Кітапхана ісі туралы арнайы заң қажет
Кітапханалардың күні-түні немесе апта бойы үздіксіз жұмыс істеуі, әрине, оқырмандар, соның ішінде студенттер үшін тиімді.
– Кейінгі жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітапханаларды дамытуға, кітапханашылардың мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған нақты тапсырмалары мен қабылданған шешімдерінің еліміздің жалпы кітапхана саласын дамыту үшін маңызы зор.
Жуырда ғана Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент кітап пен кітапханалар мәселесін қайта көтеріп, кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту, жастарды кітап оқуға баулу, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу екенін, сондықтан кітап оқу мәдениетін барынша орнықтыру керек екенін баса айта келе, кітапханалар мен кітаптың қоғамдағы орнын тағы да ерекше атап өтті. Және де бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажеттігі туралы айтып, бірқатар міндеттерді қойды. Бұл, әрине, біз үшін, кітапханашылар қауымдастығы үшін, қуантарлық жайт.
Еліміздегі мәдени мекемелердің сан жағынан да, халыққа қызмет көрсету жағынан алғанда да ең ауқымды сала – кітапхана. Алайда еліміздің кітапхана саласындағы негізгі шешімін таппай отырған күрделі мәселелердің бірі – «Кітапхана ісі туралы» заңының болмауы. Жобасы 1998 жылы әзірленген бұл заңды әзірлеу және қабылдау қажет екені туралы мәселе бірнеше рет көтеріліп, талқылауға ұсынылған болатын. Арнайы заңның болмауы еліміздегі кітапхана ісі дамуын, ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету мәселелерін, т.б. құқықтық реттеуде белгілі бір қиыншылықтар тудырады, ол, өз кезегінде, әр деңгейдегі кітапханалар жұмысының үйлесімсіздігіне әкеліп соғады. Өкінішке орай, қолданыстағы нормативтік және заңға тәуелді актілер кітапханаларға олардың ақпараттық, мәдени және білім беру міндеттерін толықтай іске асыруға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар кітапхана ісі бойынша нұсқаулықтар мен ережелер қайта қарауды және жаңартуды қажет етеді.
Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы айтқандай, өткен тоқсаныншы жылдары кітапханалардың жабылуы әлі де жалғасуда, мысалы, 2018-2021 жылдары, негізінен, солтүстік өңірлерде кітапханалардың жабылу тенденциясы үстем болды. Кей өңірлерде ішкі көші-қонға, елдімекендерден қалаға көшуі салдарынан халық санының азаюына байланысты ауылдық кітапханалардың жабылуы орын алуда. Дегенмен бүгінгі таңда кітапханалар санының өсу динамикасы туралы сеніммен айтуға болады, бір өңірде жабылса, басқа өңірлерде кітапханалардың ашылуы қуантады. Мысалы, былтырғы жылы Алматы облысында – 10, Түркістанда – 3 жаңа ауылдық кітапхана, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау облыстарында бір-бір кітапханадан ашылды. Бұл халықтың кітап оқуға және ақпараттық-кітапхана қызметіне деген қызығушылығының жыл сайын артып келе жатқанын көрсетеді.
Еліміздің кітапханалары үшін өзекті мәселелердің бірі – материалдық-техникалық базаның жай-күйі. Республиканың көпшілік қолжетімді кітапханаларының басым бөлігі бейімделген үй-жайларда, өткен ғасырдың 70-80-жылдарында салынған көпқабатты үйлердің бірінші немесе жертөле қабаттарында орналасқан, сондай-ақ өсіп келе жатқан кітапхана қорларын сақтауға жеткілікті алаңдары жоқ. Көптеген кітапхананың ғимараты оқырмандарға қызмет көрсету және қорларды сақтау шарттарына қойылатын заманауи талаптарға сай емес. Тәуелсіздік жылдары жалпыға қолжетімді кітапханалардың бес жаңа типтік ғимараты ғана салынды: Астана қаласында Ұлттық академиялық кітапханасы, Ақтау, Қызылорда және Түркістан қалаларында үш облыстық әмбебап кітапхана және Шымкент қаласында бір Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы.
Бұл мәселені шешу үшін пайдаланушыларға қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін, соның ішінде мүгедектігі бар тұлғалар үшін кедергісіз қолжетімділікті және еркін қозғалысты қамтамасыз ететін кітапханалардың жаңа типтік ғимараттарын салу, оларды заманауи талаптарға сай кітапханалық жиһазбен жабдықтау қажет. Көпшілік кітапханалар компьютерлік және көшіру-көбейту техникасымен нашар жабдықталған, ал қолда бар техникалық құралдар, әдетте, моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген. Кітапханаларды жаңа техникалық құралдармен жабдықтау, сапалы, жылдам интернетке қолжетімділікті және шетелдік ақпараттық ресурстармен (толықмәтінді дерекқорлар, электрондық кітапханалар және т.б.) қамтамасыз ету оқырманның қажетті ақпаратты жедел алуына мүмкіндік береді.
Республика кітапханаларында үлкен көлемде ақпараттық ресурстар жинақталған және қазіргі кезеңде оларға еркін және тең қолжетімділік қамтамасыз ету үшін ресурстарды бір жүйеге біріктіру мәселесі де шешуді қажет етеді. Онымен қоса, кітапхана саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесі де бар, еліміздің өңірлерінде де, жалпы республика бойынша кітапханаларда жоғары арнайы білімі бар кітапхана мамандарының тапшылығы сезіледі.
Дегенмен қазіргі кітапхана саласын дамыту бағытында қолға алынып жатқан шараларды жүзеге асыру арқылы бұл мәселелер де біртіндеп шешімін табады деген сенімдемін.
Әрине, Мемлекет басшысының кітапханаларды жаңғырту, жаңа заманауи кітапханаларды, соның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды салу туралы ұсынысын, біз, кітапханашы маман ретінде, толықтай қолдаймыз және кітапхана саласын дамыту үшін дұрыс қадам деп санаймыз.
Әлемдік тәжірибеде, дамыған елдерде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар баршылық. Дегенмен халық көп шоғырланған Алматы мен Астана қалаларында ондай кітапханаларды салу үшін, ең алдымен, сол кітапханалардың тәжірибесін зерттеп, пайдалы жақтарын алуымыз керек деп санаймын.
Біріншіден, ондай кітапхананың ғимараты дәстүрлі кітапханалардан өзгеше, адам қызығатындай өзінің сыртқы келбетімен, сәулетімен, ішкі кеңістігімен ерекше болуы керек. Мұнымен қоса, жаңа технологиялармен жабдықталған кітапхананың кітап қоры да ең заманауи, қазіргі қажетті, қызықты әдебиеттермен толықтырылуға тиіс.
Кітапханалардың күні-түні немесе апта бойы үздіксіз жұмыс істеуі, әрине, оқырмандар, соның ішінде студенттер үшін тиімді. Жасыратыны жоқ, студенттердің көпшілігі түнде күндізгіден кем емес қарқынды оқиды. Бұл –халықты кітап оқуға, кітапханаға тартудың тағы бір жолы. Өйткені халықтың күндіз жұмыс істеуіне, оқуына байланысты кітапханаға келуге мүмкіндігі жоқ. Ал тәулік бойы істейтін кітапханалар, кітаптар жұмыс кестесіне бейімделмей-ақ, қай кезде болсын қолжетімді болады. Бұл өз кезегінде, күні-түні әлеуметтік желілерде түрлі мазмұнды шамадан тыс тұтынатын жастар мен ересектер үшін өз уақыттарын пайдалы кітаппен өткізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан кітап оқитын қала жұртшылығының да саны көбейетініне сенімдіміз.
Тәулік бойы жұмыс істеу өз кезегінде қосымша адами, материалдық ресурстарды талап етеді. Яғни, ғимарат түні бойы толыққанды қызмет көрсетуі керек, электр жарығымен, сумен, жылумен, күзетпен қамтамасыз ету, т.б. және ең бастысы, қызметкерлер санын көбейту.
Алматы қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар бар. Мысалы, былтырғы жылдың айынан бастап, Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен эксперимент ретінде Жамбыл атындағы жасөспірімдерге арналған кітапхана және Alatau Creative Hub орталығы тәулік бойы, үзіліссіз жұмыс істейді.
Қазіргі кезеңде кітапханалардың міндеті – халықтың барлық топтары арасында кітап оқуды ынталандыру, кітапқа деген қызығушылығын ояту және дамыту. Өйткені өркениетті қоғамды, саналы ұлтты қалыптастыру –сапалы білімді ұрпақтың қолында.
Ұлттық кітапханада сақталған Қазақстан кітаптарының бай қоры, сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың, алғашқы баспа басылымдары мен грампластинкалардың бірегей қоры, т.б. шын мәнінде, халқымыздың баға жетпес мұрасы. Өкінішке орай, уақыт өткен сайын жазба ескерткіштері физикалық жағынан ескіріп, тозады, қор сақталымының тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуі салдарынан құжаттардың ішінара немесе толық жоғалу қаупіне әкеледі. Сондықтан жаңа технологиялар дамуы жағдайында және жаһандану дәуірінде халқымыздың асыл мұраларын сақтап қалу өзекті мәселе болып тұр.
Құжаттық мұраны сақтаудың және оларға барынша қолжетімділікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерінің бірі – қорды цифрлау. Әсіресе, сирек қорды ұзақмерзімді сақтап, қазіргі және болашақ ұрпаққа жеткізу үшін оқырмандарға, зерттеушілерге, ғылыми қызметкерлерге пайдалануға құжаттардың көшірмелерін ұсынуымыз керек.
Бұл мақсатта кітапханада жұмыс жүйелі түрде жүргізілуде және құжаттардың, соның ішінде сирек кітаптар мен қолжазбалардың, араб, латын графикасындағы сирек басылымдар цифрланып, электронды көшірмелері Қазақстандық ұлттық электрондық кітапханасына жүктелген. Бұл жұмысты жалғастыру үшін құжатты цифрлық форматқа жылдам және сапалы көшіретін жоғары кәсіби сканерлер, көне және сирек құжаттарға арнайы сканерлер қажет. Өйткені қағаз құжатқа зиян келтірмеу үшін оны ұқыпты және мұқият сканерлеуді талап етеді. Бұдан басқа, кітап қорын ұзақмерзімді сақтау үшін қорды бүлінудің алдын алу және қалпына келтіру шараларын дер кезінде жүргізуіміз қажет.
Мемлекет басшысы атап өткендей, кітапхана мемлекеттің, ұлттың негізгі жады болғандықтан, осы ұлттық тарихи-мәдени жазба құндылықтарымызды мәңгілік сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз.
Халықаралық Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері Федерациясының мәліметі бойынша әлемде 560 мыңға жуық кітапхана бар. Соның ішінде АҚШ Конгресс кітапханасы кітап қоры бойынша алғашқы орында тұр. Одан соң – Британ кітапханасы, үшінші орында – Нью-Йорк қоғамдық кітапханасы. Жыл сайын олардың қоры молайып, үлкейіп келеді. Жыл сайын жаңа технологиялар мен жаңа өнертабыстар кітапхана ісін жетілдіруге жұмылдырылады.
Айтпағымыз, кітапханаларды дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін алдымен кітап шығару ісін дамытып, кітап санын көбейтудің маңызы аса зор. Бұл ретте, кітаптың мазмұны мен сапасына да салмақты қарау басты талап болуға тиіс. Себебі кітап шығаруға көңіл де, қаражат та бөлінбей жатыр деуге келмейді...
Бақытжамал Оспанова,
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың төрайымы