Футбол: Қазақстан құрамасы Грекияға 19 наурызда аттанады
Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатыр
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы Грекияға қарсы ойынға 19 наурызда аттанады, деп хабарлады turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
Жақын күндері ұлттық құрамаға Түркия және Ресей чемпионаттарында ойнайтын Бактиер Зайнутдинов, Нұралы Әліп және Абат Айымбетов қосылады.
Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиыны Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатыр. Оған ойыншылардың басым бөлігі жиналды.
БАӘ-де өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны аясында қазақстандық футболшылар Түркіменстанмен өткен жолдастық кездесуде қарсыласын 2:0 есебімен тізе бүктірді.
Кездесу барысында қазақстандық футболшылар қарсылас құрама қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Ел құрамасынан Ислам Чесноков 2, Александр Зуев 47-минутта мергендік танытты.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында С жолымен 2024 жылдың 21 наурызында жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі.
Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.