Астанада халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер ұсталды
28 жастағы азамат кісі өлтіргені үшін іздеуде болған.
Астанада полиция халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.
«Бөгет» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Астана қаласы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген қылмыскерді ұстады.
«Өзбекстан Республикасының 28 жастағы азаматы кісі өлтіргені үшін іздеуде болған. Қылмыскерді іздестіру бастамашысы Өзбекстан Республикасы Сурхандария облысы ІІБ. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр», - делінген Polisia.kz хабарламасында.
Елорда аумағында осы жылдың 11 сәуірі мен 11 мамыры аралығында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың діни экстремизм мен терроризм жасауына қарсы іс-қимыл жасау мақсатында «Бөгет» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.