Тіл-ғұмыр: Лейтенант. Академик. Президент

Әлі есімде, өзіңді ат үстінде емізіп барып, шіл­дехана тойыңды Тастыбұлақ жайлауына барғаннан кейін өткізгенбіз» деп қайталап ескертуден жалықпайды екен. Шынында, азамат Ә.Туғанбаев 1925 жылдың мамыр айы­ның соңғы күндерінде дүние есігін аш­қан екен...

Тіл-ғұмыр: Лейтенант. Академик. Президент
сурет: turkystan.kz
1819

1924 жыл 13 желтоқсан. Бұл ұстазымыз Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаровтың туған күні. 95-ті толтырып, бақиға аттанғанша жылда шәкірттері қаумалап, қолын қысып, «бір жасыңызбен!» деп қуантып қайтушы едік. Соңғы демі таусылғанша санасы тұнық, қолынан қаламы түспеген «ағайымыз» сәл жымиып қойып, жықпыл-жықпыл ұзақ ғұмырының қызықты да шыжықты тұстарын жеңіл әзілге бұрып, өзін-өзі жұбатқандай күй кешіп отыратын. 

Толарсақтан қан кешіп, төрт жыл май­даннан «Ол­жабай» болып аман-есен оралған соң, 1946 жылғы 13 желтоқ­са­нда қолына тұңғыш рет азамат ре­тін­де паспорт-құжат тиеді; сол күн ресми ту­ған күні болып, ата-тегі де теріс түсіп, бұйыр­ғаны маңдайына жазы­лып­ты. Шын мә­нінде ол Қайдарұлы Туғанбаев болуы ке­рек екен... Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ана­сы Жанбала да жылда желтоқсанда: «Оу, ба­лам, сені туған анаң мен бол­сам, жазда... жоңыш­қаны екі рет шауып алып, ел жай­­лауға көшіп жатқанда туған болатынмын.

Әлі есімде, өзіңді ат үстінде емізіп барып, шіл­дехана тойыңды Тастыбұлақ жайлауына барғаннан кейін өткізгенбіз» деп қайталап ескертуден жалықпайды екен. Шынында, азамат Ә.Туғанбаев 1925 жылдың мамыр айы­ның соңғы күндерінде дүние есігін аш­қан екен...

