Бүгінде буллинг – балалар арасындағы жай ғана келіспеушілік емес, қоғамның ең өткір әлеуметтік мәселесі. Мектеп қабырғасындағы ұрып-соғу, қорқыту, мазақтау мен психологиялық қысым жасөспірімдердің денсаулығына, өз сеніміне және болашағына кері әсерін тигізетіні анық. Соңғы жылдары бұл құбылыстың ауқымы кеңейіп, мектептерде ғана емес, интернет кеңістігінде де белең ала бастады.
Былтыр Қызылорда облысы Шиелі ауданы Төңкеріс ауылындағы №158 мектептің 9 сынып оқушыларын 10 сыныпта оқитын балалар ауыл шетіне шақырып, әлімжеттік көрсеткені есімізде. Салдарынан ауыр жарақат алған 15 жасар Ерасыл Төребаев мезгілсіз қаза тапты.
Осы оқиғадан бір ай бұрын Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Мирас Мәлік мектеп ауласындағы әжетханада көз жұмған болатын. Марқұмның қазасына осы мектептің 9 сынып оқушысы күдікті деп танылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнауы керегін үнемі қайталайды. «Әр баланың үніне құлақ асуымыз керек» деп құзырлы органдарға бірқатар тапсырма да жүктеді. Буллинг мәселесінде таяқтың екінші ұшы мектеп психологтарына тиеді. Қоғамда олардың біліктілігіне күмәнмен қарайтындар аз емес. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова: «Психологиялық қолдау көрсету қызметіне тәуелсіз жұмыс істеу үшін мектеп директорына мүмкіндік беру керек. Себебі мектеп психологтары еңбекақыны мектептен алғандықтан, директорға бағынады. Сондықтан кейбір мәселелерді директорға жеткізуге міндеттеледі. Ал директорлар үндемей қоя салуды таңдайды» деген болатын.
Мектеп көп жағдайда өз ішінде өзі қайнап жатады. Мұғалімдер мен оқушылардың жетістіктері жар салып ашық айтылса, буллинг, төбелес, әлімжеттік мәселесіне келгенде сыбыр-сыбыр, күбір-күбірден аспай, жауырды жаба тоқып отыра беретіні шындық. Адам өліп жатса да, мектептің абыройы түспеуі керек. Бұл да бір позиция. Алайда адамның тәні мен жанын қинаудан асқан қылмыс жоқ екенін ескерсек, жабулы қазан принципі қылмыс екенін ұғынатын кез келді.
Шетелдік зерттеулер
Буллинг мәселесін алғаш зерттегендердің бірі – норвегиялық ғалым Дэн Олвеус (Dan Olweus). Бүгінде оның Olweus Bullying Prevention Program бағдарламасы әлем бойынша кеңінен қолданылады. Олвеус 1931 жылы Швецияда дүниеге келген, 1969 жылы Умеа университетінде балалар арасындағы агрессия тақырыбын зерттеп, PhD дәрежесін қорғаған. 1970 жылдан 1995 жылға дейін Норвегиядағы Берген университетінде профессор болады. Ғалымның буллингті зерттеудегі алғашқы қадамы – Солна (Швеция) қаласында басталады. Бұл – 900 бала қатысқан ірі ғылыми экспедициялық зерттеудің алғашқы кезеңі болатын. Осы жұмыстың нәтижесін 1978 жылы «Aggression in the Schools: Bullies and Whipping Boys» тақырыбымен жариялайды. Кейін «Bullying at School» кітабы мен негізгі концепциясы, ал 1993 жылы «Bullying at School: What We Know and What We Can Do» атты тәжірибелік зерттеуге негізделген кітабы жарық көреді. Бүгінде ол әлемнің 20 тіліне аударылған құнды еңбек. Бар өмірін балалар арасындағы агрессияға арнаған ғалым: «Буллинг – бұл басқа адамға қасақана, тұрақты түрде зиян келтіру немесе мазасын алу әрекеті. Мұнда шабуыл жасаушы мен құрбан арасында күш немесе билік теңсіздігі болады», – деп анықтама береді. 1983-1985 жылдар аралығында Берген мектептерінде шамамен 2 500 бала қатысқан пилоттық зерттеу жүзеге асырылады. Олвеус кешенді тәсілді енгізді, ол мұғалім, ата-ана, әкімшілік және оқушыларды қамтыды. Жобадан соң буллинг пен құрбан болу көрсеткіштері 50 пайызға төмендейді, мұғалімдер мен балалардың ара қатынасы жақсарып, сыныптардағы «атмосфера» өзгереді.
