Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласының 2028 жылғы ТМД-ның Жастар астанасы болып жарияланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әкімнің айтуынша, ТМД Үкімет басшылары кеңесінің бұл шешімі Қазақстанның халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудағы беделіне берілген жоғары баға әрі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан жастарды қолдауға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Сондай-ақ ол бұл мәртебе Қарағанды облысы үшін үлкен абырой әрі өңірдің әлеуетіне көрсетілген зор сенім екенін атап өтті.
«Бүгінде облысымызда 303 мыңнан астам жастар өмір сүреді. Олар – білімге ұмтылған, ел дамуына бей-жай қарамайтын, бастамашыл әрі талантты жастар. Дәл осы буын еріктілер қозғалысын, ғылым мен білімді, кәсіпкерлік пен қоғамдық бастамаларды жаңа деңгейге көтеріп келеді», – деді өңір басшысы.
Әкімнің сөзінше, ТМД-ның Жастар астанасы мәртебесі Қарағанды үшін халықаралық жастар ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және ауқымды жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ермағанбет Бөлекпаев халықаралық деңгейдегі жобаны жоғары дәрежеде ұйымдастыруға сенім білдіріп, Қарағанды облысының тұрғындары мен Қазақстан жастарын айтулы жаңалықпен құттықтады.