Павлодар облысының полицейлері формаларын ұлттық киімге ауыстырды
Полиция қызметкерлері бірнеше сағат бойы қазақтың ұлттық қамзолдарында қызмет атқарды
Тәртіп сақшылары Наурыз мейрамына орай Ұлттық киім күнін қолдады, деп хабарлады turkystan.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ежелгі заманнан бері 18 наурыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата-баба әдет-ғұрыптарын еске алып, Ұлттық киім күні ретінде атап өтіледі. Ұлттық киім Қазақстан мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігіне айналды.
«Мен ауылда туып-өстім, атам мен әжем мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде дәстүрге құрмет көрсетіп, қазақтың ұлттық киімін киіп жүрді. Қазіргі таңда қазақстандық отбасыларда мереке күндері ұлттық костюмдер кию құпталады», – дейді Павлодар аудандық полиция бөлімінің техникалық құралдар кешенінің меңгерушісі Әлихан Оспанов.
Полиция қызметкерлері бірнеше сағат бойы қазақтың ұлттық қамзолдарында қызмет атқарды. Полицейлер Әлихан Оспанов пен Айжан Тынықбаева ұлттық киіммен ат үстінде дефиле ұйымдастырды.