Технологиялар тоғысқан мегаполис

Технологиялар тоғысқан мегаполис
сурет: istockphoto.com

Астана – шексіз дала төсінде бой көтерген өркениет пен жаңғырудың символы. Елорда бір кездері қарапайым бекініс пен шағын қала болса, бүгінде еліміздің әкімшілік және саяси орталығы, Қазақстанның технологиялық болашағын айқындайтын озық мегаполиске айналды. Елордада жүзеге асып жатқан заманауи инфрақұрылымдық жобалар, Smart City тұжырымдамасы және инновациялық экожүйе – бұл дамудың жаңа бағытын айқын көрсетеді.

Мұнда бірінен-бірі асатын сәулеті келіскен ғимараттар ғана салы-н­ып жатқан жоқ, сонымен қатар адамдар­дың өмір сүру дағдысын өзгертетін цифр­лы шешімдер де қабылданып жатыр. Ел­орда көшелеріндегі интеллектуалды бей­не­бақылау жүйелері – қала тіршілігін дер кезінде бақылап, реттеп отыратын «ақыл­ды» инфрақұрылым. Қоғамдық көліктегі электронды төлем, цифрлы денсаулық паспорттары – бұның бәрі Астананың бет-бейнесін жаңаша сипаттап тұр.
Заманауи қалада технология жай сән емес, бұл – тұрмыстың бір бөлшегі. Astana Hub-тың стартап жобалары, Big Data тал­дауы арқылы шешім қабылдайтын әкімші­лік, жасанды интеллектке сүйенген қала­лық қызметтер – бәрі де елорданы Орта­лық Азиядағы инновацияның ошағына айналдыруда. 
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жалпы, ІТ бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол ар­қылы бас қаламыз аймақтың Digital nomads орталығына айналмақ. Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасы­на сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі бар­лық озық тәжірибені тиімді пайдала­нуы­мыз керек», – деген болатын. 

«Ақылды» қала

Ақылды қала дегеніміз ақпараттық-коммуникациялық технологияларды кеңінен қолдану арқылы қаланың инфра­құрылымын, ресурстарын және қызмет­терін тиімді басқаруды қамтамасыз ету. Қарапайым тілмен айтқанда, тұрғындар­дың өмірін ыңғайлы, қауіпсіз және эко­логиялық таза ететін заманауи техноло­гиялармен жабдықталған қала. 
Қазақстан үшін де Smart City тұжы-р­ым­дамасы өте маңызды. Өйткені инновациялық технология тек ірі қала­лар­да ғана емес, сонымен қатар шағын моноқалаларда экономикалық тиімділік, экология және өмір сүру деңгейін жақ­сартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қала­да қалыптасқан smart орта тек тұрғылық­ты халықтың өмір сүру сапасын жақ­сар­тып қана қоймай, қаланың инвестиция, инновация, экологиялық тартымдылығын жоғарылатады.
Бүгінде Астана – Smart City тұжырым­дамасын жүйелі іске асырып келе жатқан Орталық Азиядағы ең ірі қалалардың бірі. Жоба 2015 жылдан бастап белсенді қолға алынды. Қаланың дамуын стратегиялық жоспарлау кезінде ақылды шешімдерді енгізу негізгі мақсат ретінде қойылды. Өйткені Smart City ұғымы – тек цифрлы технологиялар емес, қаланы басқару мен өмір сүру сапасын түбегейлі өзгертетін кешенді тәсіл. Осы мақсатта қала әкімдігі бірнеше жылдан бері Smart Astana жоба­сын іске асырып келеді. Бұл жоба бірнеше бағытты қамтиды. Соның бірі – қа­ланың қауіпсіздік жүйесі. Оны қамтама­сыз ету үшін «Сергек» интеллектуалды ба­қы­лау жүйесі орнатылып, жол қозғалыс­ын басқару орталығы заманауи алгоритм­дерм­ен жабдықталды. Қоғамдық көлікте электронды төлем жүйесі, коммуналдық қызметтерде қашықтықтан есеп айырысу сервистері енгізілді. Бұл шешімдер әкім­шілік ресурстарды үнемдеп, процестердің ашықтығын арттыруға ықпал етті. 
Smart City тұжырымдамасының екінші бағыты – тұрғындарға цифр­лы қызмет көрсету. E-gov порталы және мобильді қосымшалар арқылы мемлекет­тік қызметтердің басым көпшілігі онлайн режимде көрсетіледі. Электронды кезек, қашықтан құжат рәсімдеу, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді төлеу – барлы­ғы цифрлық алаңда жүзеге асады. Мысалы, E-gov порталы мен Smart Astana мобильді қосымшасы арқылы халыққа 600-ден астам мемлекеттік және сервистік қызмет көрсетіледі екен. Соның ішінде ең жиі қолданылатын қызметтерге: бала бақшаға кезекке тұру, мектепке қабылдау, тұрғын үй кезегін бақылау, дәрігерге тіркелу, коммуналдық төлемдер мен әлеуметтік көмекке өтінім беру жатады. 
«Ақылды» көлік бағыты қоғамдық көлікте электрондық билеттеу жүйесін қамтиды. Жолаушылар карта арқылы немесе QR-кодпен төлем жасай алады.  Көшелердегі интеллектуалды бағдаршам­дар қозғалысты оңтайландырып, кептеліс­терді азайтуға көмектеседі. Ал коммунал­дық қызмет бағыты автоматтандырылған есептеу құралдарымен қамтамасыз етіліп, қашықтан басқарылады. Жалпы, Астана­дағы «ақылды қала» жобасы аясында эко­номика, басқару, өмір, ұтқырлық, адамдар, қоршаған орта сынды негізгі 6 бағыт көзделген. Бүгінде бұл жұмыс шетелдік кеңесшілермен бірлесіп атқарылуда.
Ақылды қалалар экономикалық, әлеу­меттік және экологиялық жағынан ал­ғанда бүгінгі және болашақ ұрпақтың қа­жеттіліктерін толығымен қанағаттан­дыруы керек. 
Бүгінде Астана әкімдігі қаланың әртүрлі саласындағы 30-дан астам қызметті, атап айтсақ 100 бизнес-үрдісті автоматтандырды. «Еститін Үкіметтің» үлгісін қамтамасыз ету үшін бірқатар Smart жобаны іске асырды. Бұл біршама жұмысты айтарлықтай жеңілдетті. Бір ғана мысал, америкалық 911 қызметіне пара-пар IKomek 109 қызметіне күн сайын 5 мыңнан 29 мыңға дейін өтініш түседі екен. Аталған жүйе әрбір хабарлас­қан азаматтың өтінішінің мәртебесін қадағалауға, салалар бойынша сұрыптауға және мәселені шешу мерзімдерін бақылауға мүм­кіндік береді. Жалпы, елордалықтардың күнделікті тұрмыстық сұрақтарын шешуге қажетті барлық сервис бір ғана Smart Astana қосымшасына енгізілген. Мұнда суды есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін беруден бастап техникалық байқау, тұрғын үй кезегін тексеру, дәріханалардан қажетті дәрі-дәрмектерді табуға дейін қарас­тырылған. 

