Ұлт ұйытқысы – Ұлттық құрылтай
Жиын алдында былтырғы құрылтай нәтижелерін саралап, биылғы жиында талқыланатын, қаралатын мәселелерге назар аударсақ.
Атырауда Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы басталды. құрылтай осымен үшінші рет шақырылып отыр. Былтыр Мемлекет басшысы Түркістанда өткен екінші құрылтайды қорытындылай келе, келесі жиын еліміздің тарихында айрықша маңызға ие, қасиетті қала Сарайшық орын тепкен өңір – Атырау облысында өтетінін айтқан еді.
Жиын алдында былтырғы құрылтай нәтижелерін саралап, биылғы жиында талқыланатын, қаралатын мәселелерге назар аударсақ.
Құрылтай алдындағы талқылаулар
14 наурызда Құрылтай алдындағы секциялық жиындардың жұмысы басталып кетті. Мұнда білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму, мәдениет пен руханият тақырыптары талқыланатын болады.
Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбындағы секция отырысы өтті. Сонымен қатар Президенттің көмекшісі Руслан Желдібай модераторлық ететін «Азаматтық қоғам» секциясының жиыны болды. Одан бөлек, жоспар бойынша «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секцияларының отырысы өтті. Құрылтай қатысушылары алғашқы күннен-ақ өз ойларын ортаға салып, жаңа бастамалар ұсынып жатыр. Мәселен, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ұлттық спортты бірінші орынға шығару мәселесіне қатысты пікір айтып, оны әдебиетпен байланыстырды.
– Мәселен, жеті номинация бойынша «Құлагер» бәйгесі жарияланып жатыр. Яғни, ұлттық ойындарымызды, ата-бабадан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді ұлықтау үшін қазақ әдебиетінде жаңа көркем шығармалар анықталады. Ал біз, жазушылар, Қазақстанда көркем шығарманың деңгейін көтереміз. Сіздердің де пікірлеріңізді білсек дейміз. Бүгінде қазақ әдебиетінің басқа әдебиеттерге қарағанда кемшін жері көп. Әсіресе, проза, поэзия шет тіліне дұрыс аударылмай жатыр. Осы мәселелерді де назардан тыс қалдырмауымыз керек, – деді ол.
Сонымен қатар ғылыми орталықтарды дамытуды, Бейбарыс пен Махамбет ғылыми орталығын ашуды ұсынды.
– Көненің көзі саналатын Сарайшыққа ұдайы маңыз беріп отырамыз. Десек те, Сарайшықтың зерттелу жағы, құндылықтарын дәріптеу жағы әлі жетіспейді. Жалпы, мұнайлы өлкеде екі нәрсе қолға алынуы тиіс. Оның бірі – Бейбарыстың ғылыми орталығы болуы қажет деп есептеймін. Былтыр біз араб елінде болған кезімізде сондай орталық құрылған еді. Сол кезде араб әріптестер оны Қазақстанмен бірлесіп құруға ынталы болды. Өйткені, ғалымдарды жіберу, қаржыландыру жайы да қамтылған еді.
...Меніңше, Атырау өңіріндегі жоғары оқу орындары осыған жете көңіл бөлуі керек. Әрине, тек университеттер емес, облыстағы мәдениет басқармасы, басқа да орталықтар осы мәселені қолға алса деген ұсынысымыз бар, – деді Мереке Құлкенов.
Осылайша, сан саланың мәселесін қамтитын панельдік сессияларда әрі қарай талқылаулар жалғасып, басты жиында қорытындыланатын болады.
Құрылтайдың құрамында өзгеріс бар
Биылғы қаңтарда Ұлттық құрылтай дың құрамына жаңадан өкілдер еніп, мүше болған бірқатар азаматтың орнын басқан болатын.
Осылайша, Ұлттық құрылтайдың жұмысына жаңа өкілдер Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, «Қазақстан кәрістер қауымдастығының» төрағасы Юрий Шин, Қазақстанның Еңбек Ері, Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейінің мұғалімі Алма Шұқыжанова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әуесбаев, Никита Шаталов, Zhubanov university басқарма-төрағасы, ректор Лаура Қарабасова, пара жеңіл атлетика спортшысы Айсұлу Сүлейменова, дүнген этносының көшбасшысы Лугмар Буларов, «Азаттық рухы» ақпараттық агенттігінің тележүргізушісі, журналист Кристина Гринько қатысып жатыр. Бұдан бөлек бірнеше аймақтан қоғамдық кеңес мүшелері де қосылған еді.
Ұлттық құрылтай құрамынан Б.Әлтеев, А.Толамысов, Г.Қанай, С.Огай, Ж.Дайрабаев, Қ.Майгелдінов, Б.Уәли, А.Тимощенко-Боровикова, С.Сарыбай, Д.Тұрлыханов, А.Лодочников, С. Құранбек, Э.Суларов шығарылды.