* * *
Жалпы, Әбекеңнің жанына ауыр тиетін әңгіме ауыртпашылығы мол балалық шағы, қан майданда, от орта­сын­да өткен төрт жылы, «жезде» болған (на­ғашыларының айтуымен) әкесі Қай­дар­дың соғыста «хабарсыз» кетуі-тұғын. Қай­ран әкенің 1942 жылы 1 желтоқсанда Ре­сей­дің Великие Луки қаласына жақын жер­дегі Плеханово селосы маңында опат бол­ғанын ғаламтор іске қосылып, жайсыз ақ­параттар жалпақ елге жайыла бастаған кез­де бір-ақ білген еді. Қазақстанда жасақ­талып, сау тамтығы қалмаған 100- және 101-атқыштар дивизиясының қасіретті тағ­дыры әлі күнге толық ашылмаған бүгінгі күн­де осы «жіптің бір ұшының» табыл­ға­ны­ның өзі де ана мен бала көңіліне едәуір демеу болды. Өйткені  сол бір ызғар­лы күндерде бір дастарқаннан дәм татып, бірге өріп жүрген төрт еркек сыпырылып әскерге алынғанда, жалғыз басы сопайып су ішерлігі бар Әбекең ғана елге оралған еді. 
Өмірде адам айтса сенгісіз жайттар бо­лып жатады. Сол 1942 жылдың соңында со­ғыс даласына енді бет алған қатардағы жауынгер Әбдуәли оқ атқан, от көрген сол­дат әкесімен кездейсоқ ұшырасып қа­лады. Құмырсқаның илеуіндей мың-миллион адамды ұршықша иірген тағдырлар са­пы­рылысында, жат өлкеде әке мен баланың көр­ген түстей қас қағымдық кездесуі, дұ­рыс­тап амандасып та, құмары қанып арыз­даса алмауы да – шынында Алланың бір көр­сеткен «кәрәматы», Жасағанның пен­десіне берген сыйы деуге келетіндей... 
Аласа бойлы, қалың көзәйнекті, момын мі­незді Әбекең Жеңіс күндері кеудесін жар­қырата жауынгерлік орден-медальдарға тол­тырып кезекті парад-шеруге шыққанда көп алдында бірден тұлғаланып, зорайып кету­ші еді. Қаумалаған біз «Мына орденді қалай алдыңыз? Кімнің қолынан алдыңыз?» деп тәптіштей сұрай бастасақ, ұстазымыз әуелі үш мәрте ауыр жаралы болып, гос­пи­тальда жатқанын (алғашында 1942 жылы жел­тоқсанда Калинин майданында Торжок қаласында, ал 1943 жылы ақпанда Кальчу­ги­но елді мекенінде), бірақ ең ауыры 1-Прибалтика майданында контузия ал­ғанын, Құдай сақтап, қол-аяғы сау, аман қал­ғанына шүкіршілік айтатын. Соңғы жа­ралануы тіпті ауыр соғады: тілі кекеш­теніп, басы уақытша қалтылдап, селкілдеп қалады. «Екінші дүниежүзілік соғысының ІІ-топтағы мүге­де­гі» деген қолда құжаты болса да, басы бо­­­с­амай, әскери-инженерлік училищеге жол­данып, офицер шенінде қайтадан май­данға аттандырылады. Жауды шекарадан әрі асырып, Польшаны толық азат етіп, Гер­­­­манияның Штеттин қаласында 1945 жы­лы 2 мамырда соғыстың соңғы оғын атып, қанды қырғаннан аман қал­ға­ны­на сенер-сенбесін білмей, қуанғанын еске үне­мі алатын. Лейтенант шенді жап-жас офи­цер болғандықтан әскери қыз­меттен бо­сай алмай, 3-4 ай Польша мен Батыс Украи­нада сапта болып, кейіннен Орталық Азия әскери округінің қарамағына Таш­кент­­ке ауысып, 1946 жылдың ортасына дейін Тәшкен–Ходжент–Ленинабад қала­ларында қызметін жалғастырады. Сол кез­дің заңы бойынша ол офицер ретінде 25 жасқа толғанша әскер қатарында болуы шарт еді...
Майдан даласында алған үш бірдей әскери ордені бар 21 (мүмкін 20) жастағы май­дангер сәтін салып бір айлық демалыс алып, 1946 жылдың мамырында елге, Алма­ты облысы Еңбекшіқазақ ауданына, Есік қа­ла­сына, Көктөбе ауылына оралады. Кеңес Одағы заманында, Сталин билігі ке­зін­де жалпыға бірдей қабылданған заң­дар­дың қатал орындалғанын білеміз. Соғыс жеңіс­пен аяқталғанымен офицерлік құ­рам­ның әскерден толық босануы, яғни де­мо­билизациялануы үшін үш бірдей шарт орындалуға тиіс болатын. Біріншісі – ден­саулық жағдайы. Әлі контузиядан толық айықпаған, қолындағы «Екінші дүниежүзі­лік соғысының ІІ-топтағы мүгедегі» құжа­тын аудандық әс­­кери-медициналық ко­мис­сия қайта жаң­ғыртып куәландырады. 
