Чехияда қамшыны насихаттап жүрген қазақ
Мен қамшы өруді осында өз бетімше үйрендім.
Бүгінде ұлттық брендімізге айналған қымыз бен қазы-қартаны Еуропада, соның ішінде Германияда бізден кем емес әзірлейтін мамандар бар екенін естіп жүрміз. Сол секілді ұлттық нақыштағы киімдер мен зергерлік бұйымдарды елден ғана емес, сыртта жүріп-ақ сатып алуға болады. Мысалы, Америкада тұратын Ажар есімді қыз тақия мен қазақша сөздер кестеленген худилер тігеді. Анкарада бір топ маман домбыра жасап, сатады. Швейцарияда текемет тоқитын қандасымыз тұрады. Жуырда Чехияда қамшы өретін қазақ тұратынын естіп білдік.
1996 жылдан бері көлік жөндеумен айналысамын
Нұрлан Бейсекеев – Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Пушкино (қазіргі Ақбел) ауылында дүниеге келген. Содан соң сол ауданға қарасты Петровка елді мекенінде мектеп табалдырығын аттаған. Онда шаруашылық агрономы болып еңбекке араласқан ол тоқсаныншы жылдардағы тоқырау салдарынан ауылды артқа қалдырып, қалаға қоныс аударған.
«Ол уақытта құлдырау қатты сезілді. Сондықтан 1996 жылы қалаға көшіп келіп, көлік жөндеумен айналыса бастадым. Есептеп қарасам, сол кезден қазірге дейін көлік жөндеу ісімен айналысып келеді екенмін. 2008 жылға дейін бірнеше сервисте автомеханик болып жұмыс істедім. Одан соң цех шебері, сосын цех басшысы лауазымына тағайындалдым. Кейін техникалық директор қызметін атқардым. Чехияға кеткенге дейін цех басшысы болып жұмыс істедім», – дейді Нұрлан.
Елде басшылық қызмет атқарған Нұрланның шетелге жұмысқа келуіне не түрткі болғаны бәрімізді қызықтыратыны анық. Көрген-білген ойға азық екенін алға тартқан ол мұнда көпшілік ойлағандай саяхаттауға емес, жұмыс істеуге келгенін айтады.
«Өзге ел тұрғындарының қалай тұратынын, қалай жұмыс істейтінін көрсем деймін. Сыртқа шығып, жұмыс істеп көргім келді. Сөйтіп, Праганың маңында орналасқан Градец-Кралове қаласына келіп, жұмысқа орналастым. Мұнда фирмада көлік жөндеуші болып жұмыс істеймін. Бұл қалада тұрып жатқаныма бір жарым жыл болды», – дейді ол мұндағы жұмысы өзіне ұнайтынын айтып.
Қамшы өруді өз бетімше үйрендім
Нұрланның қамшы өретінін естіген біз оның Қазақстанда жүріп үйренген болар деп ойласақ, қателесіппіз.
«Мен қамшы өруді осында өз бетімше үйрендім. Біздегі жұмыс уақыты – он сағат. Жұмыстан шығып, кешке үйге барғанда ішің пысады. Ал мен үйде шалқайып жатқанды ұнатпайтындардың қатарынанмын. Телефон немесе теледидарға телміруге – жаным қас. Дұрысы, жұмыста қалып, қамшы өрейін деп шештім. Сосын интернеттен, YouTube-та қамшыны қалай дұрыс өру керек екенін 2-3 рет көріп алдым да, бір күні өзім істеп көрдім. Алғашында қолымда қандай материал бар, содан өріп шыққан едім. Бірде дәнекерлеуші киетін тері фартуктен істедім. Сосын тапсырыс беріп, кәдімгі теріні сатып алатынды шығардым. Бұл ісім көпшілікке ұнаса керек», – дейді маман қолы қалт етсе бос отырмайтынын тілге тиек етіп.
