Дауыл алдындағы тыныштық па?

немесе тұрғын үй нарығындағы қазіргі ахуал

Дауыл алдындағы тыныштық па?
сурет: Shutterstock
1059

Жақында «Отау» ипотекалық бағдарламасына өтініш қабылдау аяқталды. Ізін ала «Наурыз» атты тағы бір жеңілдетілген бағдарлама басталды. 

«Баспана хит» бағдарламасы тоқтағаннан кейін жалпы халыққа арналған бағдарламадан тек «7-20-25» қана қалған еді. Бұл бағдарламаға да қаражат қарастырылуы екіталай екені ай­ты­лып жүрді, дегенмен шектеулі бюджетпен 2029 жылға дейін жалғасатын болды. Яғни, бұрын­ғы­дай қолжетімді болмады. Осылайша, баспана на­ры­ғындағы «тыныштықтан» кейін бағдар­ла­ма­лардың толқыны туындады десе де болатын­дай. 

«Отаудан» отау алатындар анықталды

Биыл жыл басында «Астана жас­тары» ре­сурс­тық орталығында жас­тармен кездескен «Отбасы бан­кінің» Бас­қарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жас­тар мен жас отбасыларды қолдау мақ­сатында қо­сымша «9-20-25» бағдар­ламасы әзірленіп жат­қ­а­нын мәлімдеген еді. Жоспарға сәйкес бұл бағ­дарлама нау­­­­рызда басталатынын да айтты. 

– Тұрғын үйдің қолжетімділігін ба­ға­лау ке­зін­де қазір жастар үшін қарыз бойынша сыйақы мөл­шерлемесінен гөрі бас­тапқы жарнаның мөл­шері маңыз­ды­рақ екені айқындалды. Ең бастысы, бұл жас отбасы өміріндегі алғашқы, бірлес­кен мен­шік, бірігіп алған ортақ жыл­жы­майтын мүлік бо­лады, – деді Ләззат Иб­ра­гимова. 

Осылайша, наурызда «Отау» бағдар­ла­масы іске қосылды. «Отаудың» «9-20-25» бағдарламасына қатысы бар-жоғы ту­ралы ресми мәлімдеме айтылмады, де­ген­мен көпшілік әуелде айтылған жас­тарға арналған бағдарлама осы деп топ­шылады. Яғни, «9-20-25» бағдарла­ма­­­сының атауы «Отау» болып өзгерді. 
13 мамырда «Отбасы банкі» «Отау» бағ­дарламасы бойынша өтінім қабылдау сәт­ті аяқталғанын, іріктеу кезеңінің қо­рытындысы белгілі болғанын хабар­ла­ды. Банк мәліметіне сүйенсек, 25 038 мың өтінім қабылданған. Соның ішінде жеңімпаз атанған 8 мың адамның аты-жөні сайтта жарияланды. Бұл ашықтық үшін жасалған қадам деп түсіндірді Ләззат Ибрагимова. Бұл қадам баспанаға, немесе автокөлікке несие беру «бармақ басты, көз қысты» әдіспен жүреді деген қоғам сынынан кейін қабылданған шешім болса керек. 
Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізілген. Соның ішін­де, жинаған қаражатқа мемлекеттің бер­ген сыйақысының мөлшері, депо­зит­ке қанша жыл болғаны ескерілген. Сон­дай-ақ отбасы құрған және баласы бар­­ларға да басымдық берілген. Бағдар­ла­ма басталар алдында банк бұл бағ­дар­ламаға іріктеу кезінде жұмыс істейтін жас отбасыларға көңіл бөлінетіні ай­тыл­ған еді. 
Тізімді сараласақ, 8 мың жеңім­паз­дың ішінде 35 жасқа дейінгі жас­тар көбірек іліккенін байқаймыз. Со­ны­мен қатар 35 жасқа дейінгі және 35 жастан асқан ел азаматтары бөлек қа­рас­тырылған екен.
«Отау» бағдарламасы 7 жылға со­зы­ла­ды. Бағдарлама аясында 50 мыңға жуық адам баспаналы болады деген жос­пар бар.
«Отбасы банк» «Отауға» ілік­пеген­дер­ді «Наурыз» бағдарламасына өтінім беру­ге шақырды. Банктің сөзінше, бұл жо­лы іріктеуден өту ықтималдығы жо­ға­рырақ екен.
– Отауда жеңіске жете алмағандар «Нау­рыз» бағдарламасы бойынша өтінім бе­ре алады. Онда мүмкіндік көп, өйткені пә­тер саны 12 мыңнан асады, маусым айы­­ның аяғында біз тұрғын үй ала ала­тын­дардың есімдерін білетін боламыз, – деді «Отбасы банкінің» басқарма төра­ға­сы Ләззат Ибрагимова ОКҚ алаңында өт­кен брифингте.

