тікелей эфир­де көрсетілді. Заң не процесуалды ереже бұ­зылған жоқ. Қазақта «мұсылманшылық әсте-әсте» дейді. «Ескі Қазақстанда» сот жүйесіне ха­­­­­­лық­тың сенімі жоғалғаны жасырын емес. Ал оны қалпына келтіру оңайға соқпайтыны тү­сінік­ті. Демек, Бишімбаев ісі секілді сот оты­рыс­­тарын онлайн көрсету судьялардың бей­тараптығы мен әділдігіне сенімді біртіндеп бекіте түседі. 
Екіншіден, тікелей эфирдің нәтижесінде бы­­лайғы жұрт сот отырысының қалай өте­ті­ні­мен, судьяның, прокурордың және адво­кат­тар­дың міндеттерімен танысты. Алқабилер тура­лы хабардар болды. Шынайы сот процесі қа­лай жүретінін, оған қалай дайындалып, өзін қа­лай ұстау керегін білді. Сол секілді көптеген құ­қықтық мәселеге қатысты білім базасы кеңей­ді. Осылайша, соттағы тыңдаулар адам­дар­ға арналған оқу құралына айналды. 

Әділетті Қазақстанның іргетасы


Үшіншіден, сот отырысының тікелей эфир­де көрсетілуі, сот залына бұқара­лық ақпарат құралдарының кіруіне рұқсат бе­рілуі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсын­ған «халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әді­­­­­летті Қазақстан» бастамаларының шынайы түр­де іс жүзінде жүзеге асқанын көрсетеді. Та­раптардың шынайы бәсекесі, процеске қа­тысу­шылардың ашық дауға дайындығы, судья мен алқабилерге құрметпен қарау, тыңдауға сапалы дайын­дық елімізде құқықтық мәдениеттің ір­гетасы қаланып жатқанын аңғартады.
Естеріңізде болса, Президент Тоқаев ха­лыққа Жолдауында заң үстемдігіне назар ау­дарып, сот жүйесін жетілдіруге тапсырма бер­ген еді. Сот талқылауларының жария өтуі, қо­ғам­ды алаңдатқан істердің тікелей эфирден көр­сетілуі берілген тапсырманы орындауға ық­пал етеді. Осылайша, Мемлекет басшысының «Әді­летті Қазақстан» құру аясында жасаған құ­қық қорғау жүйесіндегі нақты өзгерістер жү­зеге аса бастады. 

Сең қозғалды


Төртіншіден, Бишімбаев ісі сот жүйесінің жаңа келбетін қалыптастырды деуге толық не­гіз бар. Бұған дейін судьялар туралы қасаң пікір қалыптасқан еді. Олардың аты-жөнін еш­кім білмейтін. Бишімбаев ісін жүргізген су­дья Айжан Күлбаеваның есімі бүкіл қазақ­стан­дықтың аузында жүр. Айжан ханым өзіне жүк­телген ауыр міндетті абыроймен алып шық­ты. Сот отырысы кезінде, қорғаушылар та­ра­пына өз ұстанымын дәлелдеуге барлық мүм­кіндік беріп, жасыруға тырысқан дү­ние­лер­ді өткір сұрақтарымен анықтап отырды. Судья іс жүргізу барысын басқарып, алқабилер ал­дында тараптардың өз дәлелдерін ұсынуға жағ­дай жасады.
Сол секілді айыптаушы тараптың ашық сот ісі­не мұқият дайындалғанын да атап өткен жөн. Мемлекеттік айыптаушы өз ісіне кәсіби жә­не жауапты түрде қарады. Бұған дейін қо­ғам­да прокурорлар судьяға ықпал етіп, істі те­зі­рек жауып тастауға тырысады деген пікір ай­тылатын. Прокурор Айжан Аймағанова мұ­ның бәрін іс-әрекетімен жоққа шығарды. Ма­те­риалды терең меңгеру, өз ісінің дұрыстығына се­нуден бөлек, эмоциялы пікірлері көпшілікті тәнті етті. Бүгінде әлеуметтік желілерде про­ку­рор ханымның мірдің оғындай сөздері толып жүр. 
Сот отырысында шешім қабылдауға алқа­би­лердің тартылуы да біраз нәрседен хабар бе­реді. Үкімді тек судья ғана емес, алқабилер ал­қасы бірлесіп отырып шығарды. Қысқасы, кейін­гі бірнеше айда онлайн режимде көрсе­тіл­ген сот отырысынан үлкен-кіші түгел хабар­дар болды десек, артық айтқандық емес. Енде­ше, судьяның үкімін құқықтық тұрғыда ғана емес, сонымен қатар қоғамның белгілеген жа­засы есебінде қарастырған жөн.