Екінші шарт – әскерден ерте боса­ғы­сы келген офицер елде жетіспейтін мұға­лім болуы керек. 9 класты бітірген бала Әбдуә­ли 1941 жылдың қыркүйегінде сол кез­­­дегі өзі оқып кеткен аудан орталығы Есік қаласындағы Молотов атындағы жал­ғыз қазақ орта мектебіне барса, мұға­лім­дер­дің сыпырылып соғысқа кетуіне байла­ныс­ты 10-сыныптың сабағы тоқтатылған екен. Ол енді Түргендегі педучилищенің жа­­нында ашыл­ған 8 айлық мұғалімдер даяр­лайтын педкурстың физика-мате­ма­тика бөліміне оқу­ға қабылданады. Бірақ 1942 жылдың ма­мыр айының басында «еріктілер» қата­ры­на жазылған бозбала мобилизацияға іліккендіктен «Курсты бітірді» деген құжа­тын ала алмай қалады. Де­ма­лыстағы бір айын­да ол «Болашақ мұға­лім» деген құжа­тын заңдастырып, шарт­тың екінші бас­пал­дағынан да өтеді.    
Аттап өтуге болмайтын үшінші шарт – отбасылық жағдайы, оның мүшкіл тұр­мыс­тық халі туралы анықтамасы болуы шарт. Оның да оңынан шешілуі заңды-тұғын. Өйт­кені сол кездегі ауылда күн кешкен бар­ша қазақ отбасыларындай Әбекеңнің үй-іші де тек шешесінің ет тірілігімен ғана іл­­дебайлап күн кешті. Күйеуі соғыстан орал­­маған, 36 жасында жесір қалса да мойы­­маған, 8 ұл, бір қыз тапқанымен бес-ал­­тауын шешек жұтқан, бір үйлі жанды (ене­сін, ауру келінін, төрт баланы) жал­ғыз өзі бағып-қаққан Әбекеңнің анасын біз де көрдік. Шүйкедей кейуана да 95 жас жа­сап, ауырып-сырқамай, ешкімге сал­ма­ғын салмай, ұрпақтарымен қоштасып, соң­ғы өсиетін айтып, баласының қолында көз жұмды. 1999 жылдың қыркүйегінде Тіл бі­лімі институтының қызметкерлері ұста­зы­мыздың аяулы анасына көппен бірге топы­рақ салыстық...
Бәріміз де соғыс жылдарындағы ауыл өмірі, кемпір-шалдар мен жап-жас қал­ған жесірлердің жансебіл тіршілігі тура­лы хикая кітаптардан оқып-білдік. Кол­хоз­дың он екі ай, 365 күн бітпейтін қара жұ­мы­сы, жарытымсыз еңбеккүн, «қара қағаз» кел­се де жылап-сықтап жарының аман-есен келуінен бір сәт үмітін үзбеген, олар­дан қалған тұяқтарды тістеп жеткізген аяу­лы аналар болмаса, бүгінгі күнді басым кө­біміздің көрмейтініміз айдай ақиқат болатын...
Сондай қазақтың маңдайына жазылған асыл ананың бірі – жарықтық Жанбала әже­міз туған-туыс, айнала жұртты жарыл­қа­­ған атақты ісмер болған екен. Сірә, Әбе­кең­нің қолы ұсынықты, шебер суретші, кез кел­г­ен аспапта ойнайтын сазқұмарлығы сол кісіден жұқса керек. Оның үстіне 1944 жылдың қақақан аязында ауылға әкеліп төккен шешен-ингуштардың Ғалағаевтар  отбасын (ата-анасы, қос бірдей ұлы­мен) қамқорлығына алып, үй ішінен үй тігіп беріп, 1958 жылға дейін асырағанын айт­пай кету мүмкін емес. Шын мәнінде, жар­ты құрт­ты бөліп жеген, адамзат бала­сын ала­ла­май шын сүйген қазақ анасының мейірі­мін барша әлемге паш еткен бұл риясыз көңіл, шексіз дархандық босқа кет­кен жоқ: қос ұл – Ахмет пен Магамед қазақ мек­те­бін­де оқыды, әсіресе Қарағанды Жо­ғары ми­лиция мектебін тәмамдаған, үлкені кейін Шешенстен Республикасының Ішкі іс­тер министрінің орынбасары болса да, қа­­зақтың дәм-тұзын ұмытпай, анамыздың бір баласындай, «апалап», «апатайлап» өтті... 
Қош, ұзарып кеткен баянымызды қыс­қар­тып, аталған үш шарттың мүлтіксіз орын­далғанын айтсақ та, бұл «жыр» оңай­лықпен бітпеді. Әуелі Алматы облыстық ат­қару комитетінің төрағасы Ә.Әбсат­та­ров­­тың алдын көріп, оның ақыл-кеңесімен Қа­зақ КСР Кеңесінің Төрағасы Қазақ­баев­тың қабылдауында болып, әупірімдеп 1946 жыл­дың ортасында ғана заңды түрде де­моб­лизацияланады. 
