Жұлдыз Сүлейменова: Бұл – халық көптен күткен заң

Осы орайда заңның қабыл­дануы­на көп үлес қосқан, қо­ғамдық жә­не ақпараттық талқылау орта­ла­рын­да тү­сіндіру жұмыстарына ба­рын­ша ат салысқан Парламент де­­пу­таты Жұлдыз Сүлейменоваға ха­бар­ласып, шағын сұх­бат құрған едік.

Жұлдыз Сүлейменова: Бұл – халық көптен күткен заң
сурет: ашық дереккөз
1301

Жуықта елімізде әйелдер құқығы мен бала қауіп­­сіздігін қамтамасыз етуге қатысты жаңа заң қа­былданды. Президент қол қойған заң екі айдан кейін жүзеге асады. Бұл құжатты негізінде қоғам көп­тен күткен болатын. Заң қабылданбай тұрып та, қабылданған соң да талқылау өте қызу жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқын қорғау ісіне ерекше мән бергені баршаға мәлім. Бұған байланысты жұмыстар жыл сайын рет-ретімен кешенді түрде іске асырылып келеді. Президент Атыраудағы Ұлт­тық құрылтайда сөйлеген сөзінде де қоғамға зиян бес кеселді көрсетіп, соның бірі ретінде тұрмыстағы зор­лық-зомбылықты, буллинг пен агрессияны ерек­ше атап өткен болатын. Заң қоғамда құқықтық мә­дениетті дұрыс қалыптастыруға, барлық аза­маттар теңдей дәрежеде өмір сүруге құқылы екенін жан-жақты қамтамасыз ету мақсатында қабыл­дан­ған. Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты деректер саны жыл сайын көбейіп келеді. Адам денсаулығына жеңіл зиян келтірген бап бойынша қаралған іс соңғы 6-7 жылда 3 есе өскен.  

Заңды даярлауға Балалардың құ­қықтары жөніндегі уә­кіл, Ұлттық құрылтай мен Әйелдер істері және от­ба­сы­лық-демографиялық саясат жө­ніндегі ұлттық комиссия мү­­ше­лері, Парламент депутаттары қа­тыс­қан. Жаңа заң­дағы кейбір баптарды дұ­рыс түсінбегендіктен әртүрлі ор­­та­да алып-қашпа пікірлер де айты­лып қалып жатыр. 
Осы орайда заңның қабыл­дануы­на көп үлес қосқан, қо­ғамдық жә­не ақпараттық талқылау орта­ла­рын­да тү­сіндіру жұмыстарына ба­рын­ша ат салысқан Парламент де­­пу­таты Жұлдыз Сүлейменоваға ха­бар­ласып, шағын сұх­бат құрған едік. 

– 2023 жылы елімізде 29 әйел адам, 7 бала зорлық-зом­бы­лық­тан қай­тыс болған деген ақпарат бар. Бұл – өте қорқынышты мә­лі­мет. Күні ке­ше ғана қабылданған жаңа заңда зор­лық-зомбылықты ба­рынша бол­дырмау жолдары қа­растырылған. Заң жүзеге ас­қан жағдайда тұрмыс­та­ғы әлім­жет­тік қаншалықты азаюы мүм­­­кін? Өзімен тең азаматтарға құр­метпен қарайтын, құқықтық мә­­дениеті жоғары ортаны қа­шан қалыптастыра аламыз? 

– Осын­дай қайғылы жағдай­лар­дың алдын алу үшін, болдырмау үшін осы заң қа­былданды. Денсау­лық­қа қасақана жеңіл зиян келтіру ба­бы 2015 жылы ҚР Қылмыстық ко­­­дексінде болған кез­де 151 іс орын алса, 2023 жылы мұн­дай істердің саны 345-ке артқан. Тұр­мыстағы зор­лық-зомбылық 2017, яғни дек­риминализациядан бе­рі 3 есе арт­қан! Ұрып-соғу мен ден­саулыққа жеңіл, орташа және ауыр зиян кел­тірудің алдын алу мен оларға қатаң жаза тағайындау отба­сы­дағы ана мен бала өлімінің аза­юы­на әкеледі деп сенеміз. Қан­ша­лық­ты азаятынын дөп басу айту қиын, бір­ақ екі-үш жылда 2-3 есеге азая­ды деп үміттенемін. Құқықтық мә­дениеті жоғары мемлекетті қа­лыптастыру қысқамерзімді тек бір заң аясында немесе құзіретті орган­ның атқара­тын қызметі емес. Ке­шен­ді әрі күр­де­лі процесс. Тұрақты жұ­мыс пен сар­қылмас қуатты талап ете­ді. Осы заңның кең талқы­лануы­ның өзі де біздің құқықтық мәде­ние­тіміздің артқанын білдіреді деп ой­лаймын. Зорлық-зомбылыққа мүл­дем төзбеу­шілік мәдениетін қа­лып­тастыру және дамыту өзекті.

