Бибісара Асаубаева Мәскеуде өткен жарыста чемпион болды

Қазақстаннан Бибісарамен қатар Қазыбек Нөгербек (18-орын), Даниал Сапенов (21-орын), Рамазан Жалмаханов (38), Әлішер Сүлейменов (65) сынға түсті.

Бибісара Асаубаева Мәскеуде өткен жарыста чемпион болды
Бибісара Асаубаева. Фото: Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Мәскеуде өткен «Аэрофлот Опен 2024» шахмат фестивалінде әйелдер арасында чемпион болды. 

Бір аптаға созылған дәстүрлі жарыста FIDE-де рейтингі 2 300-ден жоғары ойыншылар опен-турнирде бақ сынады. Сонымен қатар 15 жасқа дейінгі балалар арасында да бөлек бәсеке өтті.

Қазақстаннан Бибісарамен қатар Қазыбек Нөгербек (18-орын), Даниал Сапенов (21-орын), Рамазан Жалмаханов (38), Әлішер Сүлейменов (65) сынға түсті. Жалпы биыл қатысушылар саны 500-ден асты.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева 2004 жылы 26 ақпанда Таразда дүниеге келген. Ол – әйелдер арасындағы гроссмейстер (2019). Ерлер арасында халықаралық спорт шебері (2020). Блиц бойынша әлем чемпионы (2021) – шахмат тарихындағы ең жас шахматшы. Рапид бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021). Азия Чемпионы (2021).