Ұлттық құрылтай мүшелері өз құзыретін басқа азаматтарға бере алмайды. Жұмыс жоспары, отырыстардың күн тәртібі мен талқылауға ұсыныс айта алады, материалдарды дайындауға қатысады, құрылтайдың отырысында қаралатын мәселелерді қоғаммен талқылайды және түсіндіреді.
Өткен құрылтайдың нәтижесі қандай?
Осы ретте Түркістанда өткен құрылтайда көтерілген мәселелердің біразы әрі қарай талқыланып, шешімін тапты. Әрі қарай да шешімін тауып жатыр. Бұл жиындағы басты тақырып Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары төңірегінде өрбіген еді. Бұл ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жүргізуге бағыттады.
Соның ішінде, Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, төл шежіремізді дәріптеуге айрықша мән берілуі керек екені айтылған болатын. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқаратынын да Президент өз сөзінде айтып өткен еді.
Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сондай-ақ төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ, – деген еді Мемлекет басшысы.
Биылғы құрылтайда бұл тақырып тағы да талқыланып, жалғасын табатын сияқты. Панельдік отырыстарда ұлттық құндылықтарға байланысты ұсыныстар айтылып жатыр.
Өскелең ұрпақтың тәрбиесі де Түркістандағы құрылтайда көтерілген маңызды мәселелердің бірі болды. Бұл бағытта да жұмыстар жүргізілді, бірқатар заң қабылданды, талайы талқыланып жатыр.
Одан бөлек, қоғамда бар, барлығы білетін, дегенмен қанша айтылғанымен, шешімін таппаған мәселелер де басты назарда екені мәлім болды.
– Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін. Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру, – деген еді Президент.
Сонымен қатар, бұл айтылғандар ауқымды жұмыстың бастамасы ғана екенін де ескерткен болатын. Яғни, Құрылтайда көтерілген мәселелердің орындалу мерзімі бір жылмен, қандай да бір уақытпен өлшенбейтіні, бірте-бірте шешімін тауып, толықтырылып отыратыны анық.
Оның нәтижесін халықтың өзі байқап, сезініп баға береді. Сол кезде айтылғандай, «бұл – бір күнде бітетін шаруа емес, ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек».
– Бүгін мен ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылуы қажет. Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, айтылған мәселелерді түгел қатаң бақылауға алады. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет, – деген еді Президент.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Ұлттық құрылтай мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Ұлттық құрылтайда талқыланған мәселелер заңнамалық деңгейде шешімін тауып жатыр
– Атырауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2022 жылы құрылған ел Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтеді. Ұлттық құрылтай дәстүрге тағзым және елдің келешегі жолында бірлесудің символы деп ойлаймын. Ұлттық құрылтай – қазіргі мемлекетіміздің даму процестеріне тиімді интеграцияланған дала демократиясы дәстүрлерінің жүйелі жалғасы. Тарихшылардың зерттеулерінде құрылтайдың маңызды саяси және салт-дәстүрлік мәні зор болған.
Сонымен қатар Ұлттық құрылтай қоғамдық-саяси және әлеуметтік-гуманитарлық ынтымақтастық салаларына негізделген диалог платформасына айналып отыр. Ғылымды, мәдениетті дамыту, адам құқығын қорғау – Ұлттық құрылтай жұмысының басым бағыты. Ұлттық құрылтай отырыстарының негізгі нәтижелері плюрализмнің кеңеюімен қатар әлеуметтік консолидацияны нығайтудың тиімді форматы деп есептеймін.
Ұлттық құрылтай аясында талқыланған кейбір мәселелердің негізінде депутаттар бастама көтеріп, заңнамалық деңгейде шешімін тауып жатыр. Мысалы, Ұлттық құрылтай да көтерілген кітапханалардың қызметін жақсартуға, оқушылар мен жастар арасында кітап оқуды дамытуға арналған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Білім және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Сонымен қатар Мәжілісте жұмыс тобы құрылды.
Адам құқықтарын қорғаудағы басты қағидат ретінде «Заң Үстемдігі және тәртіп» қағидатын Мемлекет басшысы Құрылтайда айтқан болатын, бүгінде осы қағидат барлық заңнамалық бастамаларда іргелі қағидат ретінде айқындалып отыр.
Мемлекет басшысы «Білім және тәлімгерлік туралы» заңға қол қойғаны баршамызға белгілі. Соның негізінде мектепте білім, тәрбие жұмысының бірқатар мәселесі шешілді. Нақтырақ айтсақ, енді, мектеп және балабақша салуды жоспарламай, көпқабатты тұрғын үй салынбайды. Мемлекеттік мектептер мен колледждерді жекешелендіруге тыйым салынды. 30 жылдан астам пайдаланылған мектеп, балабақша және колледж ғимараттары әр 5 жыл сайын тексеріліп, қаншалықты апаттық жағдайда екені анықталатын болады.