Сол Жеңіс күндері бір жағынан ұста­зы­мыз­­дың көңілін аулап, бір жағынан артық ауыз сөзге жоқ Әбекеңді сөйлеткіміз келіп, омы­рауындағы ордендердің тарихын сұ­рай­мыз ғой, баяғы. Орден демекші, Әбе­кең­нің сөзінен білгеніміз, ел билігі сол тұста 1947 жылдың соңына дейін әрбір орден-ме­далға кесімді сыйақы, қосымша қаржы тө­леп тұрған екен.
Алғашқы орден – ІІІ дәрежелі «Даңқ» ор­дені солдаттар мен кіші командирлерге (аға сержант, старшиналарға дейін) бері­ле­ді екен. 1944 жылдың басында аға сер­жант Ә.Қайдаров 12 адамның басшысы, ав­то­матшылар бөлімінің командирі бо­ла­ды. 900 күн жанқиярлықпен қорғанған ле­нинг­рад­тық өрендерді құрсаудан құт­қару үшін 1-Прибалтика майданындағы қиян-кескі ұрыс, жан алып, жан беріскен текетірес. Қар­ға адым жылжу мұң. Жауды кейін ысы­рып, олардың шеп-траншеялары­на орны­ғып, кезекті төбені бірнеше күн қорғап жа­тады. Күніне бірнеше рет жау шабуылына той­тарыс береді, оқ-дәрі тау­сыла бастайды. Ке­зекті бір жойқын шабуыл кезінде жау қо­лындағы сүйретпе пулемет қақ ортада, «бейтарап зонада» қалып кетеді. Оны көзі шал­ған рота командирі пулеметті оқшан­тайы­мен бірге кім алып келеді де­ген­де, Әбекеңнің қарамағындағы украин сол­даты П.Кононенко «Мен!» деп саңқ ете­ді. «Өлім­­нен ұят күшті», Әбекең де алға ұмсы­на­ды. Жер бауырлаған қос жауынгер, жаң­быр­дай жау­ған оқ астында пулеметті сүйреп жет­кізе­ді. Іле-шала лап қойған ке­зек­ті жау шабуы­лына тойтарыс беруге олжа пулемет кә­дім­гідей демесін болады... Шабуыл, оған той­тарыс беру жалғасып жатады. Соғыс сая­бырсыған бір сәтте: «Тік тұр! Комдив ке­ле жатыр!» деген бұйрық ес­тіледі. Жаны­на рота командирін, адъю­танттарын ерт­кен дивизия командирі бір­ден Әбе­кең­дер­дің жанына келеді. «Пуле­метті жеткізген жан­қиярлық ерліктеріңді дивизия штабы ба­ғалайды. Рахмет сіздерге! Құттық­тай­мын!» деп адъютантына иек қа­ға­ды. Ол қоб­дишасынан екі тал ІІІ дәре­желі «Даңқ» ор­денін шығарып, көптің көзінше П.Коно­нен­ко екеуінің омырауына қадай­ды... Осы­лай­ша, үш жыл толарсақтан қан кеш­кен май­дангер аға сержант алғашқы жауын­­гер­лік орденге ие болады...
1944 жылы сәуірдің басында 1-При­бал­тик­а майданында қатты контузия алып, Ярославль госпиталіне түскен жас жауын­гер, сол жылдың мамыры мен 1945 жылдың ақ­панына дейін Кострома қаласында әс­ке­ри-инженерлік училищеде оқып, лейтенант ше­­нінде сапер, понтонер мамандығын алып шығады. 9-айрықша моторлы пон­тон-көпірлі батальонның басқару взво­ды­ның командирі болып тағайындалады. Бұл со­вет армиясының атақты «Одер опера­ция­сын» жүзеге асырған кезі-тұғын. Батыс («Ост Одер») және Шығыс («Вест Одер») Одер өзендерінен немістер қиратып кет­кен көпірлерді қалпына келтіріп, понтонды сал тұрғызып, алып судан қарулы қол мен сам­саған техниканы өткізу, әрине, оңай іс емес еді. Осы операция кезінде инженер бар­­­­­лаушы, жобалаушы ретіндегі жанқияр­лық өжеттігі үшін лейтенант Ә.Қайдаров «Қы­зыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Осы­лайша, жап-жас қазақ офицерінің кеу­де­сінде қос ордені жарқырап, барша сол­дат­тарға үлгі болады. «Одер опера­ция­сы­ның» сәтті табысы үшін тапсырылған екін­ші «Қызыл жұлдыз» ордені иесіне 1947 жы­лы, туған жерінде табысталады. 
Ал І дәрежелі «Отан соғысы» ордені Ұлы Жеңістің құрметіне 1945 жылы берілсе, ІІ дәре­желі «Отан соғысы» орденімен 1995 жы­лы Жеңістің 50 жылдық мерейтойына орай марапатталады. Майдангер лейтенант Ә.Қайдаров 4-5 жауынгерлік орден иегері, со­ғыс ардагері атанады. Оның өміріндегі «Ұлы Отан соғысы» эпопеясы осылайша тә­мам болады.