«Айтпақшы, Прагада мәңгіге қалайын деп жатқан жоқпын. Жұмыс істеймін де, содан соң елге қайтамын», – дейді Нұрлан сөзімізді бөліп. «Тек қол қусырып отырмас үшін бірдеңе істеуім керек болды. Бастапқыда түрлі зат салатын кәрзеңке өрсем бе деген ой болған. Сосын шетелдіктерге ерекше болып көрінетін ұлттық бұйымды неге жасап көрмеске деп ойладым. Сол кезде осындағы белсенді ұл-қыздардың бір мерекеге қызу дайындық жүргізіп жатқан болатын. Біреуі «Мен бауырсақ әзірлеп әкелемін» десе, енді бірі «Мен асық іздеп көрейін», ал кейбіреуі «Мен қолөнер бұйымдарымызды тауып көрейін» деп жамыраса айтып, белсенділік танытты. Сол кезде мен «Онда мен қамшы өріп әкелейін» деп ұсыныс айттым. Жұмысқа келіп, жасап көрген едім. Қолымнан келеді екен. Содан бері бұл іс хоббиіме айналып кетті. Жұмыс аяқталған соң, сонда қалып, неше түрлі бұйымдар әзірлеймін. Қамшыдан бөлек, теріден білезік жасап шығардым. Алдағы уақытта тағы көп нәрсе істегім келеді», – дейді Нұрлан мұнымен тоқтап қалмайтынын айтып.
Нұрланның бұл шеберлігі туралы Чехиядағы белсенді қазақтар ғана біледі. Сыртта жүріп, төл мәдениетімізді дәріптеп жүрген бір топ жас Прага алаңында өтетін түрлі мәдени ивенттерге Нұрланды да жиі шақырады екен.
Праганың үлкен алаңында қамшы өруден шеберлік сыныбын өткіземін
«Былтыр қыркүйекте осында жыл сайын өтетін REFUFEST фестиваліне қатыстым. Онда Чехия аумағында тұратын түрлі ұлт өкілдері өз мәдениеті мен дәстүрін ұлттық тағамдар мен бұйымдар арқылы таныстырады. Осындағы белсенді қазақ қызы Дарина Жұмағұлова қолқа салған соң, сонда қазақ бұрышын әзірлеп, жиналған жұртшылыққа Қазақстанды таныстырдық. Мен сол кезде екі қамшы әзірледім. Алайда ол уақытта тәжірибем аз болатын. Ең оңайын өрдім. Ал қазір кәсіби маманмын десем де болады. Қазір бұрынғыдан да күрделісін істеймін. Бірте-бірте материалдар мен құрал-жабдықтар жинап жатырмын», – дейді ол ұлттық бұйым болғасын мұны сапалы етіп жасау маңызды екенін айтып.
Оның қамшы өретінін Чехиядағы қазақтар ғана біледі. Аз сөйлеп, көп әрекет еткенді құп көретін ол көпшіліктің көзіне түскенді ұнатпайтын секілді.
«Дегенмен алдағы уақытта хабарландыру жасамақпын. Чехиядан бөлек, басқа елдерде біздің мәдениетке қызыға қарайтындар да тапсырыс беріп қалар. Бір қызығы, қазір сыртты айтпағанда, Қазақстанда менің қамшы өре алатынымды естіп-білген таныстарым тапсырыс беріп жатыр. Арасында орыстар да бар. Күні кеше 5 қамшыға тапсырыс берді. Осында 30 жыл бұрын көшіп келген, қазір қой өсіретін жеке фирмасы бар Асхат есімді бауырымыз тұрады. Біз онда жиі жиналып, самаурыннан шай ішіп, қазақша ет пісіреміз. Ол менің қамшы өретінімді көріп, өтініш айтқан еді. Мен оған бір қамшы жасап, сыйға тарттым», – дейді Нұрлан мұнда тұратын қазақтардың жиі бас қосатынын айтып.
13-сәуір күні Qazaq Nomad қауымдастығының бастамасымен Праганың Панкрач атты үлкен саябағында Наурыз мерекесі тойланбақ. Нұрлан кемі 500 адамның басын қосуды көздеп отырған бұл ивентте көпшілікке қамшы өруден шеберлік сыныбын өткізбек.
«Қамшының түрлі өрімі бар. Төрт өрім, алты өрім, сегіз өрім деп бөлінеді. Бұйырса, ғасырлар бойы ұстаған ұлттық бұйымдарымыздың бірі, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде, салт-дәстүрінде ерекше орын алатын қамшыны қалай өретінін шетелдіктерге көрсетпекпін», – дейді Нұрлан сөз соңында.
Әзірлеген
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