Астанадағы Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы – 2025» турнирінің жеңіспазы белгілі болды.
2024 жылғы «Қазақстан барысы» Ерасыл Қажыбаев финалдық белдесуде әскер барысы Марат Байқамұровпен белдесті.
Ақтық белдесудің екінші минутында Марат қарсыласының осал тұсын тауып, таза жеңіске қол жеткізді.
Айта кетейік, Ерасыл жартылай финалда турнирдің басты фавариты саналған «Қара бура» лақап атымен танымал Нұрдәулет Жарылғаповты жарыс жолынан шығарды. Ал Марат Ақтөбе облысының өкілі Ерасыл Амангелдіні сан соқтырды.
Үшінші орын үшін белдесуде, «Қара бура» Ақтөбе облысының өкілі Ерасыл Амангелдіні таза жеңді. Осылайша, Нұрдәулет «Қазақстан барысы» жобасының үш дүркін қола жүлдегері атағына қол жеткізді.