Кеселге айналған құбылыспен күресу қажет


Бишімбаев ісі қоғамдағы талайдан бері ке­ле жатқан ескі кеселге көпшіліктің на­зарын аударды. Бұған дейін отбасындағы зор­лық-зомбылық мәселесі жиі көтеріліп жүр­ген. Алайда Салтанаттың өлімі сартап болған түйт­кілдің сыздауыққа айналғанын ашық көр­сетті. Өкінішке қарай, ел арасында «екі жас­тың арасына есі кеткен түседі» деп отба­сы­лық кикілжіңді жылы жауып қоюға тырысады. Бір­ақ мәселенің психологиялық қысым және физикалық күш көрсетумен шешілмейтініне назар аудармай келді. Әйелге әлімжеттік жасап, ұрып-соғудың белең алғаны да ескерусіз қалды. 
Сондай-ақ бұл оқиға қазіргі заманның ке­зекті мәселесінің басын ашып берді. Ата-аналар ба­ла тәрбиесіне көңіл бөлуге естен шығарған, олар­дың бойына адам құндылықтарын сіңіруге мән бермейді. Қазір көпшілік бала тәрбиесін мек­тепке жүктеп қоятыны жасырын емес. Со­ны­мен қатар адами құндылықтар тек біліммен ғана емес, тәрбиемен де берілетінін дәлелдеп берді.
Ғұлама әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» депті кезінде. Қуан­дық Бишімбаевтың білімі жоқ еді деп ай­туға дәтіміз бармайды. «Болашақ» бағдар­ла­ма­сымен АҚШ-тың үздік оқу орнының бірі Джордж Вашингтон университетінде білім ал­ды. Ол 29 жасында Президент көмекшісі лауа­зымын атқарды, 36 жасында министр атан­ды. Бұл – кез келген жастың қолы жете бер­мейтін мансап. Әйтсе де, адамдық қалпынан ай­нымау білімге ғана байланысты емес екен. Әйт­песе, жемқорлықпен түрмеге түсе ме? Әйе­лін айуандықпен ұрып өлтіре ме? 
Сонымен бірге бала тәрбиесінде ұлдарға ға­на емес, қыздарға да көңіл бөлген жөн. Ел ара­сында «ұят болады» деп қорлық көріп жүр­ген қызының ажырасуына қарсы болатын ата-аналар бар екені жасырын емес. Өкініштісі сол, мұндайды естіген қыздар жеке бас құқы­ғын таптайтын «тиранның» таяғына амалсыз көніп жүре береді. Сол себепті жастардың сана­сына әлсізді ұруға болмайтынын сіңірумен қа­тар қыздарымызды қорлыққа төзбеуді үйретуіміз қажет екені сөзсіз. 
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құ­рыл­тайда, Қазақстан халқы сессия­сын­да «Адал азамат» тұжырымдамасын алға тар­тып, өскелең ұрпақтың бойына жасампаз құн­дылықтарды сіңірудің маңызына тоқталған еді. Ендеше, соңғы кездегі оқиғалар Пре­зи­дент­тің жастар арасында шынайы тәрбие-идео­логиялық жұмысты күшейту туралы айт­қан пі­кірі өте өзекті екенін көрсетеді. 

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ
 

Серіктес жаңалықтары