«Наурыз» бағдарламасы басталып кетті

«Наурыз» бағдарламасы басталған ал­ғашқы күні 1 124 өтінім сәтті қа­был­дан­ған. Жалпы бағдарламаға қатысуға 2024 жылғы 25 сәуірден 30 маусымға дейін өтінім беруге болады. Сондай-ақ осы айтылған мерзімде депозитке қа­ра­жат сала беруге болады. Сондықтан банк са­лымшыларды асықпай өз депо­зит­те­рін толықтырып, қажет болған жағ­дай­да оны туыстарының депозиттерімен бі­рік­тіріп, бағдарламаның шарттарымен мұ­қият танысып, содан кейін ғана өті­нім беруге кеңес берген екен.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқ­тал­ғаннан кейін саралау басталады. Бағ­­­дарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіретін бо­лады. Бұл бағдарламаның іріктеу шар­ты да «Отау» бағдарламасының талап­та­рына ұқсас, дегенмен бұл жолы ха­лық­­тың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы жеке қарас­тырыл­мақ.
Саралаудан кейін клиенттер Банк сай­тында «Наурыз» бағдарламасына өт­кен үміткерлер тізімін көре алады. Сон­дай-ақ олардың несие алуға тағы екі ай уақыты болады.
«Отбасы банк» осы уақыт ара­лы­ғын­да тұтыну несиелерін төлеп тастауға кеңес береді, мұндай жағдайда қарыз­дың мақұлдану мүмкіндігі көбірек бо­ла­ды екен. Шынында да, төлем қабі­лет­ті­лігін есептеу кезінде соңғы 6 айдағы рес­­ми табыс қана емес, сонымен қатар от­басына жұмсалатын міндетті шы­ғын­дар, сондай-ақ несиелер бойынша тө­лем­дер де ескеріледі.
Сондай-ақ ипотекаға алып жатқан жаңа баспананы жөндеу жұмыстарына да қосымша қарызға ақша алуға да бо­лады. Бастысы жөндеуге арналған қарыз со­масы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20 пайызынан аспауға тиіс. 
 «Отбасы банкінің» мәліметінше, қа­зір қатысуға ниет білдірген азаматтар арасында 24 пен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтар көш бастап тұр. Ал үйге сұраныс бойынша Астана, Ал­ма­ты, Шымкент қалалары мен Ақтөбе жә­не Маңғыстау облыстары алдыңғы орын­да. Баспана маркет платформасы саға­тына орта есеппен 400 өтінімді қа­был­дап, өңдейді екен. 

«Баспана маркет» бәріне жете ме?