– Қоғамда ең көп шу тудырып отыр­ған мәселе – заңның кейбір бап­тарын дұрыс түсінбеу. Мәсе­лен, ел ішінде бұдан кейін бала­сын ұрған немесе жеңіл дене жарақатын салған жағдайда ата-ана құқынан айырылады де­ген қауесет тарады. Бұл қан­ша­лықты рас? Әрі осы баптар бойын­ша нақтырақ түсіндіріп бер­сеңіз. Мәселен, ата-ана бала­сын тәрбиелеу мақсатында, ашу үстінде баласына қол жұмсағаны үшін ата-ана құқынан айырыла ма? Егер екі тарап кейін тату­лас­қан жағдайда ресми ата-ана қ­ұқы орнына келе ме?

– Заңның кейбір баптарын дұ­рыс түсінбеу мен көрінеу жалған ақ­парат тарату – екі түрлі мәселе. Осы­­­­ның аражігін анықтап алған жөн. Дұрыс түсінбесе, түсіндіріп жат­қан мамандар мен платформалар бар, бірақ қасақана жалған ақпарат та­рату да қылмыстық құқық бұзу­шы­лық екенін ескеруіміз қажет. Ақ­параттық ағында фейк ақпаратқа сеніп қалмау мен тексеру жасау да заманауи дағдылардың бірі. Сол дағ­дыны да үйренуіміз керек. Сыни ойлау мен пайым да сол фактчектті қажет етеді. Ата-ана құқығынан айыру шарттары бұл заңда атымен жоқ! Ондай норма да жоқ. Ата-ана баласына қол жұмсаса деген сұрақ­тың өзі құқыққа қайшы. Қазақстан бала құқығы саласындағы бірнеше заң­намаларды қабылдаған мемлекет ре­тінде балаға қарсы зорлық-зомбы­лық­тың кез келген түріне қарсы! Құ­қық­қа қарсы әрекетті ұлттық тәр­бие деп ақтаудың қажеті жоқ. Ба­ла­ны ұру ешқашан қазақи тәрбие­де болмаған.

– Тағы да бір сұрақ осы ата-ана мәселесі. Мәселен, ата-ана жұ­мысбасты болып, баласына дұрыс көңіл бөле алмай қалса, ата-анаға айыппұл салынады деген әңгімелер де тарап жатыр. Заң бойынша баласына дұрыс қарамаған ата-ана нақты қандай жағдайда айыппұл арқалауы мүмкін? 

– Конституцияға сәйкес бала үшін ата-ананың жауапкершілігі бар. Ата-ана жұмысбасты болса – ол ба­ланы қараусыз қалдыруға болады де­ген сөз емес! Ата-ана баланың қауіп­сіздігі мен тәрбиесіне жауапты. Ата-ананың жауапсыз әрекеті бала­ның денсаулығына зиян келтірген жағдайда – ата-аналарға айыппұл са­лынады. Бұл – бұрыннан бар норма. Бұл отбасы өмірі мен бала өміріне жауап­кершілікпен қарауға әкелуге тиіс. Бала бірінші кезекте, жауапты ата-ананың қамқорлығына мұқтаж. Ба­ланы қараусыз қалдырған үшін ата-аналарды ешкім қамауға ал­май­ды. Осы мәселеде балаға қарсы жауап­­­­­сыздықтың алдын алу емес, ата-ананың жауапсыз әрекетіне се­беп іздеудеміз?! Мені осы таңдан­ды­рады? Бұл жауапсыз ата-аналардың қорқынышы ма, әлде бала өміріне деген алаңдаушылық па? 

– Сонымен қатар заңда суи­цид жасауға итермелеген жағ­дайда да жауапқа тарту туралы баптар бар. Бұл нақты қандай жағ­дайлармен анықталады?

