«Адал адам. Адал еңбек. Адал табыс» – озық елге айналудың басты кілті

Атырауда өткен құрылтайдағы бастамалар елдің рухани дамуы мен экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуын қоса қамтып отыр.

«Адал адам. Адал еңбек. Адал табыс» – озық елге айналудың басты кілті
сурет: Ақорда
1233

15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра­ға­лығымен Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшін­ші отырысы өтті. Жиында қоғамдағы өзекті мәселелер тал­­­қыланып, шешу жолдары қарастырылды. Елдің, қоғам­ның дамуына серпін беретін түрлі бастамалар көтерілді.

– Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен отырысының басты ерек­шелігі – Мемлекет басшысы осыған дейін айтқан идеологемаларды қоры­та келе, жалпыұлттық құндылықтардың нақты тізімін ұсын­ға­нын­да. Бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділ­­дік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кә­сі­би біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық, – деп пікір білдірді Мем­лекеттік кеңесші Ерлан Қарин. Ол осы құндылықтар тұғырнамасы мем­лекеттің білім беру саласындағы, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі және мә­дени-ағарту жұмысындағы басты бағдары болатынына, жаңа әлеу­меттік этиканың контурын айшықтайтынына тоқталды.

Жайық жағасындағы жиын

Президент сөз басында биылғы Құрыл­тай отырысы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі және Ораза айына тұс­па-тұс келгенін айтып, үшінші жиын­ның Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес екеніне тоқталды.

– Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қа­зақ хандығының маңызды әкімшілік жә­не сауда орталығы болғаны тарихтан бел­гілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұр­ған қала бір кездері айрықша геостра­те­гия­лық рөл атқарған. Батыс пен Шығыстың эко­номикалық, саяси, мәдени қарым-қаты­на­сына ерекше ықпал еткен. Атақты хан­да­рымыз осы жерге ордасын тігіп, ел биле­ген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік ме­ке­нін тапқан. Тарихшылардың пайым­дауын­ша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айнал­дырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл ше­жі­ре­мізде айрықша орны бар киелі шаһар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады

Мемлекет басшысы халықтың бере­ке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды екенін еске салды. Осы орайда ел­дің тұтастығы зиялы қауымның бірлігі­нен басталатынын да айтып өтті.

– Алдымен ел ағаларының арасында ауыз­­­­біршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет. Қа­зір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұл­ғаларға қатысты талқылау көбейіп ба­ра­ды. Қаламгерлеріміз, тіпті, Шыңғыс хан­ның тегі кім деп, айтысып-тартысып жа­та­тын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсі­ресе, Алаш көсемдері мен Кеңес қай­рат­кер­лерін салыстырып, бір-біріне қарсы қоя­ды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақи­қатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел іші­не іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ. Әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Әрбір тұлға өзінің көзқарасына, дүние­та­нымына қарай және өз қоғамының мүд­де­сіне сәйкес елге қызмет етті. Олар, яғни, сол заманның қайраткерлері бір кездері ұс­тан­ған бағытына бола дауласса, ендігі ұр­пақ кімнің ісі дұрыс, кімдікі бұрыс деп дау­рығып жүр. Жалпы, бұрынғы және қа­зір­гі тарихтың түрлі кезеңдерін, тұлға­ла­рын бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Түп­теп келгенде, мұның бәрі – біздің тари­хы­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алтын Орда десе, Қазақстан елестеуі керек

Мемлекет басшысы болашаққа се­нім­мен қадам басу үшін алдымен төл тарихымыздың ауқымы кең екенін то­лық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет екенін айтты. Со­ның ішінде, тіліміздің қолдану аясын кеңей­те түсу мемлекеттік саясаттың басты ба­ғыты болып қала беретінін мәлімдеді. Бұ­ған қоса, кітапхана ісін өркендетуге бей­жай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұ­мыс істейтін заманауи кітапханалар ашы­­латынын жеткізді.

Президент Қазақстан – Ұлы даладағы көш­пенділер өркениетінің тікелей мұра­гері екенін, жер жүзіне Алтын Орда деген ат­пен танылған әйгілі Жошы ұлысы Орта­лық Еуразияның байтақ даласындағы ең қуатты мемлекет ретінде мойындалғанын ай­тып, Қазақстан деген ұғым Алтын Орда ұғы­мымен астасып жатуы керек екенін мә­лімдеді.

– Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еу­ра­зияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құру­ға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы ме­кен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге кө­терді. Оның Рим империясымен ұқсас­ты­ғы да – осында. Биыл Жошы ұлысының не­гізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиы­нымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Жошы ұлысы Қазақстанның мем­лекеттілік дәстүрінде айрықша орын ала­ды. Еліміздің өткені, бүгіні мен бола­ша­ғы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жа­тыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халық­ара­лық аренадағы түсінік Қазақстанмен ті­ке­лей байланысты болуы керек, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қа­зақ­станның жеті томнан тұратын жаңа академиялық тарихын жазу жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын хабарлады. Бұл іске 250 ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман атсалысып жатыр. Аталған еңбектің дербес бір томы Жошы ұлысына арналмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қа­зақ­стан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар ко­ми­тетіне мүше болып сайланғанын еске салып, еліміздегі қайталанбас табиғи және тари­хи ескерткіштерді кеңінен дәріптеуге шақырды. Бұл ретте Президент жерасты ме­шіттерін және тылсым табиғатымен шетелдіктердің ерекше қызығушылығын ту­ғызған Үстірт қорығын ЮНЕСКО-ның Дү­ниежүзілік мұралар тізбесіне енгізу жө­нінде тапсырма берді. Бұған қоса, Мемлекет бас­­шысы Ешкіөлмес жотасындағы, Ар­паө­зен, Құлжабасы, Сауысқандық сайла­рын­дағы дала өркениетінің сан мың жылдық ше­жіресі саналатын таңбалы тастарды (пет­роглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шара­лар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тари­хи-мәдени мұрамызды сақтау үшін ар­хеологиялық қызметті жүйелеуді тап­сыр­ды.

Ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеліп отыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың төрағалығымен өткен Ұлт­тық құрылтайда бюджет қаражатын тиім­ді пайдалану мәселесі көтерілді.

Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын үнем­деу. Үкімет бұл мәселені әрдайым бас­ты назарда ұстауға тиіс. Қазір бюджеттің кірі­сі мен шығысы қайта қаралып жатыр. Қар­жыны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл – ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюд­жетін тексеріп отырмаса, шығыстары ұл­ғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау ке­­рек. Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселе­лер­ді шешуге жұмсалуы қажет, – деді Пре­зи­дент.

Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңыз­ды орталыққа айналдыру екенін еске сал­ған Президент ұлттық буржуазияға зор мін­дет жүктеліп отырғанын айтты.

– Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұ­жы­рым­ды осыдан 24 жыл бұрын Давос эко­номикалық форумында айтып өттім. Бұл жер­де ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатыс­ты айтылып отыр. Яғни, елімізге қоғам ал­дын­дағы жоғары жауапкершілігін сезі­не­тін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек, – деді Мемлекет басшысы.

Ұлттың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтар

Мемлекет басшысы ұлттық бірегей­лік­ті сақтау мәселесіне ерекше тоқ­тал­ды. Президенттің пікірінше, еліміз­дің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, дәстүрлі дініміз – сунниттік ба­ғыттағы ханафи мәзһабына ден қоюы­мыз қажет. Бұл орайда Мемлекет басшысы Ислам дінінің Ұлы дала төрінде таралып, та­мыр жаюына орасан зор үлес қосқан, түр­кі әлеміндегі сопылық ілімнің негізін қа­лаған Қожа Ахмет Ясауи мұраларын те­рең зерделеп, дәріптеуге айрықша назар ау­дарған жөн деп санайды.

Президент елге жанашыр аза­маттардың бастамасын ерекше айтып өтіп, оларға бағдар берді.

– Елге жанашыр іскер азаматтар бізде де аз емес. Мұндай азаматтар қоғамға қ­а­жет­­ті көптеген жобаға қаржы салып, игі істер­дің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волонтерлік бастамаларға демеушілік жа­сап келеді. Мемлекет те отаншыл азамат­тар­ды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көр­­сетеді. Әрине, аймақтарда өз қаржы­сы­на мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп, жа­тақхана, аурухана, кітапхана, мұражай не­месе спорт сарайын тұрғызу – әлдеқайда маңыз­дырақ. Мұның сауабы мол. Кейінгі ұр­пақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық, – деді Президент.

Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет екенін де айтып өтті.

– Мұқтаж жандарға қолынан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеуметтік жауап­кершілік танытуы керек. Сонда ғана, шын мәнінде, жаңа ұлттық буржуазия қалып­та­са­ды деп айта аламыз. Дәл осындай ұлт­тық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілетті эко­номика құруға және халқына қалт­қы­сыз қызмет етуге қашанда дайын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құн­дылықтарға жеке-жеке тоқталды.
Олар – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық.

Мемлекет басшысының айтуынша, елі­міздегі әрбір азамат осы басты құн­ды­лық­тар­ды берік ұстануы керек. Пре­зи­дент ұсын­ған «Адал азамат» ұғымы мұ­ның бәрін тү­гел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қа­зақстан идеясымен үндесіп жатыр.

– Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ са­на­сына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат де­геніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жол­мен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділ­дікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық бол­са, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірі­нен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш таған­ды озық әрі табысты елге айналудың басты кіл­ті деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мү­шелерінің алдында сөйлеген сөзінде қо­ғамды жайлаған бес кеселмен, атап айт­қанда есірткі саудасы және нашақорлықпен, лудоманиямен, тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық, буллинг және агрессиямен, вандализм­мен, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.

Ұлттық құрылтайда жұртшылық аты­нан Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, Парламент Сенатының депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер бір­лестігі» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңе­­­­сінің төрағасы Евгений Больгерт, адво­к­ат, «Құқық қорғаушылар» қоғамдық қоры­ның тең құрылтайшысы Айман Омарова, Парламент Мәжілісінің депутаты Никита Ша­талов, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева қоғамдағы өзекті мәсе­ле­лерді көтеріп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Құрылтайда көтерілген бастамалар ту­ра­лы қоғам қайраткері Оразалы Сәбденнің пі­кірін білген едік.

Оразалы Сәбден,

экономика ғылымдарының докторы, академик,

Қазақстан ғалымдар одағының төрағасы:

Абайдың «толық адамын» ұстансақ, еліміз гүлденер еді

– Мен Ұлттық құрылтайдың оты­рысына бірінші рет қатыстым. Бұл жолғы жиын өте жоғары дең­гейде өтті. Президент үлкені бар, кіші­сі бар – өте көп мәселені көтерді. Енді жергілікті атқарушы би­лік, Үкімет, Парламент осы ұсыныстарды мұқият қарап, бір құ­лақ­тан кіріп, бір құлақтан шығып кетпеуі үшін іске асыруға ты­рысуы керек. Себебі іске асыру мәселесі бізде ақсап жатады. Міне, осы жағына мән беру керек деп ойлаймын.

Құрылтайда сөйлеген сөзімде мен екі мәселеге тоқталдым. Бірін­шісі – Ұлы Абайдың толық адамына оралу. Екіншісі – жалпыхалықтық жос­пар. Ұлы Абай «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» дейді. Міне, қа­зір ол Абайдың толық адам ілімін балабақшадан бастап барлығы арифметиканың кестесіндей жатқа білуіміз керек. Баланы – жастан дейді. Төрт-бес жастан кейін балаға үйрету кеш. Сондықтан біз Абай ілімін төменнен бастап ұлттық идеологияға сына қаққандай ен­гізуіміз керек. Қысқаша айтсам, Абайдың толық адам ілімі дү­ниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын ашып, оған толық біліп, өмірмен байланыстырғанда ғана өз жемісін береді.

Дүниенің көрінген сыры дегеніміз ол – материалдық сфера. Бай-қуатты болу. Ал өмірдің көрінбеген сыры ол – адамның рухани жан дүниесі, ішкі құндылықтары, болмысы, тазалығы, жүрек сыры, сана­сының тереңдігі, керек болса, моралі. Осы жағына келгенде біз ақ­сап тұрмыз. Себебі біз ә дегенде батыстың материалистік ықпа­лын­да кеттік. «Бірінші – экономика, екінші – саясат» деген ұранмен ке­дей мен байлардың арасы еселеп өсіп кетті. Абайдың пайда ойла­ма, ар ойла деген өсиетін ұстансақ бұлай болмас еді. Бізге заңсыз кет­кен ақшаны қайтаруға болады. Мен экономист ретінде айтайын, ол да оңай емес. Ал, Абай айтпақшы, қызармайтын, ұялмайтын із­гілік­ті жолға салу – қиынның қиыны. Бұған көп уақыт кетуі де мүм­кін. Соны бүгін бастамасақ, кеш қаламыз.

