Биыл Құрбан айт 27 мамырда басталады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт — тек діни мейрам емес, сондай-ақ қоғамның бірлігін нығайтатын, азаматтар арасындағы өзара жанашырлықты арттыратын мереке екенін айтты.
Оның сөзінше, Құрбан айтта жақсылық және қайырымдылық жасау, адамгершілік көрсету, кеңдік таныту, араздасқан адамдардың татуласуы тәрізді құндылықтар көрініс табуы керек.
"Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың ең үлкенін әрі жақсысын құрбандыққа шалып, құрбандық етін көмекке мұқтаж жандарға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру, отбасын қуанышқа кенелту сынды амалдар — дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар", — дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оның айтуынша, Құрбан айт — пайда табатын, кіріс түсіретін науқан емес. Керісінше, жұрт бір-біріне түсіністікпен қарап, жеңілдік жасағаны абзал. Әсіресе, мал саудасымен айналысатындар бағаны аяқ астынан шарықтатпай, ынсап пен адамгершілікті ұстанғаны жөн.
"Құрбан айт — тек діни мереке ғана емес, қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтатын, қайырымдылықты паш ететін рухани мейрам. Осы орайда еліміздегі барша кәсіпкер азаматты Құрбан айтта мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін", — дейді ҚМДБ төрағасы.