– Мұны анықтау тергеу орган­дары ҚР Қылмыстық процестік ко­дек­сіне сәйкес анықтайды. Суицид  болған немесе оқталған жағ­дай­да бұл әрекетті кім, қашан және қа­лай итермелегені туралы тергеу жүр­гізіледі. Қазақстан суицидтен ал­дыңғы орындағы мемлекет, түзету мен шұғыл шара қабылдауды қажет ете­тін жағдай. 2 жаңа құрамда 2 бап ен­гізілді. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығынан айыру жа­­­­­засы, суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК айыппұл салу қарас­ты­рылған.

– Жаңа заңдағы ең ауыр жаза түрлері қандай? 

– ҚР Қылмыстық кодексіне сәй­кес, ең ауыр жаза 2022 жылдың 
1 қаң­тарына дейін өлім жазасы бо­лып келді, бірақ адам құқығы мен өмі­рін ең қымбат қазына деп та­ни­тын мемлекет ретінде біз бұл жа­за­дан бас тарттық және ең дұрыс ше­шімдердің бірі болды деп есеп­теймін. Ал қазіргі ең ауыр жаза – өмір­бақи бас бостандығынан айыру. Бұл нор­ма бірнеше бапқа қо­сылды: сәби­лер­ді өлтіру, педо­филия мен зорлау жағ­дайлары болса «Өмір бойы бас бостан­ды­ғынан айыру» жазасы қолданыл­мақ. Баланың өмірі мен қауіп­сі­з­дігін осылай қамтамасыз ету әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Ба­лаға жасалған қылмыс аса ауыр қыл­мыс санатына жатады. 

– Осы заң қоғамда не себеп­тен көп шу тудырды деп ойлай­сыз? Халық қалаулысы ретінде баға берсеңіз.

– Біз, Парламент ретінде жы­лына бірнеше заң қабылдаймыз. Бір­ақ дәл осы заңға осындай қызы­ғу­шылықтың болуы орынды. Халық көптен күткен, Президент уәде ет­кен заң. Сарғая да зарыға қол жет­кіз­ген заңымыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жөнінде бұдан былай қылмыстық кодексте бар. Мұның өзі еліміздің әйел мен бала, отбасы мен ұлттық құндылықтарды дәріптей­тінін тағы бір дәлелдейді. Бұл заңға ондық ұпай бойынша есептегенде 10 деген балл қоятын едім, бірақ бұл заң­ның бағасы тәжірибеде дәлел­деніп, зорлықтың азаюына әкелсе, біздің миссиямыздың орындалғаны деп есептеймін. 

– Бұл заң жүзеге асқан жағ­дайда отбасы арасында ажырасу көбейеді, демография төмен­дейді деген де пікірлер айтылып жа­тыр. Мұндай пікірлер не се­беп­тен туындауы мүмкін?

– Біріншіден, бізде саяси пікі­ралуан­дығы, плюрализм бар. Бірақ дәл осындай пікір айтылса, мен оның сандық деректермен нақты­лан­ғанын, дәлелді аргументтермен бекітілгенін қалаймын. Олай бол­маса, бұл – жай ғана негізсіз пікір. Екін­шіден, Қазақстандағы ажыра­су­дың себептерінің ішінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық негізгі себеп ре­тінде көрсетілген бе?! Қарап көруге кеңес беремін. Жоқ, ажырасудың ал­ғашқы 3 себебінде тұрмыстағы зорлық-зомбылық көрсетілмеген. Де­мографиялық өсім бізде тұрақты. Қазақстандық бір әйелге 3 баладан келеді. Мен осындай аргументтерді алға тартуды құптаймын. Әркімнің өз шындығы бар, бірақ ақиқат біреу. Ақиқаты – зорлық-зомбылықтың ал­дын алу мен жазалауды қажет ете­тін қоғам дерті, оны ақтау құқық­тық мемлекетке тән емес. Пікір әртүрлі себептермен туындауы мүм­кін. Мәселен, саяси, жеке, ескірген стереотиптік, әлеуметтік немесе не­гізсіз жай ғана өшпенділік тілі ре­­тінде. Оған қазақ бабамыз: «Жүйе­лі сөз жүйесін табады, Жүйесіз сөз иесін табады» деген.  

Сұхбаттасқан – 
Бейбіт Тоқтарбай

 

Серіктес жаңалықтары