Ал екінші идеяға тоқталар болсам, Абайды қанша оқығанмен, егер әлеуметтік жағдай қиын болса, ол бойға сіңбейді. Сол себептен жал­пыхалықтық жоспар әзірлеу туралы ойымды ортаға салдым. Президент ішкі өнімді екі есе көбейту керек деп Үкіметке тапсырма берді. Бірақ ол әлі тетігін таппай жатыр. Соның тетігі ретінде осы мың жобаны ұсынып отырмын. Бұдан бұрын Президенттің жеке қабылдауында болып, ойларымды айтқан болатынмын.

Халық ішінде қазір мамандар өте көп. Оларда ой, жоба жетерлік. Жал­пы, халық ұсыныстары деген орталық ашып, онлайн платформа құрып, республикадағы барлық идеялар мен ұсыныстарды құрыл­тай аясында жинасақ, екі-үш айда түскен ұсыныстардан мың жоба теріліп алынса деген ұсыныс айттым. Бізге қайта өндіру өндірісін кү­шейту керек. Үлкен компаниялар бөлшектерді шетелге, Амери­каға, басқа жаққа тапсырыс беріп шығартады. Сол бөлшектердің өзі­міздің зауыттарымыздан шығаруға болмай ма? Бізде зауыт жетерлік.

Келешекте біз мұнай да, газ да бітеді. Азық-түлік державасы болуы­мыз керек. Ауыл шаруашылығына қатты мән беру керек. Бұл ба­ғыт­та да жобалар керек дегендей. Одан бөлек, рухани салаға бай­ланысты Түркістан болсын, Абай өңірі болсын, руханият жағынан жобаларды іске асыруы керек. Мәселен, машина жасау бойынша Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Ақтөбеде өндірісті күшейту қажет. Міне, осылардың бәрін белгілеп алғаннан кейін мамандандырып, мың жобаны аймақтарға бөлу керек.

Жобалар бойынша ашық конкурс өткізіліп, құрылтайдың аза­маттары баға беріп, іріктеуге атсалысса деймін. Сөйтіп, ашық, жария­лы түрде осылай көмек көрсетсе, мың жоба қабылданатын болса, еліміз гүлденер еді. Оның қаржы көздерін де есептеп қойдым. Елге қазір миллиардтаған ақша қайтарылып жатыр. Ұлттық қоры­мыз бар. Ақша жеткілікті, мәселе – жемісті жұмыс істеуде. Қазақ­станда ақылды, білімді, қолынан іс келетін азаматтар көп. Барлығын осы жобаға тарту керек.

Бұл жобаның мақсаты – халықты жұмыспен қамту, орта тап қа­лыптастыру. Жалпы ішкі өнімді екі есеге арттыру. Халықтың сені­міне кіру тетігі – осы.

Міне, осы екі мәселе де Абайдың «толық адамынан» шығып тұр. Бір жағы – рухани жоба, бір жағы – экономикалық жоба. Міне, сон­да дүниенің көрінген сырын да көрінбеген сырын да игереміз деп ойлаймын. Сонда қоғам жылжиды. Абай ілімін игерген жас қазақ өзін де, халқын да алға жылжытады. Сондықтан абайтануға қар­жы­ны аямау керек. Бұл – ана тілге де серпіліс беру деген сөз. Рухани, тари­хи мүмкіндіктеріміз – біздің капиталистік елдерден артық­шы­лығымыз. Ежелден келе жатқан шығыстың мораль философиясына қар­сы қоятын батыс өркениетінде жаңа парадигма туған жоқ. Біз үшін ұлы Абайдың толық адам ілімін игеру – осы моральға оралу де­ген сөз. Ұлы Абайдың ілімі Қазақстанның рухани брендіне ай­налуы керек. Осыны жүзеге асырсақ, біз алға жылжимыз деп ойлаймын.

Осылайша, Атырауда өткен құрылтайдағы бастамалар елдің рухани дамуы мен экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуын қоса қамтып отыр. Президент Құрылтайда айтылған жаңа идеялар мен ұсыныстар мұқият қаралып, нақты шаралар қолға алынатынын айтты. Сонымен қатар Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары