Алашқа ортақ мереке

Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктеген соң,  2008  жылдан бастап Амал тойы – ел тойы деп, Отпан таудың басында ат шаптырып, дүбірлі етіп дүркіретіп  өткізу енгізілді. Отпан тау – Маңғыстау облысындағы ең биік нүкте. 2007 жылы оның құрметіне «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені ашылды. Содан бері 14 наурыз күні Қаратаудың ең биік шоқысында  қалың жұртшылық жиналып, ақшаңқан  үйлер тігіліп, бір-бірімен арқа-жарқа көрісіп, ұран оты жағылып, ән айтылып, күй тартылып, атап өтеді.

Алашқа ортақ мереке
сурет – автордікі
1053

Жыл айналып, табиғат жаңарып, пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиген, жадыраған көктемнің алғашқы күндеріндегі наурызнаманың бастауын маңғыстаулықтар Амал мейрамымен атап өтеді. 14 наурыз – көрісу күнінде батыс халқы таң атысымен бір-біріне құшақ ашып көрісіп,  ұлттық сәнді киімдерін киіп, жасы кіші жасы үлкеннің үйіне барып, аман түгел алысып, қос қолдап көріседі.  Бұл дәстүр кеңес кезінде аймақтағы ауылдарда ғана сақталып кенжелеп жеткен еді. Еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктеген соң,  2008  жылдан бастап Амал тойы – ел тойы деп, Отпан таудың басында ат шаптырып, дүбірлі етіп дүркіретіп  өткізу енгізілді. Отпан тау – Маңғыстау облысындағы ең биік нүкте. 2007 жылы оның құрметіне «Отпан тау» тарихи-мәдени кешені ашылды. Содан бері 14 наурыз күні Қаратаудың ең биік шоқысында  қалың жұртшылық жиналып, ақшаңқан  үйлер тігіліп, бір-бірімен арқа-жарқа көрісіп, ұран оты жағылып, ән айтылып, күй тартылып, атап өтеді. Биыл да осы үрдіс жалғасын тауып, «Амал – алашқа ортақ мереке» деген атпен екі күн қатарынан тойланды. 

Алыс ағайынмен құшақта­сып, көрісу үшін Атырау мен Ал­­тай, Арқа мен Алатау ара­сын­да­ғы алты Алаштың балалары ел­­­дің түпкір – түпкірінен ағы­лып келіп жатты. 
Ел ішінен бөлек, бірнеше мем­лекеттен құрметті қонақтар да келді. Олар – Өзбекстан Рес­пуб­­ликасы Бердақ атындағы Қа­рақалпақ мемлекеттік уни­вер­ситетінің көркем өнер ка­фед­ра­сының басшысы Саламат Аяпов, Өз­бекстан Республикасының Ең­бек сіңірген мәдениет сала­сы­ның қызметкері, жыршы, өнер са­ласының магистры Махаммад Эш­боев, Түркия Республикасы «Қыр­ғыз, Түрік, Манас» универ­си­тетінің оқытушысы, про­фес­сор Ирфан Гөрдал. Түркия Рес­пуб­­­ликасының Бішкектегі «Қыр­ғыз, Түрік, Манас» универ­си­те­ті­нің оқытушысы, профессор Ир­фан Гөрдал Амалға арнайы ша­қыр­тумен келгенін жеткізді.

– Мен өзім түркиялықпын. Маң­ғыстауға бірінші рет келдім. Қа­зір Қырғыз Республикасының ас­танасы Бішкек қаласындағы «Қыр­ғыз-Түрік Манас» уни­вер­си­тетінде жұмыс істеймін. Түр­кия­да да наурыз мерекесі ерте­ден тойланады. Отпан тарихи-мә­дени кешенінде Амал мерекесі жақ­сы тойланып жатыр. Мейрам құт­ты болсын! – деді Ирфан Гөрдал.

Сондай-ақ Қазақстанның Ең­бек сіңірген қайраткері, жеңіл ат­летикадан КСРО Еңбек сіңір­ген спорт шебері Әмин Тұяқов, Қа­зақстан Республикасы Мәде­ниет және ақпарат министр­лі­гі­нің Этносаралық қатынастарды да­мыту комитетінің төрағасы Ға­лым Шойкин амал тойына құр­метті қонақ ретінде қатысты. Бұ­дан бөлек, Астана, Алматы, Шым­кент және облыстардың Ақ­сақалдар кеңесі төрағалары да ар­найы келді. 
Қонақтарға Отпан тарихи-мә­дени кешеніндегі «Ақсарай» мұра­жай кешені таныстырылды. «Ақ­сарай» мұражайы 2010 жылы Бе­кет ата Мырзағұлұлының 250 жыл­дығына орай ашылған. Ғи­ма­рат 6 экспозициялық залдан тұра­ды. Жалпы, бұл мұражайда: «Кі­­­ріспе», «Ұлы дала даныш­пан­да­ры», «Ислам», «Өнер», «Конфе­рен­ция», «Нұрлы жол көшіндегі Маң­ғыстау», «Археология» сын­ды залдар бар. – «Кіріспе» за­лын­да «Адай ата–Отпан тау» тарихи-мә­дени кешенінің толықтай бас ма­кеті салынған.

– «Ұлы дала данышпандары» за­лында қазақтың құрылуына ат са­лысқан қайраткерлері туралы ай­татын боламыз. «Ислам» за­лын­да Маңғыстау жеріндегі 362 әу­лие, жер асты мешіттері, діни сауа­ты мол ахун, ишандар жай­лы ақпарат беріп өтеміз. Ал «Өнер» за­лында халқымыздың киіз үйі, Маңғыстаудан шығатын тас­тар­дан жасалған күмбез там, қима там, сағана тамдардың кішігірім сыз­ба-сұлбасы топтастырылған. «Нұр­лы жол көшіндегі Маң­ғыс­тау» залында Маңғыстауға адай руы­ның қашан келіп, орна­лас­қа­ны хақында толыққанды ақ­па­рат беріледі, – деді «Адай ата — От­пан тау» тарихи-мәдени ке­ше­нінің таныстырушысы Сырым Дулат.