1990 жылдардың ортасында АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатында басталған зерттеу нәтижесінде 4-8 сыныптарда буллинг төмендеген және тәртіпсіздік азайған. Ал Пенсильваниядағы ең ірі пилоттық зерттеу (214 мектептен 72 000 бала қатысады) нәтижесінде буллинг құрбандарының саны айтарлықтай төмендеп, эмпатия жоғарылаған. Филадельфияда 12 бастауыш мектепте OBPP (Olweus Bullying Prevention Program) енгізілгеннен кейін үзіліс кезіндегі буллинг айтарлықтай азайған. Норвегияда 70 мектепте 2-8 жыл бойы OBPP сақталған, бұл уақыт ішінде оқушылар арасындағы буллинг деңгейі тұрақты түрде төмендеді.
Дэн Олвеустың 1970 жылдан бастап жүргізген зерттеулері буллинг мәселесін ғылыми тұрғыда ашып көрсетті. Оның бағдарламасы мектепте агрессия мен буллингті айтарлықтай кеміту жолдарын көрсетті. Бұл бағдарлама әлемдік білім беру жүйесінде буллингке қарсы ең сенімді, зерттелген және дәлелденген тәсіл. Олвеустың жұмысы буллингке қарсы ең кешенді және ғылыми негізделген тәсілдердің бірі ретінде әлемдік тәжірибеде кеңінен мойындалды.
KiVa Қазақстанға да келді
KiVa – Финляндияда 1990 жылдары әзірленген буллингке қарсы ғылыми негізделген мектептік бағдарлама. Атауы фин тіліндегі kiusaamista vastaan деген сөз тіркесінен алынған, мағынасы – «әлімжеттікке қарсы». Бағдарламаны 2006-2009 жылдары Турку университетінің профессоры Кристина Салмивалли әзірлеген, кейін бұл жобаны Финляндияның Білім министрлігі қолдаған. Бүгінде 20-дан астам елде (Италия, Чили, Уэльс, Нидерланд т.б.) қолданылады.
Бағдарлама барысында оқушыларға арналған арнайы 10 тақырыптық сабақ өткізіледі. Онда әлімжеттіктің не екенін түсіндіреді, құрбандарға көмектесу жолдарын үйретеді, видео, ойындар, рөлдік ойындар пайдаланылады, онлайн жаттығулар да қамтылған. KiVa-ның нәтижесі бойынша буллинг 50 пайызға дейін төмендейді, балалардың эмоциялық әл-ауқаты артады, мектептегі ахуал жақсарады.
Елімізде аталған бағдарлама былтыр 1 қыркүйектен бастап барлығы 110 мектепте іске қосылды. 2025-2026 оқу жылынан бастап жыл сайын шамамен 1 500 мектепке енгізілмек.
– KiVa жан-жақты зерттелген, тиімділігі ғылыми мақалалармен әлдеқашан дәлелденген жоба. Халықаралық қауымдастықтар буллингке қарсы бағдарламалар әрбір мектепке енгізілуі керек деп тұжырым жасайды. Мұндай кешенді бағдарлама болмаса, педагог бұл мәселемен жалғыз күресе алмайды, – дейді PhD, сарапшы, NIS Балалардың әл-ауқаты департаментінің директоры Динара Уалкенова.
Бала жәбірлеуші де, жәбірленуші де бола алады
– Буллинг – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау немесе қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер. Буллингке бейім балалардың мінез-құлқы 2 бағытта көрінуі мүмкін: булли (қудалаушы) және құрбан (қудаланушы). Екеуінің де мінез ерекшеліктері бар. Мәселен, булли билік жүргізуге құмар, басқалардың әлсіз тұстарын тез байқайды, ашуын жиі сыртқа шығарады, эмпатиясы төмен, өзін жоғары қояды, өзгелерді менсінбейді, үйінде де қатал тәртіп не зорлық көрген болуы мүмкін. Сонымен қатар құрдастарының назарын өзіне аударып, «күшті» болып көрінгісі келеді. Ал жәбірленуші бала әдетте ұяң, тұйық келеді, көпшілікке қосыла бермейді. Өзін қорғап, жәбірлеушіге қарсы шыға алмайды, өзіне деген сенімі төмен. Кейде тіпті мазасыз, жылауық болуы да мүмкін. Мұғалімнен немесе ата-анадан қолдау іздейді, бірақ айтуға ұялады. Кейде осы екі мінез-құлық бір баланың бойынан кездеседі. Яғни, бала бір жерде құрбан болса, басқа ортада булли. Мысалы, бала үйде қысым көріп, мектепке келгенде өзінен әлсізге тиіседі. Мұндай мінез-құлықтың астарында отбасындағы дұрыс емес қарым-қатынас, баланы агрессиямен тәрбиелеу, психологиялық қолдаудың жетіспеуі жатады, – дейді «Қолдау» дағдарыс орталығының психологы Назерке Көкебаева.
Маманның айтуынша, буллинг физикалық және психологиялық болып бөлінеді. Физикалық буллинг – қасақана итеру, соғу, тепкілеу, ұрып-соғу, денеге зақым келтіру болса, психологиялық буллинг – психикаға әсер етумен байланысты зорлық-зомбылық, әдейі моральдық жағдайын нашарлату, ауызша қорлау немесе қорқыту, қудалау арқылы психологиялық жарақаттар туғызу жатады.
– Баланы буллинг жасауға итермелейтін негізгі психологиялық және әлеуметтік себептер өте көп. Ең бірінші, үйдегі зорлық немесе қатаң тәртіп. Бала отбасында қысым көрсе, ұрып-соғу, мазақ көрсе, сол агрессияны әлсіздерге жасайды. Олар махаббаттың орнына қорқынышпен өмір сүруге үйренген. Екіншіден, ата-ананың эмоциялық салқындығы. Әке-шешесінен жылу, қолдау көрмеген бала өз эмоциясын басқаша білдіре алмайды. Өзіне назар аударту үшін агрессияны қолданады. Үшіншіден, жасөспірімдік кезеңде өзін көрсетуге, үстем болуға ұмтылады. «Күшті болсам, мені сыйлайды» деген жалған сенімге иланады. Басқаларды төмендету арқылы өзін жоғары сезінеді. Төртіншіден, құрдастарының қысымы да әсер етеді. Мәселен, «Күлмесең – өзің күлкі боласың» деген ой. Осыдан келіп топтың «көсемі» болғысы келеді немесе соған ереді. Бесіншіден, бұрын буллингке ұшыраған бала «кек қайтарып», биліктің «дәмін» сезінгісі келеді. Алтыншыдан, үйде де, мектепте де жауапкершіліктің болмауы, ешкімнің ескерту жасамауы. Жетіншіден, құндылықтың бұрмалануы, яғни, қайырымдылық, сабыр, сыйластық сынды қасиеттердің әлсіреуі. Ал керісінше кино, әлеуметтік желіден «мықтылық дегеніміз – агрессия, күш арқылы бәріне қол жеткізуге болады» дегенді қабылдап, сол «образға» сай болуға тырысады, – дейді Назерке Амантайқызы.
Буллингтің алдын алу тек тәрбие емес, болашаққа жасалған үлкен қамқорлық.
