Ислам қаржыландыруы елімізде неге кең тарамай отыр?

Сауалнамаға қатысқан же­ке тұлғалардың 85 пайызы ешқашан да ис­лам қаржыландыруы  өнімдерін пай­да­ла­нып көрмепті. Ислам қаржы құралдарына ке­дергі келтіретін себеп ретінде оның  қол же­тімсіз екенін, арнайы ақпарат пен ұсы­ным­ның аздығын, ислам қаржыландыруы бойынша  жаңылысу мен сенім мәселелері де көрсетілген.

Ислам қаржыландыруы елімізде неге кең тарамай отыр?
сурет ашық дереккөзден алынды

Ислам қаржыландыруы бойынша несие алдым немесе депозит аштым, ия болмаса, мүлкімді сақтандырдым дейтін кісіні айналаңыздан жиі кездестіре бермеуіңіз мүмкін. Алайда бұндай  қаржыландыру түрінің бар екенінен хабарыңыз бары анық.  

Мұсылман елдері ғана емес, Еуропа ел­де­ріндегі аса танымал қаржыландыру көзі неге Қазақстанда  кең тарала алмай отыр?
Ислам қаржыландыруы біздің елде сұ­ра­нысқа ие ме деген сұрақ қаржы ұйым­дары­ның өзін де қызықтырады. Жақында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қазақстандықтар арасында зерттеу жүр­гізіп, соның нәтижелерін  бөлісті. 
Қазақстандағы жеке және корпоративті клиенттердің арасында ислам қаржылық өнім­дерінің  сұранысын білу мақсатында жүр­гізілген зерттеудің жұмысына Ислам Даму Банкі қолдау көрсеткен.
Қазақстанның барлық қалалары мен аймақтарынан зерттеуге қатысқан  13 мың рес­пондент (оның 350-і – заңды  тұлға, 12 мыңы – жеке  тұлға), осы қаржылық құ­ралға қатысты қоғам пікірінен хабардар ет­се керек. Қорытындыға сенсек, олар  ис­лам депозиті мен ислам ипотекасына қы­зығады екен.
Зерттеу аясында діни сенімдеріне бай­ланысты өздерін депозиттік жүйе­ден тысқары ұстайтын, яғни, депозит аш­паған респонденттер исламдық де­по­зит­ті ашуға дайын екенін жеткізген. Зерт­теу нәтижесі «Жаңа исламдық депо­зит­тер­дің жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге жетуі мүм­кін» дейді. Әрі  дәстүрлі депозиттерден ис­ламдық депозиттерге көшу 924 млрд тең­геге бағаланыпты.
Қысқаша түсіндіріп өтейік, діни сенімі де­генімізді мақаланың ішінде тарқатып жазатын боламыз, маңыздысы сол – ислам принциптерін қатаң ұстанатын клиенттер біз білетін классикалық банктердің ақша­ны көбейтетін қызметін пайдалана алмауы мүм­кін. Себебі ислам қаржыландыру 
бан­кі пайыздық үстемемен пайда таба ал­майды, исламда бұған тыйым салынған.
Зерттеушілер ислам ипотекасының кө­лемі 1,6 трлн теңгеге жетуі мүмкін деп ба­­­ғалап отыр. Ал тұтынушылық қаржы­лан­дыру, автоқаржыландыруы және бөліп тө­леу қаржыландыруы (рассрочка) несие­ле­рі­нің болжамдық көрсеткіші 2,3 трлн тең­­­­геден астам сомаға бағаланған. 
АХҚО зерттеуінің ұйымдастырушылары «Ис­лам қаржыландыруы инструменттеріне деген сұраныс жоғары, елдегі мұсылмандар са­ны артқан сайын осы саладағы қар­жы­лан­дыру қызметіне деген сұраныс та арта­ды» деген байлам жасапты. Сонымен қатар рес­понденттерді ислам қаржыландыруы ту­ралы ақпараттан құралақан екені де аң­датқан. Мәселен, сауалнамаға қатысқан же­ке тұлғалардың 85 пайызы ешқашан да ис­лам қаржыландыруы  өнімдерін пай­да­ла­нып көрмепті. Ислам қаржы құралдарына ке­дергі келтіретін себеп ретінде оның  қол же­тімсіз екенін, арнайы ақпарат пен ұсы­ным­ның аздығын, ислам қаржыландыруы бойынша  жаңылысу мен сенім мәселелері де көрсетілген. 