Бағдарламаларға қатысатын аза­мат­тар пәтерді otbasybank.kz сай­ты­нан, «Баспана маркет» порталынан таң­­дап, сатып ала алады. 
– Бұл қадам жаңа тұрғын үй бағ­дар­ла­малары басталғанда тұрғын үй баға­сын қолдан өсіруге жол бермеу үшін жа­­салып отыр, – деп мәлімдеді банктің бас­пасөз қызметі. 
Сонымен, «Отау» бағдарламасы бойын­ша биыл 8 мың азамат бас­­паналы болса, ал «Наурыз» бағдар­ла­масы аясында 12 мың адам үй ала алады. Сон­да, тамыз айына дейін аталған «Бас­пана маркет» порталындағы 20 мың үй­дің кілті иелерінің қолына тиеді. Де­генмен қазір бұл порталда қолжетімді үй саны жеткіліксіз.
«Отбасы банк» төрағасы Ләззат Иб­ра­гимова айтқандай, қазір «Баспана маркет» порталында 8,5 мың пәтер бар. Әйтсе де, төрағаның сөзінше, банк жа­қын арада олардың санын 40 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отыр. 
Бірақ бас-аяғы 2-3 ай ішінде онлайн үй дүкені қаншалықты толығатыны бей­мәлім. Бағдарлама жеңімпазы атан­ғандар өздері қалаған, өздеріне қолайлы бас­пана таба ала ма деген заңды сұрақ туын­дайды. Оған қоса, бағдарламалар аясында 30 мил­лион теңгеге дейінгі үй­лер берілетін болса, ұсыныс көлемі тағы да біраз сүзгіден өтіп, азаятынын ескеру керек сияқты.
Жалпы, 2030 жылға қарай барлық қар­жыландыру көзі есебінен 111 мил­лион шаршы метр тұрғын үй салу және 1 миллионнан астам отбасын жаңа тұр­ғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар екен.

650 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр

Өткен айдағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бек­тенов тұрғын үй құрылысы және проб­лемалық объектілерді аяқтау мәселесі бойын­ша Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ бірқатар өңірлер әкімдерінің баянда­ма­сын тыңдаған болатын.
Олжас Бектенов Үкімет алдына биыл тұрғын үй құрылысына қатысты көптеген маңызды міндет қойылғанын атап өтті. Соның бірі – 18 миллион шар­шы метр тұрғын үйді аяқтап, тапсыру. Бұл – бұрын-соңды болмаған жұмыс кө­лемі. 
Премьер-Министр қазір 650 мыңнан ас­там адам үй кезегінде тұрғанына тоқ­талды. Кезекте тұрғандардың өзін екін­ші қайтара тексеру жұмыстарын жер­гі­лік­ті әкімдіктер қолға алыпты. Мәселен, Ақ­мола облысында баспана кезегінде тұр­­ғандардың ішінде ереже мен талап­тар­ды бұзған 16 мыңға жуық азамат, Шым­кент қаласында 36 мыңнан астам адам анықталған. Олардың біразы ке­зек­тен шығарылыпты. Премьер-Ми­нистр әкімдіктерге тізімдерді бірінші жар­тыжылдықтың соңына дейін өзек­тен­діруді және тұрғын үй бағдарламасы­ның іске асырылуына мониторинг жүр­гізуді тапсырды.
Сонымен қатар жастар арасында 35 жас­қа дейінгі 1,3 миллион қазақстандық жеке баспанаға мұқтаж екен. Бұл туралы «Астана жастары» ресурстық орталы­ғын­да жастармен кездесу кезінде «Отба­сы банкінің» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтқан болатын. 
Бұл мәселе әсіресе өңірлер мен мо­ноқалаларда өткір болып тұр. Лайықты жұ­мыс пен тұрғын үй жағдайларының бол­мауына байланысты халық ірі қа­лаларға қоныс аударады. Соңғы 5 жылда бұл үрдіс күшейе түсті. Осыған бай­ла­ныс­ты халықтың ең көп өсуі Астана, Алма­ты, Шымкент қалалары мен Ақтөбе об­лысында байқалады.
Былтыр «Отбасы банк» 35 жасқа дейін­гі 24 705 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектескенін мәлім­де­ді төраға. Оларға тұрғын үй құрылыс жи­нақ жүйесі аясында 414 миллиард тең­ге қарыз беріліпті. Негізінен жас қа­зақ­стандықтар бір немесе екі бөлмелі пә­тер сатып алды. Мұндай тұрғын үйдің ор­таша құны 19,7 миллион теңгеге тең.
Өнеркәсіп және құрылыс ми­нист­рі Қанат Шарлапаевтың ай­туынша, 2030 жылға қарай 111 млн шар­шы метр тұрғын үй салу жоспар­ла­нып отыр, бұл 1 млн-нан астам отбасын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалпы сомасы 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам пәтер са­тып алу жоспарда бар.
Сондай-ақ 2024 жылы мемлекеттік ипо­текалық бағдарламалардың қалай іске асырылатыны туралы айтылды. Мә­­­­селен, 2 пайыз және 5 пайыз мөл­шер­ле­ме бойынша жеңілдікті ипотека ая­сын­да 7 мыңға жуық қарыз беру үшін 81 млрд теңге бөлінбек. «Отау» ипотека­лық бағдарламасы бойынша 150 мил­лиард теңгеге 8 мың қарыз беру көзделіп отыр. 1 мамырдан бастап «Отбасы банк» әлеуметтік жағынан осал азаматтар үшін жылдық 7 пайыз мөлшерлеме ая­сын­да 20 пайыз бастапқы жарнамен жә­не қалған санаттағы азаматтар үшін 9 пайызбен жаңа жеңілдікті бағдарлама іске қосылатыны, жыл сайын 200 млрд тең­геден беру жоспарланып отырғаны да айтылды. Сондай-ақ «7-20-25» бағ­дар­ла­масы бойынша 100 миллиард теңгеге 5 мыңға жуық қарыз берілетін болады.
Шарлапаев құрылыс саласын рет­теу­дегі мемлекеттің жаңа тетіктері ту­ра­лы да айтты. Соның ішінде алдын ала шарт жасасуға тыйым салу, айыппұлды 300-ден 2 000 АЕК-ке дейін ұлғайту, үлес­керлердің ақшасын тартуға рұқсат­сыз жасалатын жарнамаға тыйым салу, салынып жатқан тұрғын үйді қолма-қол ақшасыз сатып алу-сату бойынша мәмі­ле жасауға жол бермеу сияқты шаралар тал­қыланып жатыр. Бұл ұсыныстар жауап­ты мемлекеттік органдармен келі­сі­летіні айтылды.
Қазір еліміздің 8 өңірінде үлес құры­лысы бойынша аяқталмай тұрған 39   проб­лемалық нысан бар екен. Жауапты­лар­дың сөзінше, оларды аяқтау үшін ин­весторлар мен қаржы керек. 

