«Денесі көгерген, сүйегі сынған»: Маңғыстауда 8 жастағы баланы қатарластары ұрып-соққан
Оқиға салдарынан жәбірленушінің денесі көгерген, бас жарақаттары мен гематомалар алған. Жіліншік сүйегі екі жерген сынған.
Маңғыстау облысындағы ауылда 8 жастағы оқушыны қатарластары соққыға жыққан. Тергеу жұмыстарына полиция тартылды. Жәбірленушінің анасы Жақсыгүл Исатаева жағдайдың мән-жайын мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Ақтау тұрғыны Жақсыгүл Исатаеваның айтуынша, оқиға сәуір айының ортасында Маңғыстау ауылына үш баласымен әпкесіне қонаққа барған кезде болған.
«Балаларым отбасымен уақыт өткізгеннен кейін әпкесінің қасында қалғысы келді. Келісіп, ертеңіне жұмысқа баруым керек болғандықтан, өзім қалаға кеттім. Кешке үйде болдым, әпкем телефонға жылап қоңырау шалды. Алғашында балалар сөзге келіспей қалған шығар деп ойладым. Алайда ол маған ұлымның жарақаттанған аяғының фотосуреттерін жіберді. Мен оның сынық екенін бірден түсіндім, өйткені аяғы ісіп кеткен. Жедел жәрдем шақырыңдар дедім. Содан кейін балам екеуміз ауруханаға бардық», – дейді ол.
Жақсыгүл Исатаеваның сөзінше, баласын ойын алаңында үш құрдасы соққыға жыққан.
«Оқиға болған күні әпкем балаларды ойын алаңынан үйге шақыра бастаған. Екі балам бірден келмеген, ал екі ересек бала жарақат алған ұлымды көтеріп әкелген. Ұлым әткеншекке мінгенде үш бала соққыға жыққан. Маңайда ойнап жүрген балалар оны келемеждепті. Балам да оларға жауап қайтарған. Біраз уақыттан кейін ол әткеншектен түсіп, інісінің қолынан ұстап, үйіне қайтпақшы болғанда өзінен ірі балалар тиісіпті. Екі бала иығынан ұстаған да, үшіншісі екпінмен келіп қабырғасынан тепкен. Балам құлап қалған кезде тепкілепті», – дейді анасы.
Оқиға салдарынан жәбірленушінің денесі көгерген, бас жарақаттары мен гематомалар алған. Жіліншік сүйегі екі жерген сынған. Үш баланың анасы оқиғаға қатысты құқық қорғау органдарына арыз түсіп, кейін сот процесі басталғанын айтты.
Оқиғаға қатысты Маңғыстау облыстық ІІД баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«Мұнайлы аудандық ішкі істер бөліміне сегіз жастағы жасөспірім ата-анасымен бірге жеткізілді. Заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады ведомстводан.