Қаржы алатын адам мұсылман болуы тиіс пе?

Ислам қаржыландыруы деген атпен белгілі қаржыландыру бағытымен ал­ғаш еліміз 90-жылдары таныса бастаған. Мем­лекетіміздің әртүрлі халықаралық ұйым­дармен байланыс орната бастағаны да сол жылдар ғой. 2009 жылы Ұлттық банк пен Қаржы министірлігінің бастамасымен осы­нау қаржылық бағытты дамытудың нор­мативтік-құқықтық құжаттары заңдас­тырылды, яки, арнайы заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, ислам қаржы­лан­дыруының жұмыс істеуіне толық негіз жа­­­­салды. Сол кезде Қазақстанда Парсы шы­ғанағы елдерінің банкі Al Hilal банкі ашыл­ған. Қазақстандық кәдуілгі банк Заман Банктің ислам банкіне айналуы да сол кезеңге сай келген. Онан кейінгі нақты қадам ретінде Қазақстан Даму Банкінің ал­ғаш­қы ислам құнды қағаздарын Қор бир­­жасына шығаруын айтуға болады. Сукук құнды қағаздары малайзиялық Қор бир­жасына шығарылып, оның негізгі бө­лігін малайзиялық инвесторлар, ал үш­тен бір бөлігін қазақстандық инвесторлар алған.
Неге Малайзия десек, жалпы Ислам қар­жыландыруының даму бағытына қара­сақ, әр аймақта осы қаржыландыруды аса қарқынды немесе орнықты дамытып отыр­ған елдер бар. Таяу Шығыстағы Араб елдері, Оң­түстік Азиядағы Пәкістан, Оңтүстік-Шы­ғыс Азиядағы Малайзия мен Индо­не­зия, Еуропадағы Люксембург, Бельгия, Ұлы­б­ритания, Орталық Азиядағы түркі­тіл­дес елдер мен Тәжікстан, Ресейдің Татар­станы және Түркия. Африкадағы бірнеше ел, мұсылман елдерін былай қойғанда, оның ішінде, мәселен халқының басым бө­лігі христиан дінін ұстанатын Эфиопия. 
Бұлардың ішінде Малайзия мен Таяу Шы­ғыстағы ислам қаржы институттарымен Қа­зақстанның байланысы әу бастан-ақ жақ­сы дамыған, сондықтан Қазақстан Да­му банкінің алғашқы сукуктарын осы елде шы­ғару себебі де – осында.
Ислам қаржыландыруының ерекшелігі сол – онда өсімқорлыққа тыйым салынған. Ал кәдуілгі банктер болса, негізінен қар­жыға өсім қою арқылы пайда табады. 
Ислам діні бойынша, тек рұқсат етілген са­ла бойынша тауар мен қызметті өндіріп со­ны сату арасындағы маржаны ғана пайда ре­тінде көруге болады. Ислам қаржы­лан­дыруы саласы бойынша сарапшы Ерлан Бай­дәулет «Ислам қаржыландыруы тек мұ­сыл­ман үшін деген сөз емес. Ашық биз­нес жасайтын кез келген жан ислам қаржы инс­титуттарынан қаржы тарта алады» дейді.
Ислам қаржыландыруы туралы деген тү­сінік туралы да сарапшының айтары бар.
– Мен қаншама жылдан бері осы ислам жар­ғысы мен нормаларына негізделген инс­титутты зайырлы қоғамда ислам деген ат­пен атамауды ұсынып жүрмін. Индус­т­рия­ны ребрендинг жасаған дұрыс деп ой­лаймын. Мәселен, Түркияда мұндай инс­титут­тар (katylim) қатысушы банктер деп ата­лады. АҚШ-та non-usury (non-Riba) өсім­қор емес банктер дейді, Ұлыбританияда баламалы қаржы десе, Ресейде серіктестік қар­жыландыру дейді, Мароккода әлеу­мет­тік немесе өсімқор емес банк деп аталады. Ма­лайзиядағы жергілікті ислам банк­те­рі­нің ірі клиенттері жергілікті қытайлар екен. Ағылшындар баламалы қаржы инс­ти­туттардан ипотека рәсімдейді. Ал Қазақ­стан­дағы ислам банкингінің ең сәтті клиен­ті ретінде белгілі астық өндірушінің ұл­ты орыс болғаны есімде қалыпты, – дейді ол.