– Буллингтің алдын алуда ең маңыздысы – әр баланың өзін қауіпсіз, бағалы және қабылданған тұлға ретінде сезінуі. Бұл – тек мектептегі емес, жалпы қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі. Сынып жетекшісі – тек білім беруші ғана емес, ең алдымен тәрбиеші, бағыттаушы және бала мен ата-ана арасындағы көпір. Буллингтің алдын алу – осы рөлдің маңызды бөлігі. Себебі ауылдық жерде мектеп – оқушының басты әлеуметтік ортасы, ал сынып – оның өзін еркін көрсету кеңістігі. Егер бұл ортада буллинг белең алса, оқушының өз-өзіне сенімі, білімге қызығушылығы, тұлғалық дамуы қатты зардап шегеді. Сынып – тек оқу орны ғана емес, әр оқушының екінші үйі болуы керек. Буллингке тосқауыл қою үшін бүкіл мектеп ұжымы, мұғалімдер, ата-аналар, оқушылар бірлесе жұмыс істеуге тиіс. Себебі әрбір бала – болашағымыз. Оның еркін ойлауына, өзін қауіпсіз сезінуіне, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау – біздің ортақ парызымыз. Сынып жетекшісі осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізсе, әр бала өзін қауіпсіз әрі бағалы сезініп өседі. Бұл – тек мектептің ғана емес, тұтас қоғамның болашағы үшін маңызды міндет, – дейді Қызылорда облысы Шиелі ауданы Тартоғай ауылындағы №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілінің мұғалімі Набат Оспанова.
Қазақстанда балалардың
17,5 пайызы буллингке
ұшырайды
Бұл – ДСМ таратқан ресми мәлімет. Оқушылардың денсаулығы мен әл-ауқатына байланысты мінез-құлқын бағалау және мониторингілеудің 2022 жылғы зерттеуі бойынша Қазақстанда балалардың 17,5 пайызы буллингке жиі ұшырайды.
Сауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің 6,8 пайызы айына 2-3 рет айналасындағылардан өздеріне қарсы қою мен қорқытуды бастан өткеретіндерін, ал 11-15 жастағы балалардың 14,1 пайызы өз құрдастарына жасалған буллингке қатысқанын мойындаған. Бұл мәліметтен ұлдардың арасындағы әлімжеттік көрсеткіштері қыздарға қарағанда жоғары екені көрінген. Ең көп буллинг 11 жастағы балалардың арасында болады және ол 15 жасқа қарай төмендейді.
– 2022 жылы 11 жастағы ұлдар мен қыздар арасында буллингке ұшырағандар үлесі 17,7 пайыз, ал 2018 жылы – 14 пайыз болған.
Бұл – балалар арасында буллингке ұшырағандар 3,7 пайызға өскенін көрсетеді, – дейді зерттеу авторлары.
Дәл сол жылы Мемлекет басшысы балаларды қорғау туралы заңға қол қойды. Кәмелетке толмаған балаларды қорғауға арналған бұл заң бойынша билік «балаға қысым көрсету, буллинг жасау» белгілері бар «заңға қайшы» контентті жоюды әлеуметтік желі қолданушыларынан талап ете алады.
ЮНИСЕФ-тің 2022 жылғы мәліметіне сәйкес Қазақстанда 11-17 жас аралығындағы балалардың 29 пайызы кем дегенде бір рет буллингке ұшыраған. Оның ішінде әлеуметтік оқшаулау мен психологиялық қысым ең жиі кездесетін түрі ретінде тіркелген. Мектеп оқушыларының 18 пайызы өз қатарластарынан физикалық қысым көргенін, 11 пайызы кибербуллингке ұшырағанын ашық айтқан. Бұл тек ресми тіркелген көрсеткіштер. Шын мәнінде бұл цифрлар әлдеқайда көп болуы мүмкін.
2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі «Балаларға қатысты буллингтің алдын алу шараларын әзірлеу және оның өзекті аспектілерін зерттеу» тақырыбында оқушылар арасында сауалнама жүргізеді. Оған Атырау облысы мен қаласындағы мектептердің 5-10 сынып оқушылары, барлығы 1 642 бала қатысады. Оның 57,6 пайызы қыз бала, 42,4 пайызы ұл бала. Сонымен бірге оқушылардың 42,5 пайызы буллинг және кибербуллингтің не екенін білмейтінін көрсетсе, ал 57,6 пайызы жақсы білетін болып шықты.
