Қазақстан қағазбастылықтан арылып келеді

Бюрократиядан арылу шығынды, уа­қытты, ресурстарды үнемдеудің ең тиімді жолы екенін уақыттың өзі көр­сетіп отыр. Қазынадан жұмсалатын қара­жатты үнемдейді деген сөз.

Қазақстан қағазбастылықтан арылып келеді
сурет: gov.kz
836

Мемлекеттік мекемелердегі басты олқылық саналатын бю­рок­ратияны азайту мақсатында Президент 2022 жылы арнайы Қаулыға қол қойған болатын. Құжатта мемлекеттік аппаратта шешім қабыл­дауды тездету, бірінші басшылардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру, құжат пен есеп беруді қысқартып, автоматтандыру, мемор­гандардың ақпараттық жүйеде сақталған деректерді сұратуына тыйым салу, қағаз құжаттарға бұрыштама соғуды және қол қоюды тоқтату, қашықтан жұмыс істеу үшін меморгандардың басшыларына жағдай жасау, мемлекеттік басқарудың барлық саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне басымдық берілген. Содан бері мемлекеттік органдарда басы артық шаруаға айналған сансыз есеп, түкке қажеті жоқ қызметтік хаттар бұрынғыдан азайғандай.

– Бюрократия – реформаларды сапа­сыз жүзеге асырудың себептерінің бірі. Бұл ау­рудан бәрімізге емделуге тура келеді. Ба­сым­дық формада емес, мазмұнда болуы керек. Есеп үшін есеп, бақылау үшін ба­қылау жүргізу өткенде қалуға тиіс. Соң­ғы нәтиже процестен маңыздырақ, – деген болатын Мемлекет басшысы бюрократия мәселесі туралы. 

«Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлық бойынша бүгінде іске асы­рылып жатқан реформалардың негізгі жауап­кершілігі, нәтижелері атқарушы би­ліктің мойнында. Оған тікелей министрлер мен жергілікті әкімдердің өздері жеке жауап береді. Қаулыдағы тапсырмалар то­лығымен орындалатын болса кеңсе қа­ғазына жұмсалатын бюджет шығыс­та­рын үш есе қысқартуға болады. Бейресми дерек бойынша мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс барысында пайдаланатын қағаз­дарының өзіне тек орталық деңгейде 7 млрд теңге жұмсалады екен. Қағазба­сты­лықтан мемлекетке келетін шығын туралы эко­номист Олжас Құдайбергенов: «Бюрок­ратиядан халық пен бизнес қана емес, ше­неуніктердің өзі де зардап шегуде. Өйт­кені шешімнің баяу қабылдануы мемлекет жос­парлаған міндеттердің орындалуына кері әсерін тигізеді. Соның кесірінен елдің жалпы ішкі өнімі 5-7 трлн теңгеден қағы­лып отыр», – деп мәлімдеді.  
Бюрократиядан арылу шығынды, уа­қытты, ресурстарды үнемдеудің ең тиімді жолы екенін уақыттың өзі көр­сетіп отыр. Қазынадан жұмсалатын қара­жатты үнемдейді деген сөз. 
Жалпы, бюрократия мәселесінде елі­мізде қабылданып жатқан шаралар мем­лекеттік аппаратта шешім қабылдау тиім­ділігін арттыруға, құжат айналымын, есеп­тілікті қысқартуға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ елімізде мемлекеттік аппарат қыз­­метін бюрократиядан арылту мәсе­лелері – мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасындағы басым бағыттардың бірі. Яғни мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жо­лын­дағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді. Алай­да мемлекеттік жоспарлау жүйесі тү­бегейлі өзгертуді қажет етеді. Мемлекет басшысы бюрократия мә­се­лесіне биыл жыл басында өткен Пре­зи­дент­тік жастар кадр резервінің форумында тағы да арнайы тоқталып өткен болатын.

Мемлекеттік қызметті неғұрлым озық салаға айналдыру қажет екенін айтқан Президент: Жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-ке­сілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мем­лекеттік қызмет жүйесінде барлық үдеріс ашық болуға тиіс. «Мемлекет адам үшін» қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қыз­мет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай ке­летін және қоғам сұранысына жауап бере­тін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын шынайы бағалайтын нақты өлшемдер болуға тиіс. Бұл – бағалау жүйесін ұдайы жаңар­тып отыру қажет деген сөз. Мем­лекеттік қызметшінің іс жүзінде атқарған жұмысы міндетті түрде ескерілуі керек. Ең бастысы, әрбір қызметші еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттерге сәйкес барынша тиімді жұмыс істеуге дайын болуы қажет, – деді. 

