Ұлыбританияда 28 жастағы қыз суды көп ішкеннен қайтыс болған

Дәрігерлер Лилидің психогендік полидипсия ауруымен ауыруы мүмкін екенін алға тартады.

Ұлыбританияда 28 жастағы қыз суды көп ішкеннен қайтыс болған
pixabay.com

Ұлыбританияда Лилиан Лукас есімді 28 жастағы қыз психиатриялық ауруханада суды көп ішкеннен қайтыс болған, деп хабарлайды turkystan.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.

Бұл оқиға 2022 жылы қыркүйекте болған. Алайда БАҚ-қа күні кеше ғана жарияланды.

Шизофренияға шалдыққан Лили Соммерсет графтығына қарасты Кьюстон ауылындағы Сигнет госпиталінде ем алып жүрген.

Дәрігерлер оны палатада ес-түссіз жатқан жерінен тауып алған. Сосын оны дереу Бристоль корольдік ауруханасына жеткізген, алайда ол келесі күні қайтыс болған.

Ондағы дәрігерлер Лилидің өліміне суды көп ішуі себеп болғанын мәлімдеді. Олар Лилидің психогендік полидипсия ауруымен ауыруы мүмкін екенін алға тартады. Полидипсия – жиі шөлдеу, әсіресе шамадан тыс шөлдеуге итермелейтін психикалық ауытқу. Мұндайда науқас антипсихотикалық препараттарға тәуелді болады. Белгілі болғандай, Лили клозапин дәрісін ішкен. Оның ата-анасы аталған дәрінің құрамын тексеруді талап етіп жатыр. Анасы Карран қызының аталған клиникада ем алуы оның денсаулығына кері әсер тигізгенін айтады.

"Лили дәрігерлердің клозапин дәрісін жазып бермесе екен деп қорқатын. Ол аталған дәрінің кері әсерін білетін", – дейді анасы.

Оның айтуынша, Лилидің дәрігері аталған дәрінің оған ем болатынын, Лилиге өзі қарайтынын айтқан. Алайда Лили қайтыс болмас бұрын анасына аталған дәріні ішкеннен кейін басы айналатынын айтқан. Бірақ дәрігерлер оның бұл айтқанына құлақ аспаған. Кейін Лилидің жүрек талмасы ұстаған.

Лили университетті мейірбике мамандығы бойынша бітірген. Ол болашақта дәрігер болуды армандаған.