«2 қызым менімен бірге тұрады»: Атыраудағы аудан әкімі әйелінің айыптауына байланысты пікір білдірді
Әкім жеке өмірі туралы пікір айтудың қажеті жоқ деп санайды
Атырау облысындағы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов бұрынғы әйелінің айыптауына байланысты пікір білдірді, деп жазады turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
Әкім жеке өмірі туралы пікір айтудың қажеті жоқ деп санайды. Ал ортақ балалары өзімен бірге тұратынын айтты.
«Бұрынғы жұбайымның менің атыма таққан негізсіз айыптаулары мен жалған ақпараты БАҚ-та кеңінен тарап кетті. Бұрынғы жұбайым әртүрлі әлеуметтік желіде тараған соңғы оқиғаларға байланысты менің лауазымды тұлға екенімді біле тұра, осындай мәлімдемелер жасап жатқан сияқты. Біздің ортақ балаларымыз – 2 қызым менімен бірге тұрады. Олар махаббат пен сүйіспеншілікте өмір сүруде. Мұндай шешім екі қызымның қалауы бойынша қабылданды. Бұдан басқа бұл туралы соттың заңды шешімі де шықты. Шабуыл жасады деген айыптауларға келсек, қазір сот процесі жүріп жатқандықтан, БАҚ өкілдерінен асығыс қорытынды жасамауды сұраймын», - деді Ринат Ибрагимов.