«Кейбір адамдар басқаларды қорлайтын жағдайларды кездестірдіңіз бе?» деген сұраққа 46,3 пайызы «кездестірдім» деп, 52,7 пайызы «ешқашан кездестірмедім» десе, 1 пайызы «иә, мен жасадым» деп жауап берген.
«Кездестірген болсаңыз қандай формада көрдіңіз?» деген сауалға 71,4 пайызы «балағаттау» десе, ал 24,5 пайызы «намысына тиіп қорлау» деп, 4,1 пайызы «физикалық зорлық көрсетуді» атайды.
«Өзіңіз қудалау, қорлаудың қатысушысы болдыңыз ба?» деген сұраққа қатысушылардың 1 516-сы (92,4 пайызы) «жоқ, болмадым» деп жауап берсе, 42 оқушы (8,25 пайызы) «иә, бақылаушы ретінде» деп жауап береді, ал 2,6 пайызы «иә, жәбірленуші болдым» дейді.
«Бұзақылық қай жерде жиі кездеседі?» деген сауалға оқушылардың 20,1 пайызы «мектепте» деп жауап берсе, 35,4 пайызы «аулада, көшеде» деп, ал 44,6 пайызы «әлеуметтік желілерде, интернетте» деп жауап берген.
«Сіздің ойыңызша, кімдер зорлық-зомбылыққа көбірек ұшырайды?» деген сауалға 1 123 оқушы, яғни, 68,5 пайызы «әлсіз және қарсы тұра алмайтындар» десе, ал 235 оқушы (14,3 пайызы) «басқалардан ерекшеленетіндер (сыртқы келбеті бойынша, физикалық) десе, 17,2 пайызы «пікірлері өзгеше оқушылар» деп жауап береді. Жасөспірімдердің басым бөлігі өз жауаптарында зорлық-зомбылықтың құрбандары көбінесе мінез құлқы жуас, денсаулығы әлсіз, дүниетанымдық көзқарасы тұрақталмаған, өзін-өзі бағалауы төмен балалардың тап болатынын айтқан.
«Мұғалімдердің мектеп оқушыларына қысым жасау жағдайларын кездестірдіңіз бе?» деген сұраққа 75,7 пайызы «жоқ, мен кездестірген жоқпын» десе, 21 пайызы «иә, бірақ сирек» деп жауап берген, ал 3,3 пайызы «иә, үнемі болып тұрады» деген.
«Сіз зорлық-зомбылықтың құрбаны болған балаларға ересектер жеткілікті түрде көмектеспейді деп ойлайсыз ба?» деген сұраққа 72,3 пайызы «бұл туралы ойламадым» десе, 13 пайызы «жоқ» деп, ал 14,7 пайызы «иә» деп жауап берген.
«Сіздің ойыңызша, білім беру ұйымында қорлауды болдырмауға бола ма?» деген сауалға 61,6 пайызы «иә, егер үлкендер дер кезінде байқаса» деп, 23,2 пайызы «иә, егер агрессор жазаланса» деген, ал 15,2 пайызы «мүмкін емес, бұл үнемі бола береді» деп жауап берген.
«Білім беру ұйымындағы бұзақылықты кім тоқтата алады деп ойлайсыз?» деген сауалнамаға 43 пайызы «педагогикалық ұжым» деп жауап берсе, 38,2 пайызы «оқушылардың өздері де тоқтата алады» деп, ал 18,7 пайызы «ата-аналар» деп жауап берген.
«Сіз сыныпта мені төмен бағалайды және сыйламайды деп ойлайсыз ба?» деген сұраққа 69,3 пайызы «жоқ» деп, 23,9 пайызы «кейде» десе, 6,8 пайызы «иә» деген нұсқаны таңдаған.
