Полицей болу – бала күнгі арманым: 6 баланың анасы ел тыныштығын күзетіп жүр
Бір қызығы, «Күміс алқа» иегері атанған Дина ресми түрде ешқашан бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шықпаған екен.
Бүгінде тәртіп сақшыларының арасында ерлермен иық тіресіп, елдің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті күзетіп жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Сондай асыл жандардың бірі – Дина Сатыбалдина.
Дина – алты баланы тәрбиелеумен қатар, полициядағы қиын да қауіпті қызметті қатар алып жүрген білікті маман.
«Мен Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылында дүниеге келдім. Ішкі істер органдарында 24 жыл қызмет етіп келемін. Полиция қызметкері болу менің бала күнгі арманым еді. Алайда әкем мұғалім, ал анам менің дәрігер болуымды қалады. Бірақ ата-анам бетімнен қақпады. Арманымды орындау үшін 2000 жылы Семей қаласындағы заң колледжіне оқуға түсуіме рұқсатын беоді. 2002 жылы ол оқуды тәмамдап, лейтенант шенімен Ақсу ауданының полиция бөліміне жасөспірімдер ісі жөніндегі инспекторы лауазымына тағайындалдым», – дейді Дина Сатыбалдина.
Күн мен түнге қарамай елдің тыныштығын күзетіп жүрген Дина штаб инспекторы, ювеналды полиция инспекторы, тіпті тергеуші де болып жұмыс істеп үлгерген.
«2004-2008 жылдары Ақсу ауданында тергеуші болдым. 2008 жылы Талдықорған қаласының полиция басқармасы штаб бөлімінің инспекторы лауазымына ауыстым. Бүгіне дейін штаб инспекторы, талдаушы, ювеналды полиция инспекторы
жергілікті полиция қызметі бөлімінің аналитик инспекторы, ақпараттандыру және байланыс инспекторы лауазымдарында қызмет атқардым. Қазір тергеушімін», – дейді ол.
Ерлермен бірге иық тіресіп жүрген ару жұмыс барысында кездесетін қиындықтар туралы сөз қозғады.
«Жұмыс оңай емес. Біздің қызметте қиындықтар кездесетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ тәжірибе болғандықтан, кез келген тығырықтан шығып үйренеді екенсін. Кейде уақытылы үйге қайта алмай қаламыз. Ал үйде мені 6 балам күтіп отырады. Бала болғандықтан, олар ауырмай тұрмайды. Сондай сәттерде қиналып қалатыным рас. Емханадан еңбекке жарамсыз қағазын алсам да, міндетті түрде түске дейін немесе түстен кейін бірер сағатқа жұмысқа келіп кетемін», – дейді алтын құрсақты ана.
Бір қызығы, «Күміс алқа» иегері атанған Дина ресми түрде ешқашан бала күтіміне байланысты еңбек демалысына шықпаған екен.
«Алты баланың анасымын. 4 ұл, 2 қызым бар. Ең үлкені қазір 17 жаста. Алматы қаласындағы Логистика және көлік академиясының 1-курс студенті. Ал кішкентайымыз 2-ге толды. Бала тәрбиесі мен жұмысты қатар алып жүру, әрине, қиын. Бірақ бала күтіміне байланысты декреттік демалыс алған емеспін. Басында анам балаларға қарасып, үлкен көмек көрсетті. Жалпы менің өмірімде күйеуім мен балаларымның қолдауы үлкен рөл атқарады. Жолдасым әрқашан бір жағыма шығысып жүреді, ал үлкен балаларым іні-қарындастарына қарайласады», – дейді тергеуші.
Кейіпкеріміз қайын жұрты келіннің мамандығын қалай қабылдағаны туралы ағынан жарылып айтып берді.
«Біз ата-енемнен бөлек тұрамыз. Қайын жұртым менің мамандығымды айтып, елге мақтанып жүреді. Мен келіндік міндетімді адал атқаруға тырысамын. Жұмыста өңім суық полиция қызметкері болсам, үйге келгенде адал жар, асыл ана рөліне ауысамын. «Әйел қырық жанды» деген сөздің астарында терең мағына жатыр екен. Біз барлығына шыдап, төзеді екенбіз. Ал бірнеше рөлді қатар алып жүруімнің сыры – мен міндетті өзгелермен бөлісуді үйрендім. Себебі үйдің де, түздің де барлық жұмысын алып жүру нәзік жандыларға ауыр тиетіні айдан анық», – дейді Дина.
Сөз соңында Дина Сатыбалдина әйелдер қауымын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, өзінің ақжарма тілегін жеткізді.
«Еліміздің қазынасы – апаларымыз, ардақты аналарымыз, нәзік жанды аруларымыз! Сіздерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Көктемдей құлпырып, әлемді өз әдеміліктеріңізбен жарқыратып жүре беріңіздер! Бақытты болыңыздар!», – дейді ол.
Айта кетерлігі, елдегі тәртіп сақшыларының 16 пайызы – қыз-келіншектер. Қазақстанда полиция қызметкерлерінің сапында 12 мыңға жуық әйел бар.