– Birge порталындағы 10-нан астам инклюзивті қызметті ерекше балалардың ата-аналары белсенді пайдаланады, оның ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясына, оңалту және балаларының әлеуметтік бейім­делуіне жолдама алу қолжетімді. Сондай-ақ портал арқылы «Арғымақ» ат-сауық­тыру кешенінде иппотерапия арқылы оңалтуға жазылу қызметі де қолжетімді, себебі атқа міну ерекше қажеттіліктері бар балалардың қозғалыс дағдыларын қал­пына келтіруге және дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар қаладағы қауіп-сіздікті қамтамасыз етуде айтарлықтай серпіліс жасалды, полицияның жедел басқару орталығына шығарылған 30 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Елорда тұрғындарының үй мәселелерін қашықтан шешуге арналған Upravdom, Е-Knot, Аula және Osi.kz жобалары іске қос­ыл­ды. Олардың көмегімен тұрғындар батырманы бір рет басу арқылы МИБ тіркей алады және үйден шықпай-ақ үй басқарушысын онлайн түрде таңдай алады, – дейді Цифрландыру және мем­лекеттік қызмет басқармасы Дидар Ұланұлы. 

Астанадағы білім беру ұйымдары да заманауи шешімдерді белсенді енгізуде. Мектептерде электронды күн­делік, онлайн сабақ жүйелері, қашықтан оқыту платформалары іске қосылған. Оқушылар мен ата-аналар оқу үлгерімін интернет арқылы бақылай алады. 
Денсаулық сақтау саласында да бір­қатар ілгерілеу бар. Мәселен, электронды денсаулық паспорты, дәрігер қабылдауына онлайн тіркелу, медициналық қызметтерді қашықтан алуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшалар бар. Бүгінде қала тұрғындарының 95 пайызы электронды денсаулық төлқұжатын пайдаланады. Сондай-ақ қаланың заманауи дамуы эко­ло­гиялық бағыттарды да қамтып отыр. Қалада «жасыл аймақтардың» көлемі жыл сайын ұлғайып жатыр. Бүгінде елорданың инфрақұрылымы BIM және 3D модельдеу технологияларымен жобаланады. Қала­ның жаңа нысандары халықаралық BREEAM және LEED стандарттарына сәйкестендіріліп салынуда.
2023 жылы Астана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Smart City рейтингінде көшбасшы орынға ие болып, Intelligent Community Forum нұсқасы бойынша ең ТОП-21 интеллектуалды қалалардың қа­тары­на енді. Бұл көрсеткіштер оның инновациялық және заманауи қала ретінде беделін тағы да бір дәлелдей түседі.
«Ақылды қала» жобасы алда да әлі жал­ға­сын таба береді. Астана озық технология­ларды енгізу арқылы цифрлық болашаққа батыл қадам жасауда. Жалпы, бұл бағытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ая­сын­да қала әкімдігі «бір терезе» қағидатын дамытуды жалғастырып келеді. 2023 жылы электронды өтініштердің үлесі 92 пайызға дейін жетті.