Тең жағдай жасалынбаған

Қандай да бір қаржы бағыты дамуы үшін арнайы алғышарттар болуға тиіс, ол – сол өнімге сұраныс, оның заңдық негізі және реттелуі. 
Қазақстандағы ислам қаржыландыруы заңдық негізі мен реттелуі тұрғысынан еш қиын­дықсыз дамуға жол алды. Жоғарыда айтқанымыздай, заңдық негізі 2009 жылы рет­теліп, арнайы заңға өзгеріс енгізіліп, заң­дастырылды. Реттеу тұрғысынан да ұпайы түгел. Қазақстан юрисдикциясында және «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығы аумағында реттеледі. Естеріңізге сал­сақ, Қазақстанда қаржы қызметтерін рет­теудің екі юрисдикциясы бар. Біріншісі – өзі­міз білетін қазақстандық нарық. Өзіміз күн­де қызметін пайдаланып жүрген банк­тер мен қаржылық ұйымдардың қызметін Қазақстанның Ұлттық банкі, Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі және Қар­жы мониторингі агенттігі қадағалайды.
Мұнан өзге «Астана» Халықаралық қар­жы ұйымы юрисдикциясы бар, ол қазақстандық заңдардың емес, өзінің ере­желері шеңберінде жұмыс істейді. Ал ере­желері ағылшын құқығы мен қазақ­стан­дық заңдардан құралған синтез десек бо­лады. Қазақстандық қаржы реттеушілері де, АХҚО қаржы реттеушісі де ислам қар­жы­ландыру бағытына арнайы жағдай жа­сап, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Алайда елдегі ислам қаржылан­дыруы­ның жалпы ауқымы Қазақстанның юрис­дик­циясындағы 2 банк пен қаржы ұйы­мы­ның және АХҚО аймағындағы  2 банк пен бір­неше қаржы компаниясының ауқы­мы­мен ғана өлшенеді. Оның өзі 30 млрд тең­ге­нің о жақ, бұ жағы. Нақты сомасын екі юрис­дикция да беруге асықпайды. Ал Қа­зақ­станның банк секторының ауқымы был­тыр 49 трлн теңгеден асып жығылғанын ескерсек, ислам қаржыландыруының үлесі тіп­ті түк емес екенін көресіз.
Бұл арада қалыптасқан тағы бір пара­докс туралы да айтпау мүмкін емес. Мә­се­лен, АХҚО 2018 жылы өз жұмысын баста­ды, бірақ оның юрисдикциясындағы ис­лам­дық қаржы компаниялары Қазақстан ау­мағы тұрғындарына қызмет көрсетуге ар­найы рұқсатқа тек 2021 жылдың жел­тоқ­санында ғана ие болды. Дәл сол уақытта қа­зақстандық реттеушілер мен АХҚО ара­сында арнайы Валюталық Акт деген атқа ие құжатқа қол қойылды. Бірақ ол рұқсат да толыққанды болмады, өйткені, ислам қар­жы ұйымдары қызметін тек АҚШ дол­лары ретінде ғана көрсете алатын. Мейлі, ол валютамен қызметті АХҚО-да тіркелген өзге шетелдік компаниялар пайдалана ала­ды делік, ал қарапайым қазақстан­дық­тарға онд­ай қызметтің қажеттілігі шамалы болуы мүмкін.
Биыл ақпан айында ға­на ислам қаржы ұйымдарына теңгемен жұ­мыс істеуі мүм­кін­дігі берілді. Қазақ­стан­дық қаржы рет­теу­шілері мен АХҚО  Ва­лю­та­лық Акті­нің екін­ші бөліміне қол қойды.
Біз әңгімелескен келесі сарапшымыз Азат Өтепбай OD Consulting компания­сы­ның негізін қалаушы және басқарушы ди­рек­торы. Оның компаниясы АХҚО айма­ғын­дағы қаржы компанияларын тіркеуге маманданған. 
– Ислам қаржы ұйымдарының өз қыз­ме­тін кеңірек тарата алмай отыруының се­бебі қазақстандық қаржы ұйымдары мен ис­лам қаржыландыру ұйымдарына теңдей жағ­дай жасалынбағанынан деп түсініңіз, – дейді Азат Өтепбай. 
Оның айтуынша, ислам қаржылан­дыруы бойынша компаниялар үшін Қазақ­стан нарығына кіру құны кәдімгідей қым­бат. 
Қазақстанда жұмыс істейтін кәдуілгі банк­тер мен исламдық қаржыландыру саласындағы компаниялар үшін шарттар бірдей емес.
Жалпы, кәдуілгі банк пен Ислам банкі ара­сындағы негізгі айырма­шы­лық – Ислам бан­кі пайыздық үстемемен пай­да таба ал­майды, исламда бұған тыйым са­лынған. Сон­дықтан да исламдық қаржы­лан­дыруды «этикалық қаржыландыру» деп си­паттау кең тараған. Ал қазақстандық дәс­түрлі банктердің барлығы қаржының үс­ті­нен үстеме салу арқылы пайда табады. 