«Егер де, сыныптасымды менің алдымда ренжітсе, мен...» деген сұраққа 73,7 пайызы «әділетсіздікті сезініп, сыныптасымды жақтаймын» десе, 16,2 пайызы «ештеңені сезінбеймін, бәлкім ол соған лайықты шығар» деген, ал 10,2 пайызы «жеңілдікті сезінемін, бұл маған қатысты емес» деп жауап берген.
«Сен жалғыздық пен алаңдаушылықты жиі сезінесің бе?» деген сұраққа 54,7 пайызы «жоқ» деп, 31,9 пайызы «кейде» десе, 13,4 пайызы «иә» деп жауап берген.
«Менің сыныптастарым менен жақсырақ сияқты деп ойлайсың ба?» деген сұраққа 69 пайызы «жоқ, мен өзімді олардан кеммін деп ойламаймын» десе, 10 пайызы «иә, барлығы солай секілді» дейді, ал 21 пайызы «кейде» деген жауапты белгілеген.
«Сыныптастарыңның арасында достарың көп пе?» деген сұраққа 74,9 пайызы «иә, мен барлығымен доспын» деп жауап берсе, 21,9 пайызы «менің санаулы ғана достарым бар» дейді, 3,2 пайызы «жоқ, мен ешкіммен дос емеспін» дейді.
«Сенің сыныбыңда саған ұнамайтын балалар бар ма?» деген сауалға 55,1 пайызы «жоқ, маған бәрі ұнайды» десе, 38,2 пайызы «иә, бір-екеуі» деген, ал 6,7 пайызы «маған сыныптастарымның барлығы да ұнамайды» деп жауап берген.
Пернетақта артындағы психологиялық соғыс
Балаларды ғаламторлық қысымнан қорғайтын заң 21 елде бар. 2017 жылы Германияның Бундестагы «Әлеуметтік желі жөнінде» заң қабылдады. Бұл заң бойынша 2 млн қолдаушысы бар әлеуметтік желі платформалары Германияда азаматтық істер мен айыппұлмен айналысатын өкілді тағайындауы керек. Әлеуметтік желі платформасы түскен арыз-шағымдарды 24 сағаттың ішінде қарап, контентті тексеріп, адамды балағаттау, жек көру, экстремистік бағыттағы жазба болса, шағым түскеннен кейін бір жетінің ішінде алып тастауы керек. Заңды бұзғаны үшін 50 млн евро айыппұл қарастырылған.
Францияның Ұлттық жиналысы да осындай заң қабылдаған. Бұл заң бойынша онлайн-платформа Франция территориясында заңды өкілін тағайындауға тиіс. Платформа арыз-шағым жасаудың электронды түрін енгізуі керек. Заңды орындамағаны үшін 112 500 еуро айыппұл салынады.
Оңтүстік Корея, Сингапур, Ресей, Түркия, ЕО, басқа да елдер өзінің заңдарын осы мәселе бойынша күшейтіп жатыр.
Жаңа Зеландияда, АҚШ-тың 50 штатының 44 штатында кибербуллингке қылмыстық қатаң жауапкершілік қарастырылған. Кибербуллинг кәдімгі әлімжеттіктен де қауіптірек. Мысалы, жай буллингке тап болған адам тұрғылықты жерін ауыстырса, жеңілдеп қалуы мүмкін. Ал кибербуллингте ондай шекара жоқ, жәбірлеушілерден қашып құтылу қиын. Сондай-ақ буллинг интернетте жылдам тарайды. Интернеттегі қорлаған сөздер оңайшылықпен өшпейді, ұмытылмайды. Негізі бұл – өте маңызды тақырып.
– Бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан азаматтары да интернеттегі ғайбаттаулардан қорғана алмай отыр. Бұдан ең алдымен балалар зардап шегуде. Олар интернет арқылы тараған қоқан-лоққының әсерінен қатты қиналады. Өкінішке қарай, соның салдарынан қайғылы жағдайға да ұшырап жатады. Азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдайтын кез келді, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Рас, цифрлық кезеңде өмір сүріп жатқан баланың өмірі интернетпен байланысты. Агрессия түрлері де WhatsApp, Instagram, TikTok виртуалды кеңістігіне көшкен. Жабық топтарда жасөспірімдер бір-бірін мазақтайды, фотосын таратады немесе ар-намысын қорлайтын пікірлер жазады. Әсіресе, жалған аккаунттар арқылы шабуыл жасау, deepfake технологиясын қолдану секілді жаңа формалар көбейіп келеді.
