Амал мерекесі бір күн ғана тойланбайды – этнограф
Бұған дейін тек Батыс өңірінде ғана тойланып келген бұл мейрам кейінгі кезде жалпыхалықтық сипат ала бастады.
Бүгін ел ішінде Көрісу мерекесі тойланып жатыр. Бұған дейін тек Батыс өңірінде ғана тойланып келген бұл мейрам кейінгі кезде жалпыхалықтық сипат ала бастады. Дегенмен, қалың көпшілік бұл айтулы мерекенің құндылығы мен мән-мағынасын, тойлау дәстүрін біле бермейді. Осы орайда Turkystan.kz тілшісі этнограф ғалым Болат Бопайұлымен тілдесіп, Амал мерекесінің ерекшелігін жайлы сұрап білді.
Ғасырлардан жалғасын тауып келе жатқан «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі әр жылы көктемнің 14-күнінен бастап тойланады. Болат Бопайұлының айтуынша, бұл мереке бір күн ғана тойланбайды. Наурыз – бір айға жалғасатын салт пен дәстүрге толы мейрам. Ал көрісу соның бастауы деуге болады.
Неліктен «Амал мерекесі» деп аталады?
Көрісу күнінің «Амал мерекесі» атануының да тарихи мән-мағынасы бар. Этнографтың айтуынша, қазақ бір жылда 24 амал, 13 тоғыз, 7 белгі, 2 теңелу, 2 тоқырау бар деп, тұтас жылдың ауа райын кірген амалдармен есептеген. Бір амал 7 күнге жалғасады. Ол амалды «Амалдың басы», «Амалдың ортасы», «Амалдың соңы» деп үшке бөліп есептейді.
Амалдың басы жақсы болса, ортасы қатты болуы мүмкін. Соңы жылымық болады деп болжаған. Соның алғашқысы – мәз амалы. Ол ақпан тоқпан басылғанда, көктемнің алғашқы айында, яғни осы наурыз айының тоғызы кіріп, он алтысында шығады. «Мәз болмай, әз болмайды, шағала келмей, жаз болмайды» деген мақал да осы амалға байланысты айтылған. Мәз амалы – көктем амалдарының бастауы деп саналады. Мәз амалы кірген түні жеті қат жер астынан көк құт көзін ашып, жер астындағы өсімдік тамырлары жарылады. Осы кезде қысқы ұйқыда жатқан жан-жануар оянады. Жер астында жатқан сарышұнақ тышқан жер бетіне шығады. Жыл басы туралы аңызда айтылатын, түйе өркешіне шығып алып, жылдың басын еншілеген тышқан – сол. Әр жылы наурыздың 14-інде, «Мәз амалы» кіргенде сол амалды сезетін де әуелі сол сарышұнақ. Сол тышқан көктем келгенде жер бетіне шығып, әрі-бері асыр салып жүгіреді. Соны көрген есепшілер «Мәз амалы» кіріпті» деп қуанған
Одан кейін күн мен түн теңелгенде әз амалы кіреді. Ұлттар мен ұлыстарды жақындастыратын алтын арқау әз наурызды осы мерекенің жалғасы, шырқау шегі десек болады. Көктем амалдары кіргеннен бастап «көрісу», «амал мерекесі» деп аталып, тойлана бастаған. Осылайша амалдарды орындап, әз-Наурызға жеткен», – дейді этнограф.
Көрісу күнінде қандай амал-әрекет жасалады?
«Бұл мейрамды «Наурыз көже», «Тілеу көже» ішіп қана өткізбейді. Наурыз – бата беру, амандасу, көрісу, кешірім сұрау, ойын-сауық, сый жасау, ат ойындары, ақындар айтысы, балуан салу, жамбы ату, арқан тарту, көкпар, бастаңғы, базарлық, ат бәйге сияқты толып жатқан ұлттық дәстүрлерді жаңғыртатын мереке. Осы арқылы елдің бірлігін, халықтың берекесін арттырып, жұрттың көңілін көтеру мақсат етіледі. Осы мереке арқылы мемлекеттің тұтастығын сақтау, басқа ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының дәстүрін, өркениеті мен өнерін, тарихы мен түп тамырын таныту көзделеді», – дейді этнограф Болат Бопайұлы.