«Қате жіберді»: Бас бапкер Антальядағы турнирде неліктен алтынсыз қалғанымызды айтты
Антальяда Қазақстан атынан 4 спортшы сынға түсті.
Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасының бас бапкері Александр Ким Түркияның Анталья қаласында өткен Challenge Cup турниріндегі спортшылардың нәтижесін талқыға салды, деп жазады turkystan.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Антальяда Қазақстан атынан 4 спортшы сынға түсіп, оның екеуі жүлдеге қол жеткізді.
Нариман Курбанов гимнастикалық ат снарядында күміс медаль алса, Асан Салимов қол тіреп секіруден алтын жүлдегер атанды.
«Қатысушылар саны лицензиялық әлем кубогімен салыстырғанда әлдеқайда аз. Әлемнің 27 мемлекетінен 100-ге жуық гимнаст бақ сынады,
Біздің командадан үш спортшымыз финалдық кезеңге жолдама алды. Нариман Курбанов іріктеуде бірінші, Зейнолла Ыдырысов үшінші орын алып, ақтық сынға өтті. Сондай-ақ, Асан Салимов қол тіреп секіруден бірінші орынмен финалға жолдама алған. Ілияс Азизовке еркін жаттығуда финалға өту үшін сәл ғана жетпей қалды.
Гимнастикалық ат снарядында сынға түсетін Нариман комбинациясын қиындата түсті. Бірақ орындау барысында кішігірім екі қате жіберіп, иорданиялық спортшыны алға жіберіп алды. Алтын мен күмістің арасын небары 0.05 ұпай бөліп тұр. Украиналық гимнаст пен біздің Зейнолла бірдей ұпай алған. Бірақ қарсыласының бағдарламасы сәл қиындау болған соң, қола медаль соның еншісінде кетті. Зейнолла төртінші орында.
Ал қол тіреп секіруден Асан Салимов өте сәтті өнер көрсетті. Екі мүмкіндігінде де жерге нық тұрып, жаттығуды сапалы орындады. Тиісінше, 14.300 ұпаймен бірінші орын алды.
Енді Challenge Cup сериясындағы кезекті турнирге қатысу үшін Хорватияға келдік», - дейді бас бапкер.
Хорватияның Озиек қаласында өтетін Challenge Cup турнирі 1-8 сәуір аралығына жоспарланған.