Сұлулықтың құны қанша?

Jusan analytics сарапшыларының жүр­гіз­ген зерттеуіне сүйенсек,  бүкіл әлемде сұлу­лық салондары бойынша ең танымал қыз­мет­тер – шаш күтімі, одан кейін тырнақ және тері күтімі екен. Елімізде де тура осындай үр­діс байқалады.

Сұлулықтың құны қанша?
сурет: cherkessk.skidkom.ru
1165

«Сұлулық әлемді құтқарады». Достоевскийдің әлемге әйгілі сөзі. Әрине, бұл айтылғанды әркім өзінше түсініп, әрқалай ұғынуы мүмкін, дегенмен эстетикалық көркемдікке деген ұмтылыс адамзатқа тән қасиет екенін жоққа шығара алмаймыз. Осы ұмтылыс сұлулық индустриясының қалыптасып, дамуына ықпал етіп, әрі қарай үлкен салаға айналуына жол ашты, тіпті кей елдерде экономиканың драйверіне айналған саланың бірі болып отыр.

Алпауыт айналымы бар нарық

Euromonitor International жүргізген есепке сүйенсек, 2021 жылы әлемдік косметика және тері күтімі нарығындағы айналым 500 мил­лиард АҚШ долларынан асқан. Интернеттегі сауданың және әлеуметтік желінің дамуы да нарықтың өсуіне айтарлықтай әсер еткен.

Косметика өнімдерін ең көп тұтынатын Азия, Еуропа және Солтүстік Америка аймақ­тары екен. Ал Азиядағы косметика нарығының айналымы 200 миллиард доллардан асады.

Fоrtune Business Insights деректері бойынша 2021 жылы әлемдік сұлулық салондары нары­ғының жалпы көлемі 201,9 миллиард долларға жеткен. 2029 жылға қарай нарық көлемі 355,4 мил­лиард АҚШ доллары болады деген болжам бар.

Сұлулық салондары ел дамуының көрсеткіші бола алады

Соның ішінде, осы алып индустрияның бір бөлігі – сұлулық салондарының әлемдік на­­­рығы қарқынды түрде кеңейіп келе жатыр. Алда да өсуін одан әрі жалғастырады деген бол­жам бар. Әр елдегі сұлулық индуст­рия­сын­да көрсететін қызметке қарай жұмса­ла­тын шығын көлемі де әртүрлі. Бұл эконо­ми­ка­лық және мәдени факторларға байланысты еке­ні белгілі. Сонымен қатар ел экономикасы да­мыған сайын, адамдар бьюти қызметтерге көп­теп ақша жұмсай бастайды деген қызық де­ректі де көзіміз шалды.

Jusan analytics сарапшыларының жүр­гіз­ген зерттеуіне сүйенсек,  бүкіл әлемде сұлу­лық салондары бойынша ең танымал қыз­мет­тер – шаш күтімі, одан кейін тырнақ және тері күтімі екен. Елімізде де тура осындай үр­діс байқалады.

Отандық нарықта бәсеке қызып тұр

Қазақстанда барлығы 9 000 шамасында сұлу­лық салоны мен моносалон бар. 1 сұлу­лық салонына 1 000 адамнан келеді. Бұл рет­те сұлулық салондары мен шаштараздар ең аз шоғырланған қалалар Түркістан, Аты­рау, Шымкент, Қызылорда, Семей және Ақ­тө­бе екен.

Зерттеу нәтижесінде сарапшылар отан­дық нарықта сұлулық салондары арасында бә­секелестік жоғары екеніне көз жеткізіпті. Бұ­ған сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігі се­беп болып отыр деген тұжырым да айтыл­ған. Яғни, сұраныс жеткіліксіз.

Jusan analytics дерегінше, Қазақстанның сұлу­лық салондары 484 млрд теңгеге баға­ла­нады (шамамен 1 млрд доллар) немесе жан ба­сына шаққанда –14 доллар. Ал Ұлттық ста­тистика бюросының деректері бойынша 2022 жылы бьюти-индустрия саласында көр­сетілген қызметтер көлемі 34 миллиард тең­ге­ден асқан.

Сұлулық салонына кім көп шығындалады?

Әйелдерге арналған бьюти-қызметтерге ке­тетін шығындардың орташа мөлшері 31-35 жас аралығында шарықтау шегіне жетеді екен. Сарапшылар мұны осы кезеңде жала­қы­ның біршама жоғары болатындығына жә­не осы жас санатында адамдардың көп еке­­­­німен байланыстырады.

Ал ерлерге арналған бьюти-қызметтерге жұмсалатын шығындардың шарықтау шегі 46-50 жас аралығына сәйкес келеді. Өйткені бұл кезеңде ерлер көп табыс табады. Бұл олар­ға өзін күтуге және сұлулық салондарына бару­ға көп қаржы жұмсауға мүмкіндік береді екен. Сұлулық салондарында әйелдерге көр­се­тілетін қызметтердің орташа чегі ерлерге қарағанда жоғары.

Ал 60 жастан асқан әйелдер мен ер-аза­мат­тар басқа жас топтарына қарағанда өзін күту­ге аз ақша жұмсайды. Өйткені зейнет жа­сына шыққан соң, қаржы жағынан тап­шы­лық көре бастайды және ақша көп жағ­дайда ем-домға жұмсалады деп тұжы­рым­дайды сарапшылар.

Jusan analytics нарықты зерттей келе, ел бойын­ша сұлулық салондарының орташа чегі 8 700 теңге деген қорытынды шығарған. Бұл ретте, отандық нарықтағы баға әлемдегі орташа бағадан төмен. Global Wellness Institute дерегіне сүйенсек, біздің елде халықтың жан басына шаққандағы ЖІӨ-дегі бьюти-қыз­меттің үлесі – 0,1 пайыз. «Ел дамыған сайын, халқы сұлулық са­лон­дарына жиірек барады» деген әу баста айт­қан тұжырымды негізге алсақ, нарықтың дамуы, айналымының кеңеюі жақсылықтың белгісі деп тұжырымдауға болатын сияқты. Деген­мен не нәрседе болсын шектен шығу­дың зиянды салдары барын да ұмытпаған жөн, әрине.

 

Серіктес жаңалықтары