Енді салыстырып қараңыз, егер  Ислам бан­кі қызметін пайдаланғыңыз келетін  Қа­зақстанның азаматы болсаңыз, сіз елі­міздегі банктердің қай-қайсысына бар­саңыз да, ол жерден ислам қаржы құрал­да­рын пайдалана алмайсыз. Ол үшін сіз АХҚО банкіне келуіңіз керек. АХҚО бан­кіне келгеніңізбен, ол банк сіз қалаған қыз­метті көрсете алмауы мүмкін. Өйткені, ол күні кешеге дейін тек доллармен жұмыс іс­теуге құқылы болды. Ал қарапайым қа­зақ­стандыққа доллармен жұмыс істеу  тиім­ді емес, ол депозитін теңге түрінде сал­ғысы келеді, несиені теңге бойынша алу­ға мұқтаж, көлігін теңгемен сақтан­дыру­ды қалайды, түптің түбінде үйінің ком­муналдық төлемін теңгемен төлеуге  тиіс. Бірақ бұл қызметтердің қай-қайсысын да АХҚО банкі жүргізе алмайды. Сондықтан қазақстандық азамат кәдуілгі банкке ба­рып, өзіне қажетті қызметті алуды жалғас­тыра бермек.
– Ислам банкінің дамуына негізгі ке­дер­­гілердің бірі ислам «терезесінің» ашы­луы­на тыйым. Қазақстандық банктер өздерінің бар инфрақұрылымы негізінде ислам құ­ралдарын пилоттық режимде тестілей ал­майды. Ал инвесторлар келіп, осы рынокті ашу жолындағы әр этапта қиындықтарға кезігіп тұрады. Нарыққа кіру құны қымбат. Осы күні кешеге дейін АХҚО-да ислам бан­кин­гі лицензиясын алу үшін пруден­циал­дық талап 10 млн АҚШ долларынан, ал ис­лам қаржыландыруы ұйымы үшін 2 млн АҚШ долларынан басталатын еді. Қазір бұл талаптар сәл оңтайландырылды. Енді ис­лам­дық банкингті бастау үшін 5 млн АҚШ дол­лары, ал исламдық қаржылық ұйым­да­рын ашу үшін 100 мың АҚШ доллары (тек өз қаржыңмен жұмыс істеген жағдайда),  500 мың АҚШ доллары (егер өзге тараптың  қаржысын пайдалансаң) болып жеңілде­тіл­ді, – дейді ол. 
Азат Өтепбайдың айтуынша, қазақ­стан­дық микронесиелік ұйымдар мен ис­лам­дық ұйымдарды салыстырсақ, қазақ­стан­дық компанияның минималды жар­на­лық капиталы 200 млн теңге, бұл деге­ніңіз,  500 мың АҚШ долларынан да аз. Әрі олар бұл қаржыны қаржыландыруға жұм­сай алады. Ал исламдық қаржы ұйым­дары­ның  күні кешеге дейін пруденциалдық норматив бойынша 2 млн доллар жарнасы болу­ға тиіс еді, әрі жарнасын «қатырып» қоя­ды, тиісуге тыйым салынған.
Бұған қоса, Азат Өтепбай лизингтік, ак­­­ция шығару (сукук), бөліп төлеу құрал­да­ры (рассрочка) бойынша тең емес жағ­дай­дың қалыптасқанын айтады. 
– Лизинг қызметін алайық, Қазақ­стан­дағы кез келген жауапкершілігі шектеулі се­ріктестік (ЖШС) компаниясы ескертпе беріп, лизинг қызметін бастап кете алады, оған жарналық капитал бойынша талап бол­майды. Ал ислам лизингі Иджарамен ай­налысатын компания өз қызметін бас­тар кезде одан ең алдымен Акционерлік Қо­ғам (АҚ) құруды талап етеді, жарғылық капиталы болуы шарт,  корпоративтік бас­қару бойынша міндеттемесі болады десек, Директорлар Кеңесін құруға,  әрі қарай есебін жариялауға тиіс.  Қазақстан Қор бир­жасында Сукук, яғни, биржада обли­га­ция шығаруға қатысты талаптары да қазақ­стан­дық компаниямен салыстырғанда, тең емес.
«Ал енді бөліп төлеу (рассрочка) құра­лын алайық, егер исламдық компания осы құрал бойынша жұмыс істейтін болса, оған Ис­лам банкінің лицензиясы қажет, өйткені, кез келген сауда іс-шарасынан қосымша құн салығы алынады. Бұған қоса, Ислам бан­кін құру дегеніміз оның жарнасына мил­лондаған доллар салу деген сөз, оның не­сиелік портфелі үшін жұмсалатын қар­жысы бар. Сондықтан да Buy Now Pay Later (BNPL) қолма-қол қаржыландыру құрал­дарын іске қосу қиын болды. Қазір ғана оған мүмкіндік беріле бастады. Ол Валю­та­лық Актінің аясында ғана мүмкін болып отыр», дейді сарапшы.
Бірақ Азат Өтепбайдың айтуынша, бө­ліп төлеу құралы халық арасында көбірек сұранысқа ие мүмкіндігі болғанымен, оның сыртында тәуекел де тұр.
– Біздің елде осы құралмен алынатын қа­рыздың қайтарылмау көрсеткішінің жоғарғы екенін ескерсек, бұл тиімді қар­жы­лық құрал емес. Бәлкім, біз шағын және мик­робизнесті  қаржыландыруымыз қажет шығар, өйткені, бұл кәсіпкерлікті қолдап, қо­ғамға пайдалы құрал болар ма еді? – дей­ді Азат Өтепбай.