Мемлекеттік жоспарлау жүйесі не­ғұр­лым жинақы әрі икемді болу үшін тапсырмалардың орындалуын мо­ниторингтеу және бақылау тетігін же­тіл­ді­рілу керек. Сонда сыбайлас жемқорлық пен басы артық жұмыстар қысқаратыны анық. 
Дамыған елдер мемлекеттік қызмет жүйесін IT-шешімдер арқылы оңтайлан­дыр­ған. Мәселен, Эстония үкіметінің ұзақ мер­зімдік стратегиялық жоспарларының бірі технологияның озық үлгілерін кеңінен қол­дану еді. Эстония билігі интернет ар­қы­лы дауыс беруді сонау 2005 жылы жер­гі­лікті сайлауда қолданған болатын. Мем­ле­кеттің бұл қадамын Еуропа Кеңесі құп­тап, марапаттаған. Ал 2007 жылы мұндай дауыс беру ұлттық шеңберде жүзеге асы­ры­лып, Парламент сайлауына дауыс беру ин­тернет арқылы жүргізілді. Осылайша, Эстония бюрократиядан толықтай бас тарт­қан және Парламент сайлауын интер­нет арқылы өткізген әлемдегі бірінші ел ретінде тарихта қалды. 

Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйе­сін оңтайландыруға жасанды интел­лект технологиясы, ауқымды мәліметтер қорын пайдалану туралы ұсыныстар ай­тылып жүр. Президент жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов: «Мемлекет цифрландырудың қолжетімді ресурстарын барынша пайдалануы керек. Жаһандық өзгерістер кезінде мейлінше тез шешім қабылдануға тиіс. Қағазбастылық ресурс пен уақытты ысырап етеді. Бұл тұрғыда дебюрократизация – қажетті және тиімді шара. Мұндай процестерді автоматтан­дыру­сыз және цифрландырусыз жүзеге асыру мүмкін емес», – деген болатын. 

Бюрократия мемлекеттік басқарудың тиімділігін төмендетіп, халықтың се­німіне нұқсан келтіреді. Астана мем­ле­кеттік қызмет хабы жариялаған жинақта: «Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту мәселелері бойынша, оның ішінде ішкі әкімшілік рәсімдерді зерттеумен қоса, мониторинг және талдау нәтижелері» атты құжатта: «Бюрократизация деңгейіне әсер ете­тін көптеген фактордың ішінде өкілет­тік­тердің, жауапкершіліктердің және ре­сурстардың теңгерімсіздігін, шешім қабыл­дау мен бақылаудың орталықтандырылуын, бұлыңғыр өкілеттіктерді, хаотикалық ақпарат ағындарын және корпоративтік мә­дениет проблемаларын атап өтуге бо­ла­ды. Бюрократия деңгейін төмендету үшін серпін беретін саяси ерік те, барлық дең­гей­дегі басшылардың қажырлы еңбегі қажет», – деп көрсетілген. 
Былтырдан бастап елімізде ве­те­ри­нар­лардың жұмысын жеңілдетуге арналған арнайы VetLab цифрлық қосымша іске қо­сылды. Аталған қосымша ақпарат жи­науды, беруді, талдауды автоматтандырады және интернетсіз жұмыс істей береді. Енді ветеринарлар шалғай учаскелерге барып, мал басын тіркей алады, дерекқор арқылы тек­сере алады, сондай-ақ жүргізілген ве­те­ринариялық іс-шараларды көрсете алады. Осылайша, қолы ұзарған ветеринарлар қағазбастылықтан арылып, мал өнімдерін нақты бақылауға қол жеткізіп отыр.  
Ішкі істер министрлігі де бюрок­ра­тия­дан бас тартуды бастап кетті. По­лиция қызметкерлері қағаз толтыруға кеткен уақытын негізгі міндеттеріне арнай бастады. Мәселен, бұрын бір ауысымдағы қыз­меткерлерді алмастыруға бір сағат уақыт кететін. Автокөлікке қай жерде әрі қашан жанармай құю, жөндеу, көлік жуу орындарында кезек күту сияқты мәселе­лерді патрульдің өзі атқаратын. Кезек ауы­сқан сәтте қала көшелері патрульсіз қа­­ла­тын. Былтырдан бастап көлікке қа­тыс­­ты мәселелермен полицейлер айна­лыс­пай­тын болды. қазір олардың негізгі мін­деті – шақырту болған жерге тез жетіп, қыл­мыскерлерді жедел ұстап, қаладағы тәр­тіпті тәулік бойы қамтамасыз ету. 
Қағазбастылықтан құтылуға статис­тика саласы да кірісіп кетті. Былтырдан бастап статистиканы жинау мемлекеттік де­рекқорларға көшіп жатыр. «Енді қа­ғаз­бен есеп беру азаяды. Сонымен қатар ста­тистика жоғары сапалы әрі сенімді болады. Бүгінде статистиканы аудандар кейбір өңірлер деңгейінде егжей-тегжейлі көр­сетуде кері байланыс бар. Біз мұны сандық статистикалық регистрге өту арқылы жасаймыз. Деректерді жинау – өте күрделі процесс. Өткен жылы 145 нысан бойынша де­ректер жиналды. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер барлық есепті қағаз түрінде тапсыруы тиіс болды. Мұның бәрі көп еңбек пен уақытты қажет етті, – деді Ұлт­тық статистика бюросы басшысының орын­басары Жаннат Дубирова. 
Мемлекеттік басқаруды реформалау әрдайым жетілдіруді, оңтайлан­дыруды қажет етеді. Ал бюрократиядан арылу, сындарлы диалог жүргізу, азамат­тардың сұраныстарына дер кезінде ден қою, мемлекеттік шешімдер қабылдау ісіне белсенді араласқан қоғам ғана дамудың даңғыл жолына түспек.
 

Серіктес жаңалықтары