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін емтихан алуға тыйым салынды. Бұл – барша балаға білім беру мүмкіндігін жүзеге асырудағы өзекті норма.
Сабақ уақытында ұялы телефон пайдалануды шектеу туралы арнайы норма да жобаға енгізілді. Норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты. Бала телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алады. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Сабақ кезінде бала тек оқуы керек.
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп айтқан болатын. Мемлекет басшысы осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет екеніне де тоқталды. Мәжіліс депутаттары вейп және электронды шылымдарды тауар ретінде енгізуге және оның айналымына толық тыйым салу туралы норма қабылдады.
Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер, осылайша шешімін тауып жатыр. Депутаттар корпусы Ұлттық құрылтайда айтылған өзекті проблемелар мен көкейтесті сұрақтардың жауабын тауып, заңнамалық негізде шешімін табуы үшін одан әрі еңбек ететін боламыз.
Бір айта кетерлігі, Ұлттық құрылтай – ұлттық ата салтымызға ерекше құрмет және ынтымақтасудың символы, қоғамдық диалогқа ынталандырады. Ұлттық құрылтай еліміздің даму мақсаттарына жету жолында қоғамның барлық мүшелерінің күш-жігерін біріктіру кезінде және өзгерістер мен жаһандық тенденциялар дәуірінде өте өзекті.
Қайырбек АРЫСТАНБЕК,
Ұлттық құрылтай мүшесі,
Экономикалық саясат институтының директоры:
Экономикаға қатысты кешенді шаралар қабылдануы ықтимал деп ойлаймын
– Мен қазіргі жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың сапасын арттыруға, тиімділігін көтеруге тағы да күш салу керек деп есептеймін. Мұның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, былтыр Жолдауда Президент Үкіметке экономиканы екі есе ұлғайту туралы тапсырма берген болатын. Біздің есептеуіміз бойынша, экономика осылайша екі есе ұлғаюы үшін жылына 7,1 пайыз экономикалық өсім керек екен.
Сонымен қатар сапалы экономикалық саясаттың басты критерийі, өлшемі – сол қол жеткізген өсім халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы керек, яғни трансляция болу керек. Экономикалық өсім –халықтың шынайы табысы. Өкінішке қарай, бізде кейінгі үш-төрт жылда экономикада жақсы өсім байқалғанымен, халықтың шынайы табысында елеулі өсім байқалып жатқан жоқ. Бұл – екінші мәселе.
Осындай күрделі ахуалды ескере отырып, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аясында Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов төрағалық ететін сарапшылар, яғни экономистер арасынан сарапшылар тобы құрылды. Осы сарапшылар кеңесінің екі-үш отырысы жақында өтті. Өз кезегінде өзім де мүше бола отырып, тиісті кешенді ұсыныстар бердім. Бірақ одан әрі орындалу жағы бар.
Сондай-ақ бізде тәуелсіз білікті сарапшыларды экономикалық саясатты жақсартуға бағытталған шешімдерді қабылдау процесіне араластыра бермейді, тек пікірін ғана тыңдайды. Басқа елдердің тәжірибесінде жақсы ұсыныстар айтқан сарапшылардан арнайы команда жасақтап, жүзеге асыру процесіне тартады. Бізде олай емес, пікірді тыңдап алған соң, кері байланыс жоқ, үзіліп қалып жатады.
Пленарлық отырыстың алдында Ұлттық құрылтайдың төрт секциясы жұмыс істейтін болады. Бірінші, әлеуметтік-экономикалық сала бойынша, екінші – руханият, үшінші – мәдениет және төртінші – білім саласы бойынша секциялар. Осы төрт секцияда пысықталған, нақтыланған ұсыныстар Ұлттық құрылтайда айтылатын болады деп ойлаймын. Ал өзім жұмыс істейтін бағыт – экономика, әлеуметтік-экономикалық саясатқа байланысты кешенді шаралар қабылдануы ықтимал деп ойлай-
мын.
Құрылтайдың негізгі міндеті айқындалған құжатта жиын қоғам бірлігін дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуға байланысты ұсыныстарды тұжырымдау және енгізу, жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету, заңнамаға қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру екені көрсетілген. Яғни құрылтай – орындалуға тиіс сан түрлі мәселені анықтап, оны шешу жолдарын, реттеу жолдарын ұсынатын талқылау алаңы. Ақылға – ақыл, ойға ой қосуға мүмкіндік беретін диалог алаңы.
Осылайша, ел үмітін арқалаған азаматтардың басын қосатын құрылтай бұрынғы ата жолын жалғастырып, сол арқылы болашаққа бағдар алатын, халықтың мәселесі көтерілетін, көтерілген мәселелер ескерусіз-елеусіз қалмайтын келелі жиын ретінде қалыптасып келеді.