Бағдарламалар бағаны тағы аспандатпай ма?

Осылайша, Үкімет халықты бас­па­на­мен қамтуға мүдделі екенін айтады. Жос­пар орындалар болса, көздеген ме­же­ге жетер болсақ, талай мәселе ше­ші­ле­тіні сөзсіз. Дегенмен бағдарлама­лар­дың үй бағасына кері әсері болмай ма де­ген қорқыныш та жоқ емес. Бұған дейі­нгі баспанаға байланысты шара­лар­дың, соның ішінде бағдарламалардың ахуалды ауырлатқаны жиі айтылып келді. Әсіресе, зейнетақы қорындағы белгіленген шектен артылған қаражатты үй алуға немесе үй жөндеуге жаратуға рұқ­сат беру туралы шешім баспана на­ры­­ғындағы ахуалды ушықтырып, ба­ғаны аспандатқаны есте. Осы құбылыс­тан кейінгі дүмпу нарықта күні бүгінге дейін басылмай келген еді.
Ал сарапшылар жаңа бағдарламалар­дың нарыққа әсері әлі де болса байқала қой­мағанын, дегенмен жалпы үй баға­сы­­ның айтарлықтай арзандамауына осы бағдарламалар әсер етіп отырғанын ай­тады.
– Жаңа тұрғын үй бағдарламалары әлі де жаңа тұрғын үй бағаларына ай­тар­лық­тай әсерін тигізген жоқ. Кейінгі жы­лы үйдің бағасы өспегеніне қара­мас­тан, мәмілелер саны екі есе қысқарған, деген­мен құлдырау байқалмайды. Бұл пә­тер ба­ғасының, әсіресе жаңа пәтер­лер­дің ба­ғасы одан әрі түспейтінін, яғни бұ­ған мүм­кіндік жоғын көрсетеді деуге бо­ла-ды, – дейді экономист Андрей Че­бо­тарев.
Сарапшы мұның себебін сұ­ра­ныс­тың көптігі мен бағдарламалардың да едәуір көптігімен байланыстырып отыр.
– Себебі тұрақты жоғары сұраныс пен жеңілдетілген пайыздық бағдар­ла­малар бағаның төмендеуіне жол бермей отыр.  Қазір пәтер сатып алғысы келе­тін­­дерге өте қолайлы: егер сізде ақша бол­са немесе банктің мақұлдауы болса, сіз өте мұқият және ұзақ уақыт бойы қо­­­­лайлы пәтерді іздеп, ол үшін үлкен жеңіл­дік сұрай аласыз, өйткені қазір сату­шы нарығы сатып алушы нарығына ай­н­алды, яғни сіз сатып алушы ретінде шарт­тарды белгілейсіз, – дейді ол.
Ал ресми деректерге қарасақ, үй ба­ға­сы болар-болмас арзандағанын бай­қау­ға болады. Дегенмен «арзандады» деп ауыз толтырып айтуға келмейді. Әйт­кен­мен, кейінгі жылдардағы қарқынды әрі серпінді өсімнен кейін бағаның бір­қалыпты тұрғанының өзі көңілге ме­деу болып отыр.