– Кибербуллинг мәселесі қиынырақ. Онда ешқандай шекара жоқ. Әдетте, мектепте буллингке ұшыраған бала кешке үйге келгенде біршама демалады. Ал кибербуллинг тоқтамайды, күндіз де, түнде де, 24/7 бірге. Киберқауіпсіздік мәселесінде қауқарсыз болғанымызбен де біз өз тарапымыздан бәрін скриндеп алуды ұсынамыз. Ең кем дегенде сіздің қолыңызда дәлеліңіз болады және булли адамды жауапқа тарта аласыз. Сонымен қатар баланың интернетте отыратын уақытын да азайту керек. Мұны жасау әр ата-ананың қолынан келеді деп ойлаймын. Ата-ана бақылауын қосуды да ұмытпау керек. Баланың қандай сайттарға кіретінін, кімдермен сөйлесетінін бақылап отыру арқылы мәселенің алдын алуға көмектеседі, – дейді PhD, сарапшы, NIS Балалардың әл-ауқаты департаментінің директоры Динара Уалкенова.
Тақырыпты зерттеу барысында буллингтің негізгі түп-тамыры тәрбиеге тірелетінін бағамдадық. Отбасында ата-ана бақылауынан тыс қалған, олардың ұрып-соғуына шыдаған, салқын қабақтарына жәутеңдеген бала не тиранға, не құрбанға айналады. Әке-шешеден жылы сөз, қошемет, құрмет, құшақтау мен мақтау көрмеген бала өз эмоциясын сыртқа ашу арқылы шығарады. Үлкендердің немқұрайлығы немесе керісінше баланы шектен тыс еркелету, «Балам ешқандай жамандық жасамайды» деген өз көзқарасына өзі сенуі де кейде шатастыратындай. Ал балаға керегі – ата-ананың көңілі, махаббаты мен мейірім ғана.
Буллинг заң жүзінде адамға жауапкершілік жүктегенімен, психоанализ бағытында бұл ішкі эмоциялық жан жарасының белгісі дейді мамандар.
Психологиялық буллинг көбейген
– Біздің қоғамда жасөспірімдер арасында психологиялық буллинг кең етек алып келе жатыр. Өйткені олар физикалық буллинг және кибербуллинг жасаса, дәлелді айғақтар болатынын біліп, кінәні мойынға алмаудың тиімді жағына көшкен. Яғни, буллингке ұшыраған адамның заңмен қорғалатынын біліп алған балалар жазадан жалтарып, өз құрбандарын сөзбен «жазалауды» үйренген, – дейді Астана қаласы «Алматы» ауданы ПБ ЖПҚБ ЮПБ аға инспекторы, полиция майоры Ақдидар Нәлібекқызы.
Ювеналды полицияның айтуынша, буллингке қатысы бар кәмелетке толмағандарға ҚР ӘҚБтК-тің 127-2 бабы бойынша хаттама толтырылады және сотқа жолданады. Сонымен қатар жәбірлеуші Ішкі істер органдарының есебіне алынады.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы буллингтің және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін ювеналды полиция бөлімінің ауқымын кеңейту керек. Қазір мектептерге, колледждерге бекітілген жеке инспектор жоқ. Ювеналды полиция бөлімінің инспекторлары аумақтарға қарай бекітіледі, ол дегеніміз, бір инспекторға бірнеше білім беру мекемелері жүктеледі деген сөз. Бұл ювеналды полиция бөлімінің инспекторының өзіне міндеттелген қызметтік жұмысын нәтижелі, тыңғылықты атқаруға мүмкіндік бермейді, – дейді маман.