* * *
Ұстаздық жолды таңдаған, үстінен жалғыз тал әскери киімі түспейтін май­дангер 1947-1951 жылдары аралығында он­жылдық мектепті жедел-экстренді, Қа­зақ мемлекеттік университетінің фило­ло­гия факультетін төрт жылда (озат оқыған жасы үлкен студенттерге бір жылда екі жыл «ат­тауға» рұқсат берілген) жедел бітіріп шы­ғады. Онымен тоқтамай 1951-54 жыл­дары Ғылым академиясының Тіл-әдебиет институтының аспирантурасына түседі.  Академия Президенті Қ.Сәтбаевтың наза­ры­на ілігіп, ол Әбекеңе жаңа бағыт – «ұй­ғыр тілі» мамандығын таңдауды ұсынады. Со­ғыс жылдарында Қазақстанда тұрып, қа­зақ ғылымына елеулі үлес қосқан, әлемге әй­гілі түркітанушы Сергей Ефимович Ма­ловқа шәкірт бол деп Ленинградқа жолдай­ды. талапты жасты жылы қабылдаған жа­сы біршамаға келген ғұлама ақсақал: «Мен саған номинальды жетекші болайын. Саған шын мәнінде жолбасшы болуға лайық­ты ғалым, жиі кездесіп тұруға да өзіңе қо­лай­лысы ұйғыр тілінің үлкен біл­гірі, Қырғыз академиясының академигі, атақ­ты про­фес­сор Константин Кузьмич Юда­хин», – деп қо­лына хат жазып беріп, бір­ден Фрунзе қа­ласына ұшуға кеңес бере­ді. Сөйтіп, қос даңқты түркологтың тел шә­кірті болған Әбекеңнің алғашқы ғылы­ми жұмыстары, кітаптары, диссертация­лары ұйғыртану тақырыбына арналады. Біз шәкірті ретінде анық білетініміз – сонау 1951 жылдан бас­тап Әбекең 70 жылға жуық со­зылған са­на­лы ғұмырын екі-ақ мақсатқа арнады. Бі­рін­шісі – табан аудармай Ғылым акаде­мия­сы­ның (1961 жылы жеке шаңырақ көтер­ген) Тіл білімі институтын көркей­туге, көгертуге жұмсаса, екіншісі – қазақ ті­лі­нің сөздік қо­рын, барша байлық-қазы­на­сын жи­нас­тыруға арнады. Қашанда Әбе­кеңнің жұмыс ка­бинетінде,  алдында бес­жылдықта ат­қара­тын жұмыстарының жо­ба-тізімі тұ­ра­тын. Жасы ұлғайған ша­ғын­да жобалаған он­даған кітап-зерттеуінің «Қа­зақ тілінің этимология сөздігінен» бас­қа­сын тәмамдап, жарыққа шығарып үлгер­ді. Үш томдық «Ана тілі әлемі» атты этно­лин­гвистикалық сөз­дігі, «Қос сөздер сөз­дігі», «Халық дана­лығы» атты мақал-мә­тел­дер туралы зерт­теуі, «Қазақ қандай халық?», «Қаң­лы», «Структура односложных корней-ос­нов в казахском языке» сынды күрделі мо­­нографиялары және басқа іргелі туын­ды­лары оның шексіз еңбекқорлығын, ана тіл­ге деген ерекше құрмет-ынтасын көр­се­те­ді. Ол 20-дан астам ғылым докторын, жүз­ге жуық ғылым кандидаттарын, яғни не­гізінен қазақ тіл білімі мамандарының тұ­тас буынын дайындады. Қазақстан Ғы­лым академиясының толық мүшесі (1983 жылдан), Мұстафа Ата Түрік атындағы Ұлт­­тық Түрік академиясының (1989) және Баш­құртстан Ғылым акдемиясының Құр­мет­ті академигі, Ш.Уәлиханов атындағы Мем­лекеттік сыйлықтың иегері (1971) атан­ды.

