Таисия
Қаныш Сәтбаев пен Таисия Кошкинаның қалай танысқаны, қалай өмір жолдарын бірге байлап, отбасы атанғандары жөнінде әлі күнге төрт аяғы түгел тарих жоқ. Иә, академик жайында осы күнге дейін талай мақала, кітап жазылды, фильмдер түсірілді, десе де екеуіне қатысты қолға ұстатқандай жүйелі, сенімді сүйіспеншілік өмірхаяты түзілмеген.
Екеуінің алғаш қашан, қайда танысқаны жайлы деректер де әртүрлі. Қаныш жайында «Алғашқы академик» атты деректі повесть жазған Алексей Брагин бұл оқиға хақында екіұшты етіп айтады. Оқиық:
«Таисия Кошкина институтқа (Том технологиялық институты. – Б.А.) Қаныштан екі жыл бұрын түсті. Сәтбаев оқуға түскенде Таисия Кошкина сонда оқып жүрген. Бәденді жүзіне әлдебір қатаңдық, онымен бірге жастық албырттық беріп тұратын ақшыл кекілінің білтелі шүйкелеріне қарап, институттағы ботқаластары оны «Шашы ағарған қыз» деп кеткен-тұғын. Ах, сол бір ақ түсті шүйке шаштар-ай!
Таисия Кошкина институтты ертерек бітіріп, тікелей мамандығы бойынша жұмыс табудың реті келмегендіктен Семейге келіп, сондағы техникумға оқытушы болып қызметке орналасты. Әпкесі Мариямен тұрып жатқан бөлмесіне кейде, ол уақытта Мәскеуде тұратын Қаныш Сәтпаев бас сұғады. Бір келгенінде қызға сөз салып, Мәскеуге әкеткісі келетінін айтты. Алайда мұның бәрі кейінірек орын алды...».
Көріп отырғанымыздай, автор бұл жерде екі жас бір-бірімен анық Томда кездесіп, танысты деп жазбаған. Сол сияқты өңге дереккөздер де «Қаныш Таисияны Том институтында, студенттік би кешінде көрді» дегенімен, бұған анық-қанық дәлел келтірмейді. Ал Қанекеңнің Таисия Алексеевнадан көрген қызы Мейіз анасының әкесі туралы жазған естелік кітабына жазған алғы сөз мақаласында мұның жайын былай деп келтіреді:
«Папам мамаммен Семейде, анам сондағы мұғалімдер семинариясында лаборант болып жұмыс істеп жүрген кезде танысқан. Содан кейін екеуі Томда және жүздесіп, технологиялық институтта бірге оқиды да, соңыра үйлену жөнінде шешімге келеді...»
Бұдан көреміз, екеуінің Том институтына дейін-ақ Семейде танысқандарын және Таисияның Семейде институтқа түспей тұрып қызмет еткенін. Әңгіменің ауанына қарағанда, екі арада әлі сезім, сүйдім-күйдім жоқ, семинария студенті мен лаборанты жай танысып қана қойған. Жас жүрек жас жүрекке жуықтап та қалар ма еді, қайтер еді, егер арада шамалы уақыт өткенде Қаныш өкпе ауруына шалдығып, дәрігерлердің кеңесімен елге барып, қымыз ішіп сақаю үшін оқуын үзіп, Баянауылға аттанып кетпегенде.
Көп кешікпей, 1920 жылы Қаныш сонда – елде ата-анасының ұйғарымымен тақау төңірекке сыйлы ақсақал Смағұлдың қызы Шәрипаға үйленеді. Жыл аралатып тұңғышы Ханиса дүниеге келеді. Одан соң Қаныш болыстық төбе би (халық соты) боп жұмыс істейді, сөйтіп жүргенде Баянға қымызбен емделуге келген Том технология институтының оқытушысы, арғы түбі барабалық шаруа текті Михаил Усовпен достасып, соның кеңесімен Томға кеп институтқа түседі. Сонда аяқ астынан баяғы лаборант Тасяны кездестіреді.
Бүгінде Том политехникалық институтының архивінде сақтаулы тұрған студент Таисия Кошкинаның жеке ісіндегі өмірбаян деректеріне қарағанда, Таисия Кошкина көпес сословиесінен шыққан (әкесі – көпес Алексей Федорович Кошкин, анасы Фелицата Васильевна), туған жері Семипалат облысына қарасты Зырян кеніші. Семей қыздар гимназиясын үздік бітірген, 1918 жылы жоғары оқу орнына түсу құқын беретін қосымша жалпы білім класын түгескен. Том институтына 1919 жылы түсіп, 1924 жылы бітіріп шығады, оқу жылдары Нечевский келте көшесіндегі 20-үйде тұрған. Қаныш болса, институтқа 1921 жылы түсіп, 1926 жылы аяқтайды. Оқу жылдары профессор Усовтың үйінде тұрады.