Бүгінде оқушылар арасындағы буллинг бойынша анықталған фактілер жан-жақты тексеріледі. Ювеналды полиция бөлімі тоқсан сайын жоспарлы түрде білім беру мекемелерінде дәрістер оқып, түрлі іс-шаралар атқарады.
– Мектептер мен колледждерде әлеуметтік педагог, психолог мамандармен бірлесіп, анонимді тест жүргізіледі. Алайда ювеналды полиция бөлімі мен білім беру мекемелері арасындағы байланыс қанағаттанарлық деңгейде. Себебі ұстаздар қауымына да шектен тыс міндеттер жүктелген. Біз әлі де қажетсіз қағазбастылықтан арыла алмай келеміз. Одан соң, ювеналды полицияға кадр жетіспейді, – деді полиция майоры.
Аға инспектордың айтуынша, буллинг жасайтын кәмелетке толмағандардың портреті де аса ерекшеленбейді. Әлімжеттікті физикалық, моральдық тұрғыда өзгелерден басым, яғни, өз ортасында көшбасшылық қасиетке ие жасөспірімдер жасайды. Олардың құрбандары көбіне ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған, сонымен қатар денсаулығында қандай да бір ақаулығы немесе ерекшелігі бар кәмелетке толмаған оқушылар. Одан бөлек, әлеуметтік жағдайы жақсы, толық отбасынан шыққан балалар да әлімжеттіктің құрбаны болуы әбден мүмкін. Мәселен, ондай балалардан жүйелі түрде ақша талап ету фактілері тіркеледі екен.
– Буллинг жасайтын балалар сырттай сенімді әрі батыл көрінгенімен, көбіне ішкі күйзелісте болады. Олар өз эмоцияларын дұрыс білдіре алмауы мүмкін, эмпатия деңгейі төмен болады, кейде агрессия – өзін қорғау әдісі ретінде көрінеді. Эмоциялық дамуы жағынан бұл балаларда шынайы достық қарым-қатынас құруда қиындықтар туындайды. Көп жағдайда буллинг жасауға үйдегі қалыптасқан мінез-құлық әсер етеді. Бала ата-анасы, ағасы, әпкесінің тарапынан қандайда бір қысым көріп, оны қайта өздері бағыттай алмағанда осы деструктивті мінезді уақыт өте келе өз ортасындағы әлсіздерге шығаруы мүмкін. Буллинг жасаған баламен жеке жұмыс барысында ең тиімді әдістер: арт-терапия, эмоцияларды тану және басқару дағдыларын дамыту, когнитивті мінез-құлық терапиясы. Сонымен қатар рөлдік ойындар арқылы эмпатияны арттыру, позитивті мінез-құлықты қолдау, қауіпсіз ортада ашық сөйлесуге жігерлендіру маңызды. Мектеп пен ата-ана ең алдымен баланы жазалау емес, түсіну мен қолдау позициясында әрекет етуге тиіс. Мектеп бақылау, тәрбие сағаттары, психологиялық жұмыс арқылы әрекет етсе, ата-ана эмоциялық қолдау, ашық диалог, үйдегі қауіпсіздік пен тұрақты атмосфераны қамтамасыз ету арқылы үлес қосуы қажет. Ең бастысы екі тарап та бір бағытта, жүйелі жұмыс жүргізгенде ғана іс нәтижелі болмақ, – деп ойымен бөлісті психолог Сымбат Махметова.
P.S.
Бүгінде отбасы құндылығы әлсіреп бара жатыр дегенімізбен, оның жаңа бір формасы пайда болып келе жатқандай көрінеді. Бірақ бұл әлі зерттелмеген сала. Қандай жағдай болсын, біз қорғаны жоқ балаларды қорғауымыз керек. Айналасынан, жалғыздықтан, тіпті өзімізден де. Өмірімізді жалғастыратын ұл-қыздарымызға бізден керегі – ешбір ақшаға сатып ала алмайтын махаббат пен мейірім, түсіністік пен қолдау, жылы қабақ пен қошемет сөздер ғана...