Ахуал тұрақты

Ұлттық статистика бюросының рес­ми дерегіне сүйенсек, 2024 жыл­ғы сәуірде жаңа тұрғын үйді сату ба­­­­­ға­сы бір шаршы метрге 0,4 пайыз, яғ­ни 484,6 мың теңгеге дейін арзандаған, ал қайталама нарықтағы үйдің бағасы бір шаршы метр үшін 507,7 мың теңгеге дейін, яғни 1 пайызға өскен.
Бір жыл ішінде жинақталған жалпы өсім­ге қарасақ, жаңа үйлер бойынша өсім байқалмайды деуге болады, яғни бір жыл ішінде жаңа үй бағасы қым­бат­тамаған. Қайталама нарықтағы үй баға­сын­да да дәл осындай серпін байқалады.
Krisha.kz сарапшылары ұсынған мә­лі­метте еліміздің көптеген қаласында жыл­жымайтын мүліктің орташа бағасы тө­мендегені айтылған. Нақтырақ айт­қан­да, мониторинг жүріп жатқан 18 қа­ла­ның 11-інде пәтер арзандаған.
Бір жылда алғаш рет теріс динамика Ал­матыда байқалыпты. Қалған қалалар­да төмендеу қатты байқалмайды. Жал­пы, нарықтағы ахуал тұрақты. Баға өсімі бай­қалған қалалар ішінде Ақтау көш бас­тап тұр, онда 4 айда пәтер 5.6 пайыз­ға қымбаттады. Екінші орында 1,7 пайыз өсіммен Астана қаласы тұр. Басқа қа­лаларда болар-болмас қана өзгеріс бай­қалады.
Баға төмендеген қалаларға тоқтал­сақ, Қызылорда, Атырау, Өскемен, Семей қалаларында үй арзандаған. Ал Тараз, Түр­кістан, Қостанай, Шымкентте – өз­геріс­сіз.

Қорыта айтқанда, бірнеше жылдан бері құбылып келген нарықта қазір «тыныштық» орнағандай. Дегенмен дауыл алдындағы тыныштық болуы мүмкін деген қауіпті де әрі ысырып қоя алмаймыз. Жаңа бағдарламалар құрылыс лоббилерінің «өнімін» өткізуге емес, расымен халықты жаңа баспанамен қамтуға жұмыс істесе игі. Тек баспанамен емес, сапалы баспанамен қамтыса деген тілек. Бұл – астын сызып тұрып ескеретін және тағы бір тақырыпқа арқау болатын мәселе.
 

Серіктес жаңалықтары