Екі жастың қай уақыттан бір-біріне ұнатқандық сезімдерін білдіре бастағанын дәл айту қиын, дегенмен мұны екі жақтың жазысқан хаттарына қарап добарлап, 1924-1925 жылдары орын алды деу жөн. Яғни, Таисия әйел бала болуы себепті Томда геолог мамандығына сай орын таба алмай Семейге оралып, үйреншікті мұғалімдер техникумына (бұрынғы семинария) орналасқан. Ал Қаныш Атбасарда қызмет еткен кезде екеуі бір-біріне көңіл жақындығын ашық білдіре бастағанға ұқсайды. Оған бір дәлел – Қаныштың Таисияға жазған хаттарының (барлығы елу шақты) алғашқысы төртінші курсты бітіріп, жазғы мұрсатханаға Семейден Баянауылға бара жатып Зырян қаласында жолдаған хаты.
«Қымбатты Тася» – депті Қаныш атамыз 1925 жылғы 23 шілдемен белгіленген әлгі хатында. – Семейде сіз болмағасын көңілсіз жүрмін... Тәңір бізді жолықтырып, өзіме сіздей жансерік тапқаныма кәміл сенімдімін. Бұдан көп бұрын, алғаш танысқанда-ақ сіздің қарапайым нышаныңызға, биязы қылығыңызға таңғалып едім. Сөйтіп, Сізді әбден танып-білуден соң өзіңізге мәлім шешімге келдім».
Бұндағы – соңғы «өзіңізге мәлім шешімге келдім» деген сөйлемге қарап ілгеріде, жүзбе-жүз өткен кездесулердің бірінде жігіт қызға көңілін білдіріп, тіпті тағдыр жолдарын байлауға емеурін танытқан. Бірден төте ұсыныс жасамай, орағытуының себебі де белгілі – жілігі шағылмаған жігіт емес, үйде келіншегі екі қызымен (Ханиса, Шәмшиябану) күтіп отыр, сөз салып отырғаны – орыстың мінезі тіктеу оқыған сылқымы және бұрын есік көрмеген әйел заты. Қалай қарайды, не болады? Көңіл күптігей.
Дегенмен жігіт тәуекелге бел буып, 1925 жылы жазда қызға деген көңілін ашық білдіріп, мәселені бүйірінен қояды: «Сонымен, әңгіме басталды, таяқ жерге тасталды. Рубиконнан өттім. Баянды бақытымызға нәсіп айла. Сүйдім, Сіздің Қаныш». Жалғыз ғана тілек: бас қосқаннан кейін өзі – «жаратылысы да, сенім ұстанымы да қазақ» хат иесі қазақ даласынан алыстап кетпесе екен.
Үшінші хат 1926 жылы 8 тамызда Мәскеуден жазылған. Онда Қанекең бұрынғыдай «Тася, Туся» деп есімін кішірейте орағытып жатпастан хатын «Saulem Taisa-Tai!» деп бастайды. Соған қарағанда, Семейден Мәскеуге бойжеткен тарапынан жылырақ, тіпті ұсынысты құп алған жауап жеткен сыңайлы.
Сәтпаевтанушылар көпке дейін «Таисия Кошкинаның Қаныш Сәтпаевқа жолдаған хаттары сақталмады, жоғалып кеткен» деп келді. Медеу Сәрсеке «Таисия Алексеевна жауап хаттарын жойып жіберген» деп те жазды. Алайда Қанекең зайыбының көзі жұмылғаннан кейін әлгі хаттарды Мейіз Қанышқызы Алматыдағы Геология ғылымдары институтының архивіне тапсырды. Солардың бірінде Таисия жеңгеміз 1927 жылы Қызылордадан Мәскеудегі Қанекеңе «Қымбатты Сәулемчик! Тезірек келіңіз! Келмесеңіз сағыныштан өліп кетермін. Тұрланға сапарыңызда уақыт тауып, үш күн Қызылордаға соға кеткейсіз. Мен сізді қайтсе де жібермеймін...» деп жазыпты.
Бұл кезде, яғни 1927 жылы Таисия Семейден Қызылордаға ауысып, Қазақстан Халкомы жанындағы Геолком өкілдігіне жұмысқа тұрған. Қаныш боса болмаса біраздан бері Мәскеуде, Атбасар түсті металдар тресінің сондағы басқармасында геолог. Бұл жылдары, екі-үш жыл ішінде екеуінің үйлене алмауының негізгі себебі – осы қызмет бабы, сонымен бірге Қаныштың елдегі үй-ішінің басына түскен нәубет болды. Қаныштың туған інісі Ғазиз (Бөкеш) және немере ағалары Әбдікәрім мен Әбікей Сәтпаевтар «бай тұқымы ретінде 1920-жылдардың аяқ шеніндегі репрессияның алғашқы толқынына ілікен-ді (үшеуі де кейінірек, 1938 жылы атылды). Мұндай жағдайда Қаныш үшін ең қолайлысы – ел табыннан аулақта, Мәскеуде қала беру еді.
