60 жастағы әйел асырап алған баласын өлтіріп, денесін аулаға көміп тастаған
Күдіктінің 29 жастағы қызы да тергелуде.
Ақмола облысында асырап алған баласын өлтіріп, денесін үйінің ауласына көміп тастаған әйел ұсталды. Бұл туралы turkystan.kz «КТК» арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Бұл жаныңды түршіктіретін қылмыс Щучье қаласында осыдан төрт жыл бұрын болған. Бес жетімекті қамқорлыққа алғандар екі жасар баланы өлтіріп тастаған. Бірақ оны осы күнге дейін ешкім білмепті.
Бұл қылмыс аяқастынан әшкере болған. Асыранды балалардың бірі жақында басы жарылып, миы шайқалып ауруханаға түскен. Бағып алған анасы дәрігерлерге байқамай, өлген баланың туу туралы куәлігін әкеліпті. Ал науқас баланың таяқ жегені анықталған. Осыдан кейін полиция бұл отбасын тексере бастайды. Ал асырап алған екі жасар ұлдары осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болған. Оны ешкімге айтпай, бақшаға апарып көме салған. Ақыл есі кем, денсаулығының кінәраты бар бес балақайды қамқорлыққа берген жауапты мекеме олардың бірін тіпті о дүниелік болғаннан кейін заңдастырған. Енді олар да заң алдында жауап береді.
Қазір күдікті ретінде 60 жастағы әйел қамуға алынды. Күдіктінің 29 жастағы қызы да тергелуде.
«Жас баланың мәйіті табылуына байланысты ҚР ҚК 99-бабы, 3-тармағы, яғни «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 2018 жылғы ұл бала қайтыс болғаннан кейін асырап алушылар тиісті мемлекеттік мекемеге хабар бермеген. Қазір сот-медициналық және басқа да сараптамалар тағайындалды. Тергеу ісіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді», - деді Ақмола облысы ПД бастығының орынбасары Бахтияр Өтекин.