Ақтаудағы "Қасиет" медицина орталығы облыстық мәслихат депутаты Ербол Айтуовтың липосакциядан кейін қайтыс болуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.
БАҚ-тың хабарлауынша, 49 жастағы Ербол Айтуов сәуірдің басында жеке клиникаға липосакция жасатуға барған. Мәслихат депутаты иектің астында майды алып тастағысы келген. Бірақ наркоздан кейін қан қысымы мен қант деңгейі көтеріліп, инсульт алып, комаға түскен. Айтуов бір ай комада жатып, сол күйі оянбады.
Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті клиникаға қатысты тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Орталықтың хирургиялық ота бөлімі талапқа сәйкес медициналық құрылғылармен толыққанды жабдықталмағаны, ота залындағы медициналық құрылғылардың техникалық мерзімі өтіп кеткені, "анафилактикалық шокқа қарсы" арнайы аспаптардың жоқ екені анықталған.
Сондай-ақ орталықтың ересектерге стационарлы медициналық көмек – анестезиология және реаниматология бөлімі бойынша лицензияға қосымшасы жоқ екен. Комитет науқасты операцияға дейін толық тексермегенін де алға тартты.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің "Лицензиялау нормаларын немесе рұқсат беру рәсімдерін бұзу" бабы бойынша хаттама толтырылып, тексерістің қорытындысы бойынша іс прокуратураға жолданады, деп мәлімдеді комитет.
"Қасиет" клиникасы осы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жариялады.
"Клиниканың лицензиясы жоқ деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Біз 2015 жылы 31 шілдеде берілген № 00650DE лицензиясы негізінде жұмыс істейміз. Анестезиология мен реаниматология қызметіне де рұқсат бар. Ал әлеуметтік желіде айыпталып жатқан дәрігер ота жасамады", - делінген мәлімдемеде.
Осы орайда клиника Ербол Айтуовтың отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтты.
Мәлімдемеде көрсетілген мәліметке сәйкес, денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тарапынан жасалған тексеріс аяқталды.