Ақыры, 1928 жылы Таисия да Мәскеуге ауысып, Атбасар түсті металдар тресінің Мәскеу басқармасына геолог болып орналасады. Сол жылдың аяқ шенінде Қаныш екеуі отау құрады. Қаныш жаз шыға Ұлытауға – экспедицияға аттанады, жаңа босанған Таисия тұңғыш ұлдары Арсыланмен астанада қалады. Бірақ аурушаң болып туған бала жиі-жиі ауырып, ақыры диагнозы біресе диспепсия, біресе дифтерияның танылмаған түрі деп танылып, әйтеуір белгісіз кеселден шетінеп кетеді. Баланың атын Арсылан деп Қаныштың өзі қойған еді.
Жалпы, бөгде жұрттан әйел алған оқыған жампоздарымыздың үйішілік, отбасылық өмірін шолып қарасаңыз екі түрлі жағдайды байқауға болады: Әлихан Бөкейхан секілді қайсыбірі аралас некеден туған балаларының аттарын орысша қойса (мәселен, Елизавета, Сергей), Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сияқты көпшілігі қазақша ат-есім тағындырған. Қаныш та осыған бағып, Үш баласына да Арсылан, Мейіз, Мәриям дейтін қазақша ат беріпті, әлбетте, ұлты орыс зайыбының келісімімен.
Таисия Алексеевна анасына алғаш қазаққа тұрмысқа шығатынын айтқан кезде данагөй Фелицата Васильевна «Енді не болса да көнесің, қазаққа тұрмысқа шыққаның – бір ауыл тума-туысына тұрмысқа шығу екенін білдің ғой» депті. Қалада, мүлдем басқа жағдайда өскен Таисия, дегенмен, бұл жағдайды төзімділікпен қабылдап көнеді. Мәскеуден Қарсақпайға келгендерінде өздерімен бірге күйеуінің алғашқы әйелдерінен көрген Ханиса, Шәмшиябану қыздары мен туыс қарындасы Зиннаттың, кейін Қамал Ақышев бастаған жетімектердің (барлығы жиырмашақты ауыз) тұрғанына түсіністікпен қарап, шыдас береді.
Интернеттегі қайсыбір жарияланымдарда «Қаныш Сәтпаев алғаш алғаны – Шәрипаны Таисия Кошкина үшін қоя берді» деген сыңайда әңгіме айтылып қалады. Бұл анығын білмей, шындықтың байыбына бармай айтылған сөз. Қаныш Шәрипадан ажыраспаған, оны Алматыға балаларымен бірге көшіріп әкеп, бәйбіше ретінде араласқан.
Қазақ жігітіне тұрмысқа шыққан орыс, еврей қыздары негізінен қыз кезіндегі фамилияларын, ат-есімдерін өзгертпеген, бұл дәстүрді бұзған жалғыз адам – Ахмет Байтұрсынұлының зайыбы Александра Журавлева, ислам дінін қабылдағаннан кейін өз ат-сойын тастап, Бадрисафа Байтұрсынова атанды. Ал Қаныштың жары Таисия әкесінің атында қала берді, бірақ 1944 жылы күйеуінің фамилиясына көшіп, Сәтпаева болып жазылды.
Өзіміз байқаған мына бір жағдай:
Жоғарыда келтіргеніміздей, Таисияның шешесі Фелицата Васильевна. Фелицата – латын сөзі делінеді. Католик тарихында осы есіммен римдік Фелицата, яғни, римдік мақтұл (мученица) деген әмбие жан белгілі. Десе де, тарих бетін ақтарсақ, бұл есімнің одан бөлек асыл заты да бар екен. Яғни, кейбір дереккөздер Фелицата есімін бағзы славян-татар атына апарып тірейді. Осыған қарап, Таисияның анасы христиан дінін қабылдаған кірәшін татар қызы болуы да мүмкін-ау деп ойлайсың (Баянауылда Қанышқа сабақ берген Григорий Терентьев мұғалім сияқты).
Фелицата әжеміз жан жомарттығы ерекше, қамқор кісі болыпты. Қызының қолына келіп тұрғаннан кейін үйдің бүткіл шаруасын өз мойнына алады да, Таисия Алексеевнаның өз мамандығынан қол үзбей, ерімен бірге экспедицияларға шығуына жағдай жасайды.