Astana Hub – инновациялар ордасы

2018 жылы ашылған Astana Hub ха- л­ық­аралық IT-стартаптар технопаркі бүгінде елордамен қатар, еліміздегі ең ірі инновациялық орталыққа айналды. Астананың цифрлық дамуы ең алдымен осы технопаркпен тығыз байланысты. Орталық ашылған күннен бастап қазақ­стан­дық және шетелдік стартаптарға қол­дау көрсетіп, жүздеген жас компания­ның қанат жаюына жол ашты. Мұнда 
1 000-нан астам компания резидент мәр­те­­бесіне ие болып, өз жобаларын жүзеге асырып келеді. 2022 жылдың өзінде Astana Hub резиденттері 100 миллиард тең­ге­ден астам өнім шығарды.
Сондықтан бұл орта жас кәсіпкерлер үшін тәжірибе мен білім алаңы ғана емес, бүкіл елдің цифрлық өрлеуінің тірегі десек қателеспейміз. Тіпті, бүгінде Astana Hub Орталық Азиядағы ең ауқымды технологиялық алаңдардың бірі саналады.
Астана Hub осыған дейін де көп­теген маңызды жұмыс атқарды. Ең алдымен, стартаптарды қолдау және дамыту бағытында арнайы бағдарламалар іске қосылды. Мысалы, Startup School бағ­дарламасы кәсіпкерлерге өз жобаларын құруға көмектеседі. Acceleration Program аясында стартаптар нарыққа шығу стра­тегиясын әзірлеп, тәжірибелі ментор­лардан кеңес алады. Сонымен қатар, Seed Money гранттары беріліп, жобаларды бастапқы кезеңде қаржылан­дыруға мүмкіндік берілді.
Аталмыш орталық инвестиция тарту ба­ғытын­да да белсенді жұмыс істейді. Бүгінде ол инвесторлар мен венчурлық қор­лармен байланыс орнатып, стартап­тарға қаржылай қолдау көрсетуді жолға қойды. Инвесторлар клубы құрылып, кәсіп­керлер мен инвесторлардың ашық диалогы қамтамасыз етілді. Бұл елорданы әлемге таныту, беделін нығайту, қала экономикасын көтеруде маңызды бас­-пал­дақ болып отыр. Бұдан бөлек, IT-қоғамдастықты дамыту үшін жыл сайын жүздеген іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында хакатондар, халықаралық форумдар, конференциялар және шебер­лік сабақтары бар. Бұл іс-шаралар кәсіп­керлердің тәжірибе алмасуына, серік­тестер табуына және өнімдерін таныс­тыруға жол ашты. Сонымен бірге шетелдік компаниялар мен мамандар үшін Astana Hub арнайы жеңілдіктер ұсынады. Резиденттер корпоративтік табыс салығы­нан және қосылған құн салығынан боса­тылады. Ал шетелдік IT-мамандарға арнайы визалық режим қарастырылған, бұл халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. 
Astana Hub цифрлық инновация­ларды ілгерілету, IT-өнімдердің экспортын арттыру және жұмыс орын­дарын құру арқылы елорданың, тіпті мем­лекетіміздің экономикасына зор үлес қосуда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Astana  Hub – заманауи инфрақұрылымы, халықаралық серіктес­тігі және ауқымды қолдау құралдары бар бірегей инновациялық платформа. Орта­лық еліміздің IT саласының дамуына және жас кәсіпкерлердің жаңа жетістік­терге жетуіне мүмкіндік беріп отыр.