Екі лицензия бар

Қазақстандағы ислам қаржыландыруы «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО)  реттелетінін жоғарыда жаздық.
АХҚО аумағында исламдық қаржылық қыз­метке мүмкіндік беретін  екі лицензия бар. 
Біріншісі – исламдық банкинг, яғни, депозит ашып, шот жүргізу қызметтері. Екіншісі – ислам қаржыландыруы.
Осы ұйымның Қаржы реттеушісі Astana Financial Services Authority (AFSA) мәліметтеріне сүйенсек, ислам қар­жы­лық компаниялары, активтерді басқару компаниялары, ислам брокерлік-дилерлік компаниялар және ислам сақтандыру ком­паниялары АХҚО қатысушысы атана ала­ды. «Ислам қаржыландыруы құрылыс, сау­да, туризм салаларын қамтиды, 3.3 млрд тең­гені құрайды. АХҚО юрисдикциясында Ұлы­б­ритания, АҚШ, Малайзия, Бахрейн, Катар, Ресей (Татарстан) және Қазақ­стан­ның компаниялары тіркелген. Жергілікті Al Saqr Islamic Bank Ltd., Kazakhstan Islamic Finance Company, Alif Islamic Bank ұйым­дары АХҚО реттеу лицензиясына ие» де­лін­­ген AFSA баспасөз қызметінің мәлі­ме­тін­де.