Таисия Кошкинаны бүкіл КСРО бойынша алғашқы геолог әйел деп атайтын дерек кездеседі. Оның анығын білмедік, білетініміз – Таисия жеңгейдің талантты геолог-барлаушы және ғалым болғандығы. Мейіз Қанышқызы анасының өз саласындағы қабілет-қарымы әкесінің тұлғалық бейнесінің тасасында қалғанына, Сәтпаев жайлы мақала, естелік, кітап, фильмдерде тек қамқор үй бибісі ретінде ғана аталатынына өмір бойы бек қынжылып өтті. Шынында, кеніште туып-өскен Таисия Алексеевна жаны қалап алған мамандығынан еш қол үзбеді, Қызылордада, Мәскеуде, Қарсақпайда, соңыра Алматыдағы геология бөлімінде қызмет атқарған тамаша минералог. Ол Қарсақпайда мықты минералогиялық зертхана, фотолаборатория ұйымдастырып, сол кез үшін сирек геологиялық музей ашты. 1934 жылы Мәскеуде өткен КСРО Ғылым академиясының Үлкен Жезқазған мәселесіне арналған сессиясында Қаныш Сәтпаев, Михаил Русаковтармен иық теңестіріп тұрып, Жезқазған кен орны туралы іргелі баяндамалардың бірін геолог-минералог Таисия Кошкина жасағанын екінің бірі біле бермейді.
Таисия Алексеевнаның өз саласы бойынша айрықша еңбегі – оның Жезқазған кендерінде рений кенін ашқаны. Рений – балқуы қиын, ақшыл күміс түсті металл. Жезқазған мыс зауытында алюминий переннаты, рений қышқылы металды ұнтақ ретінде алынған, қазір де алынып келе жатқан ол аса бағалы металл есебінде электрон приборлардың, катод, масс-спектрометрлер мен термобулардың бөлшектерін әзірлеу ісінде қолданылады және ренийден жасалған қаптамалар өзге металдарды таттан қорғауда таптырмайтын көмекші. Таисия Кошкина қайтыс болған соң оған осы жаңалығы үшін КСРО Геология министрлігінің арнайы дипломы мен медалі берілді.
Бүгінде пабликтерде қазақ зиялыларының өзге ұлт өкілдеріне үйленуінің негізгі себебі ретінде компормизм, яғни өмірбаян үшін, мансап мәселесін ойлап осы қадамға барғандары жиірек айтылып, жазылып жүр. Расында да, зиялыларымыз кешегі бір кер заманда бас сауғалап – Мәскеу барып аман қалғандары, сол жақтан қорғау-қолдау көргендері тарихи факт. Объективті түрде бұл солай, әйткенмен солай екен деп мәселенің субъективті жағын тасада қалдыруға болмайды. Қалай болғанда да, неке – екі кісінің арасында сезіммен, жүрек қалауымен болатын шаруа. Егер сондай сезім, жақсы көру, сүйіспеншілік болмаса Таисия еріне серік болып, тау-тас кезіп жүрмес еді; 1951 жылы Қаныштың басын бұлт шалып, жалған айыппен Ғылым академиясы президенттігінен босап, денсаулығына қатерлі ақау ілінген шақта базбір әйелдер сияқты ерін тастап еліне кетпестен Мәскеу, Кисловодскіні бірге адақтап, моральдық қолдау көрсетпес еді; қуғында жүрген күйеуінің түп-тура Сталиннің өзіне хат жазуына мұрындық болмас еді; мұртты көсемнің әлгі хатқа «Сәтпаевқа сену керек, оны партиядан аластатпау керек» деп қол қойған бұрыштамасына қол жеткізбес еді.
Жақсы көрмесе, сүймесе, 38 жыл отасқан жарынан 63 жасында жесір қалғанынан кейінгі 12 жыл ғұмырын Қанышының соңында қалған бай ғылыми мұра, жеке архивін ғылыми жүйелеуге, «Академик Қ.И.Сәтпаев» атты естеліктер жинағын, 5 томдық таңдамалы еңбектер жинағын шығаруға, басына құлпытас көтеріп, Ғылым академиясы бас ғимаратында кеудемүсінін орнатып, Қарсақпай мен Баянауылда мұражайларын аштырмас еді-ау.
1976 жылы 6 сәуірде абзал жүрегі соғуын тоқтатқанға дейін сырқатының меңдеуіне қарамай, «Қаныш Имантайұлы Сәтпаев» дейтін деректі повесін жазып шығар ма еді, қайтер еді, егер қазақ оғыланына деген асқан сүйіспеншілігі болмаса?!
О, махаббат, сенің не құдіретің бар?!
Бақытжамал АЙМҰХАМБЕТОВА,
«Академик Қ.И.Сәтпаев» мемориалдық музейінің бөлім меңгерушісі