Кешеннің тарихына қы­зы­ғып, мұражайға келушілердің де қа­расы қалың болды.

Мен Ақ­тө­бе облысына қарасты Мәртөк ау­данынан келіп тұрмын. Барша хал­қымызға тілейтінім «Ұлыс­тың ұлы күні» құтты болғай. Ақ мол болып, ел-жұртымызға құт-бе­­­­­реке дарысын. Ата-баба­ла­ры­мыз аңсап кеткен егемендігіміз тұ­­ғырлы, мәңгілік болғай! Ты­ныш­­­­тығымыз мызғымасын. Елі­­­мізді ішкі-сыртқы бәле-жәле, дау-дамайдан сақтасын. Өскелең ұрпағымыз саналы болып жетіле бергей!, – деді Аманжол Тұрғын­бай­ұлы.

Амал тойына арнайы Халық әр­­­­­тісі Роза Рымбаева да шақы­рыл­ды. «Қарашаңырақ» алаңын­да­ғы сахнада Маңғыстау ауданы көр­кемөнерпаздарының кон­церт­­тік бағдарламасы бастау алып, соңы белгілі өнер иесінің кон­цертіне ұласты. Маңғыстау жұр­тымен қауышқан өнер иесі көп­­шілікті айтулы мерекемен құт­­тықтады.

Бүгін көптен кө­ріс­­пеген елдің Отпан тау­да жиналуы үлкен ғанибет. Кел­ген мереке құтты болсын! Мұн­дай іс-шараға алғаш рет қа­ты­­сып отырмын. Құрметтеп ша­­­­­қырғандарыңызға көп рах­мет. Өте қатты толқып отырмын. Той тойға ұлассын, – деді Роза Рым­баева. 

Халық Маңғыстау өнерпаз­дарының сах­­налық қойылым­дары мен ән-биін күннің суы­ғына қара­мас­тан көтеріңкі көңіл күймен та­машалады. Мере­кеде Қазақ­стан­ның Халық әртісі Роза Рым­бае­ва, қос ұлы – Әли Оқапов жә­не Мәди Рымбаев­пен бірге та­нымал әндерінен шашу шаш­ты. Мерекеге орай осы жиынға ке­ліп, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл сыйлаған өнер­паз­ға өңір бас­шысы алғысын жет­кізіп, жы­лы лебізін білдірді. Жиналған жұрт­шылықты осынау мере­ке­мен құттықтаған Маңғыс­тау об­­­­­лысының әкімі Нұрлан Ноғаев Амал күнінің маңызына тоқ­талды.

– Күннің райына қарамай, жақ­сылықты мерекелеуге бірлік­пен жиналған ағайынның ауыз­бір­шілігі ары қарай да мықты бол­сын. Амалды бізбен бірге той­­­­лауға басқа мемлекеттен де қ­онақтар келіп, елімізге белгілі ел ағалары, құрметті қонақтар Маң­ғыстауға жиналды. Бүгін Ақ­тау қаласындағы «Достық үйі­н­де» халқымыздың жасампаздығы мен ілгері жылжуына кедергі кел­тіретін жағдайларды қалай жоя­мыз деген ой-талқыға құ­рыл­­ған республикалық дең­гей­дегі ауқымды конференция өтті. Со­ның жалғасы ретінде қазір «Бір­лік оты» жағылады. Бәріміз­дің бірлікте болуымыз маңызды екені белгілі. Амал баршамызды бірік­тіретін мереке болсын. Ар­найы қонақ болып келген елге ең­бегі сіңген азаматтар мереке­нің жоғары деңгейде өтіп жат­қа­нын жеткізді. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­дау­ларында елдің дамуы үшін бірлік, тұрақтылық керек екенін ай­тудан жалыққан емес. Ол үшін ын­тымағымызды жоғалтпауы­мыз қажет. Мереке құтты бол­сын, керегеміз кең, шаңырағы­мыз биік болсын, – деді Нұрлан Ноғаев.

Елуге жуық қаз-қатар тігілген киіз үй, ұлттық киім киіп жар­қыл­­даған жарқын жүздер, қазақ кү­ресі мен түйе палуан, ат бәй­ге­лері, қыз қуу, тазы жүгірту ойы­н­дары, өнерпаздардың ән мен күй­ді әуелетуі, «Қарақа­зан­нан» дәм татқан көпшілік, ел бір­лігін жыр­лаған ақындар мү­шәйрасы, бағзы заманның үнін дом­быра­сына қосқан жыршылар – бар­лығы да осында. Бұл көріністен халықтың сонау ғасырдан сұ­рып­талып жеткен ұлттық таны­мын, салты мен дәстүрін, әдебі мен мінезін, асқақ рухын көре­сің. Отпан тауда жағылған от, кө­­терілген қазан, халықтың жақ­сы көңіл күйі, келген қонақ­тар­ға көрсетілген құрмет – ұлт мерейін асырып, көңілге шаттық орнатады. Сонау көшпенді ата- ба­баларымыздың кезіндегі ойда­ғы ел қырдағы елмен сапырылы­са араласып, бір-біріне ақжарма күй­мен бата беріп, кәрісі жылға аман жеткеніне қуанысқан, жа­сы бір-бірімен ойнап күліскен бей­нелерін қазіргі ұрпағы қай­талап жатқандай. 

Анаргүл Жексембай,
маңғыстау облысы

Серіктес жаңалықтары