* * *
Қадірлі ұстазымыз Алла сыйлаған ұзақ ғұмырында үш дәуірді, ел басынан кешкен бел-белес кезеңдерді басынан өткерді десек бол­ғандай. Біріншісі – қазақ үшін қыты­мыр, қасіреті көп зұлматты сталиндік за­ман. Оны жалпы атаумен «лейтенаттық ша­ғы» десек болғандай. Екіншісі – еңбегі елен­ген, ғылыми шығармашылығы қарыш­та­ған «академиктік дәуірі». Үшіншісі – Тәуел­сіз Қазақстанда төрге озған, сый құр­метке бөленген «мерейлі президенттік ке­зеңі». Ол 1989 жылы алғаш құрылған қо­ғам­дық бірлестік – «Қазақ тілі» қоға­мы­ның тұңғыш басшысы болды. Ондаған ака­демик, Г.Бельгер сияқты білгір жазу­шылар сүйегіне коммунистік идео­ло­гия әбден сіңген мемлекеттік мекеме ди­рек­торының еліміздің бірінші басшысы 
Г.Кол­бинге қасарысып қарсы шыққан фе­но­менін түсіне алмай, «мемлекеттік тіл жал­ғыз қазақ тілі болсын» деп қасқайып қар­сы тұрғанын түсіндіре алмай кетті. Ал оның жауабы біз үшін айқын еді. Өйткені Әбе­кеңнің төрт құбыласын түгендеп, а­дын ар­шып, артын жауып тұрған біз, жаңа буын, Желтоқсаншылдар бар едік. Ерден, Ға­рифолла, Тоқтасын, Аманқос сынды жүз­деген, мыңдаған азаттық аңсаған алашшыл ұлт­шылдар («ұлтшыл» деген ол тұста өте қор­қынышты, ат үркетін атау еді) өсіп шық­қан еді. Бодандық таңы атпаймын десе де, бостандықтың күні туған жаңа заман кел­ген еді. Әбекеңнің көрегендігі, даныш­пан­дығы сол – ол жастардың үніне құлақ асты, айтқанға көніп, мүлдем жаңа заманға бейім­делді. Осылайша, қанкешкен майдан­гер өмірінің соңы біздің буынның да таңы атқан, күні шыққан жаңа заманға ұласты. Елің­нің еркіндігінен, мемлекетіңнің тәуел­сіз­дігінен, азаматтардың азаттығынан ар­тық не бар, бұл жалған дүниеде!?.
Бүгінгі Жеңіс күнін, ата буынға жата­тын академиктің ғасырлық тойын осын­дай оптимистік ұлтшыл рухта түйін­де­генді жөн көрдік. Өйткені аталар жүріп өт­кен жол, бүгінгі біздің тіршілігіміз, бола­шақ буынның ертеңі баршамызға ортақ. Ол – қазақтың жолы, Қазақстанның бола­ша­ғы.

Ғарифолла ӘНЕС,
филология ғылымдарының докторы, 
Халықаралық Айтматов академиясының
Құрметті академигі, 
профессор

 

Серіктес жаңалықтары