Маман керек!

Бұл саланың әрі қарай дамуына қа­жет­ті шарттар туралы сарапшылар­дың пікіріне тағы бір мәрте құлақ астық. 
Сарапшы Ерлан Байдәулеттің айтуын­ша, билік, әсіресе, орталық реттеушілер  ис­лам қаржыландыруының негізгі бағы­тын, яғни, экономиканың қаржылық ме­ха­низмінің ажырамас бөлігі екенін түй­сі­ніп, бүкіл экожүйенің құрылымдалып бітуі үшін қолдаулары қажет.
– Бұл саланы жүйелі түрде қолдаудың та­ғы бір мысалы, ислам қаржыландыруы өз­ге де кәдуілгі банк қаржылық механизм­де­рі секілді мемлекеттік қолдауға ие бол­уын мойындау қажет, мәселен, салықтық бей­тараптық, бұл тұрғыда Британ Дос­та­с­ты­ғы елдері арасында ислам қаржылан­дыруын енгізудегі ағылшын құқығы пай­да­лы болуы мүмкін, – дейді ол. Салықтық жос­парлау мен құрылымдауды қайта қа­рас­тырған жөн. 2010-2011 жылдары біз салық комитетін ислам қаржылан­дыруын­дағы саудалық мәмілелерден салық алмау бойынша көндіре алмадық. Ислам инс­ти­туттары онсыз да нағыз сауда құралдары, егер оларға салық төлетсек, ол екі есе са­лық­қа айналады. Демек, қызмет құны қым­баттайды. Сондықтан Экономика және Қаржы министрліктері ислам қаржы­лан­дыруына салықтық бейтараптықты ұстан­ғысы келсе, практикалық және техникалық көмек үшін бұл арада АХҚО-ның ағылшын заңы бойынша тәжірибесін пайдалануға бо­лар еді, –  деген пікірін де қосты.
Сарапшы Азат Өтепбайдың айтуынша, ис­лам қаржы ұйымдарының мәселелерін шешу үшін реттеушілер бір­тіндеп келісімге келіп, ислам қаржы ком­паниялардың бір-бірінің юрисдикция­сына көрсететін қыз­мет­терін өзара жеңіл­дету, оңтайлан­дыруды жүргізіп келеді.
– Дәстүрлі банктердегі «ислам тере­зе­сі­нің» ашылуы осы бағыттағы қызметтің кеңеюі­не әкелер еді, – дейді ол.
Сарапшы «қазір шариғат бойынша кон­сультанттардың аздығы да көзге көрінеді» дейді. 
– Ондай мамандар кәдімгі қаржылық қыз­метті де білуге тиіс, ислам нормалары бойын­ша қаржылық қызметті реттеуден де ха­бардар болуы қажет. Бұған қоса, ондай кон­сультанттар ағылшын тілін де меңгеруі ке­рек. Өйткені, АХҚО аймағындағы қаржы ұйымдарына қызмет ағылшын тілінде ғана көр­сетіледі. Осындай мамандарды тек кей­бір араб елдерінен ғана тарта аласыз, бірақ қызметі қымбат, жылына 30-50 мың АҚШ дол­лары көлемінде. Ресейдің Татарста­нын­да қаржы саласын да, шариғаттың қаржыға байланысты талаптарын да меңгерген ма­ман­дар бар, бірақ олардың ағылшынша­сы жетпей жатады, – дейді ол. 
                                               

Гүлнәр Мұқанова, 
журналист