Болашаққа бағдар

Биыл инженерлік инфрақұрылым саласында да бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып отыр. Су, жылу, электр және газ желілерін жаңғырту қаланың өсу қар­қынына сай жүргізілуде. Мәселен, «Желез­нодорожный» және «Интернациональный» тұрғын алаптарында жаңа су құбыры мен кәріз жүйелері салынып жатыр. Сонымен қатар «Сарыарқа» ауданының шеткері бөліктерінде газбен қамту көрсеткіші 2024 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Қаладағы көпқабатты үйлердің 68 пайызы цифрлы басқару жүйесіне көш­кен. Бұл шығындарды ғана азайтып қой­май, коммуналдық қызметтердің сапасын да арттыратыны сөзсіз. 
Қалалық көлік инфрақұрылымының дамуында да маңызды жаңалық­тар бар. Солар­дың бірі –  LRT жобасы. Оның алғашқы жел­ісін іске қосу 2026 жылдың басына бел­г­і­л­еніп отыр. Жалпы, LRT құрылысын Аста­наның технологиялық дамуының бір маң­ыз­ды бөлігі деп есептеуге толық негіз бар. Өйткені ол жай ғана көлік емес, қа­ла­лық инфрақұрылымды цифр­ландыру мен ин­тел­лектуалды басқаруды қамтитын за­манауи жүйе. Сондықтан LRT құрылы­сы – Ас­тана Smart City тұжырымда­масының және технологиялық дамуының құрамдас бөлігі.
Жақында Астана қаласы әкімдігінің Урбанистика орталығы ағаштарды электронды паспорттау жұмысын бас­тады. Ағаштарға QR код ілу – әрбір ағаш­ты цифрлық тіркеу, оның «сандық төл­құжатын» жасау үшін қолға алынған жоба. Енді қала тұрғындары QR код көмегімен ағаш туралы ақпарат алып, оған қатысты мәселе туындаса, тиісті органдарға хабар­лай алады. 
Жобаның негізгі мақсатының бірі – ағаштардың есебін жүргізу, яғни, әрбір ағаштың түрі, жасы, өсу жағдайы, орналас­қан орны секілді деректерді цифрландыру. Екіншіден, қоғамдық ақпараттандыру. Бұл дегеніміз QR кодты сканерлеген адам ағаш туралы толық ақпаратты (атауы, ботани­ка­лық түрі, статистика, т.б.) смартфон арқылы ала алады деген сөз. Үшіншіден, бұл табиғатты қорғау мен басқарудың тиімділігі. Ағаштардың күйі мен жағдайы жөніндегі деректер мониторинг‑жүйеге түскендіктен, жоспарланбаған кесулер мен зақымданулардың алдын алуға болады. Төртіншіден, ағаштарды таңба­лау – қала экологиясын дамыту. Тұрғындар мен зерттеушілер үшін ағаш ресурстарын тануға арналған білім беру, экотуризм мен экологиялық сананы дамытады. 
Сонымен, Астанадағы бұл QR-кодтар – бір жағынан экологиялық ақпараттық жүйенің құрамдас бөлігі болса, екінші жағынан – қаланың «ақылды» жобасының айқын көрінісі.
Ағаштарды кодтау – әлемде кең қолданыс тауып келе жатқан тәжірибе. Мысалы, Үндістанда, Ресейде және Малай­зиядағы университет кампустарында да ағаштарға QR код іліп, ақпарат беру жиілеп келеді. 
Бүгінде Астана әкімдігі Big Data, жасан­ды интеллект, «Жасыл техно­ло­гиялар» және Smart Home жобаларын дамытуды басым бағыт деп жариялап отыр. Қаланың барлық инфрақұрылымы цифр­лық картаға түсіріліп, басқару процестері автоматтандырылады. Осы арқылы халық­қа қызмет көрсету сапасы артып, қалалық ресурстарды пайдалану тиімділігі жақсара­ды, нәтижесінде эколо­гия­лық тұрақтылық қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ, қаланы толық цифрлы плат­формаға көшіру, эколо­гиялық монитор­ингті жетілдіру және энергия тиімділігін арттыру жоспарлануда. Бұл бастамалар елорданы Орталық Азия­дағы ең озық мегаполистердің қатарына қосатыны сөзсіз. 
Бас шаһарда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар мен цифрлы инфрақұрылым ел экономикасына ғана емес, қоғамның әлеуметтік және мәдени өміріне де оң ықпал етіп келеді. Соңғы жылдары елорданың инфрақұрылымы толықтай қайта жобаланып, заманауи стан­дарттарға сәйкес жаңартылды. Қала­лық кеңістікті басқарудың автоматтан­дырылған жүйелері, электрондық қыз­меттер, «ақылды» инфрақұрылым, жасыл энергия көздерін пайдалану – барлығы Астананы технологиялық қалалардың қатарына қосады.
Астана – тек заманауи сәулетті ғи­марат­тармен ерекшеленбейді, ол – тех­нологиялық шешімдер мен инновациялық идеялардың ірі алаңы. Алдағы онжылдық­та жасанды интеллект, Big Data, заттар интернеті сияқты шешімдер елорданың дамуына тың серпін беретініне сенім 
мол. 

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары